325
Ержан Хамитұлы: Сын шақта адамдардың жауапкершілігі арта түскені байқалады
Ержан Хамитұлы: Сын шақта адамдардың жауапкершілігі арта түскені байқалады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында халыққа арнаған мәлімдемесінде: «Ең алдымен, шағын және орта шаруа қожалықтарына қолдау көрсеткен жөн. Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге де қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінеді. Көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлуді тапсырамын» деген болатын. Бүгінгідей қысылтаяң уақытта аграрлық саланы, оның ішінде жекелеген шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан қолдау көрсету аса маңызды. Осы орайда біз егін науқаны алдындағы шаруалардың жай-күйін білу мақсатында Ақмола облысы, Ерейментау ауданындағы «Хамзе» шаруа қожалығының иесіне хабарласып, бірнеше сауалға жауап алған едік.
– Қазіргі қысылтаяң кезде ешкім де көмексіз, қолдаусыз қалмайтынын Мемлекет басшысы ескертіп отыр. Өткен жылдардағыдай емес, осы жылдың ауыртпалығы басымырақ сияқты, хал-ахуалдарыңыз, көктемгі егіске деген дайындықтарыңыз қалай?
– Әрине, тоқсан торапты, ішкі-сыртқы қарым-қатынас жолдарын жауып жатқан бұл індет әуелі Жаратушы иемізден, сонан соң Жер-анадан бұйырған несібемізге тосқауыл болмаса екен дейміз. Біз ауыл шаруашылығы иелері жыл он екі ай онсыз да үмітпен ғана күн кешетін жандармыз ғой. Биылға сол үмітімізді үкілеп отырған жайымыз бар. Себебі алып сатқан емес, жерге еккен дәніңнің шығар-шықпасына кепілдік те жоқ. Өздеріңіз байқағандай, биыл қыста күннің райы ауыл шаруашылығы үшін айрықша жайлы болды. Қар жақсы жауды, су молынан жерге сіңіп үлгерді. Жеріміз де қатты қатпаған, әншейін былқылдап-ақ жатыр. Міне, осы жайттар біздің күмәнді көңілімізді біраз сергітуге әсер еткендей. Алла қаласа, ендігі он бес күннен кейін ылғалды егіс алқаптарын жабуға шығамыз. Ылғалдылықты сақтап қалу – егіс жұмыстарындағы ең маңызды жұмыстардың алды, қалғанына кейін Құдай қуат берсе кірісе береміз. Әрине, ауыл шаруашылығын бүгінгідей қиын кезде мемлекеттің қолдап, арнайы қаржы бөліп жатқаны қуантарлық жағдай. Бұл тек біз секілді шаруалардың нәпақасы ғана емес, елдің ырысы.
– Қазір төтенше жағдайға байланысты ел көлемінде бірқатар шектеулер қойылғаны белгілі. Бұл әрине, сіз секілді кәсіпкерлерге түрлі қолайсыздықтар тудырып жатқан болар?
– Дұрыс айтасыз, осы жағынан қыруар шаруамызға байланысты кедергілер де туындап отырғаны бар. Арнайы рұқсат қағазына қол жеткізудің өзі қиын. Бір адам ол қағазды алу үшін қаншама күн жоғалтады, рұқсат етілген көліктердің өзі әр жол бекеттерінде сан мәрте тоқтата беруіне байланысты жол қашықтығы тіптен ұзарып кеткендей. Жуырда ғана өзімізден 800 шақырым жердегі Қостанай облысынан кәсібімізге керек техникалық саймандарды жеткізуге адамдарымыз 4 күн бойы жолда жүрді. Бұл әр сағатымызды алтынға балап отырған егін шаруашылығы мамандары үшін аса қиын болып тұрғаны рас. Себебі техникалық саймандар өткен жылға қарағанда 10 есеге қымбаттап кеткен, өңірімізде олардың өзі таптырмайды. Бір айта кетерлігі, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдауға арналған «Ерейментау – агро кредиттік серіктестігі» ЖШС арқасында шаруашылыққа қажетті деген бірнеше су жаңа техникаға күні кеше қол жеткіздік. Әйтсе де, темір екеш темір де тозады, құрал-саймандарды жаңартып тұрмаса тағы болмайды. Осындай кезде мемлекеттік қолдаудың маңызы ерекше. Біздің елде жұмыс істеймін деген кәсіпкер азаматтарға көмек-қолдау баршылық. Құрамына аудан бойынша 70 шаруа қожалығы еніп отырған мұндай бірлестіктер мемлекет тарапынан болып жатқан қолдауларға қоса өздері де ерінбей еңбектене түссе, елдің жағдайы жаман болмайды. Әзірге биылға деп жоспарланған бір мақсатымыз – дәл биыл біз егіске жаңа тұқым сеуіп көрсек деп едік. Оларды Семей, Омбы және тағы да басқа өңірлерден алуды жолға қойған болатынбыз. Жол болмаған соң, ол жұмыстар да тоқтап қалды. Неғұрлым сапалы өнім болса, ол соғұрлым сұранысқа да ие болатыны белгілі ғой. Бүгінгі күнге дейін біз Ақмола, Қарағанды облыстары аумақтарының қамбаларына өз өнімімізді құйып келсек, алдағы уақытта қиындықтарға қарамастан өрісімізді кеңейтсек, бұдан да үлкен көлемді қамтысақ деп жоспарлап отырмыз.
– Президент Үкіметке жанармайдың нарықтық бағасын он бес пайызға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндетін жүктеді. Осыны қамтамасыз ету үшін 390 мың тонна жанармай жеңілдікпен сатылатынын хабарлады. Бұл да егін науқаны кезінде шаруалар үшін зор көмек болмай ма?
– Әрине, Президенттің шаруашылыққа ерекше ден қойып отырғаны қуантады. Бірақ елдегі алыпсатар кәсіпкерлер бар жанармайды сатылымға қоймай, сақтап отырғаны қиындық туғызуда. Қазір жанармай өте тапшы. Себебін сұрасақ, нақты қаулы шығып, баға бекітілмеген. Бұл жайт та жұмысымызға кедергі келтірмей қоймайды. Бағаның нақты тұрақтанғанын асыға күтудеміз. Жалпы, доллардың көтерілуіне байланысты қымбатшылық белең алғаны рас. Бірақ отандық өнімдер керісінше арзандай түсті. Себебі шекара жабық. Өткен жылы бидайдың бір келісін 85-86 теңгеден сатсақ, биылғы баға 75-76 теңгеге бекітілді. Тек қиын кезеңде еліміздің әлеуметтік жағдайын ақсатып алмауға жасалып жатқан шаралар болғандықтан, бұған да түсіністікпен қараймыз.
– «Біздің еңбегіміз табиғатқа, Жер-анаға байланысты» деп айттыңыз. Ерейментау өңірінің климаты қатаң континенттік, яғни қысы суық, қар аз түседі деп естиміз. Ауыл шаруашылығына қаншалықты қолайлы?
– Біздің негізгі өніміміз – бидай, жүгері, жоңышқа, арпа, сұлы. Сөз басында айттым, биыл қар қалың түсті, егін бітік шығады деген үміттеміз. Қолайсыз болса, егін екпейміз ғой. Жеріміз малға да жайлы. Мәселен, ауданымызда Германияның Buschhoff фирмасы жасаған мал азығы зауытын орнатып, осы шетелден асыл тұқымды мал да сатып алынды. Сиыр сауу және мал азығын дайындау жұмыстары автоматтандырылған, компьютер арқылы басқарылады. Сырттан келді дегені болмаса, асылтұқымды малдың да біздің өлкені бірден жерсініп, мол өнім беріп отырғаны қуантады. Ауыл шаруашылығына біздің өлкеміз аса жайлы деуге болады.
– Иә, біздің білуімізше, сіздер тек егінмен ғана айналысып отырған жоқсыздар. Сонымен қатар «Хамзе» сүт өнімдері фермасынан белгілі «Ереймен сүті» сүт өнімдерін де өндіресіздер, қаладағы көп дүкендерде бұл сүт өнімдері ерекше сұранысқа ие екенін де аңғарып жүрміз. Ал қазір тапсырыс алу жағы тоқтап қалған жоқ па, ел ішінде қай аймақтарға сүт өнімдеріңіз тасымалданады?
– Жолдардың жабылуына байланысты тапсырыстар бұрынғыға қарағанда сәл азайды. Дегенмен арнайы рұқсат қағазының көмегімен Ақмола облысы, Нұр-Сұлтан мен Павлодар қалаларындағы тұрақты тұтынушылардан тапсырыс алынып, жеткізілуде.
– Қалай ойлайсыз, дәл қазіргі жағдай адам санасына қалай әсер етуде? Қорқу-үркуден басқа тірі адам тіршілігін жасайды ғой, күнкөріс жағына келгенде жұмысшылардың ынтасы қалай? Қысқартулар болып жатқан жоқ па?
– Сіз тіпті менің бүгінгі ойымның дәл үстінен түскендейсіз, мен осы елдегі дүрлігу басталғалы бері ауыл азаматтарының өзіне тиесілі жұмыстарына аса бір жауапкершілікпен қарай түскенін байқағандаймын. Тіпті, басшы ретінде өзім соған қуанамын да. Мысалы, біздің 4 ағайын бірігіп бастаған қожалықтағы жұмыс істейтін көп адам айлық жалақыларынан ешқашан қағылған емес, таза экологиялық өнімді тұтынады. Демек, «күнделікті ас-су қайда өндірілді, қашан өндірілді?» дейтіндей де қаупі жоқ. Соның өзінде бүгінгі әлем бойынша жүріп жатқан үрдіске қарап, олар да бүгінгі жағдайларын ғана ойлап қоймай, ертеңгі, болашақтағы жағдайға алаңдайтындарын күн-түн демей, еңбек ету арқылы дәлелдеп жатқандай. 10 мың гектар жерімізді түгел баптап, тұқым себуге кірісу – оңай шаруа емес. Қысқарту былай тұрсын, бізде биылғы бір қорқыныш, жұмыс күші жетіспей қала ма деп те күдіктенем. Себебі біздің техника тілін меңгерген механизаторларымыздың бәрі де науқандық шаруаға қаладан келіп жұмыс істейтін. Ал қазіргі карантинге байланысты ол жұмыскерлеріміздің бәрі де елге келе алмай отыр. Олар да, біз де алаңдаулымыз. Тек көп кешікпей жол ашылса екен деп тілеудеміз, жол ашылса бәрі де жақсы болатынына сенеміз.
– Сіз кәсіпкер ғана емес, аудандық мәслихаттың депутатысыз. Ауылға не қажет, елге не жетіспейді деп ойлайсыз?
– Меніңше, қазір ауыл шаруашылығына қаржылық қызметтердің экономикалық қолжетімділігіне ерекше мән беру қажет. Тіпті, қарапайым ауыл тұрғындарының өзі карантинге байланысты үйден шықпай-ақ тиісті орындарға құжат тапсыру мәселесінен қиындық көріп отыр. Қазір Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын тек ғаламтор арқылы жалғастыруда. Ал жалғыз біздің ғана емес, көптеген ауыл-аймақтарда интернет байланысы өте нашар қызмет көрсетіп отырғаны жасырын емес. Осыған қарағанда, Президент бекіткен көптеген көмектерден де елдегі тұрғындар қағылып қала ма деген күмән да жоқ емес. Әйтсе де, шүкір, айрандай ұйып отырған тату-тәтті біздің ауылдарда күнкөріс қамымен тарлық көріп отырған отбасылар жоқ деуге болады. Табыс көзі де бар, тіршілік етуге де барлық жағдай жасалған.
– Демек, ауылдан қалаға көшіп, жұмыс іздеу деген мәселе сіздерде жоқ сияқты...
– Көшіп кету қазір мүлде жоқ. Қайта ауылдан кеткендер қайта көшіп келіп жатыр. Мысалы, біздің шаруа қожалықтағы жұмыскерлер санының 70 пайызы жастар. Бәрі де еңбекқор. Осы біздің «Новомарковка» елді мекенінде жас отбасыларға арнайы 10 шақты үйлер де салынды. 120 орындық су жаңа салынған балабақшаға бала да сыймай жатыр. Жаңадан құрылысы аяқталған мешіт те өз жамағатын жақсылыққа үндеп жұмысын бастап кетті. Ауыл ақсақалдарының «ақсақалдар алқасы» да ауыл азаматтарының әрбір ісіне бағыт-бағдар беріп, жөн сілтеп отырады. Ендігі арман – елдің еңсесі биіктеп, бұл қысылтаяң күндер де тезірек аяқталып, халқымыз аман-есен бір-бірімен қауышса екен дейміз. Қалған тірліктің бәрі де бола жатар...
Сұхбаттасқан
Әсел ЖАҚСЫБАЙ