253
Жыл басынан бері 6,3 мың азамат қандас мәртебесін алды – министр
Жыл басынан бері 6,3 мың азамат қандас мәртебесін алды – министр
2020 жылдың алғашқы бес айында 6,3 мың этникалық қазақ қандас мәртебесін алды.Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді.
1991 жылдан бері 1 миллионнан астам этникалық атамекеніне оралып, оралман мәртебесін алды. Бұл – Қазақстан халқының 6 пайызы.
Министрдің айтуынша, биылғы жылдың алғашқы бес айында елімізге 3245 отбасы, 6 361 этникалық қазақ көшіп келген.
«Оралмандар мен қоныс аударушылардан тұратын жалпы саны 2 224 адамды құрайтын 631 отбасы Шығыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстарына орналасты», - деді Біржан Нұрымбетов.
Сондай-ақ, ведомство басшысы шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы 2019 жылмен салыстырғанда 40 пайызға азайғанын айтты.
«Жыл басынан бері 7,7 мыңнан астам шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берілді. Жұмыс берушілер 2,8 миллиард теңге көлемінде салық төледі. Бұл ретте кадрлардағы қазақстандық қамтуды қамтамасыз ету талабын орындайтын компаниялардың үлесі қазір 96 пайызды құрап отыр», -деді Біржан Нұрымбетов.
Айта кетейік, бұған дейін министр төтенше жағдай кезінде 4,6 млн адамға 42 500 теңге әлеуметтік төлем тағайындалғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, табысынан айрылған азаматтардың есепшотына 321,9 млрд теңге аударылған.