579
Наргиз Тамабекқызы: Театр музейінде 50 мыңнан астам экспонат бар
Наргиз Тамабекқызы: Театр музейінде 50 мыңнан астам экспонат бар
Алатаудың баурайындағы алып шаһар Алматыда орналасқан 90 жылдық тарихы бар өнер ордасының қойнауы қазынаға толы. Театр жәдігерлерін көзінің қарашығындай қорғап жүрген жан, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры музейінің жетекшісі Наргиз Тамабекқызы табан аудармай, асылдардың асылын ардақтап, сақтап келе жатқан жиырма жылдан астам уақыт ішіндегі көрген-білген, түйгендерін газет оқырмандарымен бөліскен болатын.
–Наргиз, жиырма жылдан астам уақыт музейге басшылық жасап келе жатырсың. Қасиетті өнер ошағының сахнасында қазақтың марқасқалары мен біртуар саңлақтарының алғашқы спектакльде киген киімдері, бейнелеген образдары, тіпті жансыз бейнелері көңілге де, көзге де жылы ұшырайды. Ал сен ол құжаттарды күнде көресің, әңгімені осыдан бастасақ...
– Әрине, өзіңіз айтып отырған ата-аналарымыздың – бізге осылай атаған дұрыс болар (күледі), жүрген, табанының ізі мен маңдай терінің иісі сіңген сахнадан күніне ары-бері өтіп жүріп, тамаша бір сезімді басымнан кешіремін. Бұл қасиетті сахна көрермендердің көз қуанышына айналған, бүгінде арамызда жоқ болса да, сомдаған рөлдері арқылы жұрт көңілінен өше қоймаған, талайлардың сағына еске алатын, соларға деген сағым-сағыныштарын басу үшін күнде кешкілік осында асығатын ошақ қой! Театр қабырғаларында ілулі тұрған жансыз бейнелерімен ара-тұра сөйлесіп, сырласып қоятын кездерім де болады.
Ал Қазақ мемлекеттік Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының музейі ресми түрде 1968 жылы 24 мамырда Қазақстанның Орталық музейінің филиалы ретінде ашылған өнер ордаларының алғашқы музейі еді. Еліміздегі сахна өнері қара шаңырағында мұндай тарихи маңызды музейдің ашылуы, әрине көрерменді де, өнер қайраткерлерін де үлкен қуанышқа бөлегенімен, мұндай үлкен тірлікті ұйымдастыру оңайға түспеді. Өйткені сонау 1926 жылдан бастап, 42 жыл бойы қызмет жасап келе жатқан театрдың тарихы жайлы құжаттарды бір жүйеге келтіріп, топтастыру, яғни жинақтау жұмыстарымен айналысу ешкімнің де ойына бұрын-соңды келмеген. Тек әр актер, өзге де шығармашылық иелері өздеріне қатысты құжаттары мен өздері жайлы мақалаларды мүмкіндігінше сақтап келген екен.
Театр жанындағы музейді ұйымдастыру, қор жинау, мазмұндау, әркез тың материалдармен толықтыру, ғылыми сараптама жұмыстарының барлығы Орталық музейдің сол кездегі директоры С.Есованың басшылығымен жүргізілді. 1965-1968 жылдары филиалды ашу үшін қор жинау мақсатында арнайы комиссия құрылды. Оның құрамында театрдың суретшісі Д.Сүлеев, Қ.Бадыров, Р. Сейтметов, С.Оразбаев сияқты театр актерлері, Е.Обаев, Ә.Рахимов сынды театр режиссерлері, әдебиет бөлімінің меңгерушісі Қ.Нұрпейісов, труппа бастығы Х.Каримов болды. Әсіресе, осы бір игі шараның жүзеге асуына көп еңбек сіңірген Қазақстанның халық артисі Қапан аға Бадыров. Осы театрдың іргесін қалаушылардың бірі екені көпке мәлім. Шежіре актер осы шара жайлы «Естен кетпес есімдер» атты кітабында: «Музей – ел байлығы, халық мұрасы, тарих қоймасы. Оны қадір тұту, ұқыпты ұстап, қорын молайту әрбір саналы азаматтың жас ұрпақ алдындағы борышы», – дей келе, көптеген жәдігерлерлің сақталмағанына, қадірін жете түсіне алмағандарына үлкен өкініш білдіреді, егер 1926 жылдан бергі барлық экспонаттар сақталған болса, көрерменге тарту етер құнды дүние тіптен мол болар еді..», – дейді.
Алғашында жастар театры, бүгінде Ғ.Мүсірепов атындағы Жасөспірімдер мен балалар театрының ғимаратында орналасқан музей небары 500-ге жуық фотолармен өз жұмысын бастаса, бүгінде қорымызда 50 мыңнан астам экспонат бар. Өзінің өткенін ардақтай білетін, тарихтың мән-мағынасына терең үңіле білетін халық мұражай ашуға пейілді келеді. Мұражай – ескі жәдігерлердің жиынтығы ғана емес, ол халықтың тарихи танымының шежіресі, түрлі оқиғалар мен кездесулердің, ұмытуға болмайтын сәттердің, оқиғалардың куәгері. Мұндағы әр заттың өзіндік тарихы бар. Ол руханият дүниесіндегі сандаған оқиғалар мен кезеңдерді, тіпті дәуірлік құнды деректерді қамтиды. Өзінің жәдігерлерін толықтырып қана қоймай, халықты театрдың өткенімен таныстыратын, театрымыздың іргетасын қалаған қазақтың талай ұл-қыздарының – актерлеріміздің өмірбаяндарын, сырт жұрт біле бермейтін талай сырларын шертетін фотоальбомдарымен құнды.
– Биыл театрдың 90 жылдығы аталып өткені белгілі. Ал музейдің ұйымдастырылғанына 46 жыл дейміз. Сонда оған дейінгі уақытта талай құндылықтардың болғаны да ақиқат қой...
– Әрине! Бір ғұмыр ғой! Ол жөнінде еліміздің аса дарынды актері, Халық артисі Қапан Бадыровтың «Естен кетпес есімдері» кітабында былай дейді: «.. Алғашқы ашылған театрды зор қуанышпен қарсы алған қазақ елі сонша көп сыйлықтар тартты. Қалы кілем, тұскиіз, қасқыр ішік, түлкі ішік, түлкі тымақ, түйе жүн шекпен, құндыз бөрік, жібек шапан, күміс ер-тоқым, сырлы аяқ, күміс ожау, ағаш шара, сары тостағандар, дастарқандар, аша бақан, күміс кісе, жібек белбеу, әртүрлі өрілген қамшы театр құрметіне тартылған-ды. Ал қыздар киер үкілі тақия, кәмшат бөрік, сәукеле, оқалы шапан, кестелі көйлек, омырауына түрлі теңге таққан қамзол, сылдыраған шолпы, білезік, балдақтардың талайы сыйға келгенін білеміз», – деп жазады. Бірақ тұрақты сақтайтын жәдігерлер мұражайы болмағандықтан, ол сыйлықтар бүгінге жетпей қалған. Дегенмен, бүгінгі қолда бар құндылықтарымыздың өзі көңілге демеу. Өйткені тоқсан жылдық тарихы бар театрымыздың шежіресін кезең-кезеңімен таныстыра алатындай жәдігерлердің жинақталуы, олардың хронологиялық тәртіппен реттелуіне мейлінше жағдай жасалған.
– Экспонаттарға нақтылы тоқталғанымыз жөн болар еді...
– Қарапайым халықтың, театрдың алғашқы жылдарындағы халықтық сыйлары сақталмағанымен, музей жұмыс жасай бастаған алғашқы жылдардан бергі дүниелер мұқият сақталған. Зерлі, асыл матадан тігілген киім үлгілері, әртістердің медальдары, марапаттары, алғыс хаттары, қолданған бұйымдары, алғашқы рөлдерінің фото-суреттері мен киген киімдері, тіпті күнделіктері мен қолжазбалары, сондай-ақ, өмірбаяндары, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған сұхбаттары мен мақалалар, зерттеулер, эсселер мен очерктер, сахна мен гастрольдік, түрлі жиын-шаралардағы суреттер, драматургтердің әр жылдардағы сахналанған және театрдың көркемдік кеңесіне ұсынылған пьесалары – бүгінгі көрерменнің көз қуанышы дер едім. Соңғы жылдары түрлі салтанаттарда, мерейтойларда түсірілген видеолармен толығу үстінде. Спектакльдердің видеожазбасын да сақтап, қажет уақытта пайдалануға мүмкіндік туғызып отырмыз.
Мұражайдағы ең құнды дүниелердің қатарына қойылымдардың афишаларын жатқызуға болады. Мысалы, 1926 жылы 13 қаңтарда Қызылордада қойылған ең алғашқы қойылым Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасы афишасының көшірмесі бар. Осы афишалар арқылы да әр жылдардағы театрымыздың тақырыптық, мазмұндық ерекшеліктерін байқап, бағдарлауға болады. Тағы бір ерекше атап өтетін баға жетпес мұражай байлығы, ол – суретшілердің қойылымдардың тақырыбына, мазмұнына, идеясына қарай дайындаған киім үлгісінің эскиздері. Театр әлеміндегі айрықша еңбек етуді талап ететін тірліктің басы да осы дер едім.
Көрмеде саңлақ тұлғалар, өнер майталмандары – Ш.Айманов, С.Майқанова, Ф.Шәріпова, Х.Бөкеева, Ш.Жандарбекова, Ә.Молдабеков, М.Сүртібаев, Ә.Кенжеевтердің киген сахналық киімдері сол кезеңге сай өте әдемі орналастырылған. Сол сияқты театр музейінде бейнелеу өнері туындыларының да жақсы қоры бар. Екі залда майлы бояумен салынған 30-дан аса актерлердің портреттері ілінген. Г.Исмаилова, С.Романов, М.Аманжолов, Т.Тоғысбаев, О.Кужоленко, Т.Әбуов сынды елге белгілі қылқалам шеберлерінің шығармалары көрушіні бірден баурайды.
Қазіргі таңда музейде зерттеу және қайтадан есепке алу жұмыстары жүргізілуде. 425 спектакль, ондағы 7 мыңнан аса суреттер, 1500 дана афишалар, 40-қа жуық артистердің сахналық киімдері бар. Қазақ мәдениетінің, сахна өнерінің тарихынан мол мағлұматтар беріп, бүгінгі-келешектегі ұрпағымызға ұлттық өнерімізден хабардар ететін асыл мұрағаттар жайлы әлі де айтар тағылымды әңгімелер жетерлік. Сондай-ақ, маңызды даталар мен мерейтойларға байланысты мұражай жылжымалы көрмелер ұйымдастырып отыратынын да айтпай кетуге болмас. Астана, Қостанай, Талдықорған, Қызылорда қалаларында ұйымдастырылған осындай іс-шаралар көрермен көңілінен шыққаны қуантады. Үлкен екі зал театрдың төртінші қабатында – оң және сол қанатында орналасқан. Оң жақ қанатта театрдың 1926-1970 жылдар аралығындағы тарихы қамтылса, сол қанатта театрдың 1970 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихымен таныс бола алады. Алғашқы театр ғимаратынан бастап, алғашқы актерлер мен актрисалар, театр соғыс жылдарында, театрдың өркендеу кезеңі, Ә.Мәмбетовтің кезеңі, гастрольдік сапарлар, фестивальдер сияқты тақырып-тақырыптарға бөлінген. Әсіресе, 1926-30 жылдардағы суреттердің өзі сыр шертіп тұрғандай, сахнада пайдаланылған қамшы, домбыра, қылыштар мен қалқандары көрерменді қызықтырмай қоймайды. Ал сурет дегеніңіз, тұнып тұрған шежіре ғой. Мәселен, Ұлы Отан соғысына қатысып, қайта оралмаған актерлерді көп жұрт біле бермейді. Мұражайдың бір бұрышында сол боздақтардың суреттері жинақталып, астына аты-жөндері жазылып қойылған. Сол сияқты өмірден ерте озған, артында іздеушісі жоқ, не болмаса түрлі жағдайлармен театрдан, өнерден шеттеп қалған сан қилы тағдыр иелері жайлы деректер толық болмаса да, іздеген-зерттеймін деген жандарға жол сілтер ақпараттар баршылық.
Театрымыздың биылғы көктемде аталып өткен 90 жылдық мерейтойында музей қызметкерлерінің күшімен сол кезеңдердегі актер-актрисалардың сахналық киім үлгілерімен тігілген, жаңашаланған бір сәтті шара ұйымдастырылды. Ол қай спектакльде қай актер қандай киім киіп шыққанын еске салды, бүгінгі жас ұрпақ, яғни болашақ өнер насихатшылары киген салтанатты шеру болды десек, артық айтқандық емес. Өнер академиясының жас түлектері кешегі қазақ өнерінің, халқымыздың жадынан өшпейтін өнер саңлақтары киген киім үлгілерін көпшілікке ұсынды.
Иә, қазақ өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры тек қана мазмұнды-мағыналы спектакльдерімен ғана емес, осындай қазыналы мұрағатымен де көрерменнің көзайымына айналып үлгерді. Біз де музей жетекшісі Наргиз Тамабекқызымен бірге көз сүйсінер көрмелерді аралап, бірге қуандық.
Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ