Қазақтан шыққан тұңғыш пианист

Қазақтан шыққан тұңғыш пианист

Қазақтан шыққан тұңғыш пианист
ашық дереккөзі
3084
Талант тағдыры дегеніміз – сан қырлы өмірдің өзіндей күрделі де қызық. Кейбірі өз кезінде жұлдызы жарқырай жанып, танымал тұлғаға айналғанымен, зымырандай жылжыған өмір көшінде уақыт тасасында қалып, есімі де, артында қалдырған ізі де көмескі тарта береді. Кәсіби ортада, ағайын-туыс арасында болмаса, жалпы жұртшылықтың жадынан өшіп, беймәлім бейнелердің қатарына қосылып жатады. Сондай жандардың бірі – Гүлжауһар Шомбалова. Өткен жылдың желтоқсан айында туғанына 100 жыл толған  өнер иесінің ғасырлық мерейтойы елімізде атаусыз қалды. Сол себепті оны, қазақ өнері қарлығаштарының  бірі  ретінде,   көпшіліктің есіне салып, есімін қайта жаңғыртып қоюды жөн көрдік. Гүлжауһар Айыпқызы – қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби пианист әрі музыкатанушы ғалым. 1919 жылғы 20 желтоқсанда Орал облысының  Жәнібек ауданындағы Қарпық ауылында дүниеге келген. Әкесі Айып – Бөкей хандығының ағартушы-реформаторы Жәңгір ханның саяси жақтастарының бірі, сенімді серіктесі болған ноғай-қазақ руының атақты биі Шомбал Ниязовтың тікелей ұрпағы. Қазақ зиялыларының қалыптасу тарихында   өзіндік орны бар бұл рудан  Алаш қай­рат­кері Батырқайыр Ниязов, Қазақстандағы алғашқы дәріхана ісін ұйымдастырушы дәрігер Мәжит Шомбалов, ақын Ғұмар Қараш сияқты көптеген айтулы тұлғалар  шық­қан. Гүлжауһар Шомбалованы солар­дың лайықты өкілі деуге болады. Жас республикамызда мәдени меке­ме­лер, өнер ошақтары шаңырақ көтеріп, м­узыка мәдениетінің алғашқы өркендері қанат жая бастаған өткен ғасырдың 30-шы жылдары өнер жолына қадам басқан жасөспірім қыз Қазақстанның музыкалық өміріндегі мәнді де маңызды оқиғалар мен құбылыстардың бел ортасында жүрді. Бұл тұрғыда оны, шын мәнінде, тыңнан түрен салған ізашарлардың бірі деуге толық негіз бар. 1930 жылдары Қазақстандағы тұңғыш ор­та музыкалық оқу орны – Алматы му­зыка техникумы ашылғанда, Гүлжауһар алғашқы студенттердің қатарында осы білім ордасының табалдырығын аттады. Техникумның оқу бөлімінің меңгерушісі қазақтың заманауи музыка мәдениетінің негізін қалаушы, сол кездегі Ленинград өнертану академиясының аспиранты Ахмет Жұбанов еді. Гүлжауһар мұнда орыс музыка білімінің реформаторы, атышулы пианист-педагог К.Игумновтың шәкірті, жоғары кәсіби маман Г.Петровтың фор­тепиано класы бойынша білім алды. Техникум қабырғасында оқыған тұңғыш әрі жалғыз қазақ қызы өзін талантты шә­кірт ретінде көрсете білді.  width=. Гүлжауһар Шомбалова аталған оқу орнында 2-курста оқып жүргенінде-ақ  1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігіне қа­тысып, сол кездегі Совет Одағы астана­сын­да әйгілі сахна шеберлерімен бірге өнер көрсету құрметіне ие болды. 1940 жылы училищені үздік аяқтаған, болашағынан зор үміт күттіретін талапты жас өзі түлеп ұшқан білім ошағында жұмысқа қалдырыл­ды. Еңбек жолын осы музыка техникумы­ның оқытушысы ретінде бастап, болашақ мамандар тәрбиелеуге өзіндік үлесін қосуға тырысты. Ұзамай Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясына ша­қырыл­ды. Осында 1942–1945 жылдары хор ка­пел­ласының пианист-концертмейстері болып қызмет істеді. Жас музыканттың кәсіби өсу, шеберлі­гін шыңдау шағы ел өміріндегі ауыртпалық­ты кезеңмен тұспа-тұс келеді. Қаршадай қыз  Ұлы Отан соғысы жылдары филармо­ния әртістерімен бірге еліміздің шығыс ше­бін­дегі әскери бөлімдер мен госпи­таль­дерде өнер көрсетеді. Жауынгерлерді ерлік­ке жігерлендірген концерттік бағдар­ла­маларға қатысып, таланты мен шеберлігінің арқасында зор қошеметке бөленді. Үкімет тарапынан арнайы төсбелгілермен және грамоталармен марапатталды. Алматыға қоныс аударған «Мосфильм» және «Ленфильм» киностудиялары негі­зінде 1943 жылы Бірлескен орталық ки­нос­тудия (ЦОСК) құрылған болатын. Сол киностудияда майданда шайқасып жатқан қазақстандық жауынгерлерге дем беру, оларды жеңіс жолында қаһармандықпен шайқасуға рухтандыру мақсатында «Дом­быра сазы» атты арнайы фильм-кон­церт тү­сірілді. Киноконцертке Күләш және Қа­набек Байсейітовтер, Қалибек Қуанышбаев, Шара Жиенқұлова, Әнуарбек Үмбетбаев, Жамал Омарова, Үрия Тұрдықұлова тәрізді тарландармен, өзге де белгілі өнерпаз­дар­мен бірге жас пианист Гүлжауһар Шом­балова да түсті. Ол жас пианистің рөлін сом­дады. Бұл бірегей фильм кейіннен рес­публика кино өнерінің алтын қорына енген туындылар қатарынан орын алған. 1944 жылы Алматы консерваториясы (қа­зіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) шаңырақ көтерген еді. Гүлжауһар осы жаңа жоғары музыкалық оқу орнының тарих-теория факультетіне түседі. Оқи жүріп, мамандығы бойынша еңбек етуін одан әрі жал­ғастырады. Консерватория қабырға­сында міндетті фортепиано класында сабақ береді. 1950 жылы консерваторияны ойдағыдай аяқтап, музыкатанушы маман­дығы бойынша жоғары білім алады. Тео­рия­лық білімді кәсіби машықпен және ұстазд­ық ізденістерімен шебер ұштастыра біледі. Уақыт өткен сайын талантты жас­тың  шеберлігі шыңдалып, тәжірибесі ке­мел­­­­дене түседі. Осы тұста ғылыми-зерт­теу­шілік дарыны да жарқырап бой көрсете бастайды. Ол студенттік жылдарынан бастап ғылыми зерттеулер жүргізу және опера шығармаларына музыкалық-драмалық сараптама мақалалар жазумен шұғылданған-тын. Опералық қойылымдар мен симфониялық оркестрдің концерттері, одақтас республикалардың түрлі музыка ұжымдары мен орындаушыларының гастрольдік сапарлары тәрізді респуб­ли­ка­мыздың мәдени өмірінде болып жатқан шаралар жайындағы мақалалары, рецен­зия­лары мен пікірлері  мерзімді басылым беттерінде жиі жарияланып тұрды. Сөйтіп, жас маман зерттеушілік қабілет-қарымы­мен де кеңінен танылды. Орындаушы пиа­нист ретінде фортепианолық концерттер беріп, мәдени өмірге белсене араласты. Белгілі композитор Е.Брусиловский «Фор­те­пианоға арналған экспромт» атты туын­дысын Шомбалованың орындауына, кон­церт­тік репертуарына арнап шығарады. Алматы консерваториясында білім алып жүрген жылдары Г.Шомбалова професор П.Аравиннің жетекшілігімен қазақ­тың ұлы ақыны әрі ағартушысы Абай Құнанбаевтың музыкалық шығармашылы­ғын зерттеумен айналысып, ақын-ком­позитордың  ән мұрасын дипломдық жұ­мы­сының тақырыбы етіп алған-ды. Мұнда ол Абай әндерінің әуез-ырғағына  орыстың романстық музыкасының өзіндік әсер-ық­па­лы болғанын, соның негізінде қазақтың ән өнерінде романс жанрының қалыпта­сып, дамығанын  бірінші рет атап көрсетті. Сонымен қатар дәстүрлі қазақ ән өнеріндегі Абай шығармашылығының елеулі әуендік, түрлі жаңалығын жан-жақты талдап, ғы­лыми тұрғыда негіздеді. Кейіннен бұл та­қырып музыкатанушының басқа да ең­бек­терінде көрініс тапты. Мәселен, «Қазақ музыка мәдениеті» (1957 ж.) жинағына ен­ген «Абай әндері» атты көлемді мақа­ла­сында ақынның ән шығармашылығын ұлт­тық мәдени мұра тұрғысынан қарас­тырып, оның қазақ музыкасына қосқан үлесіне лайықты баға берген. Идеялық және әдістемелік тың ойлармен толық­ты­рыл­ған бұл зерттеуі кейіннен кандидаттық диссертациясының бір тарауына енеді. Сол жылдары республикада әр салада ұлттық мамандар даярлау, ғылыми кадрлар қа­лыптастыру мәселесіне баса назар аударылып, кеңінен қолға алынғаны бел­гілі. Осы мақсатпен республика үкіметі Гүлжауһарды Қазақстандағы бірден-бір музыкатанушы маман ретінде П.Чай­ковский атындағы Мәскеу консерва­тория­сына аспирантураға оқуға жібереді. Ас­пи­рантурада оқып жүргенінде Г.Шомбалова ғылыми жұмысқа біржола ден қояды. Оның ғылыми жетекшісі – көрнекті му­зы­катанушы ғалым, профессор В.Беляев Мәс­кеу консерваториясының тарихында ал­ғаш рет білім алып жатқан «қазақ қызы Шом­балова өзінің бар күш-жігері мен қажыр-қайратын туған халқының музыка өнерінің өркендеу жолына арнайды» деп зор сенім білдірді. Гүлжауһар өз жетек­ші­сінің тілегіне сай іздене біліп, республика өкіметі артқан үмітті абыроймен ақтайды. Мәскеуде оқыған жылдары Қазақстан музы­катану өнерін дамытуға аса қажетті зерт­теулер жүргізумен айналысады, сал­мақты еңбектер жазады. Сондай-ақ «Совет дәуіріне дейінгі қазақ музыкасының жазылу және зерттелу тарихының очерктері» тақырыбында кандидаттық дис­­сертация жазуды қолға алады. Му­зы­ка­тану­шы ғалымның диссертациялық жұмысы, тақырыбы мен зерттеу нысаны, ғылыми түйін-тұжырымы тұрғысынан жаңа­шылдығы мол еңбек еді. Ол XIX ғасыр­дың соңы мен XX ғасырдың басында хатқа түскен қазақ музыкасының сол кезге дейінгі беймәлім құнды жазбаларын ғы­лыми айналымға енгізуге қатысты мате­риал­дарға аса бай болатын.  Диссертацияда  А.Эйхгорн, А.Левшин, С.Рыбаков, т.б. тәрізді  көрнекті ғалым, саяхатшы, этнографтардың  қазақ музыкасын зерттеу еңбектеріне алғаш рет жан-жақты сипаттама беріле отырып, қазақ музыкасының қалыптасуы мен дамуын айқындайтын ғылыми дәлелді тұжырымдар жасалады. Г.Шомбалова сонымен қатар диссертациялық жұмы­сында шығыстанушы ғалым Шоқан Уәли­ханов пен ақын-ағартушы Абай Құнан­баевтың қазақ халқының мәдени өміріндегі зор рөлін нақты дәлелдермен ашып көр­сетеді. Сөйтіп, 1958 жылғы мамыр айын­да Мәскеу консерваториясының Ғылыми кеңесінде кандидаттық диссертациясын ой­дағыдай қорғаған Гүлжауһар Айыпқызы, республикамыздағы алғашқы музы­катану­шы ғалым қыздардың бірі ретінде осы сала­ның көшбасшысына айналады. Дис­сертациялық кеңестің жұмысына белгілі археолог-ғалым, академик Әлкей Марғұлан да қатысып, еңбекке жоғары баға береді. Әлемдік және совет музыка мектебінің үздік дәстүрлерін насихаттаған және прак­тикаға енгізе білген Гүлжауһар Айыпқызы бұдан кейін Алматы консерваториясында «КСРО халықтары музыкасының тарихы. Қазақтардың 1917 жылға дейінгі музыка мәдениеті» курсынан дәріс оқып, болашақ ма­мандар тәрбиелейді. Сонымен қатар тарих-теория факультетінде ашылған фольклор және халық шығармашылығы кабинетінің меңгерушісі қызметін атқарады. Оның осы жылдары жазған «Мұқан Төлебаевтың шығармашылық жо­лы», «Біржан – Сара» және «Абай» опералары туралы музыкалық-драмалық талдау негізіндегі ғылыми еңбектері – республика музыка өнерінің дамуына елеулі үлес болып қосылған сүбелі дүниелер. Өкінішке қарай, талантты ғалым, ше­бер орындаушы-пианистің ғұмыры ұзақ бол­мады. Ол диссертация қорғағаннан кейін бірнеше айдан соң, 39 жасқа толар-тол­маста ауыр науқастан дүние салады. Гүл­жауһар қысқа да жарқын ғұмырының өзе­гіне айналған бай шығармашылық және ғы­лыми-зерттеушілік қызметі арқылы қа­зақ музыка ғылымы мен білімі саласына өлшеусіз үлес қосып, ұлттық музыка мә­де­ниетінде терең із қалдырды. Г.Шомбалова туралы сөз еткенде, хал­қымыздың қоғамдық-саяси және мәдени өмірінде ерекше орын алатын атақты Қожықов­тар әулеті туралы айтпай кету мүм­кін емес. Гүлжауһардың жұбайы Құлах­мет Қожықов – қазақтың алғашқы сурет­шілері қатарынан. Ол – Түркістан өлке­сін­де пат­шалық тұсында ұстаздық қызмет атқар­ған реформатор мұғалім, өлкедегі оқу-ағарту саласының көрнекті өкілі, Қо­қан­да жария­ланған Түркістан автоно­мия­сының, Сыр­дария облысындағы «Алаш» қозға­лы­сы­ның белсенді мүшесі. Совет өкі­меті тұсында мәдениет тарихын зерттеуге елеулі үлес қосқан ғалым, қоғам қайраткері Қоңырқожа Қожықов пен ұлт­тық қол­дан­балы өнер шебері, рес­пуб­ликамыз­дағы тұңғыш драма және опера театрларында киім тігуші халық ісмері Ләтипа Қожықова-Лапинаның ұлы. Ләтипа Мұңайтпасқызы дайындаған ұлттық киімді кезінде рес­публика үкіметі АҚШ президентіне сыйға тартқан деген дерек баспасөзден мәлім. Осы тамаша отбасынан еліміздің қоғамдық жә­не мәдени өмірінен елеулі орын алатын тұ­тас таланттар шоғыры шықты. Олар: тұң­ғыш суретші-график, плакат шебері, де­коратор, кітап безендіруші Қожахмет Қожықов, қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушылардың бірі, қазақ театры мен киносының тұңғыш суретшісі Құлахмет Қожықов, алғашқы монументалист-су­рет­ші, мүсіншілердің бірі Нұрахмет Қо­жықов жә­не Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қай­раткері, қазақ киносына «Қыз Жібектей» жауһарды сыйлаған атақты режиссер Сұлтанахмет Қожықов. Бір отбасынан төрт бірдей тума таланттың өрбуі өмірде сирек кездесетін құбылыс, өзіндік феномен екені хақ. Мұндай жайт басқа халықтар тари­хын­да да саусақпен санарлықтай ғана. Қос шығармашыл тұлға – Гүлжауһар мен Құлахметтің отбасында Сәуле және Гүл­нәр есімді екі қыз дүниеге келді. Гүлнәр өз тағдырын шетелмен байланыстырса, Сәу­ле Алматыда тұрады. Көп жылдар бойы жоғары оқу орындарында ағылшын тілі пәнінің оқытушы болып еңбек етті. Атақты Қо­жықовтар әулетінің  іздеушісіне, шы­рақшысына айналған ол солар салған ізгі­лікті жолды лайықты жалғастырып, қоғамдық өмірге белсене араласуда. Қазір рес­публикалық «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының атқарушы директоры, Қазақ­стан Суретшілер және Кинематог­ра­фистер одақтарының мүшесі. Қожықовтармен қатар саяси қуғын-сүргінге ұшыраған басқа да Алаш арыстарының есімін қайта тірілту, оларды насихаттау ісіне ұйытқы боп жүрген белсенді жан. Елімізге еңбегі сіңген тұлғалар тарих та­са­сында қалмасын десек, олардың есім­дерін тек мерейтойлар мен айтулы даталар кезінде ғана еске алып қоймай, сәт сайын жаңғырта отырып, ұлықтай білейік. Бұл рет­те тілге тиек болған алғашқы пианист, му­зыка зерттеушісі Гүлжауһар келін бол­ған, қазақ мәдениеті тарихында өзіндік ор­н­ы жарқырап тұрған Қожықовтар әуле­тін, құбылыс сынды осы тамаша динас­тия­ны көпшіліктің жете танып-білгені абзал. Бұл тек бүгініміз емес, болашағымыз үшін де аса қажет.

Балжан ХАБДИНА

Алматы қаласы

   

Серіктес жаңалықтары