COVID-19: елордада 10 күнде жаңа госпиталь салынбақ

COVID-19: елордада 10 күнде жаңа госпиталь салынбақ
Елордалық журналистер COVID-19 вирусын жұқтырғандарды жатқызуға арналған госпиталь құрылысымен танысты.
Төтенше жағдай кезінде науқастарды қабылдайтын 200 орындық госпиталь қалалық туберкулезге қарсы диспансер маңында тұрғызылады.
«BI Group» құрылыс компаниясы бұл нысанды 10-12 күнде аяқтауды жоспарлап отыр. Ол үшін 500-ге жуық құрылысшы 3 ауысыммен тәулік бойы жұмыс істеуде.
«Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында үш жобаны қолға алдық. Нұр-Сұлтан мен Шымкенттегі жоба 200 орынан қарастырылған және әрқайсысында 20 орын интенсивті терапияға арналмақ. Алматыда 280 орын болса, оның 28-і интенсивті терапияға беріледі. Нұр-Сұлтандағы госпиталь Modex зауыты жасайтын модульдерден құрылады. Мұндай монолиттік құрылыстарды 50-70 жыл бойы пайдалануға болады», – деді жоба директоры Арман Лесбеков тілшілерге берген сұхбатында.