Аудандық аурухананың бас дәрігері қызметінен босатылды

Аудандық аурухананың бас дәрігері қызметінен босатылды

Аудандық аурухананың бас дәрігері қызметінен босатылды
ашық дереккөзі
516
Жамбыл облысы Меркі ауданындағы дәрігер-инфекционистің шағымы бойынша тексеру қорытындысына сәйкес аурухана басшылары жұмыстан босатылды, – деп жазды облыс әкімдігігінің ресми сайты. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев Меркі аудандық ауруханасының медицина қызметкерлерімен және аудан тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында медициналық мекеме қызметкерлерінің шағымдары бойынша жүргізілген тексерудің қорытындысы айтылды. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша құрылған арнайы комиссияның құрамына Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің, прокуратура органдарының, облыс әкімі аппаратының қызметкерлері, қоғам және кәсіподақ ұйымдарының өкілдері кірді. «Комиссия аудандық аурухана жұмысының, оның ішінде дәрігерлер Т.Ордабаева мен Қ.Төреқұлдың өтінішінде көрсетілген фактілер бойынша тексеру шараларын жүргізді. Көптеген мәліметтер расталды. Ұжымда жағымсыз моральдық-психологиялық жағдай қалыптасқан десек, оған бірінші кезекте емдеу мекемесі басшылығының өз кәсіби міндеттеріне жауапсыз қарағандығы себеп болған», – деді Е.Жылқыбаев. Жол берілген бұзушылықтар үшін аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Д.Нүсіпбаев, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ж.Шойбекова және бас есепші З.Мұқаева қызметінен босатылды. Ержан Жылқыбаев тексеру материалдары тиісті шаралар қабылдау және қарау үшін құқық қорғау органдарына тапсырылатынын атап өтті. Сондай-ақ, ол жаңадан тағайындалған аурухананың бас дәрігері Райқұл Нұржановты таныстырып, оған орын алған бұзушылықтарды жою және ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалды қалпына келтіру бойынша маңызды міндеттер жүктеді. Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау мәселелері ерекше бақылауда екенін жеткізді. Алдағы уақытта да оларды қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету, жұмыстағы қауіпсіздік шараларын нығайту және материалдық қолдау үшін барлық мүмкіндіктер жасалатынын тілге тиек етті. Е.Жылқыбаев дәрігерлер Т.Ордабаева мен Қ.Төреқұлдың қандай да бір заңсыз іс-әрекетінен қорқуына негіз жоқ, олар облыс басшылығының тікелей бақылауында болады деп сендірді. Сонымен қатар, облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасы басшысының және аудан әкімінің жеке жауапкершілігі туралы мәселені қарастырмақ. Еске сала кетейік, бұған дейін коронавирус инфекциясын жұқтырып алған аталған аудандық аурухананың инфекционист дәрігері Толқынай Ордабаева әлеуметтік желіде өзі қызмет ететін ауруханаға қатысты шағымын жеткізген болатын. Сондай-ақ, Жамбыл облысының Меркі ауданында коронавирус жұқтырған дәрігердің шағымы бойынша тексеру басталғанын жазған болатынбыз. Сонымен қатар, Nur Otan партиясының тексеруінен соң Жамбыл облысында әкімнің орынбасары мен бас дәрігер жазаланған еді.

Серіктес жаңалықтары