21 Мамыр, 12:13 838 0 Әдебиет Анар ЛЕПЕСОВА

Ғалым Жайлыбай: Мемлекеттік сыйлықты тағайындау ережелерін өзгертетін уақыт жетті

«Кейде өлеңді жоба деп қарау керек. Махаббатты өмір бойы жырлай беруге болады. Бірақ ел бар ғой, оның тағдыры бар ғой...». Қадыр ақынның бұл сөзін Ғалым Жайлыбай өлеңіне ғана емес, өміріне де бағдаршам етті.  Елдің тағдыр-талайы, жердің тыныс-тіршілігі, ұлттың уайым-қайғысы – оның шығармаларының негізгі өзегі. Әр өлеңінен қазаққа деген шексіз махаббатты, жасандылықсыз жанашырлықты көресің. Сұхбат барысында да ақынның ұлтына деген құрметі ешбір өлшемге сыймайтынын аңғардық. 

– Ғалым аға, қаламгерлер болмысынан еркіндікті, кеңдікті сүйетін қауым ғой. Төрт қабырғаға қамап қойған ка­­рантин шығармашылығыңызға ке­сі­рін тигізбеді ме? 

– Бұл індет – адамзаттың басына түскен сы­­нақ кезеңі. Кейбіреулер  карантинді жаңа мүмкіндіктер уақыты деп қабылдап жүр. Тарихқа көз жіберсек, әлем бұған дейін де бірнеше пандемиямен күресіп, талай індетпен алысты. Сондай күрделі кезеңдердің өзін­де адамзаттың игілігіне айналған қан­шама ғылыми жаңалықтар ашылып, талай ғұ­­мырлы шығармалар туған. Мәселен, Нью­тон бүкіләлемдік тартылыс заңын карантин кезінде ашқан екен. Ал тырысқақ ау­руы­на байланысты жарияланған карантин кезеңі А.Пушкиннің шығармашылығына «Бол­дино күзі» деген атпен еніп, отты өлең­дер, тұғырлы поэмалардың тууына себеп болды.

Төрт қабырғаға қамалған бұл күндері өт­кенімізге ой жіберіп, болашағымызды бағамдап, көптен бері қол бармай жүрген шаруаларды ретке келтірдік. Өз-өзіңмен оңа­ша қалғанның азабы да, рахаты да бар екен. Карантин басталғалы көп кітап оқыдым. Латын Америкасының бүгінгі поэ­зиясымен таныстым. Грузиннің белгілі ақын қызы Маквала Гонашвилидің «Кешіккен кездесу» атты кітабын қазақшаға аудардық. Біраз өлеңін өзім, бірнешеуін шәкірттерім тәржімалады. Жалпы көлемі жеті баспа табақтай аударма басуға даяр тұр. Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, қазақ қаламгерлерінің қол­даушысы Жансейіт Түймебаев аудармамен та­нысып шы­ғып, кітаптың басылып шығуын өз мойнына алды.

Бұдан бөлек, карантин уақытында то­ғыз бөлімнен тұратын «Сұрақ белгісі» атты поэмам жарық көрді. Жуырда «Әдебиет пор­талында» жарияланды. «Жұлдыз» жур­налының алдағы санына да басылмақ. Бұл поэ­маны жазу көптен бері ойда жүрген. Көк­тен түскен төрт қасиетті кітап – «Зәбур», «Тәу­рат», «Інжіл» мен «Құранда» айтылған ор­тақ құндылықтарды бір дастанға тоғыс­тырғым келетін. Оқшаулану кезеңінде сол мұратым орындалды.

– «Сұрақ белгісін» әлі оқып үлгерме­дік. Есесіне, жұртшылық арасында үл­кен резонанс тудырған «Қара орамал­мен» жете таныспыз. Бүгінгі күнге дейін бұл поэма он үш тілге аударылып­ты. Швециядан бәйге алғанын білеміз. Қа­зақ әдебиетінің шеңберінен асып, әлем­дік әдебиет биігінен көріну өк­шеңізді басып келе жатқан жас қа­лам­герлердің көбіне арман. Бүгінгі әлем оқырмандарын қандай шығармалар елең еткізеді?

– Әлем бойынша шығармалары ең көп оқы­латын жазушы саналатын бразилиялық Пауло Коэльоның кітаптары қаншама тілге аударылып, жаһанның түкпір-түкпіріне 300 миллионнан астам данамен тараған  екен. Көп­тің қызығушылығын тудырған Коэльо­ның сол аңыздарын қазақ жазушыларының көбі жаза алады. Меніңше, бұл жерде та­ны­малдылық көтерген тақырыптық өзек­тілі­гіне емес, насихат жұмыстарына байланыс­ты болып тұр.

Өкшемізді басып келе жатқан жастар «әлем оқырманына не ұсынамын?» деп емес, «қазақ оқырманына не бере аламын?» деп ізденгені жөн. Ұлттың жанына, табиғатына үңіліп, болмысына жақын дүние жазғанда ғана қазақ ақыны, қазақ жазушысы ретінде қалам ұстауға қақы бар деп ойлаймын. Әр ұлт­тың өз қазынасы, ардақтайтын асылы, еш­кімге лайлатқызбайтын тұнығы бар. Оның бағасын сол ұлттың өзінен басқа еш­кім бағамдай алмайды. Мәселен, арғы­мақтың дүбіріне, бұлақтың сылдыры мен жусанның жұпарына дәл қазақтай ешкім елі­тіп, елеңдей қоймас. Қазақ ақынының өлеңі­нен, қазақ жазушысының әңгімесінен ең әуелі ұлтымыздың кең пейілін, аңғал көңі­лін іздеймін.

Кезінде «Киік қашқан» деген поэмамды жа­зарда киіктердің табиғатын әбден зерт­тедім. Киік бір-бірінің төлін емізетін жал­ғыз аң екен. Ақбөкендердің қазақ даласын мекендеуі тегін емес екенін сол кезде ұқтым. Қазақ та жетімін жылатпаған ел, жақыны түгіл жатты өзектен итермеген халық. Қиын-қыстау кезеңдерде қаншама ұлт пен ұлысты шаңырағының астына алып, барын бөліп берді. Міне, қазақтың осындай асыл қасиеттерін туындыларына темірқазық етіп алса, жас қаламгерлер бағыт-бағдарынан жаңыл­мас еді.

Бүгінгі жастар нарық заманына, құнды­лық­тар өзгерген уақытқа тап келді. Ақша табу бірінші орынға шықты. Оның үстіне, жас буын баяғы біз көрген есігі күндіз-түні ашық тұратын үйлерді, маңдайыңнан емі­ре­ніп сүйетін ауылдың аналарын, алыстан кел­ген балаға арнайы барып сәлем беретін ақ­сақалдарды көрген жоқ. Аласапыран заман­ның ала-құла құндылықтарын қабыл­дады. Мұны олардың кем-кетігін ақтау үшін айтып отырғаным жоқ. Сол кем-кетіктің орны толса деген ой. Қазақтың шығармасы дүниенің қай бұрышына да қазақтың иісін ала барса деген тілек. Адамзатқа қызмет ұлтыңа қызмет етуден  басталуы тиіс.

– «Жаратқан хақтың әмірі қалай – Сен көрген қазақ – сол қазақ!..» дейсіз   «Абай­мен сырласу» атты өлеңіңізде. Қа­зақтың бойынан қандай өзгеріс көр­гіңіз келеді?

– Бүгінгі ғасыр – ақыл-ой аламанының за­ма­ны. Қоғам өмірінің қай саласын алып қарасақ та, топ бастайтын, жол көрсететін сер­келердің сиректігі сезіледі. Расул Ғам­затовтың «Ұлтының қамын ойламаған адам­ның қамын ұлты да ойлауға міндетті емес» деген сөзі бар. Кез келген саналы адам өзі үшін ғана емес, қоғам үшін не істей ала­мын деп ойлануы керек. Мен қазақ қо­ға­мы­ның жұдырықтай жұмылған бірлігін көргім ке­леді,  қазақ жастарының көптің игілігі үшін жасаған толымды тірлігін көргім келеді.

Жұмыс бабымен шетелге көп шығамыз. Мә­селен, соңғы жылдары Мәскеуге екі рет жол түсті. Сонда байқағаным, қазақтың ұл-қыз­дары Ресейдің белді оқу орындарында білім алып жүр. Тілдессең, ой-өрістері биік, арман-мұраттары асқақ екенін аңға­расың. Ресейге Орта Азияның өзге мемлекеттерінен баратын жастар көбіне қара жұ­мыс істеп, нәпақа табуды көздейді. Олар­дың арасынан қазақтың балаларын кезіктіре қоймайсың. Соған қуанамын. Уақыт­тарын ілім-білімге, өзін-өзі дамытуға арнап жүрген жастарды көрсем, елімнің келешегі кемел боларына сенімім арта түседі. Өйтке­ні қай заманда да білімдінің болашағы жар­қын.

– «Кеңес кезеңінде үш томдығы шық­қан ақын бәлки өмір бойы жұмыс іс­те­мей кетуі мүмкін еді» депсіз баспа­сөзге берген бір сұхбатыңызда. Қазір ше?  Бүгінгі  қазақ қоғамы қаламгер­ле­рін қадірлей алып жүр ме?  

– Бала күнімізде ауылға ақын немесе жазу­шы келсе, халықтың бар ықылас-пейілі со­ған ауып, ерекше қадірлейтін. Қазір баспа да көп, жазушы да көп болған соң, қадіріміз кемігендей. Зейнетке шыққан соң ақшасы бардың бәрі ғұмырнамалық кітап жазатын бол­ды. Кітабы шыққаннан кейін әкім-қа­раның алдына барып, өткізіп бер деп сал­мақ салады. Олар «қаласаң да, қаламасаң да са­тып ал» деп өзінің қоластындағыларын қи­най­ды. Кітаптың қадірін осылай кетірген соң, қоғамда жазушыға құрмет қайдан бол­сын?

– Ресейде мемлекеттік сыйлық бе­рі­лерде қоғамдық мәселелерге, елдің әлеуе­тіне үн қосқан, бұқара мұңын жыр­лаған ақын-жазушы алдымен еске­ріледі екен. Ал бізде Мемлекеттік сый­лыққа үміткерлер қалай іріктеледі? Үз­діктер қандай талаптар бойынша анықталады?

– Украинаға бірнеше мәрте жол түсті. Соң­ғы рет Тарас Шевченконың тойында бо­лдым. Сол жиында әдебиет бойынша мем­лекеттік сыйлық иегерлерін марапаттау салтанатына куә болдық. Украинада мемлекеттік сыйлықты тағайындау жөніндегі ко­миссия жыл бойы жұмыс істеп, әр сала бойын­ша жемісті еңбек еткен азаматтарды, көп­шіліктің ықыласына бөленген үздік шы­ғармаларды іріктейді. Лайықты деп та­нылғандарды марапаттайды. Ал бізде Мемлекеттік сыйлыққа қоғамдық ұйымдар арқылы әркім өзін ұсынады. Марапатты тағайындау жүйелі, ашық түрде жүргізіл­меген­діктен, оның айналасында күбір-сы­быр да, дау да көп.

2014 жылы бұл бәйгеге мен де «Тобыл­ғыжарған» атты жыр жинағымды қосқам. Әдебиет секциясы бойынша ең жоғары дауыс жинасам да, өтпей қалдым. Үзең­гілестерімнің бәрі жинағым бұл марапатқа бірден-бір лайық еңбек екенін айтып, тұғы­рым­ды биіктетті. Мұхиттың арғы жағынан Мұхтар Мағауин ағамыз жоғары бағасын беріп,  «Жас Алашқа» арнайы мақала жазды. Соған марқайып, сыйлықтың бұйырмағаны­на өкіне қойған жоқпын. Алайда әдебиеттің, өнердің бақ-талайы үшін Мемлекеттік сый­лықты тағайындау ережелерін өзгер­тетін уақыт жетті деп ойлаймын.

– Биыл бұл марапатқа қай қаламгер­лер ұсынылды?

– Бүгінгі қазақ прозасының көш басында тұрған есімдердің бірегейі Тынымбай Нұр­мағамбетов, қазақтың көрнекті жазушысы Несіпбек Дәутайұлы, ерек стилімен қазақ әдебиетіне соны сүрлеу салған Асқар Алтай, ақындардан Серік Аңсұңқарұлы, Жүрсін Ерман, Ханбибі Есенқарақызы, орыс тілінде жазатын Бақытжан Қанапиянов, тағы да басқа мықты қаламгерлер марапатқа ұсынылып отыр.  Аталған ақын-жазушылар­дың қай-қайсысы да қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алған азаматтар. Бұл мара­патқа барлығы да лайық. Алайда сый­лық біреу-ақ.  Абайдың аты берілген мемлекеттік марапатты жалғыз сыйлыққа байлап қою дұрыс емес секілді. Комиссия осы мәселені қарастырып, қоғамға еңбегі сің­ген азаматтардың лайықты бағалануын ескерер деген ойдамын.

– Қарап отырсақ, әдебиеттегі қа­рым­ды қаламгерлер, өміршең шы­ғармалар саяси дүрбелеңдер тұсында туған екен. Бұған Ахмет пен Міржақып, Мағжан ақындардың шығармашылығы дәлел. Сыртқа көз тастасақ, Гете, Шекспир, Байронды да толқулар мен төң­керістер шыңдаған. Тұғырлы роман, ғұ­мырлы өлең тууы үшін біздің қоғам­ға да дүмпу керек пе?

– Арыға бармай-ақ, жиырмасыншы ғасырдан бастасақ, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, 1917 жылғы Қазан төңкерісі, 1932 жыл­ғы ашаршылық, сталиндік қуғын-сүргін, 350 мыңдай қазақты жалмаған Екінші дүниежүзілік соғыс, полигон зардаптары, бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жат­қан зымыран сынақтары – менің ұғы­мымда мұның бәрі дүрбелең. Шығар­ма­шы­лық адамы болған соң, мұның бәрі жүре­гіңде із қалдырады. Жаныңды ауыртқан дү­ниелерді қағазға төгесің. Қоғамның дер­тін, қасіретін өлеңмен жеңілдете алардай боп аптығасың. Жасығанға жырыңмен жігер бергің келеді.

Протон құлаған кезде біздің Үкімет «бұл әуеде жарылып кеткен гептил, оның адамға зияны жоқ» деп жылы жапты. Алайда кейін олай еместігіне көзіміз жетті. Арқада адам­дар­дың ерте қартаюы жиіледі. Қаншама аң-құс қырылды.  Сол жылдары «мұның зия­ны үш мың жылға дейін кетеді екен» де­ген пікірлер де айтылып жатты. Көргені­міз бен естігеніміздің бәрі жүректі езді, ерік­сіз қалам ұстатты.

– Арқам-ай, арқаға батты,

Ауыл тұр шайқала…жүдеп.

Құрдасым тартады арақты,

– Уды у қайтарады, – деп.

Қасіретті жырлау арқылы жан дүниенің шы­рылын жеткіздік. Мұндай дүниенің бәрін жаздым, әлі де жаза беремін. Қадыр ағам­ның: «Кейде өлеңді жоба деп қарау ке­рек. Ғалым, айналайын, махаббатты өмір бойы жырлай беруге болады. Бірақ ел бар ғой, оның тағдыры бар ғой» деген сөзі жа­дым­да жатталып қалды. Сол сөз шығар­ма­­шылықтағы бағдаршамыма айналғанын енді ұққандаймын.

– Ахмет Байтұрсынұлы жырлаған «Ақ­қу, шортан һәм шаянның» әуреші­лігі­нен әлі арыла алмай келеміз. Қазақ қайтсе бірігеді? Сіздіңше халықты жұ­дырықтай жұмылдыратын ұлттық һәм мемлекеттік идея не болуы керек?

– Кезінде әр ауылда ақсақалдар кеңесі бол­ды. Олар ауылдың тентектерін тезге са­лып, ішкі дау-дамайларын шешіп отырған. Ауыл басшылары қандай да бір мәселені ше­шерде ақсақалдармен ақылдасатын. Сон­дай құрылымдарды қайта жандандыру керек деген ойдамын. Қазақ үлкенді сыйлайтын, сөзге тоқтайтын халық қой. Ақсақалдар инс­титутын жаңғырту арқылы бүгінгі қо­ғам­ның кері кеткен көп әдетін жөнге салуға болар еді.

Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бе­сі­гіңді түзе» деген сөзінің астарында үл­кен мән жатыр. Ұлттық тәрбие тал бесіктен бас­талуы керек.

Қазақта балалар жазушысы саусақпен са­нар­лық. Жуырда Смағұл Елубай ағамыз бас­тама көтеріп, қазақтың барлық қалам­гер­лерін балаларға арнап шығарма жазуға ша­қырды. Өзі «Балалық шақ баяны» деген әң­гімелер топтамасын жазыпты. Біз үшін бұл үлкен жаңалық болып, ағамыздан жаз­ға­нын сұрап алып, «Жұлдыз» журналына жа­риялағалы жатырмыз. Бұл бастама әрі қа­рай жалғасын тапса, қазақ балаларына ар­налған туындылар көбейе түссе дейміз.

Бүгінгі аналар бесік тербетіп отырғанда бе­рісі орыстың, арысы ағылшынның «әл­диін» әндететін болған. Өйткені қазақта за­ма­науи бесік жыры жоқ. Немерелеріміз қы­зыға көретін қазақи мультфильм де жоқ.  Олар­ды «Алдар көсемен» қашанғы алдаймыз?

Екінші сыныпта оқитын немеремнің оқулықтарын парақтаймын кейде. Онда жа­зылғандарды бала түгілі, біздің өзіміз тү­сіне алмай қиналамыз, шыны керек. Тап­сырмалар баланың ұғымына жеңіл, түсі­нікті болса, оқушылар ықыласпен орындар еді. Сәйкесінше оқу процесінің де жемісі ар­та­ды. Мектеп бағдарламасы – ұлттық, мем­лекеттік идеологияны өрістетудің ең тиім­ді құралы. Балалардың бойына отан­сүйгіштікті сіңіру, ауызбіршілікке тәр­бие­леу, әріп пен есеп үйрету секілді күнделікті дағдыға айналуы қажет.

– «Жырларымның жұлдызын жандырам деп  Алматыға Арқадан көшіп кел­гем» деген өлең жолдарыңыз есіме тү­сіп отыр. Жырларыңыздың жұлдызы жан­ған соң Арқадан алыстап кеткен жоқ­сыз ба? Туған жерге ат басын жиі бұра­сыз ба?

– Мына сұрағың бір керемет оқиғаны еске түсірді. Осыдан төрт-бес жыл бұрын «Кел­бет» деген бағдарлама кезекті санын ме­нің өмір жолыма арнамақшы болды. Тү­сірілімді ауылда жасайық деп шештік. Біздің ауылда сарқыраған өзен де, аспанмен талас­қан тау да, жайқалған орман да жоқ.  Жа­зық дала. Бауырларымды жинап, «түсірілім тобына не көрсетеміз?» деп асып-сасып жүр­сем, інілерімнің бірі: «Аға, саспаңыз, бір жыл­­­қыны сойып, киіз үй тігейік те, осы ел­ден шыққан белгілі азаматтарды, ауылдың мақтаныштарын шақырайық» деген ұсыныс айтты. Дереу Астанаға телефон соғып, Қай­рат Байбосыновты, Аманжол Әлтаевты, Жаңаар­қадан Қорабай Есеновті, Жезқазған­нан Ғалым Мұхамедин,  Береке Көшенов се­кіл­ді әншілерді, ұзын саны 20 шақты аза­м­атты шақырдым. Шақырған кісілердің бәрі жолдың шалғайлығына қарамастан ме­желі уақытта жинала қалды. Сонда таң­ғалған журналист: «Аға, сіздің еліңізде қа­шық­тық деген ұғым болмайды екен» деген еді. Расында да, Арқа – ешқандай шеңбермен шектелмейтін, ешқандай жікке бөлінбейтін бол­мысы бөлек өлке. Даласы қандай дарқан болса, адамдарының пейілі де сондай кең. Ту­ған өлкені, балалығың өткен өңірді жақ­сы көрмеу, сағынбау мүмкін емес. Қолым қалт етсе, сол жаққа тартып кеткім келеді де тұрады...

 

Сұхбаттасқан Анар ЛЕПЕСОВА

Соңғы жаңалықтар