Елімізде дәрі-дәрмек арзандамақ

Елімізде дәрі-дәрмек арзандамақ

Елімізде дәрі-дәрмек арзандамақ
ашық дереккөзі
597
Жуырда Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова Парламент мәжілісінің жалпы отырысында депутаттардың сауалына жауап берген болатын. Жалпы отырыста халық қалаулылары «2014 жылғы 23 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде дәрілік заттар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге Армения Республикасының қосылуы туралы хаттаманы» ратификациялады. Сол жиында Тамара Қасымқызы «еліміздегі дәрі-дәрмек бағасының арзандауы мүмкін» деп мәлімдеп, қазақ­стандықтарды бір қуантты. Еуразиялық экономикалық одақ жұмысын бастағаннан кейін, одақ аясында дәрі-дәрмек саудалау туралы келісім жасалатындығы хабарланған. Одақтас мемлекеттер арасындағы ортақ дәрі-дәрмек нарығы 2016 жылдың соңына дейін құрылуы мүмкін. Еуразиялық экономикалық комиссия мүшелері тиісті құжатты бекітіп үлгерді. Онда ұйымға мүше мемлекеттердің мүдделері ескеріліп, барлық ережелер мен міндеттер көрініс тапқан. Келісім бойынша Одақ аумағында айналымға шығарылатын емдік препараттар арнайы белгімен белгіленетін болады. Сондай-ақ, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың тиімділігі мен қауіпсіздігіне қатысты және оларға қойылатын ортақ талаптар да назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімімен ортақ нарықтың ақпараттық жүйесін құру қарастырылып отыр. Одақ аумағында тіркелген дәрілік заттар мен медициналық өнімдердің атаулары, оларды өндіретін және зерттейтін мекемелердің толық тізімі сол жүйеге енгізіледі. Аталмыш келісім бойынша дәрілік заттардың айналымы талаптарын үйлестіру бойынша елеулі жұмыстар атқарылмақ. Сонымен қатар, бұл келісім бойынша елімізге жеткізілетін дәрілердің GMP стандарттарына сәйкес келуі тиістігі де міндеттелген болатын. GMP (Good Manufacturing Practice – Тиісті Өндірістік Тәжірибе) стандарты дегеніміз – дәрілік заттардың сапасын, қауіпсіздігі мен тиімділігін растайтын стандарт. Келісім күшіне енгеннен кейін, Ресей мен Беларусьтен жеткізілетін дәрі-дәрмектің сапасыздары қазақстандық нарыққа ене алмайды. Тұрғындарды қауіпсіз және сапалы медициналық препараттармен қамтамасыз ету және еуропалық талаптарға сәйкестендіру мақсатында 2014 жылғы 17 наурыздан бастап GMP жағдайында өндірілмеген шетелдік дәрілік құралдарды мемлекеттік тіркеуге тыйым салынған болатын. Бұл норма отандық дәрілік құралдарды өндірушілерге қатысты 2018 жылғы 7 қаңтардан бастап күшіне енеді. Министрдің айтуынша, одақ көлеміндегі келісім бойынша отандық дәрі-дәрмек өндірушілерге де тиімді мүмкіндіктер берілмек. Бұл халықаралық құжат отандық фармацевтика өнімдерін өндірушілерге Еуразиялық одақ нарығына еркін шығуына жол ашады. Әйтпесе, олар қазір «Ресей, Беларусь, Армения нарығына шығу үшін жеке-жеке клиникалық зерттеулерден, барлық талдау сараптамаларынан өтуге» мәжбүр. Енді осы хаттама негізінде егер қазақстандық фармацевтикалық компания GMP халықаралық стандартына ие болса, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің кез келгенінде тендерге қатысуға құқық алады. Айта кетерлігі, біздің дәрілік зат өндірушілеріміз Ресейге немесе Белоруссияға шығу үшін тиісті клиникалық және клиникаға дейінгі сынақтардан, зерттеулерден, талдаулардан өтуі керек болса, енді аталмыш келісім бойынша өндірушілерімізде тиісті халықаралық практиканың болуына байланысты ЕАЭО аясындағы барлық конкурстарға қатысуға мүмкіндік алады. Осылайша, алдағы жылдардан бастап отандық дәрі-дәрмектер көрші елдердің нарықтарын жаулауды бастайды. Қазақстандық фармацевтер өз өнімдерін Ресей, Армения, Беларусь елдеріне шығара алады. Тамара Қасымқызының деректеріне сүйенсек, қазір мұндай халықаралық сертификат еліміздегі 52 дәрі өндірушінің 9-ында бар екен. Келісім аясында Қазақстандағы дәріханаларды тексеру мәселесі де қаралып жатқан көрінеді.  «Біз әрбір аптеканы тексеру үшін қазір Бас прокуратурадан барып тіркеуден өтуіміз керек. Жалпы, ол азаматтың денсаулығына байланысты болғандықтан, біз қалаған уақытта барып, тексеру мүмкіндігін алғанымыз жөн. Сондықтан, қазір біз Бақытжан Сағынтаев басқаратын комиссияға өз ұсынысымызды бердік. Комиссия бізді қолдайтын шығар деп ойлаймын», – деді депутаттар сауалына жауап берген ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі  Тамара  Дүйсенова. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министріне сауалдарын тікелей жолдаған халық қалаулылары отандық фармацевтика саласының бүгінгі жағдайына алаңдаушылықтарын білдірді. Депутаттар шет елден тоқтаусыз тасымалданып жатқан дәрі-дәрмектер отандық өнімді тұншықтырып отырғандығын да жасырмады. Бұл жолы да статистикалық деректерді алға тартқан министр ханым үкіметтің мемлекеттік сатып алу арқылы 9 мыңнан астам дәрі түрінің 75 пайызын алдымен отандық өндірушілерден алатындығын тілге тиек етті. Жалпы, ем-домға қажетті дәрілік препараттар жыл сайын 117 миллиард теңгеге сатып алынады екен.  «Біз мемлекет қажеттілігі үшін бюджет есебінен дәрілерді 117 миллиард теңгеге сатып аламыз. Біз сатып алатын өнімдердің 75 пайызға жуығы отандық өндірушілерге тиесілі болғанымен, бағаға шаққандағы олардың үлесі – 17 пайыз. Қалған бөлігін Қазақстан шетелден тасиды», – деді министр. Бұдан кейін депутат Зағипа Балиева Индустрияландыру және мемлекеттік қолдау мүмкіндіктерін пайдаланып, ең қымбат әрі аса қажет дәрі-дәрмек түрлерін елімізде шығаруды жолға қою мәселесін көтерді. Одақтас елдер арасындағы ортақ дәрі-дәрмек нарығы туралы келісім күшіне енгеннен кейін Қазақстанға емдік препараттарды тасымалдайтын компаниялар саны көбеймек.  Бұл өз кезегінде дәрілік препараттардың бағасын төмендетеді деп болжануда. Өйткені Еуразиялық одақ аясында дәрі-дәрмек саудалау туралы келісімнен кейін елдегі бәсекелестік артады. Сәйкесінше отандық фирмалар дәрі бағасын түсіруге мәжбүр болады. Жиындағы қуанышты хабар да осы болды. Бұған дейін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен кәсіби фармацевтикалық қауымдастықтарының басшылары дәрілік және медициналық мақсаттағы заттардың 105 түрінің бағасын ұстап тұру бойынша Меморандумға қол қойған болатын. Меморандумға қол қою мақсаты – халықтың әлеуметтік қауқарсыз топтарын қолдау. Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың отандық және халықаралық өндірушілері, дистрибьюторлар және бөлшек сауданың  өкілдері бағаны ұстап тұру туралы әлеуметтік жауапкершілікті өздеріне алып, жиі қолданылатын дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың 105 атауының бағаларын бекітті. Меморандум 2016 жылдың соңына дейін жүзеге асырылады. Тізімге қабынуға қарсы, ауырсынуды басатын препараттар, жүрек, асқазан ауруларына қарсы, сонымен бірге антигистаминді, гипотензивті дәрілер, көз және құлақ тамшылары, дәрумендер кірген. Дәрі-дәрмек бағасының арзандау мүмкіндігі туралы хабар 11 мамырда Алматыда өткен «Денсаулық сақтау» көрмесі кезінде де сөз болған. Бұл көрмеде «СК-Фармация» компаниясының өкілдері Қазақстан дәрілік препараттарды делдалсыз, тікелей өндіруші зауыттардан сатып алатындықтан, дәрі-дәрмек бағасының арзандауы мүмкін екендігін мәлімдеген. «СК-Фармация» шетелдік компаниялармен ұзақ мерзімді келісімшарт жасаған. Олардың мәліметінше, биыл отандық дәрі-дәрмек өндірісі 23 пайызға артыпты. Айта кетейік, бұл көрсеткіштерге соңғы жиында халық қалаулылары аса сеніңкіреген жоқ. Қазақстандағы фармацевтика өндірісінің өзекті мәселелер қатарында екені айтпаса да түсінікті. Қазіргі уақытта елімізде тұтынылатын дәрі-дәрмектің 77 пайызы әлі сырттан әкелінеді. Осыдан 10 жыл бұрын ішкі нарықтағы отандық компаниялар шығаратын фармацевтикалық өнімдердің үлесі небәрі 5 пайыз еді. «СК-Фармацияның» соңғы деректеріне сүйенсек, бүгін бұл көрсеткіш 23 пайызға жеткен. Мәселен, Шымкент қаласында орналасқан «Химфарм» компаниясы жыл сайын 1 миллиард таблетка, капсула және гранул, сондай-ақ, 300 миллион ампул, 24 миллион антибиотик құтысы мен инфузиялық ертінділердің 4 миллион орамасы мен емдік шәрбаттардың 20 миллион құтысын өндіреді. Бұған қоса, компания медицинаның терапия саласына қажетті алуан түрлі ауруларды емдеуге арналған 12 фармотерапиялық топқа жататын 200-ден астам дженриктік және түпнұсқалық препараттар шығарады. Фармацевтикалық өнімдер дистри­бью­­торлар қауымдастығын басқаратын Вячеслав Локшиннің айтуынша, мемлекеттік сатып алу кезінде қаражаттың 70 пайызы шетелдік өнімдерге жұмсалады. Осы жылы азаматтарға көрсетілетін тегін медициналық көмек есебінен 130 миллиард теңге бөлінген. «Биыл тендерге қатысқан кәсіпорындар әрбір препарат үшін бағаны 2015 жылғы тарифпен белгіледі. Олардың 85 пайызы тендерге түсті. Бұл – жақсылықтың нышаны. Мемлекет үшін бюджет қаржысын үнемдеуге жол ашады. Бірақ дистрибьюторлардың да жағдайын ойлау керек. Олар сапалы дәрі-дәрмек әкеліп отыр, сондықтан бағаны белгілегенде, олар да теріс айналып кетпейтіндей, ортақ келісімге келуіміз тиіс», – деді Қазақстан фармацевтер дистрибьюторлары қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин. Жыл сайын жауапты мамандар дәрі-дәрмек құнының қымбаттамайтындығын ескертіп отырады. Дегенмен, өткен жылдың соңында дәріханалардағы препараттар бағасы қымбаттап, жұртты әбігерге салған. 2015 жылдың басында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі журналистерді жинап, «Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы көтерілмейді» деп мәлімдеген. Сол кезде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Ерік Байжүнісов: «Ағымдағы жылдың сәуір айында біз заң жобасына қосымша өзгертулер енгізбекпіз. Соның арқасында дәрі-дәрмектің ұлттық формулярын жасап шығарамыз. Оның ішінде 7 мыңнан астам дәрінің өз атауы жазылып, нақты бағасы белгіленбек. Бұдан кейін бір де бір дәріхана белгіленген бағадан аса алмайды», – деген еді. Тіпті, «Самұрық-Қазына Фармация» серіктестігінің 90 миллиард теңгеге дәрі-дәрмек алып қойғанын және барлық фармокологиялық компаниялармен келісімшарт алдын ала жасалғандығы да айтылды. Дегенмен, мұның бірде-бірі дәрі-дәрмектердің қолжетімді бағасын сақтап қалуына септігін тигізбеді. Қарапайым жұрт үміт артқан отандық фармацевтер де жағдайды ретке келтіре алмады. Өйткені өткен жылдың соңынан бастап Қазақстанда шығарылатын дәрілік өнімдердің бағасы да шарықтап шыға келді. Қымбаттаған отандық дәрілер елімізде шығарылғанымен, сыртқы қорабы шетелде жасалады екен. Отандық препараттарды қымбаттатудың сыры сол дәрінің қорабында болып тұр. Ал мамандар сөзіне сенсек, дәрінің қорабын шетелден әкелмеске амал жоқ. Өйткені Қазақстанда дәрінің қорабы жасалмайды. Тіпті, сұйық дәрілер құйылатын құты да шығарылмайды. Мұны сала мамандары растап отыр. Сөйтіп, қазақстандықтар Алматы мен Шымкентте өндірілетін отандық дәрілерді Ұлыбританияда жасалған қорабы үшін қымбат бағаға сатып алуға тура келеді. Қазірдің өзінде дәріханалардағы отандық дәрілердің бағасы импорттық тауарлардан кем түспейді. Өткен жылдың еншісіне тиесілі дәл осы мәселенің шешімін табуды биылғы жылы министрлік мықтап қолға алған тәрізді. Себебі жыл басынан бері отандық фармацевтиканы аяққа тұрғызу мақсатында бірқатар шаралар атқарды. Соның бірі «Самұрық Қазына-Фармация» компаниясы қол қойған меморандум. Жуырда компания медициналық препарат шығаратын халықаралық өндірушілермен меморандумға қол қойған болатын. Ондағы мақсат – дәрі-дәрмекті шығарушы зауыттардан тікелей сатып алып, бағаны аспандатпау. Ал отандық өндірушілерді Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге байланысты қатаң сын күтіп тұр. Ұйымның барлығына ортақ талаптары бар. Сондықтан, бұл салада Еуразиялық экономикалық одаққа қарағанда белді бекем бууға тура келеді. Ал тұтынушы үшін арзан бағаға сапалы өнім алуға жол ашылмақ.  

Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары