Қазақстандағы саяси партиялардың үні неге бәсең?

Қазақстандағы саяси партиялардың үні неге бәсең?

Қазақстандағы саяси  партиялардың үні неге бәсең?
ашық дереккөзі
802
Сонымен мерзімінен бұрын тарап, кезектен тыс өткен Парламент сайлауының ыстық- суығы да басылайын деді. Жаңа сайланған парламентарийлер мандаттарын құшып, жаңа орынға жайғасып, алғашқы жиынын өткізіп те үлгерді. Статистикаға сүйенсек, бұл жолғы Мәжілістің құрамы 64 депутатқа жаңарған. Мәселен, «Нұр Отан» партиясы Мәжілістегі құрамын – 51 адамға, «Ақ жол» – 4 адамға, Қазақстанның халықтық коммунистік партиясы – 3 адамға, Қазақстан халқы ассамблеясы атынан ұсынылған депутаттар – 6 адамға жаңарған. Қазақстан Парламентінің Мәжілісіне сайлау 2007 жылдан бері партиялық тізіммен өткізіліп келе жатқанын ескерсек, саяси партиялардың елдің саяси-әлеуметтік өмірінде алар орны да айшықталып қалар еді. Өкінішке қарай, 2007, 2012 және 2016 жылғы сайлаулардың барлығында саяси партиялардың аса бір белсенділігі байқалмады. Саясаттанушылар Қазақстандағы саяси партияларды билік партиясы, билікті жақтаушы партиялар және оппозициялық деп бөлуге құмар. Ал билікті жақтаушы партиялар өздерін «центристік» көзқарасты ұстанушы ретінде таныстырғанды жақсы көреді. Қазақстанның саяси аренасында партиялар сайысының көрігін қыздырған кезең – 2001-2004 жылдар болды десек қателесе қоймаймыз. Сол жылдары «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысынан бөлініп шығып, жеке саяси күш ретінде жұмылған жұдырықтай бес тең төрағасымен ерекше есте қалған «Ақ жол» демократиялық партиясы елдің шынайы ықыласына бөленген. Бұл партия да мүлдем солшыл болды дей алмаймыз. Олардың негізгі ұраны – азаматтық қоғаммен үнемі қарым қатынаста болуы, ашықтық және есепберушілік, бәсекеге қабілетті сайлау базасын құру, президенттік басқару жүйесін президенттік-парламенттік басқару жүйесіне көшіру, Парламенттің өкілетін және бақылау 2004 жылғы сайлауда халықтың көп бөлігі «Ақ жолды» жақтап дауыс бергені мәлім. Алайда сол сайлау барысындағы партия ішіндегі алауыздық, бес тең төрағаның өзара келісе алмауы – саясат алаңындағы жаңа күш – «Ақ жолға» деген сенімсіздікті тудырды. 2007 жылғы Мәжіліс сайлауында «Нұр Отаннан» өзге саяси партиялар сайлаушылардың жеті пайыз дауысын иелене алмай, бір партиялы Мәжіліс 2007-2011 жылдар аралығында салтанат құрып, ақыры мерзімінен бұрын тарауға мәжбүр болғаны мәлім. Ал 2011 жылы Мәжіліске қонжиған «Ақ жол» партиясының бұның алдындағы идеологиясынан да, құрушыларынан да, партиялық тезисінен де жұрнақ қалмаған болатын. 2005 жылғы Президент сайлауында Президенттің сенімді өкілі болған, бұған дейін Азаматтық партияны құрған Азат Перуашев 2004 жылғы Мәжіліс сайлауына Аграрлық партиямен одақтасып, АИСТ блогын жасақтайды. Бұл сайлауда партияларға бөлінген он орынның бірін иеленген бұл одақ кейіннен 2006 жылы «Асар» партиясымен бірге «Отан» партиясына қосылып, билік партиясы «Нұр Отан» деген жаңа атауға ие болады. Ал Азат Перуашев «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесіне мүше болып тағайындалды. Осы лауазымда бес жылға жуық тұрақтаған ол, 2011 жылы жұрттың ықыласы суыған, алғаш партия ретінде құрылған концепциясы жүз сексен градусқа бұрылған «Ақ жол» партиясының төрағалығына сайланады. Азат Перуашев «Ақ жолға» төраға болғаннан бері «Алаш» идеясын көлденең тартып, «алашшыл» партиямыз деп жар салумен келеді. Мәселен, 2012 жылғы сайлауда саясаттанушы Амангелді Айталы, жазушы Дулат Исабеков, ақын Серік Тұрғынбекұлы секілді алаштың айтулы азаматтары сайлау тізімін бастап тұрғанына қарамастан, депутаттық мандатқа ие бола алмады. «Сол кезде «Ақ жол» лидерінің шын бет бейнесі көрінді» деп зиялылар біршама реніш білдірді. Көбі партия қатарынан шығып кетті. 2016 жылғы сайлауда да тура сол көрініс қайталанды. Партияның депутаттыққа үміткерлер тізімінде «Жас қазақ үні» газетінің бас редакторы, ақын Қазыбек Иса, алаштанушы ғалым Қайырбек Кемеңгер секілді ұлттық мәселелерді көтеруге ұйытқы болушы азаматтар болғанымен, олар бұл жолы да депутаттық мандатқа ие бола алмады. Қазыбек Иса бұған байланысты өз ренішін www.qazaquni.kz ( «Ұлтыңды сүйгенің үшін кешірмейтін заман болып тұр!», 24 наурыз, 2016 жыл) сайтында жазды да. Мәжілістен орын алған үшінші партия – Қазақстанның халықтық коммунистік партиясы. Владислав Косаревтің басқаруындағы бұл партия да Президенттің қазіргі курсын жақтайтындығын жасырмай айтумен келеді. Ең таңданарлығы, әрбір президент сайлауында осы партия атынан тіркелетін үміткердің болашақта депутат атануы заңдылыққа айналды. Ешкімге аты мәлім болмаған Жамбыл Ахметбеков пен Тұрғын Сыздықовтың атын президенттікке үміткерлік шығарды. Сосын олар депутат атанып шыға келді. Шын мәнісінде депутаттық немесе қайраткерлік халықтың шынайы ықыласына бөленген соң келуі тиіс. Ал кейбірдепутаттарды көпшілік онша танымайды да, ал әлгілер оп-оңай депутаттық мандатқа ие бола салады. Жалпы партиялардың саяси белсенділігінің төмендігі неден? Неге сайлауға екі ай қалғанда ғана олардың үні шығады. Басқа кезде неге бұғып жатады? Мәселен, Жалпыұлттық социал демократиялық партияның да, Патриоттармен бірлесіп, «Ауыл» патриоттық демократиялық партиясы деп құбылған «Ауыл» партиясын да көпшілік біле бермейтіні неліктен? Жалпы, осы сайлауға қатысқан 6 партияның ішінде «Ауыл» партиясының көпшіліктің көңілінен шығуына мүмкіндігі болды. Өйткені ауыл – қазақтың жаны, негізгі ұстыны. Бүгінгі ауылдың халі «Ауыл» партиясының саяси жарғысында жақсылап көрініс тауып, жарнамасы жақсы жүргізілгенінде Мәжілістен орын алуы да ғажап емес еді. Бірақ неге екенін кім білсін, бұл партияның да жүрісі мандымады. Ел тіпті «Азат» деген саяси  партия барынан мүлдем бейхабар. Өйткені олар кез келген сайлауды елемейді, көзге ілмейді. Өздерінің бар екенінен хабар беріп тұрғанды да қойған. Сөйтіп елдегі аты бар, заты жоқ саяси партиялардың дауысы бәсең шығуда. Қазақстанға саяси модернизация жасаудың күні туған секілді. Партиялар келесі сайлаудан дәмелі болса бүгіннен бастап, әр күн сайын сайлау қамына кірісу қажеттігін түсінетін кез жетті.  

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары