18 Сәуір 2016, 13:42 5870 0 Әлеумет "Түркістан" газетінің авторлары

Азабы да, зардабы да мол жол көлік апатынан сақтанайық

Адам өмірі - басты құндылық. Сондықтан оны барынша сақтауға тырысу – бізге Алланың берген ұлы аманаты. Мына аласапыран заманда жақындарымыздың өмірі мен денсаулығын қызғыштай қору бізге жүктелген негізгі міндет секілді. Табиғи «тілсіз жау» делінетін апаттармен маңыздылығы жөнінен қатар тұратын апаттың бірі – жол-көлік апаттары. Жол көлік апаттары Қазақстанда бірнеше жылдан бері өзекті болып отырған, мәні мен деңгейі жөнінен үлкен проблемаға айналған мәселе екені жасырын емес. Үлкен даңғыл жолдардағы түрлі апаттар туралы ақпараттан бұқаралық ақпарат құралдары да көз ашпайтын болды, ал халықтың «еті» де, құлағы да үйреніп кеткелі қашан.

Бұл Қазақстанның ең өзекті проблемаларының біріне айналғанына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та көңіл аударып, алаңдаушылығын бір емес, бірнеше мәрте білдірген болатын. 2013 жылдың соңында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті былай деген болатын:  «Әлем бойынша біз жүрек-қан тамырлары ауруларының өлім көрсеткіші бойынша бірінші орындамыз, ал жол-көлік оқиғалары бойынша екінші орынды иеленіп отырмыз. Өткен жылы республика жолдарында 2 мың 145 адам қайтыс болған екен. Ал осы жылдың 9 айындағы көрсеткіш – 2 мың 273 адам. 22 мың адам түрлі жарақат алған.  Айдағы жол-көлік апаттарының көрсеткіші Сириядағы адамдардың қайтыс болуы деңгейімен сәйкес келеді». Бұл көрсеткіштер әлі де мәз емес, 2015 жылдың қараша айында келтірілген  деректер бойынша, өткен жылдың тоғыз айында ғана 14 мыңға жуық жол-көлік апаты  орын алып, оның 1,7 мыңы жұмған. Тағы  17 000 адам түрлі деңгейдегі жарақаттар алған.  Ал 2014 жылғы деректер бойынша, аталған жылдың 12 айында ел жолдарында 20 378 апат орын алып, 2 585 адам көз жұмған және 25 942 адам жарақат алған. Әрине, бұл көрсеткіштерден біз жол-көлік апаттарының кему көрсеткішін көріп отырмыз, дегенмен бұл қанды қырғын шығыны әлі де адам өмірін жалмаумен келеді. Міне, осылайша бұл апаттың бізді Сириядағы қырғындағымен тең адам шығынына  ұшыратқанын көріп отырмыз. Бұл өте қорқынышты әрі ойланарлық дерек. Тағы бір көңілсіз деректі келтіре кетсем: халықаралық бағалау бойынша Қазақстан ЖКА туындауының жоғары қаупі бар және жолдарда қайтыс болған адамдар саны жөнінен алда келе жатқан елдер қатарында саналады. ІІД ӘПК төрағасының орынбасары А. Кеңіспаевтің айтуынша, «қалалардан тыс жатқан жолдар тек екі жолақты қозғалысты қамтамасыз етеді. Нәтижесінде, әрбір үшінші жайт қала сыртындағы қозғалыс салдарынан туындайды». Мұндай деректерді келтіре берсек өте көп. Мәселен, ҚР Ішкі істер министрлігінің Жол полициясы комитетінің соңғы жылдарға арналған деректері көңіл қуантарлықтай емес, тіпті, керісінше, адам шошырлық. 2002-2012 жылдар аралығында Қазақстан жолдарында жол апатынан 32 000 адам көз жұмған екен. Егер әлем болып көз тіккен Ауғанстан соғысындағы КСРО-ның бір ғана армиясы құрамында 15 051 сарбаз қаза тапты десек, бұл көрсеткіштің мәні де мағынасы да өзінен-өзі түсінікті болар еді. 2002-2012 жылдар ішінде Қазақстанда жол-көлік апаттарынан 160 мыңнан астам адам түрлі жарақат алды десек, аталған соғыста жараланған әскер саны 53 753-ке тең. Екі көрсеткіштің айырмашылығын ескерсек, айдың-күннің аманында, ешқандай қанды қырғынсыз-ақ біз өз отандастарымыздан көз жазып отырмыз.

4

Жол-көлік апатының біздің елдегі қауіпті статистикасының себебі неде? Не себептен халық күнделікті көріп жүрген жол-көлік апаттарынан сабақ алып, оны болдырмаудың амалдарын іздеуге тырыспайды? Осы тұрғыдан алғанда мұндай апаттарға әсер ететін бірнеше факторлар бар: елдегі көлік санының арта түсуі, қазақстандық көлік жүргізушілерінің көлік басқару мәдениетінің төмендігі, сондай-ақ еліміздегі автокөлік жолдарының тозығы жетіп, әбден ескіруі, жобасы кеңес үкіметінде жасалған жолдар тұрғындар үшін қауіпсіз деуге келмей отыр. 2013-2014 жылдары жол-көлік апатының әрбір екіншісі (48%), жаяу жол жүргіншілерімен байланысты болғанын да айта кету керек. Жол-көлік апатының еліміздегі басты факторларын кеңінен тарқата кетсек. Көлік санының күрт артуы себебі жайына келер болсақ. Деректерге сүйенсек, еліміз бойынша 2002 жылы  10 қазақстандыққа 1 автокөліктен келген екен, қазіргі күні төрт адамға бір көліктен келеді екен. Соңғы деректерді сөйлетсек, 1991 жылы Қазақстанда барлығы 1,4 млн ғана көлік болса, қазір бұл бірнеше еселеніп, көліктер саны  4 миллионға жеткен екен. Оның ішінде жеңіл автокөліктер саны 3,5 миллионға жуық екен. Бұл дегеніңіз әрбір жүз адамға шаққанда 23,5 көліктен келеді деген сөз. Сонда көлік саны жөнінен Қазақстан АҚШ-пен теңесуге сәл ақ қалған. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстанның АҚШ-ты қуып жетуіне аз-ақ қалды, мәселен АҚШ-тың әрбір жүзінші тұрғынына 30 көліктен келеді.

cc21f90e-4a5e-45fa-bf9a-a24bf4c08fcf (1)Жол сақшылары айтқан жол-көлік апаттарының тағы бір себебі – елдегі ойлы-қырлы жолдардың көптігі, олардың жыртығы жамалмай жатқандығы. Сапасы сын көтермей отырған жолдарымыз сапасы жөнінен әлем бойынша 117-орында тұр. Түсінікті болу үшін мына деректі келтіре кетсем, Дүниежүзілік экономикалық форум аясында түрлі мемлекеттердің жол сапасын бағалау бойынша рейтинг жасалған. Бағалау 7 ұпайлық көрсеткіш бойынша жүзеге асқан. Бұл рейтингте өзге елдердің орташа бағасы 4-6 ұпай болса, Қазақстан бар-жоғы 2,7 ұпаймен бағаланған. Рейтингте көш бастап тұрған Франция болды, ол 6,5 ұпайға  ие болған. Елдегі жолдардың сапасына күмәнмен қарап, көңілі толмайтындардың бірі Елбасы Н.Назарбаев. Ол осы тұрғыда көптеген сындар айтып, тиісті органдарға талай мәрте ескерту жасаған-ды. Оның осы мәселеге байланысты көзқарасын келтіре кету керек. «Жол құрылысы кезінде жаңа технологиялар қолданылмайды. Ресейде «Қазан-Мәскеу» жолының құрылысы темір-бетон өнімдерінің жаңа түрлерін қолдана отырып жүріп жатыр. Оны салу мерзімі бар болғаны 2 жыл, ал құны үштен бірге дейін қысқармақ. Ал бізде болса жаңадан салынған жолдардың өздері бір жыл қолданыстан кейін жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Бұның Астананың жолдарына қатысы бар. Нәтижесінде, көп салып жатқанымызға қарамастан, біз жол сапасы бойынша әлемдік рейтингте 144 елдің ішінде 117 орындамыз. Бізге беріліп отырған баға осындай. Біз ақшаны беріп, жолдарды салдыртып жатырмыз. Бұл жұмысты қалай жүргізудеміз», - деген еді Президент Нұрсұлтан Назарбаев жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Сонымен, еліміздегі жалпы ұзындығы 97 416 шақырым болатын жолдардың ішінде  республикалық маңызы бар жолдардың 21 пайызы, облыс және аудандық маңызға ие жолдардың 37 пайызы сапасы жөнінен қанағаттанарлықсыз деп мойындалып отыр. «Қазақавтожолдар» мекемесінің мәлімдеуінше,  республикалық маңызы бар жолдардың бойында 58 апатты-қауіпті участок тіркелген екен.

Үшінші адам факторына келер болсақ, бұл мәселе де аса көкейтесті. Себебі жүргізушілердің сауатсыздығы, мәдениетсіздігінің салдарынан көптеген адамдар қиын жағдайларға душар болып, қала бере жақындарынан айрылып отыр. Мектеп бітіре сала рөлге отыруға ұмтылатын жастардың саны артпаса кемімей отыр. Кез келген деңгейдегі жолдармен жүйтки жөнелетін автокөліктер өз ісінің салдары ауыр болатынын, өзіне де, өзгеге де зиян тигізіп отырғанын жете түсінбей жатады. Оның да түрлі себептері жоқ емес.

Жалпы бұл мәселелердің барлығы бүгінде министрлік деңгейінде шешілуде, соңғы деректердегі алға ілгерушілік әрине көңіл қуантпай қоймайды. Аудандық орталық аурухананың бөлім меңгерушісі ретінде, жалпы қызмет етіп отырған саланың адам өміріне араша болу, адам өмірін, оның ішінде балалар өмірін сақтап қалумен, түрлі медициналық және де адами көмектер беруді жүктейтін сала болғандығы себебінен, елімізде көптеген адам шығындарын тудырып отырған осынау апатқа медицина тұрғысынан баға бере кетуді міндетім санап отырмын. ЖКА орын алған кезде адам түрлі деңгейдегі жарақат алады. Кейбірі адам өміріне айтарлықтай қауіп тудырмайтын жарақаттар болса, адам сол мезетте өліп кететін жағдайлар да жеткілікті. Қалай дегенмен де жол-көлік апаты физиологиялық деңгейде ғана емес, сонымен бірге психологиялық та зардап келтіретін өмірдің үлкен сынағы. Басынан мұндай апатты жағдайды бастан кешіргендердің кейбірі өмір бойы көлік жүргізуден бас тартып, көлікке отырғанда қорқыныш пен үрей сезімін бастан кешеді. Айналамызда жүрген қаншама мүгедек адамдардың жартысынан көбі дәл осы жол апатынан қасірет көргендер екені де аян. Жол-көлік апатының салдары өте ауыр және қасіретті. Жол-көлік апаттары кезіндегі адам жарақаттарының ерекшеліктері: ЖКА кезінде алған жарақаттар өзге де жарақаттардан қатты ерекшеленеді. Себебі олар қатты жылдамдықта келе жатқан көліктің қозғалу динамикасымен өзара байланысып жатыр. ЖКА кезінде автомобильдің бамперлері, қанаттары, капоттары, артқы көріністі көрсететін сыртқы айналар, терезелер, жол нұсқағыштар секілді элементтерінен алған жарақаттар оның соқтығысу қарқынына қарай түрлі деңгейде болады. Тіпті сағатына 50 км/сағ келе жатқан машинаның жаяу жүргіншіні қағу кезінде түрлі сүйек сынықтары орын алуы мүмкін. Автомобиль бамперлерінің соқтығысуынан адамның сыртқы органдары сау көрінгенімен, ішкі қан құйылуының туындау қаупі де жоқ емес. Автомобиль капоты көп автокөліктер бойынша есептегенде адамның жамбас тұсына дәл келетіндіктен, осы орган көбірек зардап шегуі мүмкін, қатты жылдамдықпен ұрылу жағдайында тіпті қанның тері ішіне кету қаупі де бар. Капоттың соқтығысуынан болған жарақаттар бір қарағанда жеңіл болып көрінгенімен, оның салдары ауыр. Мәселен, терінің жарылулары, жамбас бұлшықеттеріне қан кету, жамбас, бел сүйектерінің сынықтары, құрсақ қуысының жарақаттары. Бұдан бөлек, бастың ауыр әрі түрлі деңгейдегі жарақаттары, ұрылу қарқынына қарай туындайтын өзге де ағза мүшелеріне келетін ауыр зардаптар орын алуы мүмкін. Жол-көлік апаттарынан болған жарақаттардың ерекшелігі сол, ауыр жағдайларда оның салдарынан кісі өлімі өте көп орын алады. Адамды мүгедектіктен сақтап қалу былай тұрсын, оның өміріне араша түсудің өзі мүмкін емес болып жатады. Демек, жол-көлік апаттарының жоғары өлім көрсеткішіне ие болу сипаты, бұл мәселеге республикалық деңгейде, халық болып, ел болып атсалысу, алдын алу қажеттілігі туындап отыр. Мен қызмет ететін Алматы облысындағы Көксу аудандық орталық аурухананың, өзім басшылық ететін хирургия бөліміне 2015 жылы түрлі сипаттағы 372 науқас келіп түскен, олардың ішінде ЖКА салдарынан келіп түскендер саны – 72-ге тең болды. Бұл науқастардың барлығына тиісті медициналық көмек дер кезінде көрсетіліп, адам өміріне араша болып, оларды психологиялық әрі медициналық тұрғыда қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Аталған 72 зардап шегушінің қатарында:

  • Балалар – 5;
  • Жасөспірімдер – 10;
  • Ересектер – 54;
  • 60 жастан асқандар – 3.

Түрлі жарақаттар салдарынан қайтыс болғандардың жалпы саны 7 болса, олардың 6-ы дәл осы жол-көлік апатының құрбандары болып отыр. Бұл санның өзі біз үшін жол-көлік апатының ауыр салдарын ашып көрсетеді. Биылғы жылдың соңғы деректерін келтірер болсақ, 2016 жылдың басынан бері санағанда, тек соңғы үш ай ішінде (1 маусым – 3 ай) ауруханамызға келіп түскен 73 науқастың 17-сі жол апатынан зардап шеккендер. Олар түрлі деңгейдегі жарақатпен түсіп, ем алып, үйіне шығарылды. Қуанышқа қарай, жыл басынан бері ЖКА нәтижесінде қайтыс болғандар тіркелмеді. Дегенмен де біздер, медицина қызметкерлері, оның ішінде жол-көлік апатынан зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсететін хирургия бөлімінің мамандары халқымызды осынау зардабы мол, қасіретті, бүкіл отбасына ғана емес, бүтіндей мемлекет үшін «қанды қырғынмен» тең жол-көлік апатының алдын алуға шақырамыз. Көптеген ауыр жағдайға душар болған жандардың өмірінен тағылым ала отырып, өз балаларымызды жолда дұрыс жүріп-тұру, көлікті тәртіп сақтай отырып жүргізу, жолдан өткенде абай болу, көлік жүргізу мәдениеті секілді мәселелерге үйретіп, оның салдарынан үлгі келтіре жүргеніміз абзал секілді. Апат айтып келмейді, «Бәле қайда деме, аяғыңның астында» - дейтін дана халқымыздың сөзін де ұмытпайық.

Рахимов Шыңғыс Оспанғалиұлы,

Көксу аудандық орталық ауруханасының

Хирургия бөлімінің меңгерушісі.

 

Соңғы жаңалықтар