Салғырттық – саулығымызға кесір

Салғырттық – саулығымызға кесір

Салғырттық – саулығымызға кесір
ашық дереккөзі
260
Карантин жеңілдетіліп,  ірі сауда нысандары, қоғамдық тамақтану орындары ашылғалы кесірлі кесел өршіп кетті. Елдің барлық өңірінде індет жұқтырғандар саны артты. Қатерлі вирустан көз жұму деректері де күрт көбейді. Бұрын «таныстарымның арасында коронавирус жұқтырған бірде-бір адам жоқ, бұл вирус шынымен де бар ма, әлде саясат па?» деп өзі күмәнданып қана қоймай, өзгелерді де адастырушылар көп болса, қазір әрбіріміздің туған-туыс, дос-жаранымыздың арасында індетке шалдыққандар көбейіп, аурудың ойыншық емес екеніне жұрттың көзі жетті. Десе де, сақтық шараларына селқос қарап, өзінің ғана емес, өзгелердің де денсаулығын қатерге тігіп жүргендер әлі де жетерлік.

Ауруханаларда орын жоқ

Коронавирус індетін жұқтырғандардың күрт көбеюі отандық медицинаға айтар­лық­тай қысым түсіре бастады. Осы күнге дейін ауруханаларда орын жеткілікті, ма­ман тапшылығы жоқ деп сендіріп келген Ден­саулық сақтау министрлігі ресурстар сарқыла бастағанын мойындады. Науқастар саны күн өткен сайын еселеніп жатса, сарқылмай қайтсін?! Үш айдан бері үй бетін көрмей жұмыс істеп жатқан ақ халатты­лар­д­ың да жүйкесі темір емес. Физикалық тұрғыдан да, моральдық тұрғыдан да қа­жиды. Жаны қиналып, жәрдем сұрап келген науқастарға орын тауып бере алмаудың өзі олар үшін үлкен сынақ. Өйткені елдің көп өңірінде ауруханалар лық толы. Мәселен, Атыраудағы №2 облыстық ау­ру­хана 180 төсек-орынға есептелген, бірақ қа­зір онда 200-ден аса науқас бар. Сондық­тан дәрігерлер жаңа түскен науқастарды Махамбет ауданына жөнелтіп жатыр. Орын тапшылығы мәселесін шешу үшін аудандағы туберкулез ауруханасында 100 төсектік инфекциялық бөлім ашылды. Жексенбіден бастап жұқпалы аурулар стационарына түскен салмақты жеңілдету үшін бөлімге 15-20 науқас жіберіледі. «Жағдай қиындап кетті. Соған қарамас­тан, медицина қызметкерлері келгендердің бәрін қарап, емдеп жатыр. Олардың ара­сында ауыр науқастар бар, біз оларды жан­сақ­тау бөлімдері мен жұқпалы аурулар ауру­ханасына жібереміз. Барлық дәрігер қа­лыпты режимде жұмыс істеп жатыр», ‒ дейді облыстық Денсаулық сақтау басқар­ма­сының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров. Алматыда да жағдай күрделі. Қаладағы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыровтың айтуынша, күн сайын қалалық ауруханаларға жүзден астам науқас түседі. «Денсаулық сақтау жүйесінің ресурсы шек­сіз емес. Аталған салаға бөлінетін қар­жы көлемі бізден ондаған есе көп дамыған ел­дерде де ресурстар жетіспейді. Науқастар саны көбейіп, кейінгі күндері қалалық кли­никаға күніне жүзден астам пациент түсіп жатыр», деп жазды Камалжан Надыров Facebook желісінде. Басқарма басшысының сөзіне қараған­да, Алматыдағы ауруханаларда орташа есеп­пен 200-300 орын бар, бұл науқастардың бар­лығын жатқызу үшін аздық етеді. Қазір қалада COVID-19 жұқтырғандарды емдейтін 10 клиника бар. Онда 1 300 науқас емделіп жатыр. «Барлық клиниканы COVID-19 жұқтыр­ған­дарды емдейтін орынға айналдыра ал­маймыз, себебі өзге аурумен ауыратындар медициналық көмекке зәру болып қалады. Күн сайын қала бойынша 2 500-ден астам шұ­ғыл шақыртулар болады. Мәселе тек бос орын­дарда ғана емес, коронавирус жұқтыр­ғандармен жұмыс істеуге дайын дәрігерлер бригадасы туралы болып отыр. Өкінішке қарай, жағдайы орташа және ауыр науқас­тарды ғана ауруханаға жатқызуға мәжбүр­міз. Жедел жәрдем қызметінде істейтін дәрігерлерге түсетін салмақ артты», – дейді К.Надыров.

Күн сайын 500 науқас: екінің бірінде – пневмония

Елордадағы ахуал да алаңдатарлық. Өт­кен аптада желіде Нұр-Сұлтандағы №1 көп­салалы қалалық ауруханада түсірілген ви­део кең тарады. Бейнекадрдан емделу­ші­лердің дәлізде жатқанын көруге болады. Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жұртты үрейлендірген ви­деоға қатысты пікір білдіріп, қалада эпи­демиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты №1 көпсалалы қалалық ауру­ханаға жатқызылғандар саны күрт артқа­нын растады. «Апта басында аталған ауруханада нау­қастар көбейіп кеткенде палата босағанша адам­дарды дәліздерде уақытша орналастыру жағдайлары болды», – делінген хабарламада. Елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау бас­қармасының басшысы Сәуле Қисы­қова­ның айтуынша, қаладағы стационарлардың 90 пайы­зы бос емес, ауруханаға күн сайын 500 адам түседі, екінің бірі – пневмония. Ма­мандар бұл дертті коронавирус өршітті деп болжап отыр. «Егер жыл басында күніне орташа есеп­пен пневмонияға шалдыққан 5 пациент түс­се, маусымнан бастап күн сайын 500 адам түсіп жатыр. Екінің бірі – вирустық пнев­монияға шалдыққан. 90 науқастың жағ­дайы орташа ауыр және ауыр», – дейді С.Қисықова. Ақтөбе мен Түркістан облыстарында да пневмония диагнозымен ауруханаға түсу дерегі еселеп артып жатыр. Өткен аптада екі күн ішінде 200-ге жуық ақтөбеліктің пнев­монияға шалдыққаны белгілі болды. Ауыр жағдайда түскен науқастарды дәрігер емдеп үлгере алатын емес. «Қазір тек теміржол ауруханасынан бас­­қа ауруханаларда бос орын болма­ған­дықтан, адамдар дәлізде жатуға мәжбүр. Өткен түні 20 дәрігердің орнына 4 дәрігер мен облыстық Денсаулық сақтау басқарма­сы­ның бір ғана өкілі жұмыс істеді. Екі адам жұмысқа келіп, бас тартты. Олардың өзінің денсаулығы мәз емес», – депті облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Светлана Есенаманова «КТК» телеарнасына берген сұхбатында. Шымкенттің Денсаулық сақтау басқар­масы да өкпесі қабынып, жедел жәрдем шақыртқан науқастар саны күрт көбейді деп дабыл қақты. Басқарма мәліметінше, же­дел жәрдем қызметіне күніне орта есеп­пен 1 800-2 000 қоңырауға дейін келіп тү­се­ді екен. «Шақыртулардың басым бөлігі – ЖРВИ, пневмония сынды инфекциялық аурулар. ЖРВИ диагнозымен ауруханаға жатқызу – 2 есе (2019 жылғы маусым – 124, 2020 жыл­ғы мау­сым – 260), пневмония диагнозымен – 7,2 есе (2019 жылғы маусым – 18, 2020 жылғы маусым – 130) өскен. Инфекциялық аурулардың артуына байланысты қалада 1 420 төсек-орын ашылды. Оның ішінде 690 орын инфекциялық, 290-карантиндік, 440-провизорлық төсек-орын ашылған. Осының есебінен орын жетіспеу пробле­масы реттелмек. Сондай-ақ 22 өкпені жа­сан­ды желдету және 38 монитор аппараты қосымша орнатылған. Бұған қоса, 27 мау­сымға дейін өкпені жасанды желдететін 40 аппарат орнатылады деп жоспарлануда», – делінген хабарламада. Ақ халаттылардың айтуынша, науқас­тардың ауру жұқтыру көрсеткішінің артуы­на сақтық шараларының тиісті деңгей­де сақталмауы себеп болған. Тұрғындардың басым бөлігі әлі де арақашықтықты сақтау, қол гигиенасы мен маска тағу сынды сақ­тық шараларын елер емес.

Қатаң карантинге қайта оралуымыз мүмкін

Семейдегі эпидемиологиялық ахуалдың ушығуы да санитарлық талаптарға селқос қарау­шылардың көптігінен дейді жергілікті мамандар. Қазір облыста коронавирус жұқ­тырған науқастардың 66 пайызы – осы шаһардың тұрғындары. Семей қатерлі ви­русты жұқтыру дерегі алғаш рет наурыздың соңында тіркелген еді. Содан бері каран­тиндік шектеулер қолға алынып, оң нәтиже берген. 2 айда емдеу мекемесіне 8 науқас қа­на түссе, мамыр айының соңы мен мау­сым айында індеттің таралуы күрт ушығып, науқастар саны еселеп артты. «Өкінішке қарай, халық әлі де бұл дерт­ке сенбей, селқостық танытуда. Әлеуметтік арақа­шықтық сақталмайды, көбі бетперде тақпайды. Мәселен, жақында табиғат аясына демалуға шыққан бір науқас адам 35 тұрғынға инфекция жұқтырды. Бұл деге­ніңіз, өте ауыр жағдай. Қазір тіпті жұқ­палы аурулар ауруханасында орын жоқ. Сон­дықтан біз қала тұрғындарынан каран­тиндік шектеулерге жете мән беруге шақы­ра­мыз. Әрқайсымыз жауапкершілікті кү­шейтсек, эпидемиологиялық ахуалды түзете аламыз», – дейді қалалық жедел штаб­тың медициналық мәселелер жөніндегі үйлестірушісі Найля Әлменева. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қау­лысына сәйкес, қаладағы қоғамдық та­мақтану орындары жұмысын қатаң талап­тарды сақтай отырып жүзеге асыру керек болған. Алайда арнайы тексеруге шыққан мониорингтік топ дәмханаларда үстелдер санын 2 есе азайту, санитайзерлер қою сияқ­ты ережелердің сақталмайтынын анық­тады. Тіпті, жиын-той өткізіп жат­қандар да бар екен. «11 мекемеден өрескел тәртіп бұзу­шы­лық анықтадық та, оның алтауына ескерт­пелер берілді, бесеуіне әкімшілік шара қолдану жөнінен іс қозғалып, прокуратура ары қарай сотқа жолданады. Сот тиісінше ше­шімін шығарады. Сот шешімінде ол ақ­шалай айыппұл да салынады, өрескел тәр­тіп бұзған мекеменің жұмысын шектеп, жа­буға дейін барады», – дейді Семейдің бас санитарлық дәрігері. Өкінішке қарай, қатерлі дертпен күрес­ке селқостық танытып, талап-міндеттерге салғырт қарайтындардың кесірі көпке тию­де. Індет жұқтырғандар көбейген соң елі­міздің бірнеше аймағында карантин қайта күшейтілді. Демалыс күндері бүкіл ел ау­мағын­да шектеу шаралары қатаңдатылып, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Пав­лодар, Екібастұз қалаларында сауда ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, желілік дүкендердің, жабық азық-түлік және басқа да базарлардың қызметі тоқтатылды. Қоғамдық демалыс орын­дары – саябақтар, жағалаулар, жаға­жайлар, аквапарктер де жабылды. Егер вирус осы қарқынмен тарала берсе, қатаң каран­тинге қайта оралуымыз мүмкін. Санитар дәрігерлер мұндай қауіптің барын жоққа шығармайды. «Мұның бәрі саясат», «мемлекет халық­ты қамап қою үшін әдейі жасап отыр», «еш­қан­дай вирус жоқ», «ауруханада жат­қан­дарға ақша берген». Осы сарындағы қаңқу сөздердің күні бүгінге дейін толастамауы коронавируспен күрестің әлі ұзаққа созы­латынын меңзейтіндей. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген халық даналығына сүйеніп, қолды бір-ақ сілтегің келеді. Алайда таразының бір басында ұлт саулығы тұрғандықтан, өйтуге қақымыз жоқ. Ауру ауыздықталғанша оның қаупі жайлы айта беру – парызымыз.

Серіктес жаңалықтары