377
Карантин қиындық па, мүмкіндік пе?
Карантин қиындық па, мүмкіндік пе?
Карантин дегенді естігеніміз болмаса, бастан өткізіп көрмеген едік. Шын мәнінде, бұл сынақ екен. Әсіресе, пәтерде тұратын адамдарға қиын. Десе де, өзіміз үшін, ата-анамыз бен балаларымыздың амандығы үшін сабыр сақтауға тура келеді. Сынақта сынып қаламыз ба, шыңдалып шығамыз ба? Яғни карантин қиындық па, әлде мүмкіндік пе? Қиындық деп ойласаңыз, осы ойыңызды ақтап алуға тырысасыз. Карантинге шағымданасыз, вирусты қарғап-сілейсіз. Бір сөзбен айтқанда, қиын екенін ақтап алуға себеп іздейсіз. Ал оны мүмкіндік деп қабылдасаңыз, осы уақытты ұтымды пайдаланудың жолын іздейсіз. Өзім үшін бұл карантин мүмкіндік болды. Мен көріп тұрған мүмкіндік жолдарымен бөлісейін.
Өзіңді жетілдіру
Университетті тәмамдап, жұмысқа араласа бастаған кезде кітап оқуға уақыт таппайтынмын. Сол кезде мектепте немесе университетте жүргенде осы дүниелердің бәрін неге оқымағанмын деп ойлаушы едім. Дәл сондай мүмкіндік туа қалса, жатып алып оқимын деп айтатынмын. Міне, қазір іздегенге сұраған. Кітапты әншейін оқи салмаңыз. Астын сызып оқыңыз. Сосын түсінгеніңізді үйдегілерге айтып беріңіз. Құр оқысаңыз оқығанның 5-10 пайызы есте қалады, ал айтып берсеңіз әрі оны талқыласаңыз 50 пайызы есте қалады. Сонымен бірге, ойыңызды еркін жеткізуге, сөйлеуге машықтанып аласыз.Сүйікті ісіңмен шұғылдану
Әр адамның құлшына істейтін жұмысы болады. Сүйікті ісің, хоббиің. Онымен айналыссаңыз, уақыттың қалай өтіп кеткенін білмей қаласыз. Дүниені ұмытып, өзіңізбен-өзіңіз қаласыз. Адамның мұндай күйін «ағым» деп атайды. Ағым тудыратын ісіңіз болмаса, іздеп көріңіз. Кішкентай кезіңізде немен айналысқанды жаныңыз қалайтын? Ұнайтын ісіңіз болмауы мүмкін емес! Жасырын жатқан болар. Айталық, қазір менің сүйікті ісім – аударма, кітаптарды мазмұндау, мәтінді өңдеу... Бұл іске кіріссем, еш шаршамаймын. Күн демей, түн демей, компьютер пернесін теріп отыра беремін.Бала тәрбиесі
Таңертең кетіп, кешке келетін жұмыс бала тәрбиесімен толыққанды айналысуға қол байлау. Ал қазір өзіміз де үйдеміз, балаларымыз да тәулігіне 24 сағат 7 күн жанымызда. Карантиннің арқасында балаларымыз қай пәнді игере алмай жүргенін біліп алдық. Бірге оқимыз. Басында ұрысатын едік. Ұрыссаң, бала сабақты түсінбейтінін ұқтық. Себебі ұрысқан кезде баланың таным саңылауы бітеліп қалады. Ұрыс естіген адам қорғанысқа көшеді. Сондықтан 5 рет айтсаңыз да, 10 рет түсіндірсеңіз де, ұрыспай, мақтап отырып мұғалімдік жасағаныңыз жөн. Сонымен бірге, қазақша және ағылшынша шағын мәтіндер оқытып, оны өз сөзімен айтқызып, «қайда, қалай, неге олай ойлайсың?» деген сыңайлы сұрақтар қойып, баланы менталды ізденіске бастаңыз. Сосын диктант немесе spelling test жазғызасыз. Үйде отырып бірге істейтін жұмыс көбейген сайын ерлі-зайыптылардың ортақ әңгімесі де көбейіп, отбасы бірлігі арта түседі. Соны байқадық. Бұрын мұнша көп уақытты бірге өткізбеген сияқтымыз. Жоғарыдағы тізімге спортты (30 рет пресс, 5 минут планка, 30 рет отырып тұру, 15 рет кеудесерпер (отжимание) қосыңыз. Әрине, қайталана беретін жағдайдан жалығып, стрестен эмоцияға ерік беретін кездер де болуы мүмкін. Сондайда кезде де өзіңізді сабырға шақырып, көзді жұмып жақсы күндерді еске түсіріп, карантин біткен соң істейтін жұмыстарды елестетіңіз. Оны визуализация дейді. Мықты тәсіл. Кезінде концлагерьде отырғандар қолданған екен. Десе де, карантин – түрме емес. Бір-екі ай отбасымыздың амандығы үшін шыдауға болады. Сонымен бірге сабыр еткізер тағы бір тәсіл бар. Көзді жұмып шүкіршілік етіп, әке-шешеңізден бастап, көрші-қолаңға дейін іштей алғыс айтып шығыңыз. – Осы дүниге әкелген әке-шешеме алғыс айтамын! – Бала күнімнен бірге өскен бауырларыма алғыс айтамын! – Ұрпақ сүйгізіп, отбасының ұйытқысы болып отырған әйеліме алғыс айтамын! – Ілім-білім берген ұстаздарыма алғыс айтамын! Алғыс айтар адамыңызды жалпыламай, кімге не үшін алғыс айтатыныңызды іштей айтыңыз. Алғыс айтар адамның саны онға жеткенде өзіңіз де сабаңызға түсесіз. Карантин тек сіздің басыңызға түскен ауыртпалық емес. Қазір бүкіл әлем карантинде отыр. Бәрі де өткінші, бұл да өтер. Сабыр сақтайық. Есіл уақытты өз кәдемізге жаратайық!Шыңғыс МҰҚАН,
«Болашақ» бағдарламасының түлегі