18 Сәуір 2016, 10:30 3441 0 Сұхбат Жәнібек ҒАЛЫМ

Еркін ШҮКІМАН, дәстүрлі әнші: Қолдан автор жасау – қиянат

Еркін Шүкіман - қазақ халқына белгілі дәстүрлі әнші.  Ол әуелетіп ән салып, тыңдарманын тамсандырумен қатар, ұлттық өнердің тарихын зерделеп жүрген өнерпаз. Халқымыздың дәстүрлі ән өнері үлкен 4 мектепке жіктелініп келсе,  Алтай-Тарбағатай әндері қазақ дәстүрлі ән өнерінің бесінші мектебі деген пікірді әнші жиі айтып жүр. Өнер мен қоғамды бөле қарамайтын әншімен алған сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.

‒ Алматыда өткен лекция-концертіңізді Тұрсынғазы Рахимовтың шығармашылығына арнапсыз. Әйгілі композитордың қазақ ән өнеріндегі орны қандай?

‒ Қазақ өнері орны толмас адамын жоғалтты. Ол ‒ Тұрсынғазы Рахимов. Түкең бала жастан ел арасындағы әншілер, халық композиторларының әнімен сусындап, қайталанбас әншілерден сабақ алды. Одан бөлек, ағасы Ерғазының үлкен тәрбиесін көрді. Ерғазы Рахимов алыс ауылда жатса да, қазақтың қара өлеңі мен қара сөзінде дес бермеген таланттардың бірі. Тұрсынғазы – ел ішіндегі әншілердің арасынан әйгілі Әсет Найманбаевтың шәкірті болған Асылхан деген әншіні ұстаз тұтып, (Асылхан – әнші Толғанбай Сембаевтың әкесінің інісі) сол кісінің орындаушылық шеберлігін, одан да басқа көне көздердің қалай ән салғанын көзбен көріп, құлақпен естіп, бойына сіңіріп өскен көненің көзі, жаңаның басы болған әнші, композитор. Бұдан бөлек, Тұрсынғазы Рахимов Жүсіпбек Елебековтің әншілік мектебінен өтті. Жүсекең шәкірттерінің барлығына мінездеме беріп, болашақта қандай болатынына дейін болжау айтып отырады екен. Ол кісінің айтқанының дәл келгендігі жайлы Қайрат Байбосынов, Тұрсынғазы Рахимов, Ғалым Мұхамедин ағаларымыздан да естіген едім, ол ағаларым да сол Жүсекеңнің Жүсекең Тұрсынғазы ағамызға «Сен түбі композитор боласың-ау» дейтін көрінеді. Сол айтқаны келгендей, Түкең артына кейінгі ұрпаққа азық болардай қаншама мол дүние қалдырып кетті.

Ол кісі халық әндерін, Арқаның Біржан сал бастаған сал-серілерінің сырлы сазын көкейге құйып, өз заманының үніне де құлақ түре білген, Абай әндеріне терең үңіле білген, кейіннен жеткен Шәкәрім әндерімен де сусындап, қысқасы барлығын қорытып, сал-серілік дәстүрдің ізінде ән шығарған, өзінің жолын қалыптастырған композитор. Ол кісінің әншілігі де ешкімге ұқсамайтын, өз жолы бар. Алғаш тыңдаған адам үшін түсініксіздеу болғанмен, біз сияқты Түкеңнің әндерімен өскен жастарға ол кісінің әндерін алғашқы бір-екі нотасынан-ақ тануға болады. Ал, өмірде ешкімге қиянаты жоқ, мүлдем таза кеткен азамат деп ойлаймын. Сәби болып келді, сәби болып кетті. Тура өзінің жүрегін жарып шыққан әннің тағдырын қайталады.

Тұрсынғазы ағаны 1996 жылы алғаш рет көрдім. Өмірінің соңына дейін араластық, осы уақыт аралығында бірде бір рет ашуланғанын көргем жоқ. Толғанбай Сембаев ағамыз Тұрсынғазы Рахимовты: «Қарапайымдылық пен ұлылыққа жеткен жан» деп бағалайтын. Үлкен өнердің иесі бола тұрып, қарапайым қалпында қалу көбіміздің қолымыздан келмейді. Оның қазақ ән өнеріне берген дүниелері халықтың көз алдында. Кешегі сал-серілердің дәстүрін ХХІ ғасырға дейін алып келген өнерпаз.

‒ Өз шығармашылығыңыз туралы айтпай кету орынсыз болар...

Бүгінде репертуарыма көптеген әндер бар. Жүрген жеріңде жаңа, тың әндер кездесіп қала ма деп құлағыңды түре жүресің. Бұрынғы ескі әндерді, қазір ел ішінде айтылып қалып жататын, ән зерттеушілері ұсынып жататын әндерді тауып, орындап жүрміз. Әбілахат Еспаев, Садық Кәрімбаев, Сыдық Мұхамеджанов, Кенжебек Күмісбеков секілді композиторлардың кезінде жарыққа шққан ән жинақтары қайта бір қарауды қажет ететін сияқты. Сосын, Затаевичтің кітаптарын қайта қопарып қарап, хронология тізбек жасап қойған болдық. Арқаның әншілік мектебіне қатысты әндерді іріктеп, әр студентке бірден-екіден әндер беріп, 20-30 әнді әр емтихандарда орындап, бүгінгі күнде осы әндерді репертуарларына енгізді. Одан бөлек, Б.Ерзаковичтің, Х.Жүзбасовтың, М.Майшекиннің халық композиторлары Ақан, Біржан, Жаяу Мұса, Әсеттердің әндерінен құрастырған жинақтарын қайта ақтарып жатырмыз. Ілия Жақанов жинақтаған халық композиторларының әндерін шамамыздың келгенінше жинақтаудамыз. Осыдан біраз уақыт бұрын жарық көрген «Қазақтың 1000 әні» деген үлкен еңбектегі әндерді де өнерпаздардың орындауына береміз. Мұндай еңбектерді санаулы азаматтар ғана қарап жатқан сияқты. Талиға Бекхожинаның 200 әнінің ішінде Алтай-Тарбағатай өңірлерінен шыққан 60-70 ән бар. Жаңа заман композиторларының да әндерін орындауға тырысып жатырмыз. Бірақ мұның барлығы түк істемегенмен бірдей. Себебі, мен қазақ әні, (оның ішінде халық композиторларының әндері бар, жаңа заман композиторларының әндері бар, қазіргі кездегі композиторлардың әндері бар) тек қазақ әнінің ҰЛЫ МҰХИТ екеніне көзім жетті және сол мұхитты кесіп өтуге жүздеген адамның да ғұмыры жетпейтініне көзім әбден жетті. Ал, оны зерттеу мәселесі одан он есе қажыр мен қайратты қажет етеді.

‒ Алтай-Тарбағатай әндерін зерттеп жүр едіңіз. Қандай тың деректер таптыңыз?

‒ Бірнеше жылдан бері жинақтаған Алтай-Тарбағатай әндерінің топтамасын құрастыру үстіндемін. Оның қашан, қалай шығатынын уақыт көрсетеді. Арық сөйлеген дұрыс па деймін. Сонда да болса қысқаша айтуға болады. Қазіргі дәстүрлі ән өнерінде үлкен 4 мектеп бар деп жүрміз. Бесінші мектеп ‒ Алтай-Тарбағатай әндері. Сол өңірлердегі қазақтың қара өлеңін, қаймағы бұзылмай сақталған әуендерін жинап, қазірге дейін 200 әнді нотаға түсіріп дайындап қойдым. Одан бергі де Алтай мен Тарбағатай өңірінен шыққан композиторлардың  әндері табылып жатыр. Солардың бірі Күршімдік Рамазан Әбілмәжінов деген ақасақалдың әндері. Ол кісі қазір бақилық болып кетті. Бірақ артында қалған ұлы Иісбек Әбілмәжінов ағамыз жеткізіп отыр. Одан бөлек ол кісінің туған інісі Беделбек ақсақал қазір Өскемен қаласында тұрады, ол ағамыздан да көп мәлімет алдым десем болады. Беделбек ақсақалдың өзі сұрапыл күйші. Кезінде «Отырар сазы» оркестрі елге концерт қоюға барғанда, Беделбек ағамыздың күй тартқанына қатты разы болған Нұрғиса Тілендиев атамыз он саусағын бір-бірлеп сүйген екен. Осындай ел арасындағы жөн біледі-ау деген бірен-саран адамдардан алып жатқан әндеріміз бар. Одан басқа Моңғолия, Қытай қазақтарының әндерінің жинақтары, сол жақтан келген өнерпаздардан естіген, жиған әндерді пайдаланып жатқан жайымыз бар.

Қолымда бір қызықты деректер бар. Ол жақта біздегі Арқаның Біржан сал, Үкілі Ыбырай сияқты белгілі сал-серілерінен, ән өнерін арнайы кәсіп еткен Әсет Найманбайдан асқан әнші жоқ. Ал, атақты бір-бір әнімен қалған Бүркітбай мен Сұлубайлар сол кездегі заманның қысастығынан, Гоминдаң өкіметінің озбырлығынан еркін шығармашылық кеңістікке жете алмай қалған. Сұлубай ‒ әнші, ақын болған адам. Алашапқын соғыс, қилы кезеңнің арасында тұсаулы аттай қалып қойғандар. Өзім осы уақытқа дейін Әсеттің әні деп естіген «Қара қыз» әнін әнші Майра Мұхаммедқызының әкесі Мұхаммед Әбдіқадырұлы Ахмет Көмекұлы деген кісінің әні деген дерек келтіреді. Егер Ахмет Көмекұлы болса, онда Қытай жерінде «Әтікей-Нұржекей» деген дастан жазған, сол жақтағы «Айқап» журналының тілшісі болған, Әсет Найманбай арнайы барып сәлем берген, Шылбы Көмекұлына қандай да бір қатысы бар ма екен деген де ой туады. Жалпы зерттейтін дүние өте көп. «Ақторғай», «Ақшоқы» деген халық әндерінің де біз білетін деректері басқа болып шықты. «Ақшоқы» әнін әнші Ерболат Шалдыбеков орындап жүрді. Ол жігіт Жетісу өңірінің әншісі. Кейіннен кімнен үйренгенін сұрағанымда «бір ақсақалдан үйреніп ем, дәл қай жақтан екені есімде жоқ» деді. Сол әннің қайдан шыққанын білу үшін сұрастырсам, Моңғолияға Алтайдан барған қазақтардың әні екен. Оны бір ағайынның тойында Моңғолиядан келген адамдармен құдандалы боп, сол кезде маған асықпай айтып берді.

Жалпы ән өнерінде «әуез» деген де дүние бар ғой деймін. «Әуез» деген әннің Моңғолия қазақтарының ән жинағында он бес түрі кездеседі, өзімде бес-алты түрі бар. Әндердің диапазоны квинта, секста интервалдарынан аспайды. Кереметтей ән дегенге де келе қоймайды. Өте шағын. Содан осы «әуез» деген дүниені зерттей келе қарасам, ол парсының сөзі екен. Тіпті «ән» сөзінің өзі парсының сөзі. Саз, музыка, ырғақ, әуен, мелодия т.б деген мағынаны білдіреді. Бұл сөзді зерттей келе Махмұт Қашқаридың еңбектеріне барып тірелдім. V-VI ғасырларда Қазақстан территориясының оңтүстігін мекендеген түркілер екі тілде, түркі, парсы тілінде сөйлепті. Сол уақытта бұл аумақта соғдылар тайпасы да өмір сүрген екен. Жібек жолы бойында сауда-саттық, керуен көп болғандықтан, тұрмыстық қажеттілікке қарай оңтүстіктегі түркілер екі тілде сөйлеген екен. Ал солтүстіктегілер тек түркі тілінде сөйлеген. Біз қазақтың қара өлеңіне «Қара өлең» деп ат қойып, айдар таққан Шоқан Уалиханов екенін білеміз. Яғни, бұл парсы тілдес елдердің бірінде ән сөзінің орнына қолданылып, бізде де ертеректе шағын әндерді осылай атады ма екен деген ой туады.

«Ақпейілдің әні» деген әннің де екі түрі бар. Әннің әуені Алтай-Тарбағатай әуеніне келгенімен, сөзі, әндегі оқиға батыс өңірдегі Мұхиттың «Әмірхан» деген әніне ұқсас. Тіпті, бірдей келетін шумақтары да бар. Қайран қалдым. Батыс Қазақстанда айтылып жүрген «Әмірхан әні», Алтай-Тарбағатайда «Ақпейілдің әні» болып жүр. Біреуінде «Сұрасаң атым ‒ Ақпейіл, Сіңілім Қайша» деп «Әмірхан әніндегідей» келеді. Ал екіншісі «Сұрасаң атым ‒ Ақпейіл, Сіңілім Айнам» деп жүр. Бірақ ән бөлек, басқа. Алтай-Тарбағатай өңірінің әуені.

Мұндай қызықты деректер көп. Қазақ әндері толықтай зерттелген жоқ. Ән өнері дегеніңіз, жоғарыда айтқанымдай  мұхит. Бұны зерттеу бір адамның, он адамның да қолынан келмейді. Бірақ тұтас ән өнерін зерттеп бітіру мүмкін емес. Қазірдің өзінде ән мәтініне, ән авторларына қатысты дау-дамай көп. Таяуда Қайрат Байбосынов ағамыздың репертуарындағы әндер нотаға түсіріліп, кітап болып шықты. Сонда Қайрат аға осы уақытқа дейін айтылып жүрген Ақан серінің «Шәмші-Қамары» Сәтмағамбеттің әні болып шықты. Уәйістің «Перуайым» әні болып келген ән Ақан серінің әні деп шықты. Ақан серінікі болып келген «Көк көбелек» әні халық әні деп берілген.

«Гауһар тас» әнінің үш түрі енген. Халық әні болып жүрген «Әупілдек» әнін осыдан аздаған жылдардың алдында стильдік ерекшелігіне қарап, Сәкеннің әні болуы мүмкін деген деректер айтылатын ел ішінде. Бірақ Қайрат ағаның кітабында Мақажан Шиденов деген адамның әні боп берілген. Осындай ізденістер мен зерттеулер әлі де көп керек. Ол бірақ Сәкеннің әні болмайтын шығар. Өйткені ол «Тар жол, тайғақ кешуінде» Әупілдек көлінің басына келгенде «мынау әндегі көл осы ма?» дейтіні бар. Яғни, оған дейін Сәкен ол әнді білген. Осындай жорамалдар әзірге өте көп. Бірақ ән анда да, мұнда да жүр. Біз анау айтты, мынау айтты демей, нақты ғылыми зерттеулер жасауымыз керек. Ауызша дерек ғылыми тұжырым бола алмайтын сияқты боп көрінеді.

‒ Соңғы кездері дәстүрлі ән өнерінде халық әнін біреуге, авторы бар әнді басқа тұлғаға телу белең алып барады...

‒ Қолдан автор жасау - қиянат. Мысалы, «Аққұм» әнін Ахмет Байтұрсыновтікі деп жүргендер бар. Ол ‒ халық әні. «Дайдидау» әнін Мағжан Жұмабаевтікі деп жүр. Мағжанның өзіне тән үш-төрт әні бар. Тіпті, Мағжанның «Сен сұлу» әнінің де үш нұқасы бар. Біреуі минорлық, бірі мажорлық, соңғысы мажор-минорлық нұсқасы. Аралас нұсқадағысы Затаевичтің кітабынан шықты. Кезінде Бейімбет Майлин, Сәбит Дөнентаев, Ілияс Жансүгіровтер Затаевичке кемінде он әннен берген. Біз сол зиялылардың берген әндерін соларға тели берсек не болды? Ол тұста Сәкен Сейфуллиннің әндері бар болатын. Сәкеннің музыкалық мұралары дегенде Иманжүсіппен кездесетін кезін ұмытып кетеміз. Иманжүсіп жағдайы қиындаған кезде Сәкеннен көмек сұрап келеді. Сол кезде Сәкен Иманжүсіпке өзінің әнін айтып береді. Иманжүсіп әнді естіп, риза болады.

Алғаш рет Затаевич қазақтың халық әндерін жинаймын дегенде, Сәкен Қазақстандағы халық-ағарту комитетінің басшысы болып тұрған кезі, мемлекеттің қиын жағдайына қарамастан екі мың сомнан артық ақша аударады. Содан халық зиялыларына өзі үлгі болып, ең бірінші боп өзі Затаевичке бінеше күй, бірнеше ән береді. Мысалы, сол кезде Сәкен Затаевичке «мынау өзімнің әнім еді» деп төрт-бес әнді бере салса болар еді ғой. Қолында тұрды. Ол өзінің әнін берген жоқ, әуелі халықтың мұрасын, халықтың қазынасын жинап берді. Өзінің шешесі айтып жүрген әндерді, әкесі Сейфулланың бірнеше күйлерін береді. Әке-шешесінен, ел ішіндегі күйшілерден үйренген Тоқаның күйін, «Терісқақпай» сияқты күйлерді береді. Сәкен қиянатқа барған жоқ. Сондықтан, біз Алаш арыстары берген әнді олардың жеке басына меншіктеп беруге қақымыз жоқ. Онда әнді орындаған, жеткізген адам көрсетілген. Бұл мәселе қазір жеке бір топтардың мүддесі үшін, жершілдік немесе рушылдықтан шығып отырған сияқты. Олар қолдан автор жасауға, болмаған адамды болды деуге құмар. Тіптен, қазір мұндай қиянатшылдар күшіне мініп алды. Бір күні қазақта халық әні қалмай, бәрінің авторын тауып беріп, масқара болмасақ игі еді.

‒ Консерваторияны бітірген шәкірттеріңіз, басқада дәстүрлі өнер мектептерінен білім алған өнерпаздардың өнердегі өрісі қалай болып жатыр?

‒ Консерваторияға келгеніме 6-7-ақ жыл болды. Маңдайы жарқырап, ел алдында ән салып жүрген шәкірт тәрбиеледім деп айта алмаймын. Әуелі әншілік қанмен, табиғатпен келеді. Ал, Алла Тағала ондай талантты бір адамның басына үйіп-төгіп бере салмайды. біреуде дауыс бар, кеудесінде қуыс болмайды. Дауысы бар, ойы жоқ әншілер бар.

Біз оқып жүрген кезде «Алтыбақан» деген телехабардан шықпайтын едік. Сол хабар жас өнерпаз студенттерді, басқа да белгілі үлкен әншілерді насихаттады, ұлттық өнерді дәріптеді. Ал қазір бүгінгі дәстүрлі өнерде жүрген жас таланттарды шығаратын хабар жоқ. Халық әндері, ұлттық музыкамыз конкурстарда ғана насихатталып жатыр. Сондықтан, телеарналардан халық әндері насихатталса деймін. Қазір «Алматы» арнасында ғана Серік Әбікенұлы бастаған «Бір әннің тарихы» хабарын жалғастырып «Інжу-Маржан» деген бағдарлама шығып жүр. Басқа арналардан мұндай хабарларды көргенім жоқ. Біздегі арналар бір-бірін аңдып отыратын сияқты. «Қазақстан» арнасындағы «Телқоңыр» хабары жабылса, басқа бір арна біз аша қояйық дейтін сияқты. Ал ұлттық музыканы шын ниетімен насихаттап отырған арналар жоқ. Бәрі неге бір-бір хабардан таратпайды? Одан кейін халық эстраданың орашолақ, әні мен сөзі қабыспайтын, тек секеңдеген әншілерді тыңдамағанда кімді тыңдайды. Ал дәстүрлі әншілер эстрадаға кетпегенде қайтеді? Той жағаламағанда қайтеді? Той деген қауіпті нәрсе. Қазіргі тілмен айтқанда «халтураға» үйрену деген сөз. Сахна деген бөлек әлем. Сахнаға шыққаннан кейін, жай өмір сүре салмау керек. Сахнаның патшасына айналуың қажет. Сахнадан көрерменге бәрі көрініп тұрады. Біздің шәкірттер әнші ретінде қалыптасып, тәжірибеден өтейін десе, баяғыдай орта жоқ. Біз жақсы кезеңде туылған бақытты жандар екенбіз. Жиі-жиі хабарларда, радиода, үлкен сахналарда қатар ән салдық. Қазір оған мүлдем мүмкіндік жоқ.

Жақында марқұм Тұрсынғазы Рахимовтың бірінші фестиваліне студенттерімді алып бардым. Жергілікті телеарна бірнеше студентіммен бірге таңертең сұхбатқа шақырды. Он минуттан бөліп түсіреді екен. Сол телеарнаға бірге барған шәкірттеріме тележүргізушілер сұрақ қойса, ауыздарынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп, сөйлей алмай қойды. Бәрін біліп тұрса да дұрыстап сұхбат бере алмады. Олар кітап оқымайтын сияқты, сөйлеуге, ойын жеткізуге орашалақ екен. Содан шәкірттерге қойылатын сұрақтарға өзім жауап беріп отырдым. Олар ән ғана салды. Біздің қоғам шәкірттерді булықтырып тастағанын сонда білдім. Кезінде студент болсақта, сұхбатқа шақыратын. Ал біздің студенттер сахнаның өзін жатсынып қалған. Бірігіп концерт өткізулеріне де мүмкіндік жоқ. Оның барлығы қаржыға келіп тіреліп тұр. Халық жаңа таланттарды тани алмай жатыр. Әрине, шәкірттерім болғасын қаттырақ айтып отырған шығармын, небір талантты балалар бар. Таза еңбекпен өз биігін бағындырып жүргендері жетерлік. Менің алдымнан бітіргендердің бірнешеуі музыкалық колледждерде сабақ беріп жүр. Облыстық филормонияларда, музыкалық мектептерде жұмыс істеп жүр.

‒ Қазақ әндерін қалай оқыту керек?

‒ Мұндай оқудың негіздерін енді-енді ғана жасап жүрміз. Ән үйретудің әдістемесін қайта жасау керек сияқты. Ал әдістемені қайта жасау үшін классификациясын қайта қарау керек пе екен деп ойлаймын. Білмеймін... Бұл дүниелерді әркім өзінше жасайды. Қазір Батыс, Арқа, Жетісу, Сыр өңірінің әншілік мектептеріне бөліп оқытып жүрміз. Жалпы қазақ әндерін қалай оқыту керек? Әрбір мектепке бір-бір классификация жасау керек шығар. Өйткені әрқайсысының өзінше бөлек ерекшелігі, домбыра қағысындағы айырмашылықтар жетерлік. Бүгінде студенттер колледждерден, музыкалық мектептерден бітіріп келеді. Кейде олардың үйреніп келген әндерінде көптеген қателіктер болып жатады. Домбыра қағыстарында да кемшіліктер кездеседі. Солардың барлығын жөндеп, қайтадан ретке келтіресің. Студентке екі әнді үйренуге берсек, бірін тыңнан, екіншісі ретінде өзі үйреніп келген әнді қайта беруге тура келеді. Бірақ олар өздері теріс үйреніп келген әнді дұрыстай алмай қиналады. Сол баяғы сарыннан шыға алмай жатады. Мұғалімдіктің машақаты да, рахаты да бар екен. Бір жақсысы біз де өз-өзімізге үңілеміз. Мұғалімдікке ерте келіп қойған жоқпын ба деп те ойлаймын. Кезіндегі Қайрат ағалардың заманымен салыстырғанда нағыз шырқап жүретін кезіміз ғой. Ал бірақ қазіргі заманымыз ұлттық музыкамызға нарау, немқұрайлы, қырын қарайды.

‒ Дәстүрлі өнерге немқұрайлы қарайтын қазақ қоғамы нені жоғалтуда?

‒Ұлттық музыкаға мұрын шүйіре қарайтындар көп. Өткенде бір хабарда Берік Жүсіп «Қазақ ұлттық дыбыс идеалынан ажырап қалған» деді. Дұрыс айтады. «Жүсіпбектің ғажап дауысы бүгінгі жастарға жат, тыңдамайтын әуезге айналып барады» деп қынжылып отыр. Ол ‒ рас. «Ғарифолланың көзін аударып-төңкеріп, анау шырқау биіктегі ноталарға жеткен дауысын, мим өнерін қазіргі жастар сіңіре алмайды. Түсінуге өресі жетпейді. Анау Әміренің шаңқылдаған, сұңқардың даусындай дыбысты қазіргі жастар қабылдай алмайды». Расында да, Берік аға айтқандай, ұлттық дыбыс идеалынан ажырап қалдық. Өйткені біздің дыбыс идеалымызды жастар, қазіргі эстрададағы мылқау, зорыққан дыбыс екен деп ойлайтын болар. Тіпті, дәстүрлі музыкада оқып жүрген шәкірттерге Жүсіпбекті, Манарбекті, Ғарифолланы, Мәдениетті, Жәнібекті тыңда десең қабылдай алмайды. Олар біздің өзімізден ғана тыңдап үйренгенді оңай көреді. Өйткені олар тәуелсіздіктен кейін дүниеге келгендер. Ол тұста біздің елге неше түрлі музыканың ағымдары кірді. Сонымен өсті. Қысқасы, маралтайша айтқанда «...Келемейді мені мойындағысы, Өркениеттік ділдегі ынсап». Қазір оларды кінәлай алмайсың. Ұлттық музыканы жатсынып барамыз.

‒ Енді не істеу керек?

‒ Берік Жүсіп: «Жүсіпбек орындаған «Қарқаралы» әні бар емес пе? Сол әннің тарихын жазып, сценарий түзіп, әннің тарихи оқиғасы негізінде мультфильмге айналдырып, әнді Жүсіпбектің орындауында беріп, балаларға ұсыну керек» дегенді айтады. Менің де айтарым ‒ осы. Өтедұрыс идея айтып отыр. «Айтылмаса сөз жетім, тыңдалмаса ән жетім» дегендей, халық әнін, жырын тыңдайтын қазақтың құлағы ауырлап кетті. Тыңдаушы жоқ, қысқасы. Берік ағаның ойын жүзеге асыруға қыруар қаражат керек. Ал бұны жасай алсақ, біз жоғалтып алған тыңдаушыны да, орындаушыны да қайтарып аламыз деп ойлаймын. Осындай мультфильмге айналған дүниелерді балабақшадан тыңдатуымыз керек. Қазір дәстүрлі әнді тыңдау, орындау тек ат төбеліндей ғана музыкалық оқу орындарындағы жастардың еншісінде қалды. Бұдан бөлек, мектептерде оқытуға тиіспіз.

Қазір үш тілде оқытамыз деп жатқанда, дәстүрлі әнді кім керек қылады. Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданында Би Боранбай ауылы бар. Сол ауылдың Үштөбе деген шағын фермасында Сайболат есімді жігіт тұрады. Сол Сайболат бір жолы балаларға арналған конкурсқа 1-10 сынып оқушылары арасынан 10 баланы алып келіпті. Барлығы домбырада ән айтады. Солардың арасында өзінің туған қызы да бар екен. Екі кештің арасында маған қызының орындауындағы әнін тыңдатуға, үйге ертіп келді. Сонда Сайболаттың қызы көп әншілердің тісі бата бермейтін «Қанат талдыны» орындап берді. Сосын Абайдың «Сегіз аяғын» шырқады. Мен Сайболатқа таңдана қарадым. Ол жігіт өзі мектепте еңбек пәнінен сабақ беретін сияқты. Музыкадан алыстау жігіт, бірақ әнді сүйетін адам. Мектептегі балаларды жинап, домбыра үйретіп, ән айтудан арнайы сынып жүргізеді. Тіпті, 2-сыныптың оқушысы«Ақбақайды» айтып берді. Сол жолғы конкурсқа алып келген он баласы да жүлделі болды. Осындай ел ішіндегі бірді-екілі адамдар ғана өнердің отын өшірмей, балаларды тәрбиелеп жүр. Ол үшін көк тиын ақшада алмайды.

Бұл мәселені жалғыз мен ғана айтып жүрген жоқпын. Мен сияқты қолына қара домбырасын, қарт қобызын ұстаған өнерпаздардың барлығы да айтып жүр. Бізде арнайы мамандандырылған мектептер өте аз. Оған қай ата-ана баласын апарып оқыта береді. Бұны министрлік бекітуі керек те, ауылдық жерде, аймақтарда жүрген музыкалық білімі бар біздің студенттерге сабақ бергізуі керек. Негізі, дәстүрлі ән өнерін мектептің бағдарламасына қостыру қажет. Қазіргі талап – ағылшын тілін үйрену. Қазақтың баласы ағылшын тілін үйреніп болғанша, қазақтың ғажайып әндері жоғалып кетпей ме? Кім орындайды? Білім және ғылым министрлігі ескеретін тағы бір мәселе мынау. Біз оқыған кезде қазақ тілі сабағы жүрді. Қазақ тілінің жазылу және айтылу ережесі (орфография, орфэпия) деген бар. Өзіміздің консерваториядағы жағдайды мысал етейін, біздің студенттер қалай жазылды, солай айтады. «Қарақыз» деген сөзді осы бетінде айтып тұрады, айтылуында «қарағыз» болу керек емес пе? «Ақиық» деген сөз де осылай... «Күрек» сөзін «Күрек» «Күрөк», «Жүрек», «Жүрөк» болып айтылуы керек. Студенттерден сендерге қазақ тілі оқытыла ма деп сұрасам, бастарын шайқайды. Қазақ тілі пәнінің оқытушыларынан сұрасам, олар қазақ тобына орыс тілі, орыс бөлімдеріне қазақ тілі өтеді дейді. Әй, сонда әншілерге орфография мен орфоэпияны кім үйретеді? Біз оларға ән үйретеміз бе, қазақ тілінің заңдылықтарын үйретеміз бе?

‒ Дәстүрлі ән өнерін бүгінгі күнге жеткізуге үлес қосқан қандай ғалымдардың еңбегін айрықша атауға болады?

‒ Әйгілі Затаевичтің 1925 жылы «Қазақ халқының 1000 әні» атты кітабы шықты. 1931 жылы «Қазақтың 500 ән-күйі» деген кітабы тағы шықты. Ал Затаевич сол мың жарым әннің тек 35-інің ғана әнін жазып алған. Қалғаны тек нотада әуен күйінде қалып тұр. Сөзін шығарып алайын десең, қай жерінде не тұрғанын білмейсің. Осы 500 ән-күйдің 86-сы күй, қалғаны ән. Затаевич сондағы әндердің 34-35-інің ғана сөзін жазып алған, қалғаны тек нотада әуен күйінде тұр.  Оның қай жерінде не тұрғаны белгісіз. Мысалы, қайырмасы қайсы, шумағы қайсы немес әгәгә, халалай сияқты одағай сөздерді қай жеріне қоямыз, осы жерлері түсініксіз. Енді осы әндердің текстологиясын зерттеу жорлында 30 жыл ғұмырын сарп етіп, ән сөздерін нотаның астына қойып, әндерді бір жүйеге түсірген, ол - Зейнұр Қоспақов. Талай композиторлардың жинағын шығарған, әндерін нотаға түсірген ғалым. Сол тұста, редколлегия мүшелігінде Серік Қирабаев, Сейіт Қасқабасов сынды білгір ғалымдар болды. Бұл біздің әдебиетші ғалымдарымыздың жасаған үлкен сыйы. Ал осы әндерді қайтадан нотаға түсіргендер Ж.Жанұзақова, Х.Жүзбасов, З.Қоспақов, Т.Сарыбаев. Болат Қарақұловтың нотаға түсіру жүйесіне жақындатып түсірді. Бұл кісі ‒ қазақ әндерін нотаға түсірудің жүйесін жасаған азамат. Мысалы, он бір буынды қара өлеңде: «Қарағым, айналайын, келдің қайдан?» дейтін болса, үш бунақтан тұрады ғой. Осы әрбір бунақ бір-бір такті болып есептелуі керек. Әнді айтқанда, саз сөзге бағынып отырғандығын аңғаруға болады. Оны жүзеге асырып отырған Әдебиет және өнер институтындағы ғалымдар. Олардың еңбегі зор.

‒ Бізде «Біржан сал», «Ақан сері» кинолары, Балуан Шолақ, Шәмші туралы спектальдер бар. Тағыда қандай тұлғалардың өмірі жайлы кино немесе спектакль қою керек деп ойлайсыз?

‒ Моцарт, Бетховен, Пучини туралы киноларды, Джузеппе Верди туралы 70 жылдары түсірілген 7 сериялы фильмді көріп шықтым. Қандай керемет! Ал бізде ондай тұлғалар жоқ па? Біржан салдың өзі бір кино емес, бірнеше сериал түсіруге болатын тұлға. Балуан Шолақ, Мәди, Әсет, Жаяу Мұса сынды таудай тұлғаларымыз бар. Ақан сері туралы кинода бірде Құлагер, бірде басқа дүниені көрсетіп, Ақан серінің шығармашылық тұлғасын ашылмай қалған. Бейне бір сурет өнеріндегі абстракция сияқты. Ешкім ештеңе түсіне алмайды. Бізге халық түсінетін, халықтың жүрегінен орын алатын, тілі түсінікті дүние керек. «Біржан сал» киносы этнографияға тұнып тұр. Бізде өнері бүгінгі қазаққа жетпей, шаң басқан архивтерде жатқан тұлғалар өте көп. Олардың мол мұрасы, шығармашылық қазынасы, өмірі тұтас қоғамды тәрбиелей алатын идеология құралына айнала алады.

Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан

Жәнібек ҒАЛЫМ

Соңғы жаңалықтар