Көшті қозғайтын тетік – квота

Көшті қозғайтын тетік – квота

Көшті қозғайтын тетік – квота
ашық дереккөзі
Қандастарға берілетін квота көлемі ха­лық санының өзгеруіне, елдің әлеуметтік және экономикалық жағдайына байла­ныс­ты әр жылға әртүрлі белгіленді. Квотаның көлемі Президент Жарлығымен бекітіледі. 1993 жылы бірінші рет жылдық квота бе­кітілген болатын. Осынған сәйкес 10 000 (ша­мамен 40 000 адам) отбасының көшіп келуі­не мүмкіндік туды. Алғашқы жылдар­да­ғыдай емес, 1999-2000 жылдары 500 отба­сы­на дейін төмендеді. Ал 2002 жылы ел эко­номикасының өсуіне байланысты квота кө­лемі 2005 жылы 15 000 отбасына дейін арт­ты. Онсыз да атажұртын аңсап отырған алыстағы ағайын­ға квотаның берілуі көштің белсен­ділі­гін арттыра түсті. Тарихи Отанға оралу патриоттық сезім мен ұрпақ қа­мы үшін дегенімізбен, адам өмі­рін­де материалдық құндылық өз қажеттілігін жойған емес. Квота ше­телден көшіп келетін қандастар үшін ең басты стимул болды. Квота кө­лемін әр жыл сайын арттырып, шар­тарапқа шашыраған қазақты бір шаңыраққа ұйыстыру саясаты Тұң­ғыш Президент Н.Назарбаевтың стра­тегиялық маңызды жоспары бол­ды. Жан-жақты зерттеліп, әлем­дегі репатриацияны ынталан­дыру­дың озық үлгілерінің негізінде біре­гей жобалар іске асты. Оған куә әр жылдардағы Президент Жар­лық­тарын атап өтуге болады. Айталық, 2004 жылғы 27 желтоқсандағы «2005-2007 жылдарға арналған орал­мандардың көші-қон квотасы» ту­ралы, 2004 жылғы 31 қарашадағы «2004 жылдарға арналған орал­ман­дардың көші-қон квотасы» туралы, 2003 жылғы 10 ақпандағы «2003 жыл­дарға арналған оралмандардың кө­ші-қон квотасы» туралы қабыл­дан­ған Жарлықтары көші-қон сая­сатына оң ықпалын тигізді. 1996 жылдан бастап, қандастар са­ны бекітілген квотадан асып түсті. Ал 2001 жылы тарихи Ота­ны­на қайтып келгендер саны бе­кі­тіл­ген квотадан 15 есе көп болды. 2002 жы­лы квотаның 2 000 отбасына кө­бейтілгеніне қарамастан, көшіп келу­шілер саны 4 есе көбейді. 2004 жы­лы квота 10 000 отбасына көбей­се де, тарихи Отанына оралушылар саны квотадан 86 пайызға өсті. Осындай тиімді стратегиялық саясаттың соңы жемқор­лық­­қа ұласты. Шетелден келген қан­дастардың құжаттарын реттеп бе­ретін делдалдар көбейді. Квота бе­ретін орындағы шенеуніктер жең ұшынан жалғасып, мемлекет қа­ра­жатын талан-таражға салды. Қан­шама қызметкер осы іспен жауапқа тартылды, сотталды. Кейбірі аларын алып болған соң шетелге қашып кет­ті. Осындай келеңсіздік, парақ­ор­лық пен жемқорлықтың салқыны кө­ші-қон саясатына орасан зор ке­сірін тигізді. Сонымен қатар ал­ғаш­қы жылдары қандастардың кво­таға енгізілу өлшемі «Көші-қон ту­ралы» заңда нормативтік құқық­тық актілерде нақтыланбады. Бұл да жемқорлыққа жол ашты дейді ма­мандар. Осының салдарынан 2009 жылдардан бастап квота тоқ­татылды. Яғни, қандастар бұрын­ғы­дай мол көмек ала алмайтын болды. Заңға өзгерістер енді. Осыдан кейін көш тоқырай бастады. Алғашқы жылдары Үкімет өңір­лік квотаға 7 облысты бел­гіледі. Кейін қандастарды қабыл­дауға Ақмола, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қа­зақстан облыстары белгіленді. Квотаның көлемі де бұрынғы мөлшерінен едәуір азайды. Адам басына шаққанда ең көбі 90 мың теңге, отбасына 500 мың теңге. Со­нымен бірге квота алған елді­ме­кенде 15 жыл тұрақты тұруың шарт. Көшкен жағдайда мемлекеттен алған көмекті қайтарып береді. Қазақстанда қандастарды қа­былдаудың биылға арнал­ған өңірлік квотасы Үкіметтің қау­лысына сәйкес, 1 378 адамға беріл­мек. Бұл былтырмен салыстырғанда 653 адамға аз. Өткен жылы 2 031 адамға квота бөлінген болатын. «2020 жылы квота былайша бө­лін­ді: Павлодар облысы бойынша – 500 адам, Қостанай облысы – 350, Ақ­мола облысы – 258, Шығыс Қа­зақ­стан облысы – 150 және Сол­түс­тік Қазақстан облысы бойынша – 120» делінген Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің 27 қаңтардағы ақпаратында. Қазақстанға келген қан­дас­тар­ды қолдау ретінде субси­дия бөлінеді. Тарихи Отанына кө­шіп келген отбасының әр мүшесіне 35 АЕК (84,2 мың теңге) мөлшерінде біржолғы төлем, тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерді төлеуге жұмсалған шығысты жабуға 12 ай ішінде отбасына 15-тен 30-ға дейінгі көлемде АЕК (36,1-ден 72,2 мың теңге) беріледі. Аталған бес облысқа барып, квота немесе баспана алуға болады. Онда көшіп барған көп­тег­ен қандастар тиісті әлеуметтік кө­ме­гін уақытымен алып жатыр ма? Осы­ған орай біз Дүниежүзі қазақ­та­рының қауымдастығының өңір­лік бөлім жетекшілерімен хабар­ла­сып, квота жайын білген едік. Қарлығаш ҚОЖАМҰРАТОВА,  Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Нұр-Сұлтан және Ақмола облыстық бөлімінің жетекшісі: – Өткен жылғы Ақмола облы­сы­на бөлінген өңірлік квота толық иге­ріліп, қосымша 50 адамға өтініш бердік. Оларға квота бөлінді. Был­тыр қараша айынан бастап кел­ген­дердің біразы биылғы квотаға ілікті. Мә­селен, қаңтардан бастап 49 адам­ға квота бекітілген. Жалпы, қазір кво­­та жағдайы қалыпты деуге бо­ла­ды. Сәбит ЖАНАТҰЛЫ, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Павлодар облыстық бөлімінің жетекшісі: – 2019 жылы Павлодар облысы бойынша қандастардың өңірлік квотасына 109 отбасы енді. Бөлін­ген квотаның аяқталуына бай­ла­нысты, біраз отбасы қандастардың өңірлік квотасына кіре алмай қал­ған. Бірақ олар 2020 жылғы қаңтар басындағы комиссиясының ше­ші­мімен барлығы қандастардың өңір­лік квотасына енді. Әскерхан АҚТАЙ,  Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Шығыс Қазақстан облыстық бөлімінің жетекшісі: – Биылға 150 квота бөлінген. Ол кво­та толық игерілді. Бірақ бұрын келген, кейін келгені бар, әлі де кво­таға енбей қалған қандастар бар. Осы­ған орай, тиісті орындарға қо­сым­ша квота беруге өтініш бердік. Арман СҮЙІНДІКОВ, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Солтүстік Қазақстан облыстық бөлімінің жетекшісі: – Көші-қон саясатын жандан­дыру мақсатында бөлінген өңірлік квотаға Солтүстік Қазақстан об­лы­сы бойынша өткен жылы 62 отбасы, яғни 139 қандас енгізілді. Биылға 120 квота бөлінді. Ал жалпы алғанда біз­дің өңірде құжаттары дұрыс бо­лып тұрып, квотаға енбей қалған от­басы тіркелген жоқ. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,  Дүниежүзі қазақтары­ның қауымдас­тығы Қостанай облыстық бөлі­мінің жетекшісі: – Қостанай облысы бойынша өткен жылы 850 адамға квота бе­ріл­ген. Бірақ олардың ішінде алдыңғы жыл­дары квотаға енбей қалған адам­дар бар. Ал биыл 145 адам ал­ды. Ақшасын ала алмаған, оның ішінде пәтер ақысы тимей жүрген қандастарымыз да бар. Біз солармен жұмыс істеп жатырмыз. Қорыта айтқанда, 2019 жылы Үкі­мет 2 031 адамды қамти­тын қандастарды қабылдауға бе­кі­тілген өңірлік квотасы: Қостанай об­лысы бойынша – 815 адам, Пав­ло­дар облысы бойынша – 550 адам, Ақмола облысы бойынша – 306 адам, Шығыс Қазақстан облысы бойын­ша – 250 адам, Солтүстік Қа­зақ­стан облысы бойынша 110 адам­ға квота беріліпті. Жоғарыда мамандардың пі­кіріне қарағанда, өңір­лік квота саны келушілерге жетпей жат­қанын байқаймыз. Сондықтан да қандастардың экономикалық жә­не әлеуметтік жағдайын жақ­сарту үшін көші-қон саясатындағы ең маңызды тетік квота беру жүйе­сін қайта жаң­ғырту маңызды. Заңда қан­дастарды квотаға енгізудің нақ­ты өлшемдерін қайта қарайтын кез жетті. Квота бойынша көрсетілетін мемлекеттік көмек (көшуге бері­летін субсидиялар, бір жолғы бе­рі­летін жәрдемақы, баж төлемде­рі­нен босату, тұрғын үйге берілетін жәрдемақы) әсіресе көпбалалы, жал­ғызбасты ана, әлеуметтік жағ­дайы төмен отбасыларға бағыт­тал­ғаны дұрыс. 

Бақытбек ҚАДЫР