310
Президент 67 жасқа толды
Президент 67 жасқа толды
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 67 жасқа толды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы 1953 жылдың 17 мамырында Алматы қаласында дүниеге келді.
1970 жылы оңтүстік астанадағы №25 орта мектепті бітірген соң Қазақстанның болашақ президенті Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтына оқуға түседі.
Еңбек жолы 1975 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігінен бастап, Сингапур Республикасындағы кеңестік елшілікке жолданады.
1992 жылы Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын бітіреді.
1993 жылдан 1994 жылға дейін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары болды. Осыдан кейін 5 жыл ішінде еліміздің сыртқы саясат бөлімін өзі басқарды.
1999 жылы республика премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалды.
1999-2002 жылдары Қазақстан үкіметін басқарды.
2002-2003 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Сыртқы істер министрі болды.
2003-2007 жылдары ол қайтадан Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігін басқарды.
2007-2011 жылдары Қ.Тоқаев депутат, Сенат төрағасы болды.
2011-2013 жылдар аралығында БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Женевадағы БҰҰ Еуропалық бөлімінің басшысы болып жұмыс істеді.
2013 жылғы 16 қазанда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының спикері болып сайланды. Ол бұл қызметті 6 жылға жуық уақыт атқарды.
2019 жылдың 20 наурызында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кету туралы шешім қабылдағаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының президенті болды.
Өткен жылдың 9 маусымында кезектен тыс президенттік сайлауда Қасым-Жомарт Кемелұлы жеңіске жетті. 12 маусымда ұлықтау рәсімі болып өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев – саяси ғылымдардың докторы, Дүниежүзілік гуманитарлық және жаратылыстану академиясының толық мүшесі, халықаралық қатынастар мәселелері бойынша ондаған кітаптың авторы.
Қазақстан Президенті – Шэньчжэнь университеті (ҚХР) мен Ресей сыртқы істер министрлігі дипломатиялық академиясының құрметті профессоры және Мюнхен қауіпсіздік конференциясы "Ақылдылар кеңесінің" мүшесі.
Ол 13 жыл бойы Қазақстан үстел теннисі федерациясын басқарды.
Қасым-Жомарт Тоқаев – полиглот: қазақ, орыс, ағылшын, қытай және француз тілдерін жетік біледі.
Еске сала кетсек, Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаев өз туған күнін қалай атап өтетінін айтып берген болатын.
Берік Уәлидің сөзінше, Мемлекет басшысы бұл күнді тойлағанды ұнатпайды. Өйткені ол кісінің отбасында балалардың да, ересектердің де туған күні тойланбайды екен. Сондықтан Президент Әкімшілігінің қызметкерлеріне туған күнімен құттықтамау, естелік сыйлықтар тарту етпеу туралы ескертіліпті.