343
Ерлан Мадиев: Идеологиялық және стратегиялық жағынан маңызды
Ерлан Мадиев: Идеологиялық және стратегиялық жағынан маңызды
– Елбасы қазіргі таңдағы дағдарыс кезінде қоғам бір моральді қолдауларға мұқтаж болып отырғанын ескеріп, халыққа үндеу жолдап отыр. Бұл мақаласында Елбасы қоғамның стратегиялық бағыттарын айқындап берді. Елді осындай сын сағаттарда ауызбіршілікке, ынтымақтастыққа, сабырға шақыруда. Тұңғыш Президентіміз біріншіден, жеке идеологиялық тұлға тұрғысында маңызды функциясын атқарып отыр.
Екіншіден, Елбасы Президент пен Үкімет тарапынан атқарылып жатқан шұғыл іс-әрекеттер мен жұмыстарға оң бағасын берді. Ол шаралардың халыққа дұрыс жеткізілуінің маңызын да ерекше атап өтті.
Үшіншіден, Елбасының меңзеп отырғаны – біздің ел Тәуелсіздік алғаннан бүгінгі күнге дейін талай дағдарысты өткергені. Бірақ ол кезеңдердің бәрі де бүгінгі болып жатқан оқиғамен мүлде салыстыруға келмейді. Яғни, бүгінгі сын сағаттарға шетелдік сарапшы мамандар да бұрын-соңды мұндай жайт әлем экономикасында кездеспегені жайлы айтып, өз көзқарастарын білдіруде. Елдің мұндай дағдарыстарға төтеп беруі қажет. Себебі бұған дейін елімізде түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылған болатын. Қаншама істер атқарылды, әлі де жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, экономиканы әртараптандыру болсын, адам капиталын дамыту бағытында жасалған «Болашақ» бағдарламасы сынды бірқатар іс-шаралар да, еліміздің әлеуметтік жүйесін нығайтудағы біршама шаруалардың тындырылғанын да біз айтпай кете алмаймыз. Демек, Қазақстан бұл дағдарысты осындай стратегиялық маңызды бағыттармен, айқын мақсаттарымен мейлінше үлкен дайындықпен қарсы ала білді.
Бастысы, Елбасы айтқандай, дәл бүгінгі қиын-қыстау кезеңдерде ауызбірлік ауадай қажет. Әрбір азамат, мейлі ол жастар жағы болсын, алдыңғы толқын зиялы қауым өкілдері болсын, бизнес өкілдері болсын, бүгінгі күнде осы күрделі кезеңнен ел-жұртымыздың аман-есен, мейлінше аз көрсеткіштегі шығындармен шығуына өзіндік үлес қосуы аса маңызды. Яғни мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыстардың тиімділігін қоғам тарапынан қолдай түсу тым қажет. Қолдау болмаған жағдайда қайсыбір шаралардың өзін жүзеге асыру қиын. Сондықтан дер кезінде халыққа жетіп отырған тұңғыш Президентіміздің бұл мақаласы идеологиялық жағынан да, стратегиялық жағынан да аса зор маңызға ие деп білемін. Еліміз аман болсын!