264
Руслан Ахмағанбетов: Бұрын жердің «киесі» болса, бүгін «иесі» бар...
Руслан Ахмағанбетов: Бұрын жердің «киесі» болса, бүгін «иесі» бар...
Газетіміздің Atajurt жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысының бір қатар қалаларында болып, ондағы елге көшіп келген қандастардың тыныс-тіршілігімен танысқан едік. Сапар барысында бір мәселе алдымыздан жиі ұшыраса берді. Ол – жер мәселесі. Шетелден көшіп келіп, мал өсіріп, егін салғысы келген қандастар жер ала алмай отырғанын айтқан еді. Бұл туралы газетіміздің сайтында «Семейдегі қандастарға жер керек» атты репортажда айтылған болтын. Осыған орай Қазақстандағы жер мәселесінің жай-жапсарын жас зерттеуші, саясаттанушы Руслан Ахмағанбетовтен сұрып көрген едік.
Руслан Ахмағанбетов – Қазақстандағы жер мәселесі, демографиялық ахуал, урбанизм саясаты және байлық пен құт ұғымдарын зерттеуші. «Байлық танымы немесе қазақ байлары», «Құт», «Саяси этика» т.б монографияларымен қатар саясаттануға арналған оқулықтардың авторы.
– Шетелден көшіп келіп жатқан қазақтардың қазіргі басты проблемасының бірі – жер алу. Яғни, мал өсіретін жайылымдық, шабындық және егістік жер таба алмай сандалып жүр. Қазақстан жері кең байтақ дейміз... Бірақ шаруашылықпен айналысқысы келетін адамдарда жер жоқ. Мұның сыры неде?
– Бұл тек шетелден келіп жатқан қазақтардың мәселесі емес. Бұл жалпы қазақстандықтардың ортақ мәселесі болып отыр. Жер мәселесін қарастырғанда сәл тарихи шегініс жасағанымыз жөн сияқты. ХХ ғасырдың бастапқы кезінде «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының бетінде ең жиі көтерілген тақырыптың бірі болды. Кеңестік кезеңде жер мәселесі қеңшар мен ұжымшарлар арқылы реттелді. Тәуелсіздік жылдарындағы жер мәселесі жоғарыдағы тарихи кезеңдерге ұқсамайды, бірақ олардың әсері бары анық. Шұрайлы жерлерге сұраныс қай заманда да жоғары болғаны белгілі. Мұндай жағдай бүгін де байқалып отыр. Құнарлы, шалғынды жерлерді көп мөлшерде мемлекеттен ұзақ мерзімге жалға алушылар көбейді. Бұл – бір. Екіншіден, ұлттық менталитеттің де әсері бар сияқты көрінеді. Осы сұрақты қойғанда бір оқиға есіме түсіп отыр. Бір жылдары (шамамен 10-15 жыл бұрын) ауылда есігінің алдындағы егістік жерді артығымен қоршап алушылар көбейіп кетті. Сонда бір көршіміз айтып еді: «Біздің қазақ жерге тоймайды ғой» деп. Себебін сұрағанымда, ол өз уәжін былай баяндады. «Мысалы, осы жерлерді қоршап қосып алып жатыр. Оған дейін есігінің алдындағы азғантай егістік жерді игере алмай отырғанда, мына көп жерге бір нәрсе егеді деп ойлайсың ба, әрине бірінші жылы бір нәрсе еккен болып ырымын жасар. Келесі жылы игерілмей шаңы шығып қалады» деген еді. Түйіндей айтқанда, «жер артық етпейді» қағидасын жақсылап бойымызға сіңірген сияқтымыз.
– Қазақстан жерінің көбі латифундисттердің уысында деп ойламайсыз ба?
– Негізі, жер деген капитал. Осы тұрғыдан алсақ, шұрайлы жерлерді иеленіп отырғандар туралы түрлі ақпарат көздерінде, әсіресе 2016 жылдары жиі жазылды. Бұған қарап, барлық жер тек дәулетті адамдардың қолдарында деуге келмейді. Себебі Қазақстанның әр өңірінің табиғаты әртүрлі. Құнарлы, яғни қара топырақты жерлерде сіз айтқандай тенденция байқалады. Ал шөлді және шөлейтті жерлерді мемлекеттен ұзақ мерзімге жалға алушылардың ішінде ондай дәулетті адамдар бар деп ойламаймын. Қара топырақты, әсіресе бидай дақылын егетін жерлерде латифундисттердің бары анық. Мұның да себебі жоғарыда айтқандай жер – капитал. Қара топырақты жерде жұмсалған қаржыны артығымен қайтарып алады. Ал шөлді жердегі егістік алқаптары көп қаржыны қажет етеді. Ол шығынды кейде ақтайды, кейде ақтамауы мүмкін. Одан бөлек қара топырақты жерлерде егістікті суару деген сияқты мәселелер бола бермейді. Ал шөлді және шөлейт өлкедегі егістік алқаптар негізінен суды көп қажет етеді. Түйіндей айтқанда, латифундисттер негізінен қара топырақты егістік алқаптарында. Сондықтан тұтастай еліміздің шаруашылық жерлері латифундисттер қолында деуге келмейді. Бірақ мұндай тенденция бізде бары рас.
– Қазақстанда жер көп болғанымен, әсіресе қалалы жерлерде бағасы қымбат. Мұны қалай реттеуге болар еді?
– Тәуелсіздіктен кейін бізде қалаға көшу басталды. Қала халқының саны жылдан-жылға артып жатыр. Бір жағынан қалалықтардың санының артуы мен көбеюінде бір идеология бар сияқты көрінеді. Мәселен, біз Орталық Азия бойынша қала халқының үлесі жоғары мемлекетпіз. Мұның экономика үшін жақсы жағы да бар. Одан бөлек көлеңкелі жағы да байқалады. Біздің айтып отырғанымызды урбанистика атты ғылым саласы қарастырып зерделейді. Ол демография ғылымымен тығыз байланысты. Жақында демография туралы монография жазып шықтым. Сонда бір тарауды урбанистикаға арнадым. Енді урбанизация дегеннің өзі екі түрлі жүреді. Бірі – табиғи. Яғни, қала халқының табиғи өсімі мен елдегі экономикалық дамудың қарқыны, қалалардағы зауыттар мен фабрикалардың көбеюі кезінде жұмыс күші тапшылығының әсерінен ауыл халқын жұмысқа қалаға тарту арқылы. Ал екіншісі, табиғи емес урбанизация, экономикалық өсім болмаса да қалаға ауыл халқы көше береді. Ал оларды қалада күтіп отырған жұмыс та, таныс та жоқ. Біздің елде салыстырмалы тұрғыдан алғанда, табиғи емес урбанизация жүріп жатыр. Бұл өз кезегінде қала құрылысы мен оның инфрақұрылым жүйесіне қысым түсіреді. Мұндай мәселе қазір Латын Америкасының кейбір елдері мен Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің бірқатар мемлекеттерінде байқалып отыр. Бұған әлемдік урбанист мамандар қатерлі урбанизация деп баға беруде. Әрине, біздің елдегі мәселе қатерлі урбанизация фазасына өткен жоқ. Бірақ реттеуді қажет етеді. Ол үшін ауыл шаруашылығы саласын және ауылдағы өмір сапасын көтеру қажет. Сонда ауыл халқы көп мөлшерде қалаға көшпейді. Нәтижесінде, қаладағы жер және инфрақұрылымға түсер жүк азаяды. Мұның нәтижесі қаладағы жер және т.б. мәселелердің шешілуіне өз септігін тигізеді. Әрине, ауылдан қалаға көшу тенденциясы сақталады, тек жаңағыдай мәселелер шешіліп жатса қалада жер алу, үй салу немесе пәтер жалдау секілді жайттар реттелуіне мүмкіндік туады.
– Жер халықтың қазынасы болу үшін мемлекет қандай қадамдар жасауы қажет?
– Жер – халық қазынасы деген рас дүние. Бірақ бұл сөз қай заманға тән, оны да анықтап алуымыз қажет сияқты. Себебі жер мәселесіне қатысты түрлі көзқарас бар. Оны оқып та, біліп те, естіп те жүрміз. Батыстық және еуропалық тұжырымға салсақ, жер жеке меншікке берілуі керек дейді. Яғни, жер капитал. Бірақ мұндай әрекет біздің ел жағдайында тағы да болмайды. Тағы бір пікірлерге назар аударсақ, олардың айтуы бойынша, жер сатылмауы және жалға да берілмеу керек. Жарайды, сатылмау керек. Мемлекеттік меншік болып қалуы керек деген пікірмен келісемін. Ал жалға да, шаруаға да берілмесе, сонда тұтас жер игерілмей қалуы керек пе?! Бұл бұрынғы кеңестік көзқарасқа тым жақын. Дұрысы, жерді кім игереді, пайдаланады, одан өнім алады соған жалға берілуі тиіс деп есептеймін. Мемлекет басшысы осы мәндегі сөзді айтқаны есімде. Естуім бойынша, қазіргі кезде жоғарыдан спутник арқылы түсіріп, игерілмей жатқан егістік жерлерді анықтау ісі жолға қойылып жатыр екен. Меніңше, осындай бағыттағы жұмысты қарқынды жүргізу керек. Содан кейін егістік жерлерді, мүмкін жеміс ағаштары мен жылыжайларға арналған жерлерді қоспағанда, өзге мақсаттағы егістік алқаптарын 49 жылға бермеу керек сияқты. Мысалы, алдымен 5 жыл жалға беру керек. Егер оны игеріп, өнім алып жатса, келесі жолы 10 жыл деген сияқты. Сонда бірден болмаса да жерді игеретін, онымен айналысатын адамдардың алу мүмкіндігі артады. Сонымен қатар сұрыптау жүреді.
– Жер мәселесінің сөз болуына түрткі болып отырған жағдай – қандастардың жер ала алмауы. Олар жер алып тіршілік ету, кәсіппен айналысу үшін қандай жеңілдіктер қажет?
– Қазақстан Көші-қон туралы заңы және Жер кодексiнің 46-бабы бойынша қандастар жер учаскелерiн алу туралы 4 тармақтан тұратын заңды құқы бар. Оларға өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу, бағбандық және саяжай құрылысы үшiн жер учаскелерiн беру ауылдық елдi мекендердiң жерiнен, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден, иммиграциялық жер қорынан, арнайы жер қорынан және қосалқы жерден уақытша өтеусiз пайдалану құқығымен жер беріледі. Әрбір азамат сол заңды құқын талап етуі қажет. Жергілікті әкімшілік оларға жер тауып беруге қолғабыс етуі маңызды. Жоғарыда атап өткеніміздей, жерді игере алатындарға беру ләзім. Бұл ретте шетелден келетін қазақтар жерді пайдалануға қабілетті деуге болады. Мысалы, Қытай, Өзбекстан секілді елдерден келетіндер егін егу, өсімдік өсіруге тәжірибелі болса, мал шаруашылығы саласында Моңғолия қазақтарының тәжірибесі мол. Сондықтан оларға тиесілі жер беру деген сөз – ел экономикасына құйылған инвестиция.
Сұхбаттасқан Бақытбек ҚАДЫР