2108
Қазақ хандығы тарихын зерттеп, «қазақ» сөзінің мәнін ашқан
Қазақ хандығы тарихын зерттеп, «қазақ» сөзінің мәнін ашқан
«Тарихты жасаудан оны жазу қиын» дегендей, өмірінің жарты ғасырдан астам уақытын қазақ тарихының Алтын Орда мен Қазақ хандығы дәуірлерінің өзекті мәселелеріне арнап, бүгінгі күндері осы тақырыптар бойынша ең жетекші маманға айналған тарихшымыз – Тұрсын Сұлтанов. Т.Сұлтановтың есімін тарихшылардан басқа қазіргі қазақ еліндегі қоғамтанушы ғалымдармен қатар, барлық көзі ашық, көкірегі ояу, ел тарихын жақсы көретін оқырмандардың бәрі біледі десем, артық айтқандық емес. Оның Қазақ хандығы тарихының маңызды мәселелері, хандардың шығу тегі, қазақ этногенезі, «қазақ» сөзінің мәні мен мазмұны және тағы басқа мәселелері бойынша жасаған ғылыми тұжырымдары қазіргі таңда отандық тарихнамамыздың осы кезеңдерді зерттеудегі жеткен жетістіктерін көрсетеді.
Тұрсын Икрамұлы 1940 жылы 7 мамырда Алматы облысы Қарасай ауданы Шамалған ауылында дүниеге келген. 12-13 жасына дейінгі балалық шағы Шамалғанда өтеді. 6-сыныптан бастап әкесінің жұмысына байланысты Алматы қаласындағы мектептердің бірінде оқуын жалғастырады. 1959-1962 жылдары Кеңес әскері қатарында Әскери-әуе күштерінің десант бөлімінде борышын өтеп келіп, сол кездегі Ленинград мемлекеттік университетінің Шығыс факультетіне түседі. Мамандануы Таяу және Орта Шығыс елдерінің тарихы кафедрасында өтіп, есімдері бүкіл әлемге аян шығыстанушы ғалымдар И.Петрушевский, С.Иванов, А.Желтяков, А.Тагирджанов секілді ірі мамандардан білімін алып, тәрбиесін көреді. Университетте қазақ, орыс тілдерінен басқа түрік, парсы, шағатай, ағылшын тілдерін жетік меңгереді. 1967 жылы оқуын бітірген жас талантқа ұстаздары мен маманданған кафедрасы ғылыммен айналысуға кеңес береді. Сөйтіп, ол сол жылы КСРО ҒА Шығыстану институтының Ленинград бөлімі жанындағы аспирантураға қабылданады да, атақты шығыстанушы, Ауғанстан мен Орталық Азия тарихының жетік білгірі В.Ромодиннің жетекшілігімен ортағасырлық Қазақстан тарихымен айналысады. 1971 жылы «Парсы-тәжік және түрік тілдеріндегі деректер бойынша XVI-XVII ғғ. қазақ халқы тарихының негізгі мәселелері» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғайды. Одан кейін Алматыға оралып, 1971-1974 жылдары Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында ғылыми қызметкер болып жұмысын жалғастырады. Ғылыммен одан әрі терең айналысу үшін Тұрсын Икрамұлы 1974 жылы дүниежүзіндегі Шығыстану ғылымының орталықтарының бірі саналатын Ленинград қаласына қайта оралып, ондағы ҒА Шығыстану институтының бөліміне қызметке тұрады. 1988 жылы Деректану және тарихнама мамандықтары бойынша «XV-XIX ғғ. Орта Азия мен Шығыс Түркістанның тарихи әдебиетінің ескерткіштері» атты тақырыпта докторлық диссертациясын қорғап шығады. 2002 жылдан бері профессор атағын алған. 1997 жылға дейін Санкт-Петербор қаласындағы Ресей Ғылым академиясының Шығыстану институтының бөлімінде жұмыс істеп, осы жылы өзі оқыған университеттің Орталық Азия және Кавказ тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметіне ауысады. Ұзақ жылдар бойы аталған кафедраның меңгерушісі болып қызмет атқарады. Бүгінгі күндері сол кафедраның профессоры ретінде қызметін жалғастыруда. Жерлесіміздің қысқаша ғылыми жолы осындай.
Т.Сұлтановтың ортағасырлық Қазақстан тарихын зерттеуде қосқан үлесі жөнінде әңгімелесек, ғалымның негізгі зерттеу бағыты – XIII-XVII ғасырлардағы Орталық Азияның тарихы, тарихнамасы және деректемелік мәселелері. Оның ішінде ортағасырлық Қазақстан тарихы басты бір жеке зерттеу бағыты болады десек, қателеспейміз. Өйткені профессор Т.Сұлтановтың 200-ден аса жарық көрген ғылыми жұмыстары ішіндегі жеке өзі және әріптесі, ерте түрік дәуірінің көрнекті маманы С.Кляшторныймен бірлесіп жазған он шақты монографияларының көбі тек Қазақстан тарихына арналған. Профессор Т.Сұлтановтың есімі әлемдік ғылыми ортада танымал. Ол көптеген халықаралық конференцияларда ортағасырдағы Орталық Азия тарихына арналған баяндамалар жасады. Оның С.Кляшторныймен бірігіп жазған «Казахстан летопись трехтысячелетий» атты еңбегі Германияда, Жапонияда, түрік елінде сол елдердің тіліне аударылып, тарих мамандығын даярлайтын жоғары оқу орындарының бағдарламасына негізгі пәндердің қатарына енгізілген.
Тұрсын Сұлтановтың ортағасырлық Қазақстан тарихындағы ерекше ден қойып зерттеген мәселелерінің бірі – Қазақ хандығының тарихы, оның ішінде хандықтың алғашқы кезеңдеріндегі этнотарихи мәселесі болды. Соғыстан кейінгі және 60-80-жылдардағы тарихнамада қазақ этногенезі, «қазақ» сөзі, хандықтың құрылуы мәселелері зерттеуші мамандар арасында қызығушылық тудырғаны белгілі. Белгілі шығыстанушылар А.Семенов, С.Ибрагимов, В.Юдин, К.Пищулина, Б.Ахмедов және тағы басқалары Қазақ хандығының құрылған уақыты жөнінде өз пікірлері мен тұжырымдарын зерттеулерінде негіздеуге тырысады. Олардың пікірінше, қазақ мемлекеттілігі XV ғасырдың 50-жылдарының ортасы мен XVI ғасырдың 40-жылдары аралығында қалыптасқан. Сол жылдардағы жас ғалым Т.Сұлтанов та бұл мәселе бойынша өз тұжырымын 1971 жылы ҚазССР ҒА Хабаршысында жарық көрген «Қазақ мемлекеттілігінің басталуы туралы кейбір ескертпелер» атты мақаласында жариялайды. Көлемі жағынан аз болса да ғылыми құндылығы өте жоғары бұл мақалада ол Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан бөлініп, көшіп кетуі мен одан кейінгі он шақты жылдан кейін Шығыс Дешті Қыпшақ аумағына қайтып келіп, шибанилық әулетті ығыстырғаннан кейін Қазақ хандығы дүниеге келді деген тұжырымды ұсынады. Автор бұл ойынан әлі күнге дейін бас тартпай, керісінше, кейінгі зерттеулерінде бұл ойын одан әрі негіздей түсуде. Біз өзіміздің осы мәселеге қатысты зерттеуімізді жүргізу барысында ол бізге «Бір қазанға екі қошқардың басы сыймайтыны» сияқты, бір елде екі әулет өкілдері хан бола алмайды. 1470-ші жылдар басында ордаежендік әулеттің шибанилық әулетті жеңуімен қазақ мемлекеттілігі басталады», – деп кеңес берген еді. Сөйтіп, біз Қазақ хандығының құрылуы жөніндегі еңбегімізде осы тұжырымды негізге алдық. Осылайша, Тұрсын Сұлтановтың осыдан жарты ғасыр бұрын қазақ мемлекеттілігінің басталуы жөніндегі жасаған тұжырымы әлі күнге дейін өміршең болып, өз маңызын жойған жоқ деп есептейміз.
Қазақ тарихындағы ең көп пікірлер тудырған мәселелердің бірі – «қазақ» сөзі жөніндегі мәселе болды деуге болады. Әсіресе, әдебиеттанушылар мен тіл мамандары, кейбір тарихшылар бұл сұрақ туралы небір қисынға келмейтін пікірлер білдірді. Тіпті, олар қазақ атауын қазақ этногенезінен бөліп қарастырып, ғылыми әдістемелік жағынан теріс жолға бұрады. Бұл жөнінде де Т.Сұлтановтың тұжырымдары тағы да ғылыми негіздегі шынайылығымен ерекшеленеді. Ол мәселенің деректік негіздері мен тарихнамалық жетістіктеріне сүйене отыра, қазақ атауының бірнеше ғасыр ішіндегі эволюциялық мәніне талдау жасап, алғашында ол сөздің әлеуметтік мәні болғанын және соған сай мазмұнын ашып көрсетеді. Одан кейін тарихи даму барысында қазақ сөзінің уақытша саяси-әлеуметтік мәнге ие болғанын, соған сай мазмұнын көрсетіп, «қазақташ» термині арқылы дәлелдейді. Одан кейін қазақ атауының мәні саяси-этникалық сипатқа ие болып, оған Керей мен Жәнібек хандарды қолдаған ру-тайпаларды жатқызады да, оның дәлеліне «өзбек-қазақ» атауын келтіреді. Ал «қазақ» сөзінің толық этникалық мәнде қолданыла бастауын Қазақ хандығының Шығыс Дешті Қыпшақта толық жеңіске жетуімен байланыстырады.
Т.Сұлтановтың XIV-XVII ғасырларда Қазақстан аумағында болған этникалық үдерістерді зерттеуде қосқан үлесі зор. Ол алғашқы болып, XV-XVII ғасырларда Арал теңізіне іргелес аймақтарда өмір сүрген тайпалардың тарихына терең үңіліп, қазақ этносының негізін қалаған тайпаларды анықтауға күш салады. Осы ғасырларда Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында өмір сүрген «92 баулы көшпелі өзбек тайпаларының» әр кезеңдерде қағазға түсірілген тізімдерін табады, оларды бір-бірімен салыстырады, олардың шынайылығын анықтайды. Тіпті, сол тізімдердегі тайпалар атауының реттік берілуінің бірнеше себебін көрсетіп береді. Сондай себептердің біріне экономикалық жағынан қуатты, әскери жағынан мықты, сан жағынан көп тайпалар атауының жалпы тізімнің алдыңғы жағынан орын алғанын дәлелдейді. Сондай-ақ жалпы тізімдегі қазақ этносының құрамына енген ру-тайпалардың тарихына сипаттамалар береді. Біз өз кезегінде осы мәселемен айналысу барысында Т.Сұлтанов ұсынған қағидаға сай ізденістер жүргізгенімізде «92 баулы тайпалар» тізімнің алғашқы ондығында қазақ этносының негізін қалаған алты ірі тайпаның тұрғанын анықтадық.
Т.Сұлтановтың ғылыми тұжырымдарының ерекшелігі, оның деректік негіздерінің мықтылығы мен алдыңғы қатардағы тарихнамалық жетістіктермен сабақтастығында болса керек. Ол қазақ хандарының шығу тегі мәселесінде ғылыми мәселені шешудің ең дұрыс жолын талдап береді. Тарихнамада қазақ хандарының шығу тегі мәселесінде «тұқайтемірлік» және «ордаежендік» нұсқалардың бар екені белгілі. Жерлесіміз қарама-қарсы нұсқалардың әрқайсысына негіз болған жазба дерек мәліметтеріне талдаулар жүргізіп, олардағы субъективті тұстарды ашып көрсетеді. Сол арқылы қазақ хандары Жошы ханның үлкен ұлы – Орда Еженнен таралатынын дәлелдеп береді.
Біз бұл мақалада Т.Сұлтановтың орағасырлық Қазақстан тарихын зерттеу барысында қол жеткізген барлық жаңалықтарын тізбелеуден аулақпыз. Ол жөнінде арнайы ғылыми зерттеулер керек. Біз тек ең негізгі және басты деген тұжырымдарды ғана айтып өттік. Ғалымның қазақ тарихын зерттеу барысында ашқан жаңалықтары мен жасаған тұжырымдары отандық тарихнаманың қол жеткізген биік шыңы десе, артық айтқандық емес. Сол арқылы біз Т.Сұлтановты дамыған және кейінгі ортағасырлардағы Қазақстан тарихының ең көрнекті зерттеушісі деп білеміз.
Берекет КӘРІБАЕВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры,
тарих ғылымдарының докторы