343
ОПЕК+ елдері мәмілеге келді
ОПЕК+ елдері мәмілеге келді
10 сағатқа созылған келіссөздер нәтижесі бойынша ОПЕК+ мемлекеттері мұнай өндіруді тәулігіне 9,7 млн баррельге қысқартуға келісті. Тарихи келісімге алғаш рет АҚШ қосылды, деп хабарлайды ВВС.
«2020 жылдың 1 мамырынан бастап ОПЕК+ мүше елдер мұнай өндіруді тәулігіне шамамен 10 млн баррельге төмендету бойынша тарихи мәміле жасағаны туралы хабарлаймыз», - деп жазды Кувейттің мұнай министрі Халед аль-Фадыль Twitterдегі парақшасында.
Келіссөздер барысында әуелі Сауд Арабиясы мен Ресей өзара мәмілеге келді. Бұл елдердің әрқайсысы мұнай өндіруді 2020 жылдың мамыр және маусым айларында тәулігіне 2,5 млн баррельге азайтады. Кейін шектеулер біртіндеп әлсіреуі тиіс.
Десе де, бейсенбі күні келісім жасалмады. Бұған Мексиканың өндіріс көлемін азайтуға дайын болмауы себеп. Келіссөзге қатысушылар Мексикаға мұнай өндіруді тәулігіне 400 мың баррельге азайтуды ұсынды. Ал бұл өндірісті 100 мың баррельге ғана қысқартуға дайын екенін жеткізді. Келіссөзге АҚШ президенті Дональд Трамп араласып, АҚШ өндірісті тәулігіне 250 мың баррельге азайтатынын мәлімдеді. Бұл, Мексика позициясының орнын толтыруы тиіс. Бұл қысқартулар қара алтын бағасының күрт өсіруіне ықпал етеді деген үміт бар.
Келіссөздер коронавирус пандемиясына байланысты телеконференция форматында өтті. Бұл келісім мұнай өндіруші елдер арасындағы көптеген айға жалғасқан келіспеушіліктердің тоқтауына жол ашуы тиіс.
Қазақстан өз кезегінде ОПЕК+ келісіміне қатысты консенсусты қолдады.
Еске сала кетейік, наурыздың басында олар ОПЕК+ аясында өндірісті қысқарту туралы келісімге келе алмаған. Бұл мұнай бағасының күрт құлдырауына әкеліп соқты.