«Қазақ полкіндегі» қаһарман

«Сәлем қымбаттым, құрметті Еркеш, Болат, Таня, Зауре, Дүйсебай, Қан­тай! Мен тірімін, бірақ мен сен­дерден хат алмағандықтан, үйде қа­лай отырғандарыңды білмеймін, қат­ты уайымдап жүрмін.
20 ақпанда та­ғы да майданға жібермек. Құдай сен­дердің  көз жастарыңды көрсе, мен соғыста тірі қалармын. Егер бәрі жақсы болса, кейінірек кездескенше! Жы­лама, көп уайымдама, малды бақ, өзің­ді күт. Қош бол, жаным! Бәріне сә­лем. Мені ұмытпа. Қош-сау бол!
Бо­лат, Таня, мен сендерді сағындым. Мен жауды жеңгеннен кейін ора­ла­мын. Қызыл Армия күзетшісі А.Мә­миев­тен».

Екінші дүниежүзілік со­ғыс­тың алғашқы соққыларын қабылдаған тарихи орындардың бірі Брест бекінісі болғаны тарих­тан белгілі. 1941 жылғы 22 мау­сым­­да дәл осы бекініске жойқын шабуыл жасалады. Қорғаушылар жертөлелер мен бекіністердің қалтарыс жерлеріне жасырынып, 1941 жылдың күзіне дейін фашис­термен күресті жалғастыра береді… Әртүрлі мәліметтер бойынша, Брестте бес жүзден мыңға дейін қазақстандық жауынгер болған. Солардың қатарында Жамбыл об­лысы Қордай ауданының ту­ма­сы, Түрген педагогикалық училище­сі­нің түлегі, мектептің жас мұға­лі­мі Әбдіразақ Мәмиев те ерен ерлі­гі­мен ел есінде қалды. Әбдіра­зақ Мәм­иев «қазақ полкі» атанып кет­кен 125-атқыштар полкінің 2-ба­тальонының 4-бригадасының 3-вз­водында мерген болған. 1941 жылы 22 маусымда, сағат 10:00-де оның бір бөлігі демобилизацияға дайындалады. Бірақ нацистік шабуыл жоспарларын өзгертіп жі­беріп, оның бір бөлігі Брест қа­ма­лын қорғауға қалады. Мұны өз есте­ліктерінде Ә.Мәмиев: «Сол түні сар­баздар ұзақ ұйықтай алмап еді, бар­лығы да жақын-жуықтарымен ен­дігі кездесу бола ма, жоқ па деп ал­дын ала алаңдаушылық білдірді. Әң­гімелер түн ортасына дейін жал­ғас­қан еді» деп жазады.

 

Түн жарымында, ел шырт ұйқыда жатқанда қаланы ат­қылау басталады. Қорғаушылар бол­са бекіністен шығуға бірден ше­шім қабылдайды. Ұрыс кезінде Мә­миев жараланып жатқанына қара­май, өзімен бірге командирі Григорий Ландышевті от пен оқ­тың арасынан шығарып алады. Ко­мандир өзін атып тастауды бұйыр­ғанымен, Әбдіразақ Мәмиев бұл бұйрықты орындаудан бас тар­та­ды. Мәмиев сол бір қан май­дан­нан аман қалған Григорий Алек­санд­ровичтің соғыс аяқталған соң ұзақ өмір сүріп, 1984 жылы ғана қай­тыс болғанын кейінгі ұрпақ­тың есіне салады. Бекіністен шық­қаннан кейін де кейбір сарбаздар тұт­қынға түседі, олардың ара­сын­да біздің кейіпкеріміз де бар. «Біз немістермен алғашқы соғысты осы Брест қамалында қарсы алдық», – деп Ә.Мәмиев оны өз естелік­терін­де де жазған-ды.

Араға біраз уақыт салып, ол Польшадағы Белоподлязка неміс концлагерінде есін жияды. Брест бекінісін қорғаған басқа 112 жауынгердің арасында тірі қалу бақыты тек оған ғана бұйырғанын кө­ріп, өзі де таңғалады. Тарих ғы­лым­дарының кандидаты, Әбдіра­зақ Мәмиевтің ұлы Еркеш Мәмиев әкесінің естеліктері мектеп мұражайында сақтаулы тұрғанын, онда жауынгердің майдан дала­сындағы әрбір күні жазулы екенін айтады. Майдангер Әбдіразақ Мәмиев бұл кезде лагерьде көп­те­ген тұтқындар болғанын және не­містер оларды қынадай қырғанына да өз естеліктерінде арнайы тоқ­тал­ған. «Лагерьде ауызсуы бар бір қ­ұдық бар еді. Тек белгілі бір уа­қытта ғана су алуға рұқсат етілетін. Алу­ға үлгермегендер сол жерден оққа ұшатын еді. Күніне 100 мәйіт арнайы шұңқырға көміліп жата­тын. Осылайша тұтқында да бір жы­лым өтіпті. Бірде бізді орманға отын жинауға алып кетті. Осы кез­де бізді күзеткен немістер поляк партизандарының шабуылына ұшырады. Солардың арқасында мен аман қалып едім» деп еске алған екен Ә.Мәмиев. Партизан отряд­тарымен бірге ол бір жылға жуық тағы күрескен.

1943 жылы қайтадан Қызыл Армия қатарына оралған ол 3-майданның әскерлері құрамында Украинаны азат етуге қатысты. 1944 жылғы 18 ақпанда жауынгер отбасына хат жолдайды. Майдан­гер соғыс басталмай тұрып үйлен­ген, балалы-шағалы болған. Жұ­байы мектепте еңбек ететін. Бұл хат­тың күні бүгінге дейін сақталып отырғандығы жайлы деректі май­дангердің қызы Татьяна Мәмиева­дан біле алдық. Хатта: «Сәлем қым­баттым, құрметті Еркеш, Бо­лат, Таня, Зауре, Дүйсебай, Қантай! Мен тірімін, бірақ мен сендерден хат алмағандықтан, үйде қалай отырғандарыңды білмеймін, қатты уайымдап жүрмін. 20 ақпанда тағы да майданға жібермек. Құдай сендердің көз жастарыңды көрсе, мен соғыста тірі қалармын. Егер бәрі жақсы болса, кейінірек кездескенше! Жылама, көп уайым­дама, малды бақ, өзіңді күт. Қош бол, жаным! Бәріне сәлем. Мені ұмытпа. Қош-сау бол! Болат, Таня, мен сендерді сағындым. Мен жауды жеңгеннен кейін ораламын. Қызыл Армия күзетшісі А.Мәмиев­тен» делінген екен. 1944 жылдың қазан айында Одессаны азат ету кезінде жарақат алып, жауынгер Тбилиси қаласындағы әскери гос­пи­тальға жеткізіледі. Дәрігерлер оның оң аяғын кесуге мәжбүр бо­ла­ды. 1944 жылы қарашада Әбді­разақ Мәмиев Алматы облы­сын­дағы туған ауылына оралды. Украинаны азат етуге қатысқаны үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1975 жылғы 30 сәуірдегі Жарлығымен «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. «КСРО Қарулы Күштеріне 50 жыл» (1918-1968), «Ұлы Отан соғысын­дағы жеңістің жиырма жылдығы» (1945-1965), «Ұлы Отан соғысын­дағы Жеңістің отыз жылдығы» (1945-1975) медальдарымен мара­патталған.

Соғыстан кейін ол педагоги­ка­лық жұмысын жалғас­тырып, 1951 жылдан бастап Алма­ты облысы, Қызыләскер ауылын­дағы бастауыш мектептің дирек­торы болады. Бүгінде бұл мектеп даңқты жерлестерінің есімімен аталады. Әбдіразақ Мәмиев 1977 жылы 60 жасында дүниеден озды.

«Әкем поэзияны жақсы көрді, Жам­был Жабаевтың өлеңдерін аударуға қатысты, Пушкинді сүйіп оқитын. Маған Татьяна деген есім беруі де сондықтан еді. Менің үл­кен ағам Еркеш екеуіміз ұстаз­дық жолды таңдадық. Тағдыр тауқыметін қанша арқалағанымен, бар ғұмырын саналы ұрпақтың тәр­биесі жолына арнаған әкем сияқ­ты ардагер жандардың рухына мәңгілік басымызды иеміз. Олар жа­саған ерліктің қайталануы мүм­кін емес, енді қайталатпасын да», – дейді майдангер ұрпағы, қызы Татьяна Мәмиева.

Ә.Мәмиевтің Екінші дүние­жүзілік соғыстың ең қиын да қанқұйлы сәтін бастан кешкен, жүрегіне өшпестей жара салған Брест қамалы тарихи ғұмырын мәң­гілікке жалғап тұр. Әскери бо­рышын өтеген кездегі, яғни соғыс басталар алдында түскен фото­суреті, өмірбаяны, Екінші дүниежү­зілік соғыста көрсеткен ерлігі үшін алған орден-медальдары, өзге де құжаттары «Батыр қала – Брест қама­лындағы» мемориалдық кеше­ні­нің музейіне қойылған. Ер есімі­нің ел есінде осылай мәңгі сақ­талуы тарих толқынында ешқашан жойылмайтыны да қуантады.

Бүгінгі таңда Брест қамалы­ның мұражайында Қызыл Армия жауынгері Әбдіразақ Мә­миев­тің фотосуреті тұрса, оның ас­тына «Ерекше ерлігі – коман-­дир­ді құтқаруы» деп жазылған.

Тарих ғылымдарының док­торы, профессор Ләйлә Ах­­ме­това өз еңбектерінде: «Қазір бұ­лай болуы мүмкін емес сияқты, бі­рақ бұл біздің өткеніміз. Брест батырларының барлығы, жүз пайыздың 90 пайызы тексерулер­ден, түрмелерден, неміс және Кеңес лагерьлерінен өтті. Парти­зандар ретінде тергеуде болды. Соғыстан кейін Брест қама­лын үй салу үшін кірпішпен бөліп тастады. Алайда кейіннен 1949 жылы лей­тенант Наганов және оның жауын­герлерінің мүрделері табылды. Бақытымызға орай, лейтенанттың қалтасында комсомол билеті болған. Лейтенант Нагановтың взводында көптеген отандас­тарымыз, қазақтар мен ұйғырлар болған. Өкінішке қарай, олардың есімдері әлі де белгісіз. Бірақ сол сұрапыл шақтарда олар сол жерде болды, майдан даласында кеудесін оққа төсеп соғысты» деп жазады.

Брест қамалы алынған тұста, көп жауынгерлердің құжат­тары өздерімен бірге табылмаған. Мәселен, бастапқы деректер­де Мәмиев басқа полкте болды деп жазылып, оның Брест бекінісінің қорғаушысы болғаны бірден анық­талмаған болатын. Бірақ мұра­ғат­тық құжаттар оның дәл сол ба­тальонда екенін кейіннен анықтап көрсеткен. Тағы бір ескеретін жайт, соғыс кезінде есімдер, тегі және әке­сінің есімдері жиі бұрма­лан­ған­дықтан, жауынгерлердің бәрін бірдей нақтылау және дәлелдеу тіпті бірнеше жылдарды қажет етті. Абырой болғанда, Мәскеуде сақ­талған құжаттар көптеген де­ректер беріп келеді. Күні бүгінге дейін ресейлік іздеу жүйелері Әб­діразақ Мәмиев қатысқан полкті «қа­зақ» немесе «Алматы» полкі деп атай­ды екен. Мұның өзі дәл сол май­дан төсінде көптеген қазақ­стан­дық жауынгер болғанын аңғар­тып тұр.

Әсел Жақсыбай

Back to top button