Жәрдемақы кімдерге беріледі?
Әлеуметтік төлемнің тағайындалу талаптары құзырлы органдар тарапынан жіті түсіндіріліп, ақпарат құралдарында сан мәрте айтылса да, оның айналасында әлі де сұрақ толастар емес. Онлайн брифингте министр жиі қойылатын сауалдарға жауап берді. Біржан Нұрымбетов бұл әлеуметтік төлем ресми және бейресми жұмыс істеп жүрген, бірақ төтенше жағдай жариялануына байланысты жұмысы шектелген, табысынан айырылған адамдарға тағайындалатынын еске салды. Олар кімдер? Бірінші, жалдамалы қызметкерлер. Бұл – шағын және орта бизнесте жұмыс істеген азаматтар. Егер оларды мәжбүрлі түрде жұмыстан қысқартып немесе ақысыз еңбек демалысына жіберсе, міндетті түрде мемлекет тарапынан әлеуметтік төлем алады. Олардың қатарына коммерциялық емес ұйымдардың ақысыз демалысқа кеткен жұмысшылары да кіреді. Екінші, өз бетінше жұмыс істеген жеке тұлғалар. Яғни, ресми және бейресми жұмыс істейтіндер. Ресми деп отырғанымыз – жеке кәсіпкерлер. Оған адвокат, нотариус, сот орындаушы, медиаторлар, азаматтық құқықта жұмыс істеп жүрген фрилансерлер жатады. Олар төтенше жағдайға дейін тиісті әлеуметтік жарна аударса, 42 500 теңге ала алады. Ал бейресми жұмыс істейтіндер – күнделікті табыспен отбасын асырап жүргендер. Олар бұған дейін бірде-бір рет салық, әлеуметтік, зейнетақы төлем аудармаған болуы мүмкін. Сондықтан мұндай азаматтар қоғамдағы мәртебесін рәсімдеуі керек. Мәртебені рәсімдеу дегеніміз – бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеу деген сөз. Оның мөлшері қала үшін 1 АЕК мөлшеріне тең, ал ауылдық жерлер үшін – 0,5 АЕК. Яғни, сәйкесінше, 2 651 теңге және 1 325 теңгені құрайды. Аталған төлемді төлегеннен кейін ғана бейресми жұмыс істеп жүрген азаматтар мемлекеттік жәрдемақыға өтініш бере алады. Төтенше жағдай режимінің жариялануына байланысты жұмысы тоқтап, табысынан айырылғандардың бірі – Алматы қаласының тұрғыны Аягөз Абай. Карантин жарияланғанға дейін қаладағы тігін шеберханаларының бірінде тігінші болып жұмыс істеген оны басшысы ақысыз еңбек демалысына жіберуге мәжбүр болған. Бейресми жұмыс болғандықтан, бұған дейін мемлекетке салық, әлеуметтік, зейнетақы төлемдері аударылмапты. Сондықтан біріңғай жинақтық төлемді төлеп, мемлекеттік жәрдемақы алуға өтініш берген. «Жұмысымыз тоқтайтынын естігенде әрі-сәрі күйге түстік. Осы жұмыстан басқа табыс көзім болмағандықтан әрі күрделі кезеңнің қанша уақытқа созылатынын білмегендіктен сары уайымға салындым. Пәтерақы төлеу керек, күнделікті ас-суымыз бар дегендей. Табысынан айырылғандарға әлеуметтік төлем тағайындалатынын естігенде, жұмыстағы әріптестеріммен бірге қатты қуандық. 42500.enbek.kz порталы арқылы 42 500 теңге алуға өтініш жібердік. Бастапқыда бізге төленбей қалар ма екен деген күдік болған. Бірақ көп ұзамай, әлеуметтік төлем тағайындалғаны жөнінде хабарлама келді. Жәрдемақы бар қажетімізді өтей алмаса да, айтарлықтай көмек болды. Мемлекеттің қамқорлығын сезіндік. Үкімет бізді қиын жағдайда қалдырмайтынына көзіміз жетті», – дейді Аягөз Абай.Декреттегі аналар әлеуметтік төлемге өтініш бере ала ма?
Бала күтіміне байланысты үйде отырған аналарға баласы бір жасқа толғанша жәрдемақы төленетіні белгілі. Сондықтан олар 42 500 теңге ала алмайды. Алайда үйде отырғанына бір жылдан асып кеткен аналардың төтенше жағдай кезінде жұмысына қайта оралуға мүмкіндігі жоқ. Осыған орай мемлекет оларға да бірыңғай жиынтық төлем төлеу арқылы жәрдемақы алуға жағдай жасады. Үш баланың анасы Жадыра Сәбитқызы 2018 жылы бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан. Балалардың тәрбиесімен айналысу үшін жұмысқа шығуға асықпаған келіншек өткен жылдан бері түрлі тәттілер пісіріп, қолөнер бұйымдарын жасап, үйде отырып табыс тапқан. Төтенше жағдай режиміне байланысты тапсырыстан қағылған ана көппен бірге өтініш беріп, мемлекеттік жәрдемақыға ілінді. «Бастапқыда декреттегі аналар жәрдемақы алмайды дегенді естіп, көңіліміз түскен. Кейіннен декретте отырғанына бір жылдан асқан аналар да әлеуметтік төлемге өтініш бере алады деп хабарланды. БЖТ төлеп, өтініш жібердім. Үш күннен соң хабарлама келді. Отбасымызбен қатты қуандық. Балаларымыздың несібесі шығар. Қауіпті індет өршіп тұрған шақта тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жәрдемақыны үйде отырып-ақ рәсімдеуге мүмкіндік жасады. Құжат жинап сенделген жоқпыз. Тіпті, есепшоты жоқтарға банктер онлайн қызметтер ұсынып, жай күндері күрделі боп көрінетін шаруаларды аз уақытта оңтайландырды. Өз кезегімізде біз де карантин талаптарын бұлжытпай орындап, құзырлы органдардың ескертулеріне құлақ асқанымыз жөн. Мұның бәрі біздің қауіпсіздігіміз үшін жасалып жатқанын ұқсақ екен», – дейді Жадыра Сәбитқызы. Бір айта кетерлігі, бала күтімімен үйде отырған мемлекеттік қызметтегі әйелдерге 42 500 теңге берілмейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министі Біржан Нұрымбетов олардың мәселесі бөлек қарастырылып жатқанын жеткізді. «Төтенше жағдайға байланысты мемлекеттік органдардың, қызметтердің жұмысы шектелген. Сондықтан біріншіден, Президенттің тапсырмасы бойынша 80, тіпті 100 пайызға дейін қашықтан жұмыс істеп жатыр. Екіншіден, декретте отырған аналар БЖТ төлей алмайды. Себебі мемлекеттік қызметкерлер кәсіпкерлікпен айналыса алмайды, заңмен тыйым салынған. Мұндай жағдайда декретте отырған мемлекеттік қызметшілер қайтадан жұмысқа шыға алады. Яғни, мемлекеттік орган оларды қайтадан қашықтан жұмыс істеуге алып, жалақы төлеуі қажет. Біз барлық мемлекеттік органдарға «бала күтіміне байланысты үйде отырған әйелдердің жағдайын шешіңіздер» деп хат жолдадық», – деді ведомство басшысы.Зейнетақы, жәрдемақы алатындарға 42 500 теңге беріле ме?
Төтенше жағдайға дейін жұмыс істемеген зейнеткерлер мен мемлекеттік жәрдемақы алушылар әлеуметтік төлем алмайды. Онлан брифингте осы санаттағы азаматтардың бірі қойған сауалға жауап берген министр: «Сіздерге мемлекеттің тарапынан ай сайын зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы төленіп келеді. Олар төтенше жағдайға байланысты тоқтаған жоқ. Қайта мөлшері артып жатыр, индексация жасалды. Оны мамыр айында көбейген мөлшерде аласыздар. Сондықтан сіздер бұл төлемге ие бола алмайсыздар», – деп түсіндірді. Алайда зейнеткер немесе мемлекеттік жәрдемақы алып жүрген азамат төтенше жағдайға дейін ресми түрде жұмыс істеген болса, министрлік оны ескереді. «Егер төтенше жағдайға дейін бірыңғай жиынтық төлемін төлеп қойған болсаңыз, қосымша ештеңе төлеудің қажеті жоқ. Өтініш берсеңіз, біз оны көреміз. Жұмыс істегеніңіз расталып тұрса, жасыңызға, жәрдемақы алып жатқаныңызға қарамай төлемді береміз. Ал төтенше жағдайға дейін ресми түрде жұмыс істемесеңіз, бірыңғай жиынтық төлемін төлеп әуре болмаңыздар», – деді Біржан Нұрымбетов. Министр атаулы әлеуметтік көмек алушылар да еш кедергісіз 42 500 теңгеге өтініш бере алатынын айтты. Егер мұндай азаматтар төтенше жағдайға дейін ресми, бейресми жұмыс істеп, режимге байланысты кірісінен айырылса, онда әлеуметтік төлем алуға құқылы. Егер бейресми жұмыс істеген болса, өтініш берер алдында бірыңғай жиынтық төлем төлеуі қажет.Табысынан айырылған студенттердің мәселесі қалай шешіледі?

«Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы»
Жоғарыда әлеуметтік төлем алуға 5 миллионға жуық өтініш түскенін айттық. Олардың арасында мемлекеттің қолдауына мұқтаж азаматтар ғана емес, қара бастың қамын ойлайтын ынсапсыздар да бар екен. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, айына 500 мың, 1 млн теңге табыс табатындар да 42 500 теңге алуға өтініш берген. Ең сорақысы, қайтыс болған азаматтардың атынан өтініш жолдауға арланбағандар да бар. Мейлі, өтініш берсін делік, деректер базасы арқылы олардың заңсыз әрекеті бәрібір әшкере болатыны анық. Десе де, оңай олжаға кенелгісі келетіндердің ашкөздігі қиындыққа тап болған азаматтардың қамы үшін таңнан кешке дейін жұмыс істеп жатқан мамандардың уақытын ұрлайтыны өкінішті. Қисынды-қисынсыз жолданған өтініштердің көптігі мемлекеттік органдардың онсыз да машақаты көп жұмысын қиындата түседі. Салдарынан мемлекеттің көмегіне шын мұқтаждар жәрдемақыны сарыла күтіп қалды. «Екінші жұмыста істеп, тұрақты жалақы алып жүрген, оның ішінде мемлекеттік қызметте жүрген азаматтар арасында да өтініш бергендер бар. Бұған қоса, зейнетақы, жәрдемақы алып жүргендер, төтенше жағдайға дейін жұмыс істемегендер, табыстарын жоғалтпай, қайта табыстары артып жатқан кісілер бар. Біз мұның бәрін тексеріп жатырмыз. 500 мыңнан астам адам осындай өтініш берді. Одан кейін «біз ресми мекемеде жұмыс істедік, жеке кәсіпкерлікпен айналыстық, салық, бірыңғай жиынтық төлем төледік» деп өтініш бергендер бар. Бірақ тексеріс кезінде олардан соңғы 12 айда бірде-бір төлем түспегені анықталды. Миллионнан астам адам осындай өтініш берген. Өкінішке қарай, қайтыс болған адамдардың атынан, шетелде тұратын, Қазақстан азаматтығынан айырылғандардың атынан да берілген өтініштер кездесті. 378 адамның атынан осындай өтініштер түсті. Заңсыздыққа жол бермеу үшін біз 4 миллион 900 мың өтініштің бәрін ақпарат жүйелері арқылы тексеріп шығуымыз керек. Соған көп уақыт кетіп, жұмысымыз кешеуілдеп жатыр», – деді Біржан Нұрымбетов. Елбасы «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында: «Біз қазір көмекке аса мұқтаж қарияларды, ардагерлерімізді, көпбалалы аналарды, әл-ауқаты төмендерді, жұмысқа жарамсыз жандарды ерекше қамқорлыққа алуымыз керек. Халқымыздың бойындағы ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей жеткен ең ізгі қасиеттер бізді осыған үндейді», – деді. Адамгершілік деген ұғымның әлі де салмағы бары рас болса, қазақтың жанашырлық деген әдемі сөзінде қасиет қалған болса, қара бастың қамын ойлайтын эгоны қоя тұрайық. Дәл қазір өзгелердің игілігі үшін жасайтын ең ізгі ісіміз сол болмақ. Мұхамедияр ДҮЙСЕНҒАЛИ, заңгер:Жәрдемақы «жыры» халықтың цифрлық сауаттылығы төмен екенін аңғартты
– Қазір дағдарысқа тап болмаған мемлекет кемде-кем. Ақпарат құралдары арқылы қай ел тығырықтан шығу үшін қандай амал жасауда, тұрғындарының әлеуметтік мәселесін қалай шешіп жатыр екен деп бақылап отырамын. Байқағаным, Қазақстан сияқты тұрғындарының денсаулығы мен әлеуметтік жағдайын қатар ойлаған мемлекет көп емес. Біздің ел індеттің таралуын шектеу шараларын дер кезінде қолға алып қана қоймай, қиындыққа тап болған азаматтарын материалдық тұрғыдан қолдауды да жедел қолға алды. 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлеммен бастапқыда 1,5 млн адам қамтылады деген болатын, кейіннен 3 млн адамға беру туралы шешім шығарылды. Барлығы жіті түсіндірілді. Десе де, жәрдемақы «жыры» ел тұрғындарының цифрлық, қаржылық сауаттылығы төмен екенін көрсетті. Қалада тұратын, интернетті күнделікті пайдаланып жүрген азаматтардың өзі банктердің онлайн қызметін пайдалануды білмейтін болып шықты. Өз есепшотының нөмірін қайдан алу керегін, бірыңғай жиынтық төлемді қайда төлеу керегін білмей сандалғандар көп. Шалғай елді мекендерде тұратын, интернетке қолы жете бермейтін кісілердің жағдайы айтпаса да түсінікті. Ел арасында «42 500 теңге қай қажетімізді өтей алады?», «Неге жәрдемақыны елдің барлық тұрғынына үлестіріп бермеске?» деген сүреңсіз сөз көп. Біріншіден, ел тұрғындарының барлығы бірдей тұрақты табысынан айырылған жоқ. Қашықтан жұмыс істеуге көшірілгендер еңбекақыларын толық алып жатыр. Мемлекеттік қызметте істейтін азаматтардың жұмыс орны сақтаулы, табысына да қауіп төнген жоқ. Әлеуметтік төлем төтенше жағдайға байланысты кірісінен айырылған азаматтарға бағытталғанын ұғуымыз қажет. Әрине, 42 500 теңге азаматтардың бір айдағы қажеттіліктеріне толық жетеді дей алмаймын. Дегенмен бұл ойдан шығарылған сома емес. 42 500 теңге – еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшері. Ел басына қиын-қыстау күн туғанда, әр отбасы өз шығындарын барынша азайтып, берілген жәрдемақыны ең негізгі қажеттіліктерін өтеуге жұмсағандары дұрыс. Үкімет алдағы уақытта әлеуметтік міндеттемелерін толық орындайтынын, зейнетақы мен жәрдемақыға 10 пайыз үстеме қосылатынын айтты. Жылдың екінші жартысында жағдай түзелмесе, Үкімет тағы да индексация жүргізуі мүмкін.