644
Birgemiz
Birgemiz
Дүниенің дегбірін қашырған дерттің әлі де саябыр табатын түрі байқалар емес. Аты жаман ауру қалыпты тіршілігімізден айнытып, бәрімізді алаң көңіл етті. Оңай емес. Әсіресе, онсыз да «шықпа, жаным шықпалап» отырған әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үшін бұл ауыр сынақ болып тұрғаны рас. Десе де, бір жағынан Үкімет, бір жағынан Елбасының бастамасымен құрылған Birgemiz қоғамдық қоры сын шақта сырт қалмай, көмекке мұқтаж жандарға көмек, қолдау білдіріп жатқаны көңілге медеу. Жақында қордың есебінен біржолғы атаулы көмек көрсетудің төртінші кезеңі басталмақ. Бұл көмек ауылдағы аса мұқтаж отбасыларға бағытталады.
Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Birgemiz қоғамдық қоры құрылғаны мәлім. 2020 жылғы 20 наурыздағы Үндеуінде Елбасы Н.Назарбаев: «Еліміздің көмекке мұқтаж әрбір азаматына қамқорлық көрсетілуі тиіс. Қазақстандықтар қиын кезеңдерде әрдайым бір-біріне жәрдемдескен. Тұтастығымызды тағы бір дәлелдейтін күн туды», – деді.
Қорды құрудағы әу бастағы мақсат азаматтарға, оның ішінде COVID-19 індетінен зардап шеккендерге атаулы және әлеуметтік қолдау көрсету, сонымен қатар республикалық және аймақтық деңгейде жұмыс жүргізу болатын. Игі бастаманы еліміздегі ірі компаниялар, танымал кәсіпкерлер қолдап, қомақты қаржылық көмек көрсеткені баршамызға мәлім. Бүгінде қорға түскен қаражат аса мұқтаж отбасыларға белгілі мөлшерде беріліп келе жатыр.
Қысылтаяң сәтте қиналғанға қол ұшын беру – халқымыздың қанына сіңген қасиет. Кәсіпкерлер мен қалталы азаматтардан бастап, ниеті түзу, жүрегі кең, мұқтажға көмек қолын созғысы келетін еліміздің әрбір азаматы Елбасының Үндеуін қолдады. Қорға қаржы аударғандардан бөлек, әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға көмектескен еріктілердің де еңбегі зор екенін атап өткеніміз жөн.
Қор жұмысының ашықтығын көрсету мақсатында Birgemiz қоғамдық қоры түскен қаражат пен аймақтар бойынша көрсетілген көмек туралы барлық ақпарат тұрақты түрде жарияланып отыратын birgemiz2020.kz ресми сайтын іске қосты. Сайтқа кірген кез келген азамат банктік үзінді көшірмелерімен бірге ұсынылатын есептерді таба алады.
Қор төрағасы Руслан Сакеевтің мәлімдеуінше, Елбасының үндеуіне қолдау білдірген меценаттардың арқасында Birgemiz қорының есепшотында 28,5 млрд теңгеден астам қаражат жинақталған.
Тұңғыш Президенттің тапсырмасы бойынша осы қаражат есебінен бүгінгі таңда 7 санат бойынша 470 мыңнан астам отбасы немесе 1,6 млн қазақстандық атаулы көмекпен қамтылған. 23 қаланың және оларға іргелес ауылдар мен елді мекендердің аса мұқтаж отбасылары 50 мың теңгеден біржолғы төлемақы алды. Сонымен бірге коронавируспен күреске жұмылдырылған 2 112 медицина қызметкері де қор қаражатынан 50 мың теңгеден алды.
Жалғызбасты қарттарға, тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар мен басқа да мұқтаж жандарға әлеуметтік пакеттерді үлестіріп беруге ерікті түрде атсалысып жүрген «Jas Otan» еріктілері де қор жұмысына белсене араласты. Олар қорғанысы әлсіз 100 мыңнан астам отбасыға Birgemiz қорының қаражатына сатып алынған 5 миллион масканы тегін жеткізіп берді.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша Түркістан облысының Мақтаарал ауданында су басудан зардап шеккен Достық ауылының тұрғындарына арналған жаңа үйлердің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Мақсат ХАЛЫҚ, GSB UIB директорының орынбасары, экономист:
Ең бастысы – атқарылған жұмыстар
– Жалпы, кез келген қоғамдық қор құрылғаннан кейін оның ең негізгі маңызды рөлі ол – қор жұмысының мүмкіндігінше ашық болуы. Шығыстардың қандай бөліктерде қайда жұмсалып жатқаны туралы ақпараттың қолжетімді болғаны өте маңызды. Осы тұрғыдан келгенде Birgemiz қорының қаншалықты ашық жұмыс істегенін әлі де көреміз деп ойлаймын. Қор жұмысы туралы қоғамда сыни пікірлер де болды. Сынның болуы да орынды. Өйткені бір жыл бұрын болған Арыстағы оқиғаға байланысты құрылған қор қаржысының қолды болып кеткенін байқадық. Сондықтан барынша ашық, жариялы әрі шынайы болғаны жөн. Ең бастысы – ол атқарылған жұмыстар. Жұмыс орынды атқарылған болса, ерте ме, кеш пе халық бәрібір бағалайтын болады. Birgemiz қорының құрылуының нәтижесінде біраз қаржыландыру процесі жүрді. Осыған атсалысқан азаматтар, әсіресе еріктілердің қызметін ерекше бағалап өткім келеді. Олар өздеріне ешқандай табыс алмаса да, осы қордан бөлінген қаражатқа алынған азық-түлікті тиісті жерлерге дейін жеткізіп, әлеуметтік осал топтарға қол ұшын беру мәселесіне барынша үлес қосты. Осы жағынан келген кезде аталған қордың атына сай бірлікке, тұтастыққа үндеген ізгі әрекеті құптауға, қолдауға тұрарлық. Жолтай ӘЛМАШҰЛЫ, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы:Қор бөлген қаржы халыққа қолдау болды
– COVID-19 індеті әлеуметтік әлсіз топтарға, әсіресе бір күндік жалақыға жұмыс істейтін қарапайым азаматтарға ауыр соққы болды. Халық жұмыс істемейін, табыс таппайын деп жатқан жоқ. Бүгінгі індет жағдайы халықтың өз бетінше жұмыс істеп, нәпақасын табуына мүмкіндік бермей отыр. Осындай сын сағатта Елбасының бастамасымен құрылған Birgemiz қоры COVID-19 індетінен зардап шеккен азаматтарға атаулы және әлеуметтік қолдау көрсетуді мақсат тұтты. Төтенше жағдай кезеңінде бұл қарапайым халыққа материалдық тұрғыдан үлкен көмек деп ойлаймын. Қор берген қаржы халықты байытып жібермесе де, қолдау болды. Халықтың жанына жара, көңіліне қаяу түсірмеуді ойлаған Елбасы қалталы азаматтарға үндеу тастап, халыққа қарайласуға шақырды. Қай заманда да осындай қиын кезеңде қалталы азаматтар қарапайым халыққа қол ұшын беріп, қолдау көрсеткен. Ондай мысалдарды тарихтан көп кездестіруге болады. Birgemiz қоры ұйымдастырған шаралар – сондай көмектің бір түрі. Адамдар кәрі болсын, жас болсын, бай болсын немесе кедей болсын, мұндайда бәрінің жағдайы бірдей. «Кемедегінің жаны бір» деп қазақ бекер айтпаған. Бәріміз бір жұдырықтай жұмылып қиындықты бірге жеңіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарсақ, ғанибет емес пе?! Елбасының бастамасын қолдағанымыз дұрыс. Қор жұмысы алдағы уақытта да жалғаса берсе, тіпті жақсы болар еді.