1223
Орныңды босат, адамзат!
Орныңды босат, адамзат!
Бір кездері ғылым мен технологияға қатысы барлардың ғана құлағы шалатын «жасанды интеллект» деген тіркес бүгінде еңбектеген балаға да, еңкейген қарияға да таңсық болудан қалып барады. Жасанды зердені індете зерттеп жүргендерді бірі оны дамудың жаңа даңғылы деп дәріптесе, екіншісі XXI ғасырдың басты қатері деп қауіптеніп жүр. Фантаст-жазушылар мен футурологтар сипаттағандай жасанды интеллект расында да құдіретті күш пе? Ол адамзаттың келешегін қалай өзгертпек? «Темір мидың» тарихына тереңдеп, бүгінгі биігін өлшеп, болашағына қатысты болжамдарды бағамдап көрдік.
Тьюринг бастаған төңкеріс
Ғылыми анықтамасын сөйлетсек, жасанды интеллект – адамның ақыл-ойын компьютерде бейнелейтін бағдарламалық жүйе. Ал жалпақ тілмен тәпсірлесек, бұл – әртүрлі машиналардың адам сияқты ойлау, шешім қабылдау қабілетіне ие болуы. «Жасанды интеллект» терминін алғаш рет 1956 жылы Дартмут университетінде өткен конференциясының преамбуласында Джон Маккарти қолданыпты. Маккарти компьютерлік бағдарламалаудағы ең алғашқы тілдердің бірі – лисптің негізін салушы ретінде белгілі. Жасанды зердені дамытуға қосқан үлесі үшін ол зейнет жасында Тьюринг премиясын иеленген. XX ғасырдың орта шенінде «ақылды» машиналарға алғаш рет ғылыми атау берілгенімен, жасанды интеллектіні жасау жолындағы талпыныс одан әлдеқашан ертерек басталған. «Ақылды» машина деп отырғанымыз – робот. Бұл чехиялық фантаст жазушы Карель Чапек ең алғаш 1920 жылы «Россум әмбебап роботтары» пьесасындағы кейіпкеріне берген атаусөзден кейін пайда болған ұғым еді. Ал 1929 жылы жапон профессоры Макото Нисимура алғашқы роботты құрастырып шығарды. 1940 жылдары тұңғыш цифрлы компьютер құрылып, оның дәуірі басталды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Алан Тьюринг есімді ағылшын математигі немістің құпия ақпаратын бұзып, оны шифрдан шығаратын машина құрастырады. Тьюринг соғыс кезінде Германияның әскери-теңіз флотының хабарламаларына криптоанализ жасайтын ағылшын үкіметінің Hut 8 атаулы тобына жетекшілік еткен. Ол немістердің «Энигма» аппаратының кодын бұзып, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалады. Соғыстан кейін ағылшын ғалымы алгоритмдік анализ жасаумен айналысып, 1950 жылы компьютер интеллектінің деңгейін анықтайтын тест әдісін жасап шығарады. Сол жылы жазылған «Есептеуіш техника және интеллект» деген мақаласында Алан Тьюринг машиналардың адам сияқты әрекеттер жасап, шахмат ойнай алатындығы туралы айтқан. Араға 40 жыл салып, 1997 жылы арнайы құрастырылған компьютер шахматтан әлем чемпионы Гарри Каспаровты ұтып, әлемді қайран қалдырды. Айтпақшы, Тьюрингтің тағы бір болжамы дәл келді. Ғалым «Енді елу жылда машинаның жетілдірілетіні сондай, адам машинамен сөйлесіп тұрғанын аңғара алмайтын болады» деген еді. 2018 жылы Google компаниясының жиынында робот кеңсеге телефонмен хабарласып, кездесу уақытын белгілегенде байланыс желісінің арғы жағында тұрған қызметкер роботпен сөйлесіп тұрғанын аңғармай қалған.Курцвейл көріпкел емес, бірақ...
Айтқаны айдай келетін Рэймонд Курцвейл дейтін америкалық өнертапқыш әрі футуролог бар. Соның айтуынша, 2045 жылы технологиялық сингулярлық басталуы мүмкін. Жер шары алып компьютерге айналып, бірте-бірте бүкіл ғаламға ұласады дейді ол. Курцвейл бұған дейін компьютерлердің деректерге сымсыз қол жеткізе алу ықтималдығы туралы болжаған еді. Болжамы ақиқатқа айналды: бүгінде Wi-Fi күнделікті тұрмысымыздың негізгі қажеттіліктерінің бірі екенін ешкім жоққа шығара қоймас. Футурологтың айтуынша, 2032 жылға қарай нанороботтар адам жасушаларына тікелей қоректік заттар жеткізе алады, ал қайтарында уыттарды ала қайтады. Ал тағы бір он жылда нанороботтар адамның иммундық жүйесін жақсартып, мәңгілік өмір идеясына жол ашуы мүмкін екен. 2030 жылдан кейін жүргізушісіз қозғалатын автокөліктер қозғалысы жаппай дамып, әлемде жылына 2 миллионға дейін адам шығыны болатын жол апаттары сап тыйылмақ. Қысқасы, Рэй Курцвейлдің пікірінше, жасанды интеллектінің дамуы адамзаттың келешегін кемелдендіре түседі. Жасанды зерденің ілгерілеуі денсаулық сақтау саласын көп қиындықтан құтқарды. Мәселен, израильдік ғалымдар 3D баспасының көмегімен адам тіндерінен әлем-де тұңғыш рет жүректі басып шығарды. Яғни, болашақта адам өмірін құтқару үшін донор күтіп қажудың қажеті болмайды. Мамандардың айтуынша, медицинада жасанды интеллектті дамыту өлімге соқтыратын дәрігерлік қателікті болдырмайды. Ал дәрігерлік қателік денсаулық сақтау саласында өлімнің жүрек ауруы және қатерлі ісіктен кейінгі ең жиі тіркелетін үшінші себебі екен. Жасанды интеллект алдағы уақытта дәрі-дәрмек өндірісіне де кеңінен пайдаланылмақ. Осы жылдың басында жапон және ағылшын фармацевтикалық компанияларының бірлескен жұмысы нәтижесінде «темір ми» алғаш рет обсессивті-компульсивті бұзылысы бар науқастарды емдейтін дәрі өндірді. Бір дәрінің өндірісіне орташа 5 жыл кетсе, жасанды интеллект мұны бір жылдан қысқа уақытта жасап шықты. Дәрі сыналу үстінде, егер науқастарға шипасы тиіп, кері әсері байқалмаса, фармацевтикада жасанды зердені өрістетуге жол ашылады. Көлік және логистика саласына да жасанды интеллект дендеп ене бастады. Жүргізушісіз автобустар, таксилер жолға шығып, өздігінен жүретін жүк көліктері мен дрондар тауар тасымалдауда. Өткен жылы Қытайдың Yunhang Intelligent компаниясы жасаған экипажсыз Jindoyuyn O Hao жүк кемесі суға түсірілді. Электрленген күштік қондырғысы бар кемені адамның орнына навигациялық ақпаратқа сүйенген автомат басқарды. Ал осы айдың басында Boeing әуеқұрылыс компаниясы жасанды интеллектпен басқарылатын ұшқышсыз алғашқы әскери ұшақты таныстырды. Компания өкілдерінің айтуынша, әлемде баламасы жоқ бұл әуе кемесі 50 жылдан астам уақыт ішінде Австралияда алғаш рет құрастырылып отыр. Ұшаққа Loyal Wingman деген атау беріліпті. Boeing осындай ұшақтың үш прототипін жасап шығаруды жоспарлап отыр.Адамды робот алмастырды
Ғылым мен технологияның төңірегіндегілердің жасанды зерденің болашағына қатысты көзқарасы екіге жарылған. Бір топ жасанды интеллект адам баласына еш қауіп төндірмейді, керісінше өмірін жақсарта түседі деп сенсе, екінші топ «темір ми» адамзаттың түбіне жетеді деп алаңдаулы. SpaceX, SolarCity және Tesla Motors компанияларының жетекшісі Илон Маск 2018 жылы «Бұл компьютерге сенесің бе?» (Do you trust this computer?) атты деректі фильмде жасанды интеллект дамуын бақылауда ұстаудың маңызы жайлы айтты. Масктың үндеуімен бірқатар белсенді ғалымдар мен футурологтар жасанды интеллектінің қаупі жайлы Біріккен Ұлттар Ұйымына арнайы хат та жазған. Хат авторлары жасанды интеллектке ие әскери қаруларды қадағалау мәселесін көтерді. Әскери қуатын арттыру бағытында жарысқа түскен мемлекеттер әлемде баламасы жоқ жойқын қару жасау жолында ақ тер, көк тер. Сол мақсатпен де олар қыруар қаржы бөліп, құпия зертханаларының жұмысын жандандырып келеді. Мәселен, 2018 жылы Қытай жасанды интеллекттің дамуына 12 млрд доллар жұмсап, бұл салаға салынған инвестиция жөнінен АҚШ-ты басып озды. Қытай елі 2030 жылға дейін жасанды зердені өрістетуге 150 миллиард доллар құймақ. Киборг-әскерлер мен ақылды әскери дрондардың қызметке кіріскені өз алдына, жасанды интеллект қоғам өмірінің барлық саласында адамдарды алмастыра бастады. Сарапшылардың айтуынша, болашақты «ақылды» машиналар әлемдегі жұмыссыздықтың негізгі себепшісіне айналуы мүмкін. Мұндай болжамның тууы негізсіз емес. Мысал жетерлік. 2014 жылы америкалық миллиардер Джефф Безос Amazon.com компаниясының жүк тасымалдайтын мыңдаған қызметкерін жұмыстан босатып, оларды роботтармен алмастырды. Қазіргі таңда компанияның қоймаларында жүз мың робот жұмыс істейді. Қытайдағы Foxconn компаниясы фабрикадағы жұмыс-шылардың санын 110 000-нан 50 000-ға қысқартпақ. Компания роботтандыру үшін 610 млн АҚШ долларын жұмсаған. Электроника құралдарының дизайнымен айна-лысатын Shenzhen Everwin Precision Technology ком-паниясы да жұмыс күшін түгелдей роботтарға ауыстыруға қамдануда. Өткен жылы Дүниежүзілік валюта қоры 28 елде, соның ішінде ЕЭЫҰ-ға мүше мемлекеттерде зерттеу жүргізді. Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, роботтар әйел адамдардың жұмысын 40 пайызға, ер адамдардың қызметін 38 пайызға қысқартқан. McKinsey&Company жасаған болжамға сенсек, 2030 жылға қарай 800 миллион адам жасанды интеллекттің кесірінен жұмысынан айырылуы мүмкін. Әрине, жұмыстан қалмайтын, жалақы сұрамайтын, денсаулығы сыр бермейтін машинаны жұмысқа тарту кәсіпкерлер үшін тиімді. Алайда жұмысынан айырылғандар не істемек? Адамзаттың алдынан шығатын жаппай жұмыссыздық мәселесі қалай шешімін табады? Мамандардың айтуынша, жасанды интеллект еңбек нарығына ғана емес, мамандар даярлау ісіне де үлкен өзгеріс әкеледі. «Ақылды» машиналармен «тілдесе» алатын, технологиядан хабары бар мамандарға сұраныс артпақ. Сәйкесінше, бағдарламалау тілін білетін қызметкерлердің жалақысы да арта түседі.Жасанды интеллект адам құқығына қол сұға бастады
Жасанды интеллект адамды жұмысынан айырып қана қоймай, заңмен бекітілген құқықтары мен бостандығына да қауіп төндіре бастады. Жақында Ресейдің Мемлекеттік Думасы «Дербес деректер» туралы Федералды заңның 6 және 10-баптарына өзгеріс енгізіп, Мәскеу аумағында адамдарды бақылауда ұстайтын жасанды интеллектті енгізу бойынша арнайы тәжірибе жүргізу туралы заң жобасын үшінші оқылымда мақұлдады. Жоба авторлары – Мемлекеттік Дума төрағасының бірінші орынбасары Александр Жуков пен Мемлекеттік құрылыс және заңнама жөніндегі комитеттің мүшесі Ирина Белых. Авторлардың айтуынша, мұндай құжаттың пайда болуына Ресей президенті Владимир Путиннің 2020 жылғы 15 қаңтарда Федералды жиналысқа арнаған жолдауында айтылған тапсырмасы негіз болған. Нақтырақ айтсақ, Путин болашақты анықтайтын технологияларды, оның ішінде жасанды интеллектіні дамытудың төл стандарттарын қалыптастыру туралы тапсырма берген көрінеді. 1 шілдеден бастап Мәскеуде арнайы құқықтық режим орнатылмақ: жасанды интеллект технологияларын жасау, енгізу тәртібі, талаптары мен шарттары, сондай-ақ жиналған дербес деректерді өңдеу механизмдері жергілікті биліктің бақылауында болады. Заң жобасын дайындаушылардың сөзінше, бұл тәжірибе бес жылға созылады. Әзірге тәжірибеге қатысуға бірқатар заңды тұлға мен жеке кәсіпкерлер өз өтініштері бойынша ықылас білдіргені туралы хабарланды. Бір қызығы, сынаққа қатысуға келісім бермеген, бірақ қатысушылармен байланысқа түсіп, құқықтық маңызы бар іс-әрекеттер жасасқан өзге тұлғалар да еріксіз «тәжірибе қоянына» айналады. Демек, жасанды интеллектті дамыту, қолдану мәселесін заңмен реттеу мәселесін күн тәртібіне қою керек деп дабыл қағып жүргендердің уайымы бекер емес. Өйткені «саналы» машиналар дамуын жүгенсіз жіберудің соңы жеке деректердің жария болуы, нәсіл бойынша кемсіту немесе жеке өмірге қол сұғушылық секілді құқықбұзушылыққа әкеліп соғуы мүмкін. Қазіргі таңда санаулы ел ғана жасанды интеллектіні қолдануды реттейтін заң қабылдаған. Мәселен, 2019 жылғы 1 шілдеден бастап АҚШ-тың Калифорния штатында тауарларды немесе коммерциялық келісім қызметтерін сатып алу және сату кезінде немесе сайлауда дауыс беру нәтижесіне әсер ету мақсатында интернетте чатботты қолдануды шектеуге бағытталған заң күшіне енді. Заң сұхбаттасушыға оның адаммен емес, ботпен байланысқаны туралы хабарлауды талап етеді. Олай болмаған жағдайда, бас прокурор әр заңбұзушылық үшін 2 500 АҚШ долларына дейін айыппұл салуға, сондай-ақ заң жүзінде қорғау құқығына ие. Ал АҚШ-тың Иллинойс штатында қабылданған тағы бір заң қызметке алу барысында жасанды интеллектті қолдануды реттейді. Аталған заңның ережелері штатта жұмысшыларды жалдайтын жұмыс берушілерге мыналарды міндеттейді: кандидаттарды видеосұхбаттасу кезінде жасанды интеллектті қолдану туралы алдын ала хабарландыру; кандидаттарға жасанды интеллекттің жұмысы және бағалаудың ерекшеліктері туралы ақпарат беру; әңгімелесу басталғанға дейін кандидаттың жасанды интеллекттің баға беруіне келісімін алу. Сонымен қатар заң жұмыс берушіні және бейне сұхбат материалдарын иеленген басқа да тұлғалардан кандидаттан тиісті сұрау түскен күннен бастап 30 күн ішінде бейнематериалдарды жоюды талап етеді. Өткен жылдың мамыр айында АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында полиция мен басқа да мемлекеттік органдарға бет-әлпетті тану бағдарламасын қолдануға тыйым салынды. Бір айдан кейін бұл үлгіні Сомервилл (Массачусетс штаты) және Окленд (Калифорния штаты) қалалары жалғастырды. Мамандардың айтуынша, бұрын АҚШ-та жасанды интеллектіні реттеу және шектеу туралы заңдарды жекелеген штаттар мен қалалар қабылдаған болса, жақын арада федералды заң қабылданады деп күтілуде. Десе де, сарапшылар шамадан тыс шектеу инновациялар мен технологиялардың дамуына және енгізілуіне кері әсерін тигізуі мүмкін деп алаңдаулы. Екінші жағынан, тиісті реттеудің болмауы адам құқықтарының жаппай бұзылуына әкелуі мүмкін. Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, «алтын ортаны» табу үшін заң шығарушылардың біраз терлеуіне тура келмек.Жасанды зерде: Қазақстанның алғашқы қадамдары
Жасанды интеллектті қолдану АҚШ-та және Қытайда үстем корпорацияларды – монополияларды туғызып қана қойған жоқ, осы елдердің өзін де әлемге үстемдік жасаушы мемлекеттерге айналдырды. Алғашқы монополист Microsoft болса, одан кейін жиырма жылдан соң Amazon, eBay, Alphabet компаниялары пайда болды. Бүгінде әлемдегі ең бай 8 адамның алтауы нақ осы технологиялық компанияларды құрушылар. Қазір жасанды интеллектті дамыту жолындағы бәсекеге әлемнің отыздан астам елі қосылды. Көштің басында – АҚШ пен Қытай. Құрама штаттар базалық технологияларды әзірлеу бойынша озық тұрса, аспан асты елі оларды іс жүзінде қолдануда жетекші орында. Сарапшылардың бағалауына сүйенсек, жасанды интеллектті енгізу нәтижесінде Қытайдың ішкі жалпы өнімінің өсімі 2019 жылмен салыстырғанда 2030 жылға қарай 26,1 пайыз өссе, АҚШ экономикасының өсімі 14,5 пайызды құрайды екен. IT мамандарының пікірінше, жасанды зердені дамытуға инвестиция салған және одан кеш қалған мемлекеттер арасында алшақтық барған сайын ұлғайып барады. Қазақстанның бұл салада тәжірибесі аз. Десе де, еліміз сырттай бақылаушы болып қалуды құп көргендердің қатарынан емес. Қаңтар айында Алматыда өткен «Жаһандық экономиканың цифрлық болашағы» атты форумда Премьер-Министр Асқар Мамин Қазақстанда жасанды интеллект технологиясын енгізу бойынша алғашқы қадамдар жасалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, барлық компаниялар мен мемлекеттік органдарда жасанды интеллект элементтері біртіндеп енгізілуде. «Жасанды интеллектке арналған Smart жүйесі Назарбаев университетінде құрылғанын атап өткім келеді. Жалпы, Назарбаев университеті дүниежүзілік банкпен бірлесіп ұлттық жасанды интеллект кластерін дамыту үшін ғылыми-зерттеу орталықтарын құруды жоспарлап отыр», – деді Үкімет басшысы. Қазақстандағы ақпараттық технологиялар нарығындағы компаниялардың текке отырмағанына карантин кезінде көзіміз жетті. Төтенше жағдай жарияланған уақыттан бастап елімізде экономиканың біраз саласы тұраласа да, денсаулық сақтау, білім беру, сауда-саттық және мемлекеттік қызметтерді онлайн пайдалану деңгейі жоғарылады. Бүгінде отандық IT компаниялар әзірлеген 53 жобаның 15-і медицинаның игілігіне айналған. Қазақстанда ақпараттық технологиялар нарығындағы ірі компаниялардың бірі – «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы ұсынған ұтқыр жобалар ел тұрғындарының мемлекеттік қызметтерді қолдануын айтарлықтай жеңілдетті. Мысалы, төтенше жағдай кезінде азаматтар «Электронды үкімет» порталы арқылы әлеуметтік төлемақы (42 500 теңге) алуға онлайн түрде өтініш беру мүмкіндігіне қол жеткізді. Жәрдемақыны 8 миллионға жуық адам оңтайландырылған қызмет арқылы рәсімдеген. Карантин кезінде ЭЦҚ-ны онлайн түрде алу жиілігі де артқан. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәліметінше, жыл басынан бері 10 миллионнан астам қазақстандық үйлерінен шықпай-ақ, электронды қолтаңбаға ие болған. Төтенше жағдай қашықтан білім алу, білім беру технологияларын да ілгерілетті. Онлайн оқыту саласында жеті қосымша іске қосылды. Олардың ішінде танымал Bilimland, Kundelik, Platonus немесе Daryn.online білім платформалары бар. Педагогтар мен ата-аналарды және оқушылдарды бір арнаға тоғыстырған Kundelik жүйесі арқылы шектеу шаралары кезінде 3,2 миллион оқушы білім алған. Платформада 32 миллионнан аса сессия жүргізілген. P.S. Халықаралық сарапшылардың болжамына сүйенсек, 2030 жылға қарай жасанды интеллект нәтижесінде әлемдік экономика 15,7 триллион АҚШ долларына дейін өсуі мүмкін. Оның 40 пайызы өнім-ділікті арттыруға, қалғаны тұтынуға кетеді дейді мамандар. Қазіргі таңда жасанды зердені дамыту бағытында әлемде 3,5 мыңнан астам компания үздіксіз ізденіп жатқанын ескерсек, бұл болжамның ақиқатқа айналар шағы алыс емес секілді. Олардың арасында жасанды интеллектіге «жылауды» үйреткендер де бар. Иә, рас, жуырда ұлыбританиялық компания бағдарламалық көмекшілерге адамға тән эмоцияларды дарытатын технология жасап шығарды. Соны естіп, ағылшын режиссері Алекс Гарландтың 2014 жылы түсірілген «Бұрынғы машина» (Ex Machina) атты фильмі еріксіз еске түсті. Киноның соңында ақылды гуманоид адамды алдап соғады. Бес жыл бұрын көргенде «фантастика ғой» деп қолды бір сілтегенбіз. Кеше қайта көріп, ойланып қалдық... Мұхтарбай ӨТЕЛБАЕВ, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі:Дұрыс пайдалансаң – игілігің
– Жаңа заманның кез келген жаңалығы дұрыс пайдаланса, әлбетте, адам баласына жақсылық әкеледі. Қауіп-қатері аз болмаса да, ғалымдар жасанды интеллектінің адам орнын толықтай басып, тіпті адамды басқаруы мүмкін емес екенін айтып жүр. Десе де, бүгінде роботтар көп салада адамды жұмысынан айырғанын көріп отырмыз. Жасанды интеллектті дамытудың қазіргі беталысына қарап, еңбек нарығының болашағы алаңдатпай қоймайды. Бір білерім, адамзат енді бұл қарқынынан тоқтамайды. Мәселен, қаншалықты зиян десек те, қару-жарақ өндірісі, оның ішінде жойқын қару жасау ісі жалғасып жатыр. Тіпті, ядролық державалар жыл өткен сайын бір-бірінен асып түсетін оқтұмсықтар, зымырандар жасауға талпынуда. Жасанды интеллект те дами түсетіні талассыз. Білім беру, медицина, логистика, өндіріс салаларындағы жетістіктерін көріп, дамығаны адамзат үшін игі деген ойға қаламыз. Алайда жасанды интеллектіні адамның қауіпсіздігіне қатер төндіретін өзге мақсаттарда қолданылуы жақсылық емес. О баста адамзат жасанды зердені өз өмірін оңтайландыру, жұмысын жеңілдету құралы ретінде ойлап тапқанын ұмытпасақ, сол бағыттан жаңылмасақ екен.