589
Парасат пайымы
Парасат пайымы
Бақсақ, тарихи тұлға Ясауидің екі шәкіртінің бірі Сопы Мұхаммед әл-Қауғани өмір сүрген, беріде Икрам ишан, Сейіл сопы, Бәйіт пен Текебай қалпенің жамбасы тиген Балтакөл елі сырбаз Сырдың жағасына қоныс тепкен. Сол замандарда білімнің үлкен ордасы, исламның ұйыған ортасының бірі осы жер болғаны анық. Бүгінгі ұрпақтан білімділер неге көп шығып жүр десек, о бастан қаланған білім ордасы екен. Осы Балтакөлдің текті топырағында өскен Икрам Адырбекұлының да тегін емесі тамырына тартқаннан деп ойлаймын.
Айда аяқ, жылда жілік жоқ деген зымыраған заман ғой. Бейнеттен зейнет көріп, ақсақалдық беделің ағайынға басу, төрт көзі топқа төрелік ету төбелігің тұғырлы болса ғой, содан асқан бақыт жоқ. Ақиқаты сол, заманына жақсаң, адамына жағасың. Көптен бері көңілде жүрген бір ойды тарқатудың да кезегі келеді екен. Абзал тұтар ағамыз жасы жетпіске жетсе де, жігерлі, ұлт, ел үшін жанын садақа етер саңлақтың бірі. Ағамызды 2004 жылдың сәуір айында Қызылорда облысына әкім болып келгеннен бері білемін. Бұған дейін ғалым жауапты қызметтерде, елші ретінде танылған болса біздің аймақта тек ұйымдастырушылық, іскерлік қабілеті емес, жанашыр, тәлімгер болмысы бізге бағдар болды.
Ел басқару стилі қайталанбас тәлім, іс-әрекеті баршамызға үлгі десем, артық айтқандық емес. Артық кетіп, әдептен аттамайтын, мысы басып тұратын айрықша адам. Тапсырманы бергенде әскери адамдардай нақпа-нақ айтады. Кек сақтамайды, тазалықты жаны сүйетін, көше бойында шашылып жатқан қоқысты көрсе тіксініп қалатын және оны ретке келтіргенше жаны тынбайтын, қай істі бастаса да аяғына жеткізбей дамыл бермейтін нағыз жанашыр кісі болды. Қолы да, ойы да таза, парасаттылығы үстем дипломат адаммен жұмыс істеу әрі жауапты, әрі қызық еді. Жауаптылығы – күн-түн демей елге етене қызмет етуге шақырды. Қызық дегенім – өміріме азық болатындай ақылын алдым, ал оның кеңесімен келешегіме кемел көзқарас қалыптастырдым.
Тағылымы мол ағамыз облысқа әкім боп келген кезде «ПетроҚазақстан» компаниясының Қызылорда филиалының директоры едім. Жаңа басшы болған соң көреген жұрттың көзқарасы жақсылық пен жамандықты безбендеп отырады. Ә дегеннен Икрам Адырбекұлы жастарды қолдауды қолға алды. Кадр саясатында жариялылықты ұстанып, білікті жастарды қызметке тарта бастады. Мұндай әділдік өзгеге өнеге, көпке кемел ой орнықтырды. Ел үлкен сыншы ғой, әділ басшының әрекетіне сүйсініп, тамаша бастамаларына баянды баға беріп жатты. Сол кісіге ұқсауға тырысқан, жақсының жауһар жолын жалғауға тамаша жастар легі бой көрсетті. Ақылман ағаға қарап, ізетті іні өседі деген осы шығар.
2005 жылдың тамыз айы. Облыс әкімінің келісімімен Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалдым. Сондағы ол кісінің айтқаны жадымнан шықпайды.
– Мемлекеттік қызмет – халықтың қызметшісі. Ал халыққа қызмет көрсе-ту – ең жауапты іс. Қол мен ар таза болсын, былық болған жерден береке кетеді. Халық – қазы, еңбек – таразы. Елдің наласына іліккен жақсылыққа апармайды, – дегені әлі есімде. Біз Икрам Адырбекұлының сенімін ақтауға тырыстық.
Малайзия, Индонезия, Филиппин, Балтық елдері секілді өркениеті өскен мемлекеттерде елші болған, даму деңгейді биіктен бағамдайтын ділмар кісі емес пе? Салынып жатқан ғимараттардың кескін-келбетіне қатты мән беретін. «Адамның көзі дем алатындай әсер туғызу керек. Түс таңдағанда эстетикалық талғам қажет, бұған мұқият болған абзал» дегені бар. Шынында, сөзі салмақты, ойы орынды еді.
Әрине, есесі қайтпас еңбек жоқ. Қай мәселе болсын, қиюын тапса қайырымы бар. Уақыт озған сайын адамның дүниетанымы да өзгере береді. Халық қызметшісі болған соң елдік мәселе бірінші кезекке қойылады.
Қызылорда үшін жылудың жыры өте өзекті еді. Қыс түссе қызу қарбалас басталады. Тозығы жеткен «Оңтүстік» жылу орталығының жайы дегбірді қашырады. Апатты жағдайдағы қазандықтар жамап-жасқағанмен сыр беріп, жиі бұзылады. Бұдан хабардар болған Икрам Адырбекұлы өзі басында жүріп, ескінің орнына италиялық жаңа қазандықтар алдырды. Сол қазандықтарға он алты жыл өтті, әліге дейін қаланың қажетін өтеп тұр, халық игілігін көріп келеді.
«Кәделі нәрсе кемдік етпейді» деген тәмсілдің түйіні тереңде жатыр. Сондай қат мәселенің түйінін шешкен тұлғаның бірегейі Икрам Адырбеков болатын. Ол не десеңіз, ілеспе газды игеріп, тұрмысқа пайдалану еді. Жасыратыны жоқ, облыс орталығының әлеуметтік жағдайын басқа қалалармен салыстыруға келмейтін, мұнайдың үстінде отырып, мол мүмкіндігін пайдалану кемшін екенін кеш ұққандай едік. Аймақ басшысының араласуымен 2005 жылы Қызылорда қаласына газ келді. Ел мәре-сәре. Газдың үйге кіруі үлкен жаңалық қана емес, бұл экологиялық жағынан тиімділігі орасан тұғын. Біріншіден, отын іздеп сабылмайтын, ағаш, сексеуіл, жыңғыл шауып, әуре болмайтын жағдайға жеткізді. Екіншіден, табиғатты түлетуге жол ашты. Үшіншіден, тазалақ сақталады, ауаны ластамайды. Төртіншіден, мұнай компанияларымен келіскен түрде газ бағасы республикадағы ең арзан аймаққа айналды. Бұл газ жылу орталығындағы бу қазандықтарын да едәуір шығыннан құтқарды. Бұрын мазут пен көмір жағылды. Ал мазут өте қымбат. Осылай Икрам Адырбекұлы игілікті істі кеңінен жүргізді. Сөйтіп қаланың жетпіс пайызы газбен қамтылды.
Майталман кісінің маңайында жүріп, үйренгенім де, білгенім де аз болмады. Ол кісімен бір сәт дидарласудың өзі бір кітап оқып тауысумен тең. Кереметі сол, жағымды әңгіме жан дүниені семіртіп, көкжиекке көз салуға жетелейді. Сондықтан мен ол кісінің әрбір қанатты, құйқалы сөздеріне құлақ асып отырдым. Мінезі тұйық, біртоға, артық сөз шығын етпейтін, біреудің сыртынан ғайбат айтуды білмейтін, ашылмаған сандық секілді құпия кісі болып тұрып, қабақпен-ақ қияндағы қиялыңды қанаттандырып жібереді. Тағы бір ерекше қасиеті –жағымпаздық пиғылдан жат, көптің ортақ ойын қозғайтын халықшылдығы.
Сол кездегі Үкімет басшысы Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Қызылорда қаласына келгенде оны тозығы жеткен Титов қыстағына апарды. Әдетте, жоғары шенді лауазым иелерін жаңа ғимараттың тұсаукесеріне немесе көрікті орындарды көрсетуге алып барамыз. Ал бұл жерде үйреншікті әдістен тыс бағытқа бұрып, қыстақтың қиын жағдайын көрсетті. Жертөлесі жарым белден қалдық су басқан көне үйлердің көріксіз көрінісіне қаныққан Үкімет басшысы қаланың инфрақұрылымын дамытуға республикадан көмек жасауға ықпал етті.
Икрам Адырбекұлы өзімен бірге Сыр еліне серпіліс әкелді. Мектеп салуды, көше құрылысын қолға алды. Қорқыт ата көшесі түгелдей жаңаша жаңғырды. Мұның қаржысын қалай тапты десеңізші, дипломат кісі емес пе, қаладағы ірі мұнай компаниясы – «ҚазГермұнай» серіктестігінен төрт милиард теңгені бюджет қазынасына түсірткізіп, әлеуметтік салаға бағыттады. Өте көп қаржы, оны игеру үшін күн-түн демей жұмыс істей жүріп, қаланың инфрақұрылымын жаңғырттық, мәдениет, білім ошақтары күрделі жөндеуден өтті. Осындайда қазақ өлеңінің хас шебері Қасым Аманжоловтың «Не деген бақытты едің келер ұрпақ» дегені еске түсіп, ол татымды тіршілік, жайлы өмір сыйлаған сүйегі асыл саңлақ ағаларға арналғандай көрінеді.
Есті естелік естен сірә шыға ма, бір қызық оқиға ойға оралады. Оның халықтың арыз-шағымын аяқсыз қалдырмайтын әдеті бар. Соған уақыт тауып, етене танысады. Сосын мәселенің шешу жолын қарастырады. Сондай шаруаның бірі мынау:
Бірде «Мерей» шағын ауданының бір топ тұрғындарынан шағым түсіпті. Шағымның бас-аяғы тозығы жеткен көпқабатты үйге жөндеу жүргізуді сұраған. Әсіресе, жылу мен су жүйесіне. Енді бұған көмектеспек ойда.
– «Мерей» мөлтек ауданы үшін екі жүз миллион ақша қараймыз, – дейді білікті басшымыз.
– Бұл заңсыз. Үй жеке меншікте. Әркім өзі жөндеу жүргізуі керек, – дейміз біз.
– Елдің жағдайы белгілі ғой. Біз көмектеспесек, кім қол ұшын созады? – деді Икрам Адырбекұлы.
Қажетті қаржыны арнайы құрылған әлеуметтік қордан шешіп берді. Әңгіме осы жерден тоқтады. Біз іске кірістік. Әрбір пәтерге жылу жүргізіп, су жүйесін қостық. Былайша айтқанда, тұрғын үйге толық жаңғырту жұмысы жүрді. Дәл осындай қанша шаруа атқарылды. Өзі де тыным таппай, заматында іс басына келіп, жұмыстың жайын көзбен көреді. Арасында «Жұмыстың жаманы жоқ, жаман ісші бар» дегенді де қозғап қояды. Мұнысы қайратты қайрап, рухани дем бергені еді.
Бұл кісінің көпшілдігі бір бөлек. Шиеліде бірнеше шаруашылықты басқарған, іскер Константин Васильевич Хван дейтін абыройлы ардагер болды. Қазақшаға судай, ұлттық дәстүрді де бір кісідей білетін жан-жақты адам. Сол ардагермен Икрам Адырбекұлы өте сыйлас еді. Әңгімесі жарасып, бір-бірінің көңілін дөп басатын үндестігі өзінше бір әлем.
Константин Васильевич қайтыс болғанда Икрам Адырбекұлы Қытайда елші еді. Көз көрген, құрметі ерекше ардагердің қазасына байланысты маған телефон соғып: «Нұрлыбек, қадірлі ақсақалдың дүниеден озғанын естіп отырмын. Мен бара алмаймын, жұмыстың жайы белгілі ғой. Сенен өтініш болсын, сол кісіні соңғы сапарына құрметпен шығарып салсаңыз. Елге еңбегі сіңген ерлеріміз қай құрметке де лайық қой», – деді.
Мына аманатты орындау – маған парыз. Солай жасалды да. Шиелі ауданының өркендеуіне ерекше атсалысқан ардақты ақсақалды аудан орталығындағы Мәдениет үйінен қадірлеп шығарып салдық. Ал Икрам Адырбекұлы көп уақыт өтпей астанаға іссапармен келіп, әйеліне, балаларына көңіл хошын білдірді. Міне, осының өзінен ақылман ағаның адалдығын аңғарамын.
Жалпыға жаттығы жоқ жақсы адамның қайда жүрсе де, мейлі қызметте, мейлі зейнетте болсын, оның жарқын жолы, зиялы орны, адами бейнесі, бекзат болмысы көңілден кетпейді, жүректе жатталады. Қанатының астында жүрген ізбасары ретінде інілік ізетімнен мен де жаңылмаймын. Өйткені ондай кісі сондай құрметке лайық, артында өшпес із қалдырған абзал ағамыз бүгінде жетпістің биігінде.
Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ,
Қызылорда қаласының әкімі