Қасым-Жомарт Тоқаев: Жас ұрпаққа беделді ақыл-ой иелерінің парасатты пікірі ауадай қажет

Қасым-Жомарт Тоқаев: Жас ұрпаққа беделді ақыл-ой иелерінің парасатты пікірі ауадай қажет

Қасым-Жомарт Тоқаев: Жас ұрпаққа беделді ақыл-ой иелерінің парасатты пікірі ауадай қажет
ашық дереккөзі
321
Зиялы қауым өкілдері болашақ өмір туралы мәселені қазірден ой таразысына сала беруге тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық «Ана тілі» басылымына берген сұхбатында айтты. «Шын мәнінде, озық ойлы зиялы қауымның пікірі әлеуметтік шиеленіс кезінде маңызды рөл атқарады. Адамдар ақыл-парасаты арқылы ішкі түйсігіне құлақ асып, өзіне қажетті қорытынды жасап, өткен істен сабақ алады. Әсіресе бұл ежелден келе жатқан дәстүрі бар біздің қоғам үшін өте өзекті. Пандемия кезінде мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қосқан елеулі үлесі үшін барша зиялы қауым өкілдеріне, оның ішінде академик Төрегелді Шармановқа шынайы ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ біздің белгілі ақын-жазушыларымыз соңғы кездегі оқиғаларға белсендірек араласып, жастарға өмірлік тәжірибесін үйретіп, темірқазық секілді жол көрсете алады деп ойлаймын», - деді ҚР Президенті. Мемлекет басшысы қазір бүкіл дүниежүзі пандемия салдарымен күресіп жатқанын, әлемдік экономика көз алдымызда құлдырап, жұрттың өмір сүру салты өзгергенін және осы үрдістер күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге айналғанын баса айтты. «Міне, осындай кезде жас ұрпаққа беделді ақыл-ой иелерінің парасатты пікірі ауадай қажет. Бәрімізді, әсіресе жастарды «Ары қарай қалай өмір сүреміз?» деген сауал мазалайды. Осындай сәтте біздің көзқарасымыз, болмысымыз, осы біз өмір сүріп жатқан жаңа заманның талабына сай болуы керек. Яғни тарихи тұрғыдан жаңартылған құндылықтарға бет бұруға тиіспіз. Бізге қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп беретін ақыл-ой тұжырымы қажет. Жоғары заманауи технология, роботтар, жасанды интеллект дәуірінде ақыл-кеңес түсінігі ерекше маңызды болмақ. Жаңа заманда ар, намыс, ұят сияқты адами қасиеттерге қажеттілік бола ма? Менің ойымша, бұл – зиялы қауым өкілдері талқылайтын ауқымды философиялық мәселе. Үлгі-өнеге, ұлттық құндылықтар болмаса, машиналар мен роботтар әлемінде жұтылып кететініміз сөзсіз. Біздің ұлы ақын-жазушыларымыздың шығармалары да маңызын жоғалтады. Әрине, мұндай жағдайдың мүлде болмағаны жақсы. Сондықтан зиялы қауым өкілдері болашақ өмір туралы мәселені қазірден ой таразысына сала беруге тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Серіктес жаңалықтары