259
Жамбыл облысында коронавирус жұқтырған 17 адамға қатысты деректер жарияланды
Жамбыл облысында коронавирус жұқтырған 17 адамға қатысты деректер жарияланды
5 сәуір күні Жамбыл облысында COVID-2019 жұқтырған 17 адам анықталды. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың күшейтілген шарасының арқасында науқас азаматтар дер кезінде анықталып, карантинге жатқызылды, деп хабарлайды coronavirus2020.kz.
Жұқтырылған індет сырттан әкелінген және оны науқастармен байланыста болғандар жұқтырып алған. Төрт науқас Үндістаннан келген рейс жолаушылары. Ұшып келген жолаушылар арнайы автобуспен медицина қызметкерлері мен полицияның бақылауымен карантиндік стационарға жеткізіліп, оқшауланды. Лабораториялық зерттеу нәтижесі бойынша 1984, 1996, 1998, 2000 жж. туған төрт жолаушыдан инфекция анықталды.
Қордай ауданында үш жағдай тіркелді. 1975 және 1982 жылдары туған екі тұрғын Нұр-Сұлтан қаласының вирус жұқтырған тұрғынымен байланыста болғандықтан карантиндік стационарда жатқан болатын. Тағы бір індет жұқтырған 1999 жылғы азаматша 23 наурыз күні Қостанай қаласынан «Қостанай-Алматы» пойызымен келген.
Шекара пунктеріндегі күшейтілген шараларға байланысты Қазақстанға кіретін барлық азамат карантиндік стационарға жатқызылады, оның ішінде жүк көлігінің жүргізушілері де бар. Нәтижесінде 10 науқас анықталды. Олардың 4-еуі Қырғызстан азаматы болса, 6-уы көршілес елден жүк тасыған Қазақстан тұрғыны.
Науқас азаматтардың барлығы инфекциялық стационарға жатқызылды. Байланыста болған адамдарды анықтап, оқшаулау және тұрғылықты мекенжайы мен науқастардың барған жерлерін дезинфекциялау жұмыстары жүріп жатыр.
Еске сала кетсек, коронавирус инфекциясының жаңа жағдайлары тіркелгеннен кейін Жамбыл облысының мемлекеттік бас санитар дәрігерінің бұйрығымен Қордай ауданы аумағында 2020 жылдың 6 сәуірінен бастап тұрғындардың қызметі мен өмір салтына, шаруашылығына ерекше тәртіп орнататын карантин режімін енгізу туралы шешім қабылданды.