Алматыда коронавирустың одан әрі таралу жолы кесілді – Ж.Бекшин

Алматыда коронавирустың одан әрі таралу жолы кесілді – Ж.Бекшин

Алматыда коронавирустың одан әрі таралу жолы кесілді – Ж.Бекшин
ашық дереккөзі
230
Алматының мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин қаладағы эпидемиологиялық ахуалға қатысты соңғы деректерді хабарлады.  Оның айтуынша, бүгінде қала бойынша COVID-19-дың расталған 1578 жағдайы тіркелген. 8 мамырда коронавирус инфекциясын жұқтырудың бірден 108 жағдайы анықталды. Олардың барлығы науқастармен байланыста болуына байланысты карантинде жатқандар. «92% науқастармен байланыста болғандардың арасынан анықталған. Себебі, мамандар вирус жұқтырғандармен қарым-қатынаста болғандарды жедел, дер кезінде бақылауға алып отыр. Науқастардың 7% скринингтен өткен кезде, 1% медициналық көмекке жүгіну барысында жоспарлы емдеуге жатқызу алдында анықталған. Қазіргі таңда қаламызда профилактикалық скрининг әдісі енгізілген. Бұл – коронавирус инфекциясын жедел әрі сапалы, дәл анықтайтын заманауи әдіс. Мұндай әдіс енгізілгелі бері, мысалы, өткен сәуір айында коронавирусты жұқтыру деңгейі тәулігіне 6% аспағандықтан, қала экономикасын кезең-кезеңімен қалпына келтіру стратегиясы жүзеге асырыла бастады. Карантиннен қауіпсіз шығу үшін Алматыда инфекцияның жасырын ошақтарын белсенді анықтау мақсатында жаппай тестілеу жүргізілуде», - деді Ж.Бекшин. Атап өтілгендей, профилактикалық скрининг әдісінің берген тағы бір нәтижесі, 75% науқастың бойындағы қатерлі инфекция симптомсыз, өте жеңіл кезеңінде анықталды. «Бұл, әрине, сырқаттың асқынуының алдын алады және тез сауығып кетуіне мүмкіндік мол. Екіншіден, бұл скрининг бізге жасырын індет ошақтарын да жедел анықтауға көмектесіп жатыр. Бір күнде анықталған 108 науқастың бәрі карантинде отырған адамдармен байланыста болғандар. Яғни, олар сыртқы ортадан, үйінен немесе жұмыс орнынан жұқтырып келмегендер. Біз ол деңгейге жеткізбедік», – деді қаланың бас санитарлық дәрігері. Сәуір айында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау шараларын күшейту және тестілеу контингентін кеңейту нәтижесінде жұқтыру ошақтары анықталды. Байланыста болған барлық адам дереу оқшауланды. Бүгінгі күні жұқтыру жағдайлары осы топтағы оқшауландырылған адамдардың арасындағы анықталып жатыр. Демек, инфекцияның одан әрі таралу жолы кесілді. Қаланың бас санитарлық дәрігерінің сөзінше, ПТР-диагностиканың ауқымы, яғни контингенті кеңейтілген. Бастапқы кезеңде ПТР-тест жүргізетін 2 зертхана болған. Ал қазір олардың саны 6-ға жетті. Нәтижесінде өзге аймақтармен салыстырғанда алматылықтардың ПЦР-тесттен өту көрсеткіші, яғни қамтылу деңгейі республика бойынша алғашқы орында тұр. Алматыда осы уақытқа дейін жалпы 85 мыңға жуық адам коронавирус инфекциясын анықтау тестінен өтті, оның ішінде 61-мыңы ПТР әдісімен, ал 24 мыңы эксперсс-тест бойынша тапсырған. «ПТР-диагностика қазіргідей сын шақта бізге ең сапалы әрі жедел, дәл нәтиже беріп отырғанын баса айта кетейін. Бұл індет қалада ең алғаш 13 наурызда тіркелгені белгілі. Ал қазір Алматы аурушаңдық шыңынан өтті. Үйдегі індет ошақтарының саны және тұрғындар арасындағы науқастар көрсеткіші азайған. Бұл – профилактикалық скрининг әдісінің жемісі. Бұдан әрі де қауіпті індетті жұқтырғандар санын осылай дер шағында анықтап, оқшаулау және олармен тығыз байланыста болған адамдармен жұмыс істеу әдісін ұстанамыз. Профилактикалық заманауи бұл әдіс инфекцияның сыртқы ортаға таралып кетпеуінің алдын алады және вирустың алғашы сатысында-ақ анықталады. Бүгінгі таңда осындай жұмыстардың нәтижесінде науқастар санының күнделікті өсу қарқыны 27 пайыздан  5 пайызға азайған. Яғни, эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді. Біздің ойымызша бұл көрсеткіш те бара-бара одан әрі төмендейді», – деді Жандарбек Бекшин.  

Серіктес жаңалықтары