255
Түзету мекемелеріндегі сотталушылар қашықтықтан білім алуда
Түзету мекемелеріндегі сотталушылар қашықтықтан білім алуда
Ақмола облысының ҚАЖ (қылмыстық-атқару жүйесі) департаментінің түзеу мекемелеріндегі кәсіптік білім беретін колледждер бөлімшелерінің 200 студенті қашықтан оқыту жүйесіне көшті, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, Ақмола облысының ҚАЖ департаментінің түзету мекемелерінде кәсіптік білім беретін колледждердің үш бөлімшесі жұмыс істейді.
«Мұнда жыл сайын қазіргі еңбек нарығында сұраныс жоғары 250-ден астам кәсіби маман білім алып шығады. Бүгінгі күні коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін енгізілген төтенше жағдайға байланысты еліміздегі мектеп оқушылары мен студенттер қашықтан білім алуда. Пенитенциарлы жүйедегі білім мекемелері де, азаматтық білім беру сияқты қашықтан оқытуға көшті», – дейді ведомстводан.
Қазіргі кезде Ақмола облысының ҚАЖ департаментінің түзету мекемелеріндегі кәсіптік білім беретін колледждердің 200 студенті қашықтан білім алу, видеокөрсетілім жүйесіне көшіп отыр. Еліміздегі мектептер 2016 жылдан бастап www.bilimland.kz платформасына тіркеліп, жұмыс істесе, ал ҚАЖ түзету мекемелеріндегі жалпы білім беру мектептерінің оқушылары мен кәсіптік білім беретін колледждердің студенттерін қашықтан оқыту әдісі біршама өзгеше. Ұстаздар өзін-өзі оқшаулауда отырып, оқыту бағдарламасына сәйкес, пәндер бойынша оқыту видеосы, әртүрлі жаттығу, бақылау тестін әзірлеп, сотталғандарды оқыту үрдісіне жауапты түзету мекемесінің қызметкерлеріне жолдайды. Олар өз кезегінде сабақтың өтуі және оқушылар мен студенттердің оған қатысуын қамтамассыз етеді.
«Сотталушы-студенттер және оқушылардың жағдайға қарамастан тиісті білім алғаны, ал ұстаздарға өздерінің жауапты ісі оқытуды жалғастырғаны маңызды», – дейді Ақмола облысының қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЕЦ166/18 түзету мекемесі кәсіптік білім беретін колледж бөлімшесінің меңгерушісі Галина Бонар.