Жағажайлардағы бақытсыз жағдайлар

Жаз мезгілінің алғашқы күнінен еліміздің барлық өңірлерінде суға түсу маусымы басталды. 1 маусымнан бастап жағажайларда адам толастамайтыны белгілі жайт. Ал аптап ыстықтан қашып, суға шомылуға барғандардың саны артқан сайын, құтқарушылар да тынымсыз жұмыс істейді. Себебі жағажайда демалушылар арасында суға кетіп, абайсызда ажал құшатындар көп. Биылғы суға түсу маусымы да қайғылы оқиғамен басталды.

«Су – тілсіз жау» десек те…

Суға түсу маусымы басталғанға дейін, Төтенше жағдайлар саласының мамандары тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін таныстыруды қолға алды. Жылдағы әдет бойынша жұртшылыққа суға түсуде сақтауға тиісті қағидаларды тәптіштеп түсіндірген. Дегенмен, суға түсу маусымының бірінші күнінде Ақмола облысында он үш және он төрт жастағы екі қыз бала суға кетіп қайтыс болды. Ал Қызыл­орда облысында жыл басынан бері 8 адам суға кетті. Оның жетеуі – балалар. «Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Бақыт Ембергеновтің мәлімдеуінше, бүгінде белсенді түрде профилактикалық жұмыстар жасалған. Алайда жыл санап мұндай оқыс жағдайлардың саны артуда. Мамандардың айтуынша, суға шомылатындардың көпшілігі рұқсат етілмеген жерде, құтқару жасағы жоқ жерлерде суға түседі екен.

Тыйым салынған жерде суға бату оқиғасы Ақтөбеде де тіркелді. Елек өзенінде суға шомылған бір топ жігіттің көңілді кеші қайғылы жайтқа ұласты. Ішімдік ішіп алып, тыйым салынған жерде шомылған 22 жастағы жігіт суға батып кетті. Марқұм жігіттің денесі келесі күні 7 метр тереңдіктен табылды. Төтенше жағдайлар департаменті судан құтқару қызметі бөлімінің басшысы Оксана Кичигина: «Бұл жерде суға түсуге тыйым салынған белгі бар. Соған қарамастан ішімдік ішкен топ суға шомылған. 18 жастағы тағы бір жігіт суға кетіп қала жаздады. Алайда сол маңда кезекшілікте жүрген құтқарушылар оны дер кезінде аман алып қалды», – деп мәлімдеме жасады. Бұл жыл басынан бері Ақтөбеде тіркелген алғашқы жағдай екен. Ал өткен жылы облыс аумағында 18 адам суға батып кеткен. Оның алтауы – балалар.

Оңтүстік Қазақстан облысында да шомылу маусымы басталмай жатып суға кетіп қайтыс болғандардың саны көбейді. Өңірде суға кеткендердің саны үстіміздегі жылдың алғашқы төрт айында 13 адамға жеткен, оның сегізі – кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер. Қайғылы жағдайлардың барлығы құтқарушылар бақыламайтын су айдындарында орын алған екен. Оңтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Батырғали Сопбековтің айтуынша, адам өлімімен аяқталған оқиғалар көбіне жас балалардың қараусыз қалуынан немесе ересектердің мас халде суға түсуі салдарынан болады. Қостанай облысында да биылғы жылы шомылу маусымы басталмай жатып-ақ, үш оқиға тіркелген. 2015 жылы облыста 36 адам суға кеткен, оның төртеуі – балалар. Ал биыл жыл басынан бері 3 адамның ажалы судан келді. Оның барлығына жеке немқұрайлылық, рұқсат етілмеген жерлерде мас күйінде шомылу, сондай-ақ, ересектер жағынан балаларға бақылаудың болмауы себеп болған.

Мамыр айының соңында Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі өңірде бір тәуліктің ішінде екі бала суға кетіп қайтыс болғанын хабарлады. Деректерге сүйенсек, қайғылы оқиғаның бірі Тараз қаласында болған. Екі жастағы қыз есік алдындағы арыққа құлап кетіп, суға тұншығып мерт болған. Ал екінші оқиға Байзақ ауданы, Талас ауылында орын алды. 4 жастағы бала Талас өзеніне шомылып жүріп, суға кеткен. Алдын алу шараларына қарамастан, облыста мұндай қайғылы деректер азаяр емес. Жыл басынан бері өңірде 12 адам суға кеткен. Оның бесеуі – бала. Құтқарушылар көп жағдайда балалардың суға батып кетуіне ересектердің өздері кінәлі дегенді алға тартады. Сондықтан, Төтенше жағдайлар комитетінің мамандары ересектердің қарауынсыз қалған балалар жөнінде фактіге ерекше назар аударады. Құтқарушылар ең алдымен, ата-аналарға жабдықталмаған жерлерде шомылуға болмайтынын, су айдындарының маңында қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың қайғылы оқиғаларға әкелуі мүмкін екендігі туралы балаларға түсіндірген жөн деп санайды.

Суға түсу маусымы ашылғанымен, мамыр айының соңында Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері суға түсуге әлі ертерек екенін ескертті. Департаменттің Төтенше жағдайларды жою бөлімі басшысы Эльдор Райымбеков: «Суға кету фактілерінің ең көбі ағымдағы айға тиесілі. Өйткені бұл уақытта күн ыстық болғанымен, судың асты онша жыли қоймайды. Сондықтан шомылған адамның сіңірі тартылып, тыныс алуы мен жүрек соғысы тоқтап қалуы мүмкін», – дейді. Ережеге құлақ аспағандықтан, биыл Астана қаласының 2 тұрғыны суға кетіп, қаза тапқан. Оқиғаның бірі Көктал ауылында тіркелді. Кешқұрым екі жігіт мас күйлерінде шомылуға барып, суға түскен. Соңында жігіттердің бірі суға кетіп, қайтыс болды. Ал былтыр қала бойынша 14 азамат суға кетіп, ажал құшыпты. Оның 2-еуі – бала. Жалпы, суға кету оқиғаларының 70 пайызы – мас күйде, 98 пайызы – тыйым салынған жерлерде шомылу себебінен болады екен.

Қауіпсіздік шаралары неге назардан тыс қалады?

Ресми деректерге жүгінсек, қазір елімізде суға батып кеткен адамдар санының өскенін аңғару еш қиын болмайды. Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің мәлімдеуінше, 2016 жылдың алғашқы бес айында 109 адам, соның ішінде 37 бала суға батып кетті. «Ағымдағы жылдың мамыр айында ғана 45 адам суға батқан, бұл ретте елдің көптеген аумақтарында шомылу маусымы ашылған жоқ. Суға батып кеткендердің жалпы санының 30 пайызы – су қоймаларының қасында ересектердің қарауынсыз қалған балалар (37 оқиға). Адамдардың қаза табуының 34 оқиғасы балық аулау кезінде жеке құтқарушы жабдықтарсыз жүріп, қауіпсіздік ережелерін бұзу себебінен тіркелген», – делінген Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті таратқан хабарламада. Адамдардың суда қаза болуының барлық жағдайлары құтқару бөлімшелері жоқ жабдықталмаған су қоймалары мен жабайы жағажайларда тіркелгенін атап өту керек.

Ал өткен жылдың маусым-тамыз айлары аралығында 170-тен астам, алғашқы 8 айда 230-дан астам суға кеткен. Құтқарушылардың айтуынша, адамдардың суға батуының басты себептері – жүзе білмеу, алысқа малтыған кезде қайтуға күші жетпеу, балаларды қараусыз қалдыру, мас күйде шомылу, тыйым салынған жерлерде шомылу және тағы басқа жағдайлар. 2015 жылдың тамызына дейін суда құтқару бөлімшелері төрт жүзден астам адамды ажалдан арашалап қалды, олардың ішіндегі жүзден астамы – балалар. Былтыр мұндай қайғылы жағдайлар Алматы облысында көп тіркеліпті. Құтқару қызметінің мәліметтері бойынша, 2015 жылдың тамыз айына дейін облыстық су қоймаларында 138 төтенше жағдайлар тіркеліпті. Зардап шеккен адамдар – 290, суға батқан адам – 65, оның ішінде – 13 бала, 225 адам құтқарылды. 2014 жылдың осы мерзіміндегі оқиғалармен салыстырып қарасақ, 2014 жылы облыстық су қоймаларында 109 судағы төтенше жағдайлар тіркелген, оның ішінде 151 адам зардап шекті. Суға батқан адам саны – 55, оның ішінде 8-і – балалар. 96 адам құтқарылған.  2015 жылғы статистика бойынша адам қазасы көп болған жерлер қатарында Қапшағай су қоймасы (8 адам), Балқаш көлі (1 адам), Алакөл көлі (1 адам), Іле ауданы (11 адам), Қаратал ауданы (7 адам) бар. Одан өзге де жасанды  су қоймаларында, каналдарда, карьерлерде осындай оқиғалар тіркелді. Судағы төтенше жағдайлар сараптамасы бойынша көбінесе суда зардап шегетіндер облыс аумағындағы адамдар аз баратын даладағы өзендерде, жасанды каналдарда және басқа су қоймаларында жиі болады.

Суға түсу маусымы кезінде жағажайларда орын алатын мұндай қайғылы жағдайлардың басым бөлігі демалушылардың жауапсыздығынан орын алатыны жасырын емес. Құтқарушылар үнемі суда жүзу ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертсе де, ескертуге құлақ түретіндер сирек. Сонымен қатар, мамандар демалушыларға суға түсу қауіпсіздігі туралы ережеден басқа да әрбір адам біліп жүруге тиіс бірқатар қағидалар бар екендігін ескертеді. Мысалы, суда жүзу дені сау адамдарға ғана пайдалы, дене ыстығы көтерілген кезде шомылуға болмайды, сондықтан суға түсер алдында дәрігерге көрініп, кеңесін алу қажет. Суға түсудің қолайлы уақыты таңғы сағат 8-10-ның аралығы және кешкі сағат 17 мен 19 аралығы болып саналады.  Сондай-ақ, ас ішкеннен кейін бір сағат өтпей суға түскен денсаулыққа зиян екенін көп адамдар білсе де қаперге алмайды. Тамаққа тойып алып немесе арақ ішіп алып суға бірден қойып кеткен адамның қан қысымы бірден көтеріліп, басқа шабуы мүмкін. Құтқару қызметінің өкілдері жағадан алыс жүзбеу, ескерту белгілерінен әрі өтпеу, арнайы белгіленген жерлерде ғана шомылу, балаларға сақ болу, суда алысып, күресіп ойнамау секілді қарапайым ескертпелерді жасағанымен, суға кетіп жатқан жандардың саны азаяр емес.

Суға кеткен адамды құтқару – жауапкершілігі көп, ауыр жұмыс. Құтқару қызметі мамандарының айтуынша, ең алдымен, суға түсу орнын дұрыс таңдау керек. Тыйым салынған орындарда суға түспеген дұрыс. Ал демалыс орындары сүңгуірлердің көмегімен су асты қоқыстан, балдырлар мен шыны сынықтарынан, темірлерден тазартылып отырылуы тиіс. Сонымен қатар, әр жағажайда демалушыларға арналған ақпарат тақтасы болуы шарт. Жағажайға барған бойда ақпарат тақтасына баса мән берген жөн.

Қайғылы оқиғалар болмау үшін әрбір адам алғашқы көмек көрсете білуі тиіс. Ондай жағдайда ең бастысы сабырлылықпен қатар жылдам әрекет ету маңызды. Құтқарушы мамандардың кеңесі бойынша суға тұншығып, зардап шегушінің өмірін тыныс алу тоқтағаннан кейін, 6 минуттан кешіктірмей қайтаруға болады екен. Суға кеткен адамға жәрдемдесудің бірнеше тәсілі бар. Біріншісі – құтқарушы суға батып бара жатқан адамды қол астынан ұстап, шалқасынан жүзе отырып сүйреп шығарады. Екіншісі – суға батушыны бір қолмен шашынан немесе жағасынан ұстап, басын су бетінде ұстауға тырысып, жағаға қарай жүзеді. Үшіншісі – суға батушының артынан екі қолынан ұстап артқа қарай тартып, өзі сол қолын оның қолының астынан арқасына өткізіп, екінші қолымен шынтағынан жоғары ұстап, бір қырымен жүзеді.

Жаз маусымы басталысымен судан құтқару қызметкерлеріне тыным болмайды. Себебі қауіпсіздік ережелерін сақтамайтындардың қатары жыл сайын көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Жағажайға барып, суға шомылу – аптап ыстықтан саялаудың бір жолы. Бірақ немқұрайлылық пен жауапсыздықтың салдарынан оқыстан қайғылы жағдайдың орын алуы бек мүмкін. Суға шомылу кезінде қарапайым ережелерді сақтамаса, кез келген адам жазатайым оқиғаларға тап болуы ықтимал. Суға кетушілер санының көбеюінің себебі неде? Шомылатын аймақтарда қауіпсіздік шаралары сақталмайтындықтан ба, әлде құтқарушылар дұрыс бақылау жасамағандықтан ба? Еліміздің кез келген өңірінде шомылуға рұқсат етілмеген су қоймалары, үлкенді-кішілі өзен-көлдер бар. Бірақ мұны тұрғындар көбіне ескере бермейді. Сондықтан, өз беттерінше суға шомылуын жалғастырады.

Қазір еліміздің түкпір-түкпіріндегі шомылуға арналған демалыс орындарының бәрі жұмыстарын бастады. Жаз мезгілінде мұндай демалыс орындарында және өзен-көлдердің жағасында уақыт өткізген жақсы. Жағажайда демалып қана қоймай, денсаулықты да нығайтуға мүмкіндік бар. Суға шомылу, күннің көзіне қыздырыну адамды сергек қалыпта сақтайды және жұмыс қабілетін арттырады. Әрине, апаттың айтып келмейтіні белгілі. Судан қорғау қызметі үлкеннің де, кішінің де суға түсу кезінде аса сақ болу керектігін ескертеді. Алайда тұрғындардың көпшілігі суға түсу мерзімінің жариялануын күтпестен-ақ көңіл көтеруге асығады. Судың да адам өміріне тигізетін қауіп-қатері бар екенін жұрттың бәрі білгенмен, одан келетін апатты екінің бірі ескере бермейді.

Әдетте жаз шықса болды, жағажайларда демалып жүргендерді жиі кездестіреміз. Суға түсу, жағажайда демалу – денсаулық пен сұлулыққа жақын болудың белгісі. Өйткені теңіз суына шомылу адам ағзасына оң әсер беретіндігін ғалымдар да дәлелдеген. Белсенді демалыс маусымы – жазда теңіз бен өзен-көлдің жағасында сейіл құрып, көк майсаға жайғасып тыныстап, суға шомылып жүргендердің саны бір толастаған емес. Өйткені жазда жағажай мен дария жағалауында дем алу дәстүрге айналған. Аптап ыстықта суға түсіп, жағажайда дем алатын жұртшылық қауіп-қатердің де орын алуы мүмкін екендігін есте сақтап, қауіпсіздік шараларына назар аударғаны жөн. Себебі адам өмірі бәрінен де маңызды.

 

Әсел ӘНУАРБЕК

 

 

Back to top button