395
Ең бастысы – ел сенімі
Ең бастысы – ел сенімі
«Nur Otan» бүгінде билік пен халық арасындағы дәнекер партияға, халықты біріктіретін саяси күшке айналды. Қарапайым халық партияның белсенді жұмысын былтырғы Арыс оқиғасы мен биылғы COVID-19 вирусының кең таралуы кезінде сезініп, нәтижесінде елдің партияға деген сенімі артып келеді.
Осыдан бір жыл бұрын «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары болып тағайындалған Бауыржан Байбек өз жұмысын партиялық тәртіпті түбегейлі күшейтіп, ішкі «тазалау» жұмыстарын жүргізуден бастаған болатын. Бұдан былай саннан гөрі сапаға мән берілетінін айтқан Бауыржан Байбек нақты шараларды қолға алып, қарқынды жұмыс жүргізе бастады.
Қоғамдық қабылдаудағы ашықтық
Халық пен биліктің арасын жақындатудағы үздік тәсілдердің бірі – қоғамдық қабылдау. Халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, көмекке зәру жандарды қамқорлыққа алған партияның еңбегі қалың бұқараның сенімін арттыра түскені анық. Тұрғындар тарапынан қозғалған түйткілді мәселелер мен өтініш-тілектерді оң шешуде партияның алар орны ерекше. Өткен жылы партияның қоғамдық қабылдауларына 214 мыңнан астам адам жүгінген. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 35 пайызға (140 013) артық. Әлеуметтік сауалнама нәтижесі қандай да бір күрделі мәселені шешу үшін әрбір төртінші қазақстандық «Nur Otan» партиясының көмегіне жүгінетінін айтқан. Өтініш-тілектер мен арыз-шағымдардың 21 пайызы (45,1 мың) партияның арқасында оң шешімін тапса, қалған 76 пайызына (163,5 мың) түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Ал науқандар, тақырыптық және көшпелі қабылдаулар кезінде партияға 58 мың азамат өтініш білдіріпті. Партияның Call-орталығына жалпы саны 23 мыңға жуық қоңырау келіп түскен. Сұраныстың көпшілігі Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне тиесілі – 9,3 мың (11%). Бүгінде партияның тұрақты жақтастарының саны – 2 млн. Партияның қоғамдық қабылдауы 4 бөлімнен тұрады: бірыңғай үйлестіруші орталық, Call-орталық, тұрғындармен және әлеуметтік желілермен жұмыс істейтін бөлімдер. Орталықта әрбір оператор орта есеппен күн сайын 120 қоңырау қабылдаса, консультанттар әр минут сайын «Халыққа көмек» жобасы аясында әлеуметтік желілерде сұрақтарға жауап береді. Ал еліміз бойынша күніне 500 адам «Nur Otan» партиясының көмегіне жүгінеді екен. Коронавирус індетіне байланысты карантин режимі енгізілгелі бергі уақытта партияның қоғамдық қабылдауларының онлайн режимдегі жұмысы да жанданды. «Nur Otan» партиясына WhatsApp мессенджері арқылы жолданған онлайн өтініштердің саны 13 есе, әлеуметтік желілер арқылы көмек сұраушылар қатары 8 есе, Call-орталықтарға хабарласушылар саны 3 есеге дейін көбейген. Көмек сұраушы халық санының артуына қарамастан, партия жолданған өтініштер мен талап-тілектердің ешбірін назардан тыс қалдырмай келеді.Арысқа көмек
Бүкіл халықты алаңдатқан ауыр оқиға Арыстағы жарылыс әлі күнге дейін халықтың есінде. Сын сағатта партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Арыстағы апаттың зардабын жою жұмыстарымен танысқан болатын. Қиын сәтте «Nur Otan» партиясы апат салдарынан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмекті жіберу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізді. Төтенше жағдай орын алған күннен бастап «Арыс, Біз біргеміз!» жалпыұлттық акциясы қолға алынды. Партияның 17 аймақтық және 1 аумақтық филиалының базасында гуманитарлық көмек қабылдайтын орталықтар ашылып, аймаққа арнайы автокеруендер жөнелтілді. Партия жиналған гуманитарлық көмектің мұқтаж жандарға жетуін жіті қадағалады. Сондай-ақ арыстықтарға көмек ретінде партияның Орталық аппараты, барлық аймақтық және аумақтық филиалының қызметкерлері бір күндік жалақыларын аударды. Партия жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің білікті мамандары зардап шеккен көпбалалы отбасыларға психологиялық қолдау көрсетіп, балаларының жазғы демалысын ұйымдастыру үшін аймақта көптеген жұмыс атқарған болатын.Аймақтағы үлгілі істер
Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен еліміздің бірқатар аймағын аралады. Биыл қаңтар айында Төраға орынбасары өңірдің жай-күйімен танысып, қарапайым тұрғындармен кездесу арқылы жергілікті тұрғындарды толғандырып жүрген нақты мәселелерді анықтап, соларды шешуге атсалысу мақсатында Атырау жұртшылығымен кездесіп, Мақат, Жылыой ауданы тұрғындарының өтінішін тыңдаған болатын. Өткен жылдың соңында жергілікті БАҚ-та теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірін салу жайында мәселе көтерілген болатын. Мақат ауданына қарасты Доссор кенті теміржолдың екі қапталында орналасқан. Әкімдік, мектеп, балабақша кенттің теріскейінде орналасса, ал оңтүстігіне 200-ден астам отбасы бар «Ынтымақ» ауылы қоныстанған. Теміржолдан өту жергілікті тұрғындар үшін өзекті мәселе болатын. Бүгінде облыстық және жергілікті билік өкілдері алдын ала есептер жүргізіп, көпір құрылысы үшін жобалау сметалық құжаттарды әзірлеуге қаражат бөлу қарастырылған. Оның құрылысын 2021 жылдың екінші жартыжылдығында аяқтау жоспарланып отыр. Сапар барысында Бауыржан Байбек нысан құрылысының уақытында аяқталуын бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар көше жарығы, жол сапасы секілді бірқатар мәселелер де көтерілді, Төраға орынбасары оның барлығы партия назарында болып, шешімін табатынын жеткізді. Бауыржан Байбек осы жұмыс сапары барысында бастауыш ұйым жанындағы қоғамдық қабылдауда бірнеше азаматты қабылдап, кент тұрғындарының өтініштерін, көтерген мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады. Сонымен қатар биыл аурухананың жылу жүйесіне жөндеу жүргізілетіні айтылып, аудан тұрғындарын қосымша жедел медициналық көмек бригадасымен қамтамасыз ету мәселесі бойынша облыстық Денсаулық сақтау басқармасымен бірге оны орындаудың нақты мерзімі белгіленді. Білім, ұрпақ тәрбиесі – қашанда партияның ерекше назар аударатын салалары. Партия Төрағасының орынбасары облыс_тағы үш ауысымды және апаттық мектептерді жою үшін бес жылға арналған Іс-шаралар жоспары әзірленгенін, айтылған ұсыныстар жақын арадағы бесжылдықта өз шешімін табатынын жеткізді. Сондай-ақ тұрғындар кездесу барысында жол жөндеуге және инженерлік инфрақұрылымдарға қатысты өзге де өзекті мәселелерді көтерді. Айтылған мәселелерді шешу партиялық бақылауға алынатын болды. Биыл көктемде Жамбыл облысына жасаған сапары барысында Бауыржан Байбек Жуалы, Масанчи, Өтеген және Қордай аудандарына ат басын тіреді. Қордайда орын алған қазақ пен дұнған арасындағы қақтығыстың ұлттар арасына сызат түсірмеуі қажеттігін айтқан партия Төрағасының орынбасары: «Орын алған оқиға тек халықтың ауызбіршілігі мен қоғамдық келісім ғана еліміздің өсіп-өркендеуі мен табысты дамуының негізгі кепілі екенін тағы бір рет есімізге салды. Қордай ауданына арнайы келген сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Қазақстан – достықтың, бейбітшілік пен келісімнің, сондай-ақ барлық этностық топтардың ортақ Отаны. Еліміз түрлі тарихи жағдайларға байланысты қиын-қыстау заманда мәжбүрлі түрде қазақ жерін паналап келген халықтың бәрін құшақ жая қарсы алды. Біз біртұтас ұлт ретінде осы өткен күндерден сабақ алуымыз керек. Ең бастысы, болашақта мұндай қайғылы жағдайлардың қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз қажет», – деген болатын көпшілікпен кездесу барысында. Осы сапар барысында жергілікті тұрғындар ауданда газдандыру, сумен қамту, мектепке дейінгі мекемелер мен мектеп құрылысы тәрізді дүниелер алаңдататынын жеткізді. Партия Төрағасының орынбасары өз кезегінде бұл мәселелердің барлығын «Nur Otan» партиясы өз бақылауына алатынын айтты.BIRGEMIZ
Елімізде вирусқа байланысты жарияланған Төтенше жағдай режимі мен карантин халықтың әлеуметтік осал топтарына ауыр соққы болып тиді. «Пандемияның салдарынан туындаған ауқымды дағдарыс жағдайында, ең алдымен, қарапайым азаматтар көмекке мұқтаж. БҰҰ ұсынымдарына сәйкес, бүгінде елдер «қоғамның ең қорғансыз мүшелеріне» нақты қолдау көрсетуге жұмылғаны жөн. Бір жағынан, бұл дағдарысты еңсеруге көмек берсе, екінші жағынан – құлдырап бара жатқан ішкі сұранысты, ұлттық экономикаларды қолдайды», – деді Бауыржан Байбек. Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Birgemiz қоры пандемия кезінде қорғанысы әлсіз азаматтарға атаулы көмек көрсетуді қолға алған болатын. Елбасының үндеуін қолдаған меценаттардың арқасында Birgemiz қорының есепшотына 28,5 млрд теңгеден астам қаражат жинақталған. Birgemiz қорының біржолғы қаржылық қолдауына 550 мыңнан астам отбасы ие болған. Бұл отбасы мүшелерін қоса есептегенде – 2 миллиондай қазақстандық. «Nur Otan» партиясы мен Тұңғыш Президент Қоры желісі бойынша 300 мыңдай отбасы азық-түлік себетін алды. Бұл іске «Jas Otan» Жастар қанатының 5 мыңнан астам еріктілері қатысты. Сонымен бірге тұрмысы төмен 100 мың мұқтаж отбасыға 5 миллионнан астам тегін маска үлестірілді. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» дегендей, ел болып пандемия жағдайымен күресіп жатқанда Мақтаарал ауданының бірнеше ауылын бір түнде су алып, халық абыр-сабыр болды. Осы жағдайда нұротандықтар Түркістан облысының су басқан ауылдарының тұрғындарына мың тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтті. Шілде айында Достық ауылының тасқыннан зардап шеккен тұрғындарына арналған үйлер салынып бітеді деп жоспарланып отыр. Халықтың күрмеулі мәселесін шешіп, алғыс арқалаған партиялықтардың кез келген бастамасы алдағы уақытта да сәтті жүзеге асады деген ойдамыз. Өйткені партияның бірінші міндеті – халықтың мұңын мұңдап, сөзін айтып, қоғамдағы күрделі мәселені бірігіп шешуге жетекші болу.