893
Нұр-Сұлтан
Нұр-Сұлтан
Сарыарқа төсінде азаттығымыздың айғағы, тәуелсіздігіміздің төл тұғыры – ару қаламыз Нұр-Сұлтанның бой көтергеніне – 22 жыл. Тарих үшін қас қағым сәт болғанымен, осынау аз ғана жыл ішінде астанамыз жер жаһандағы сәулеті асқан сұлу шаһарлардың біріне айналды. Елорда бүгінде халықаралық саясат көшбасшылары бас қосатын, әлемнің ең өзекті мәселелері талқыланатын, еларалық ынтымақ, дінаралық келісім кеңестері өтетін жаһандық орталық. Бір кездері қол жетпес армандай болып көрінген ғажайып қала ақиқатқа айналды. Елбасының көреген ұсынысына сүйенген тарихи таңдаудың дұрыстығын уақыт дәлелдеді.
32 өлшем бойынша таңдалған шаһар
1997 жылғы 20 қазан Тәуелсіз Қазақстан тарихына алтын әріптермен қашалды. Дәл сол күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ақмола қазақ елінің астанасы болып жарияланды. Сол жылдың қара күзінде Мемлекет басшысы жаңа астана төрінде республикамыздың мемлекеттік нышандарын қарсы алды. Содан бастап Алматыдағы мемлекеттік органдардың барлығы Арқа төсіне көш түзеді. Ал 1998 жылғы 10 маусымда әлем картасында пайда болған жаңа астананың халықаралық тұсаукесері өтті. Десе де, 2006 жылдан бастап қазақ елі жыл сайын елорда күнін 20 қазан немесе 10 маусымда емес, 6 шілдеде атап өтеді. Өйткені Қазақстанның астанасын ауыстыру туралы маңызды шешім осыдан 26 жыл бұрын, 1994 жылғы 6 шілдеде қабылданған еді. Сол күні Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Кеңес сессиясының жалпы отырысында елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру жөніндегі тарихи идеясын жариялады. «Менің тапсырмам бойынша мемлекеттің жаңа астанасын орналастыруға оңтайлы жерді анықтау мақсатымен республиканың бүкіл аумағы егжей-тегжейлі зерттелді. 32 тұрғыдан жүргізілген талдау барлық нұсқалардың ішінен ең дұрысы Ақмола қаласы екенін көрсетті...», деген еді Елбасы сол бір тағдыршешті тарихи сәтте. Жаңа астананы таңдауда басшылыққа алынған 32 өлшемнің аса маңыздылары: әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, климат, ландшафт, сейсмологиялық жағдай, қоршаған орта, инженерлік және көліктік инфрақұрылымның болуы, оның болашағы, коммуникациялар, құрылыс кешені және еңбек ресурстарының болуы. Ал сол барлық өлшемнің негізінде егеменді еліміздің әкімшілік және саяси орталығын Ақмола қаласына орналастыру нұсқасы мейлінше оңтайлы болып шыққан еді. Бүгінде бұл шешiмнiң дұрыс болғанына ешкiм шүбә келтірмейді. Ал ол кезде Елбасының идеясын қолдағандар аз, құптамағандар көп болды. Нұрсұлтан Назарбаев өз ұсынысын жариялаған күні Жоғарғы кеңес сессиясының жалпы отырысына қатысқан кеңес мүшесі, Мемлекет және қоғам қайраткері Кенжеғали Сағадиев сол бір тарихи сәт жайлы: «Біз орнымызға жайғасқанда Нұрсұлтан Әбішұлы: «Астананы Алматыдан ел ортасына – Ақмолаға ауыстыру керек деген ойым бар. Егемен еліміздің болашақ дамуын жаңа астанадан бастасақ деймін. Сіздер бұған қалай қарайсыздар?» деп сұрады. Біз, кеңес мүшелері, бұрын ойға келмеген, барынша тың, елді елең еткізетін осындай соны пікірге «Ақмоланың ауасы жақсы, бірақ ойлану керек» деген мардымсыз бір-екі сөзден артық ештеңе айта алмадық. Осылай десек те, мынау алай-дүлей басталған жаңа заманда, елімізде бір жарым жылдай жүріп жатқан нарық экономикасы оң нәтиже бермей, керісінше, экономиканы тығырыққа тіреп, халық тұрмысы күрт төмендеген тұста, қалта бос, қаржы тапшы кезде мұндай ауқымды жобаны іске асыру мүмкін емес қой. Алматы сияқты жылы орнымыздан басқа жерге көшу бұл бір орны жоқ қиял емес пе деген күдік те ойымызда тұрды. Көп ұзамай бұл соны жаңалық халыққа тарады. Ел ішінде, баспасөз беттерінде, депутаттар арасында, әртүрлі басқосуларда астана туралы қызу пікірталас басталды. Мұндай пікірталастар көпке дейін, 1997 жылдың қысында астана Алматыдан Ақмолаға көшкенге дейін жалғасты», – деп еске алады. Ұсынысына қарсылық білдіргендер көп болғанына қарамастан, Елбасы өз ұстанымынан таймады. Бұл жобаның терең ойластырылғанын, астананы өзгерту тек бір қаланы екінші қаламен ауыстыру ғана емес, оның қазақ елінің тиімді дамуына, болашағына әсер ететінін халыққа айтып, түсіндірумен болды. Арнайы комиссия құрып, жаңа қонысқа көшіп, ол жерде оңтайлы орналасудың жобасын жасады. Елдің экономикалық дамуында, әлеуметтік, саяси, мәдени дамуда болашақ астананың орнын анықтайтын алғашқы жобалар жарық көрді. Жаңа астананың стратегиялық маңызы туралы насихат бір сәт те толастаған жоқ. Байыппен жасалған жұмыс оң нәтижесін беріп, жобаны қалың бұқара қолдады. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында жазуынша, астананы Арқаға көшіру Қазақстанды геосаяси жоспар тұрғысынан нығайту үшiн қажет едi. Ақмола Еуропа мен Азияның шектескен тұсында, яғни Еуразия құрлығының қақ ортасында, мұхиттардан бiрдей қашықтықта орналасқан. Еуропалық және азиялық дәстүрлердi бойына тоғыстырған бұл қала Батыс пен Шығысқа да, Оңтүстiк пен Солтүстiкке де ашық бола алады. Екiншiден, бұл шешiмде қауiпсiздiк мәселесi де елеулi рөл атқарды. Тәуелсiз елдiң астанасы сыртқы шекаралардан мейлiнше қашық және елдiң орталығында болуы тиiс едi. Үшiншiден, астананы өзгерту Қазақстан экономикасын сауықтыру үшiн де қажет болды. «Төртiншiден, Астананы құрамы жағынан көпұлтты өңiрге көшiре отырып, бiз тұрақты саяси-этностық мемлекет құру, Қазақстанды мекендеген этностар арасындағы достықты сақтау мен байыту, дiндер мен конфессиялардың қақтығыссыз тату өмiр сүруiн қамтамасыз ету жөнiдегi бағытымызға адал екенiмiздi тағы бiр дәлелдедiк», – деп жазады Елбасы аталған кітабында.Сәтбаев салған соқпақ
Айтпай кетуге болмайтын тағы бір жайт бар. Нұрсұлтан Назарбаевқа елордамызды Алматыдан Ақмолаға көшіру идеясы тосыннан келмеген. Ол жайында Мемлекет басшысы «Еуразия жүрегінде» атты кітабында былай еске түсіреді: «Баяғы бір уақытта Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы кезімде менің қолыма академик Қаныш Сәтбаевтың баянхатының түскені бар. Ол анау-мынау емес, Қазақ КСР-нің астанасын Қазақстанның географиялық орталығы Қарағандыға не Целиноградқа көшіруді ұсыныпты. Ардақты ғалым, ардагер қайраткер өз дәлелдерінің бірі ретінде осындай байтақ республиканың астанасы елдің әлдебір түкпірінде болмауы тиістігін келтірген. Оның үстіне арадағы қарым-қатынас сол уақытта нашарлап тұрған Қытай Халық Республикасымен шекара да тым іргеде. Есімде қалған: осы елеулі мәні бар баянхат Мәскеуге жіберілген екен. Мұндай мәселелер Мәскеусіз шешілмек түгілі, қолға да алынбайтын еді ғой. Мәскеу: «Басқа істейтін істерің жоқ па?», – деп, келте кесіпті». Тәуелсіздік алып, егемен ел атанудың арқасында өз болашағымызды өзіміз бағдарлайтын, ел тағдырына қатысты барлық шешімді өзіміз қабылдайтын күнге жеттік. Халық таңдауының, ел байламының нәтижесінде егемендігіміздің ескерткіші, тәуелсіздігіміздің төл тұғыры – Есіл жағасындағы еңселі елордамыз бой көтерді. 20 жылдан астам уақыт ішінде бас қаламыздың аумағы 3 есе, салынған тұрғын үй көлемі 19 есе ұлғайып, халық саны 4 еседен астам өсті. Әлеуметтік инфрақұрылым құрылысының ауқымды бағдарламасының нәтижесінде 20 жыл ішінде 20-дан астам республикалық және қалалық денсаулық сақтау нысандары, 300-ден астам балабақша мен мектеп салынды. Қаланың көлік жүйесі де қарыштап дамыды. Елордалықтар мен қала тұрғындарының игілігіне айналған Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежай, «Нұрлы жол» темір жол вокзалы, көшелерді абаттандыру мен ішкі жол торабын ыңғайластыру ісі көлік саласын сапалы түрде өзгертіп, озық стандарттарға біртіндеп жақындатты. Кез келген елдің астанасына қойылатын ең бірінші талап – елдің саяси орталығы болып қалыптасу. Бас қаламыз бұл міндетін де толыққанды атқаруда. Елордада қабылданған шешімдерге, түрлі дәрежеде көтерілген мәселелерге халықтың құлағы ылғи түрік. Елімізде жүріп жатқан барлық реформа осы қаладан басталып, өңірлердің дамуына серпін беріп келеді. 2010 жылдың басында еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті. Төраға мәртебесін алған Қазақстан 11 жыл бойы болмаған ЕҚЫҰ саммитін өткізді. Оған 56 мемлекет басшылары, БҰҰ, НАТО өкілдері, барлығы 2,5 мың делегат жиылып, 1,5 мыңнан астам БАҚ өкілдері келді. Саммит жұмысының нәтижелі болғаны сондай, «Астана рухы» деген ұғым халықаралық қатынастар әлеміне тұрақты түрде енді және де осындай қатынастарға керек сенімнің, келісімге келудің, бірлікке шақырудың жаңа символына айналды. Бүгінде Қазақстанның астанасы – діни конфессиялар өкілдерінің бір-бірімен пікір алмасатын тұрақты алаңы. Жаһанда ұрыс-керіс, қақтығыс көбейген тұста бірлігі мен ынтымағы жарасқан бейбіт елдің үлгісін көрсетіп отырған біздің мемлекетке әртүрлі бітімгер топтар, халықаралық ұйым өкілдері жиі ат басын бұратыны жасырын емес. Елордамыз дауласқанды татуластырып, керіскенді бітістіретін, бейбітшілік пен келісімге үндейтін орталық екенін әлемдік қауымдастық мойындағалы қашан. Дәйім солай болғай! Мәртебең биіктей берсін, бағаналы ордам, басты ордам! Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, Мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор:Елбасы Абылай ханның аманатын орындады
– Ел тағдырына қатысты кез келген мәселені Елбасы өзінің жанындағы азаматтармен, серіктерімен, шәкірттерімен ақылдасып барып шешетін. Көбіне түскі ас уақытында жиналатынбыз. Сол уақытта «ана шаруа не болып жатыр?», «мына мәселенің жайы қалай?» деп барлығын ықтияттап сұрайтын. Сондай басқосуларымыздың бірінде елорданы көшіру мәселесін алғаш рет көтерді. «Көптен бері ойымда жүр еді. Астананы басқа қалаға көшіру керек» деді. Шыны керек, бұл ойы ақылға қонымсыз болып көрінді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы аумалы-төкпелі шақ. Ел айлап, жылдап жалақы ала алмай жүрген кез. Зейнеткерлерге зейнетақы, студенттерге шәкіраты алу мұң еді. Мен бірден қарсылық білдірдім. «Мынадай қиын-қыстау шақта астана ауыстыру оңай шаруа емес. Қала салу үшін қыруар қаржы керек. Қазынаның қалтасы тесік, бұл ойыңызды қалай жүзеге асырмақсыз?» деп райынан қайтармақ болдым. Қарсы пікірлердің көптігіне қарамастан, Нұрсұлтан Әбішұлы елорданы ауыстыру ісіне түбегейлі ден қойды. Болашақ астанамыз болуға лайық қала іздеп, республикамыздың барлық шаһарларын зерттеп-зерделеді. Елбасының бұл іске шындап бекінгенін көріп, біз де әртүрлі қалаларды ұсынып, өз ойымызды ортаға сала бастадық. Көп талқылау болды. Бірде Ақмола сапарынан оралған соң, бізді қайта жинап: «Ақмолада көпір үстінде тұрып, айналаны ұзақ шолдым. Ойлап қарасам, әлем елдері астаналарының көбі өзеннің жағасына салынған екен. Біріншіден, Ақмола – өзеннің жағасында тұр. Екіншіден, еліміздің қақ ортасында, Еуразияның кіндігінде орналасқан. Бұл географиялық жағынан өте қолайлы. Астанамызды осы қалаға көшіру керек деген ойдамын», – деді. Елбасы қандай шешім болса да халықтың санасына сыналап сіңіріп барып қабылдайтын азамат қой. Ақыры өз ұсынысын Жоғары кеңестің отырысында жариялады. Талқылау ұзаққа созылды. Депутаттардың көбі қарсы шықты. «Алматы – әбден орныққан, жайлы қала. Жылы орнымызды тастап қайда барамыз?» десті жұрт. Жиын соңында депутаттардың бірі: «Бүгін Президенттің туған күні ғой. Жасаған сыйымыз болсын, ұсынысына қолдау білдірейік, бір шешім қабылдайық. Уақыт – төреші. Бәрібір ешқайда көше қоймас-пыз», – деді. Елбасының да күткені осы еді. Дереу дауысқа салып, Жоғары кеңес бірауыздан шешім қабылдады. Алайда көптің көкейінде «Алматыдан кетіп, қайда барамыз? Бұдан артық астана таппаспыз» деген ой тұрды. Шешім қабылданғаннан кейін Елбасы Ақмолаға жиі бара бастады. Қаланың жағдайымен жіті танысып, жаңа шаһар салу жайын мамандармен көп кеңесті. Президенттің шетелдік сапарлары да жиіледі. Елбасы қолдау сұрай барған мемлекеттердің бәрі көмегін аяған жоқ. Жиылған қаржының бәрі жаңа астанамыздың құрылысына жұмсалды. Президент әкімшілігі бастап, барлық мемлекеттік органдар Алматымен қош айтысып, Ақмолаға бет алған кезде көңіліміз құлазып, далада қалғандай болдық. Елбасы ұшаққа мінер сәтте Зейнолла Қабдолов ағамыз бата беріп, оң сапар тіледі. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлының айтқан сөзі әлі есімде. «Біз Алматыға сыймай кетіп бара жатқанымыз жоқ. Біз Алматыны қимай кетіп барамыз», – деді Елбасы. Біз одан сайын босадық. Шыны керек, шығарып салып тұрып, көңілде күдік көп болды. Алаштың айбарына айналатын бүгінгідей еңселі елорда, көркіне көз тоймайтын ажарлы астана бой көтеретініне ол кезде ешкім сенген жоқ. Президент бұл таңдаудың дұрыстығын дәлелдеді, халыққа берген барлық уәдесін орындады. Үш жүздің басын қосқан билеуші деп қазақ Абылай ханды ерекше қадірлейді. Абылай төсек тартып, нашарлап жатқанда Бұқар жырау басында отырып: «Талай жыл еліңді басқардың, елдің алғысын алдың, жақсылықты көп көрдің, не арманың бар?» деп сұрапты. Сонда Абылай: «Арман көп қой, қайсыбірін айтайын? Көшіп-қонған елімді орнықтырсам деп едім, қазақтың басын қоссам, қала салсам деп едім. Бұл менің келер ұрпаққа аманатым болып қалмақ» деген екен. Абылай қазақтың басын түгел қоса алған жоқ. Бар қазақтың басын қосқан да, дәулеті мен сәулеті жарасқан қала салған да – Елбасымыз. Осылайша Нұрсұлтан Назарбаев Абылай ханның аманатын орындады. Қазақтың келешегін терең ойлайтынын көрсетті. Кезінде Елбасының астананы көшіру туралы бастамасын қолдамағандардың бәрі қателескенін ұқты. Арқа төсінде жаңа елорда салуға бел буғанымыз тарихи шешім болғанына бүгінде ешкім шүбә келтірмейді. Бас қаламыз әлемдегі ең сұлу астаналардың біріне айналды. Елордамның атағы аспандай берсін! Елімнің басынан бақ таймасын!