385
Шымкентте 10 шағынаудан карантинге жабылды
Шымкентте 10 шағынаудан карантинге жабылды
Коронавирустің таралуын шектеу мақсатында Шымкент қаласы аумағында 10 шағынаудан оқшауланып, карантинге жабылды.
Қалалық төтенше жағдай жөніндегі штабтың мәліметіне сүйенсек, карантин жарияланған аумақтарда жалпы 321 қызметкер жұмылдырылған. Олардың қатарында 115 полиция қызметкері, 14 қарулы күштер және 192 ұлттық ұлан сарбаздары 3 ауысымда тәулік бойы қызмет атқаруда.
«Карантинге жабылған аумақтардың қатарында жұқпалы аурулар емханасы мен «Атамекен», «Мейірім» оңалту орталығы, Екінші қалалық емхана (Медикус), Жаңаталап м.а., «Самал-1» шағынауданы, Мақталы көш №120А,Төрекұлов №204, 8-шағынауданы және Желтоқсан көшесі 3 А үй бар.
Бүгінде қалада жалпы коронавирус жұқтырған 14 адам тіркелген. Дәрігерлердің айтуынша, 12 науқастың жағдайы тұрақты. Ал 51 жастағы пациенттің жағдайы ауыр.
Тіркелген барлық науқастармен байланыста болған 327 адамның 274-і стационарлық карантинге алынса, 53 адам үй жағдайында бақылауға алынған. Карантиндік стационарлардағылардың денсаулық жағдайын мамандар қанағаттанарлық деп бағалап отыр.
Айта кетейік, Қазақстан бойынша коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 569-ға жетті. Дерттен 36 адам емделіп шықты. 6 адам көз жұмды.