310
Шетелдегі қандастарға білім грантын көбейтуді ұсынды
Шетелдегі қандастарға білім грантын көбейтуді ұсынды
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Асылбек Қожахметов шетелдегі қандастарға көптеп грант бөлуді ұсынды.
– Бізге қандастар үшін бөлінетін гранттардың санын арттыру керек. Себебі шеттегі қазақтарды отандық жоғары оқу орындарына тарта білсек, оларды елде қалдыру мүмкіндіктері де арта түседі, – деді Асылбек Қожахметов Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысында.
Сонымен қатар «Білім және ғылым министрлігінің ЖОО-ларды автономияландыру бағытындағы жұмысын қолдайтынын жеткізді. «ЖОО-ларға автономиялық мәртебе беру – олардың жауапкершілігін арттыра түседі. Оларға барлық құзырет берілуі керек», – деді кеңес мүшесі.
Бұл мәселе туралы 30 сәуір күні газетіміздің №17 санында «Қандастарға арналған білім гранты шетел қазағын атажұртқа тартудың ең негізгі тетігі» деген тақырыпта мақала жазылған болатын. Аталған мақалада шетелден келген қазақ жастарының грантпен оқуға түсуінің пайдасы – көші-қонды жандандырудың бірден-бір жолы екені және қандастардың білім алуына тиімді тетік екені баса айтылған еді.
Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ауыт Мұқибек әріптесі Асылбек Қожахметовтің шетелдегі қандастарға көптеп грант бөлу ұсынысына қолдау білдірді. Ол қандастар көшінің екінші толқыны басталуға жақын екенін айтады.
– Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бүгінгі үшінші отырысын қоғам өміріне тың бетбұрыс әкелетін тарихи оқиға деп айтуға болады. Пандемия бүкіл жер шарындағы мемлекеттердің бәрін басқаша стандарттармен өмір сүруге мәжбүр етті. Соның ішінде Қазақстан да бар. Осы пандемия барысында Президент денсаулық сақтау, білім, ғылым, ауыл шаруашылығы саласындағы кемшіліктердің бәрін айтып өтті. Сондықтан біз өзімізді-өзіміз асырау деген қағидатты бірінші орынға қоюға тиіспіз. Ол үшін ғылым мен білім, денсаулық сақтау саласын кемелдендіру керек. Осыған байланысты Ұлттық кеңестің мүшелері бүгін өз тарапынан өте құнды ұсыныстарды ортаға салды.
Бірақ бұл квота да аздық етеді. Себебі Қазақ көшінің екінші үлкен толқыны басталайтын деп тұр. Қазақстанда оларды құжаттандыратын заңдық негіз дайын деп айтуға болады. Әйтсе де, толықтырар тұстар да баршылық. Мәселен қандастарды баспанамен, жермен қамту жағы секілді мәселелерді нақтылай түсу керек.
Қазақстандағы демографиялық тоқырау соған мәжбүрлеп отыр. Ол күн де алыс емес. Ертең бе, бүрсігүні ме ол көштің үлкен толқыны басталады. Соған дайын болуымыз, ең алдымен, келген жастарды оқытып, білім беруіміз керек. Сондықтан менің ойымша, 4 пайыз грант аздық етеді. Мен оны кемінде 10 пайызға көбейтуді ұсынар едім. Олар Қазақстанға қазір қажетті ауыл шаруашылығы саласына керек мамандықтарды үйренуі тиіс, – деді Ауыт Мұқибек.