50270
Cерік Сәпиев: Олимпиаданың шегерілуі ересек спортшыларға тиімсіз
Cерік Сәпиев: Олимпиаданың шегерілуі ересек спортшыларға тиімсіз
Жуырда Халықаралық Олимпиада комитеті алдағы маусым айында Жапония астанасы Токиода өтуі тиіс төртжылдықтың басты додасы – Жазғы Олимпиада ойындарын бір жылға шегергені мәлім. Белгілі болғандай, Токио Олимпиадасы 2021 жылдың 24 шілдесі мен 8 тамыз күндері аралығында өтпек. Айта кетерлігі, бір жыл кейін өткізілсе де, бұл Олимпиада «Токио-2020» деген атауын сақтап қалмақ. Ал бұл сайысқа төрт жыл бойы білек сыбанып, сақадай-сай дайындалып жүрген спортшылар тағы бір жылға өз бабы мен біліктілігін қаншалықты сақтай алады? Бүгінде ұлттық құрама қоржынында қанша жолдама бар және енді қаншасын алу жоспарда? Бұл жөнінде мәлімет алу үшін Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы, бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевке хабарласқан едік.
– Серік Жұманғалиұлы, төрткүл дүниені дүр сілкіндірген мына жағдайды бақылай отыра, мұның ерте ме, кеш пе, төртжылдықтың басты додасына да кері ықпалын тигізбей қоймайтынын сезген боларсыз...
– Иә. Себебі Олимпиада шегерілгенге дейін бірқатар ірі спорттық сайыстың өткізілмейтіні мәлім болған еді. Бұл әлемдік пандемияға байланысты сайыс атаулының түгелі тоқтатылды немесе шегерілді. Сол себепті Олимпиаданың келесі жылға қалуы – күтілген жағдай. Негізінен, Халықаралық олимпиада комитетінің бұл шешімі – дұрыс әрі ақылға қонымды. ХОК ең алдымен «Олимпиада қалай да болса өтуі тиіс» деген пікірді емес, спортшылардың денсаулығын басты назарға қояды.
– Десек те, ХОК басшысы Томас Бахтың бүкіл ірі сайыстар тоқтатылса да, «Олимпиаданың кейінге шегерілуі 11 мыңдаған адамның арманына балта шабады» деп бұл тарихи шешімді соңына дейін қарастырып жүріп алғаны бар...
– Оны түсінуге болады. Олимпиаданы шегеру оңай дүние емес. Десек те, ол бұл шешімді жалғыз қабылдамай, көптеген спорттық ұйым өкілдері және спорт қайраткерлерімен бірлесе шығарды. Небір нұсқалар қарастырылды, көрермен де өз нұсқасын ұсынды. Олимпиаданы бастапқыда футбол ойындары секілді, көрерменсіз өткізу керек дегенді де естідім. Алайда көрерменсіз олимпиада олимпиада емес. Еш қызық болмайтыны анық.
– Ал соңғы төрт жыл бойы бабын келтіріп, біліктілігін арттырған әрі жолдама иелену мақсатында жарыстан жарысқа қатысып, ұпай жинап, дайындық бағдарламаларын осы жылға сәйкестендіріп, осы жазда оза шабуға бел шеше кірісіп отырған спортшылардың жайы не болмақ?
– Мен сізге былай айтайын. Кейбір спортшыға бұл басты доданың кейінге шегерілгені жақсы болуы ықтимал. Ал енді біріне оңайға соқпайды. Неге жақсы дейсіз ғой? Себебі жолдама алып қойғандарға бұл екі есе стимул, олар сол жолдамасынан айырылып қалмай, келер жылы тағы өзін дәлелдей түсу үшін өз-өзін қайрап, басқалардан жоғары шынығуға тырысады. Оның үстіне, жолдама иеленгендердің арасында халықаралық тәжірибесі аз спортшылар да баршылық, ал бұл оларға тіптен жақсы, себебі бұл – тағы бір жыл ішінде тәжірибе жинақтауға көп мүмкіндік. Десек те, мұның жағымсыз тұсы да баршылық, соның ішінде бұл – ересек спортшылар үшін көңіл қуантарлық жайт емес. Мәселен, 2020 жылғы Олимпиада ойындарынан кейін спортпен қош айтысуды жоспарлап отырған спортшыларға қиынға соғуы мүмкін. Білетініміздей, адам ағзасы жылдан- жылға жасармайды, бұл әсіресе, күн сайын дене қалыбын сақтауға тырысып жүрген спортшыларға кедергі келтіретіні белгілі. Сондықтан ересек спортшыларға кері әсерін тигізуі мүмкін.
– Бір сұхбатыңызда Қазақстан олимпиадалық құрамасы Токио олимпиадасына 100-ден астам жолдама иеленуді жоспарлап отырғанын мәлімдедіңіз. Қазіргі таңда құрама қоржынында қанша спорт түрі бойынша нақты неше жолдама бар?
– Қазір 17 спорт түрі бойынша 42 жолдама бар. Бірнеше спорт түрі бойынша жолдама таратылатын іріктеу турнирлерінің әлі өткізілмегенін ескерсек, Токиоға қоржынымызға салып «апаратын» спорт түрі де, жолдама саны да арта түсетініне сенімім мол. Негізі, жалпы жоспардағы жолдама саны – 100-ден астам.
Жолдама иеленген қазақстандық спортшылардың арасында суға жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин және осымен төртінші Олимпиада ойындарына қатысқалы тұрған үш қарғып секіруден Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова бар. Бұған қоса, боксшыларымыз әдеттегідей бүкіл салмақ дәрежесі бойынша жолдаманы қалтаға басты.
– Бұл спорт түрлері бойынша іріктеу сайыстары тағы жүргізіле ме, әлде қалай? Жолдама алып қойған қазақстандық спортшылар не істейді?
– Әлбетте, Қазақстан спорт федерациялары келер жылы да спортшының жолдама алғанын есепке алады. Десек те, коронавирус дертінің таралуына байланысты халықаралық федерациялар іріктеуге қатысты жаңа жоспарлар мен ережелер құрастыруда. Сол себепті қазір бірдеңені кесіп айту қиын. Мұның барлығын Халықаралық олимпиада комитеті шешеді. Негізінен, бұл туралы нақты мәлімет Олимпиадаға таяу белгілі болады. Жазға дейін жағдайдың барлығы түзеліп, Олимпиадаға іріктеу мәселесі қолға алынады деп сенемін.
– Спортшыларға спорт базалары мен жаттығу залдарына шынығуға жол жоқ екені белгілі. Олар карантин уақыты аяқталғанша үйде жаттыға жүріп, дене қалыбын жоғалтып алмай ма?
– Әлбетте, бұл қолайсыздық тудыруы мүмкін. Дегенмен тығырықтан шығар жол жоқ емес, бар. Біздің бапкерлер де шәкірттерін баптамай, құр бос отыр деп айта алмаймын. Шын мықтыны ештеңе де тоқтата алмайды, сол себепті қазақстандық спортшылардың дайындық қарқыны қазіргідей қиын жағдайда төмендеген жоқ деп ойлаймын.
– Қазіргідей қиын жағдайда жаттығуын тоқтатпай, табандылық танытып жүрген спортшыларға айтар тілегіңіз бар ма?
– Жаттығуларын жалғастыра берсін, жалғастыра берсін! Олимпиада уақыты ауыстырылды деп қамықпасын! Шыныға түссін! Бастысы – бабын жоғалтпасын!
Сұхбаттасқан Әлия Тілеужанқызы