996
Тоқтап қалған той-бизнес
Тоқтап қалған той-бизнес

COVID-19 індеті бүкіл әлемнің үрейін ұшырып, адамзат баласын үйлерінде отыруға мәжбүр етуде. Аурудың залалын түсінбеген кейбір сауықшыл елдер қазір соның зардабын да тартып отыр. «Жиғаным тойда шашылсын» дейтін ұстанымдағы біздің ел тұрғындары үшін де жиын-тойға шектеу қойылғаны оңайға соқпады. Тәртіпке бағынбай, ескертуге құлақ асқысы келмеген кейбір азаматтар қомақты айыппұл арқалап, тіпті қамауға да алынып жатыр.
Әділет министрі Марат Бекетаев карантин тәртібін бұзған тойды ұйымдастырушылар мен оған қатысқан қауымның заң алдында жауапкершілігі бірдей екенін мәлім етті. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 476-бабына тоқталған министр: «Тойды ұйымдастырушылар да, сондай-ақ оған қатысушы да карантин тәртібін бұзғаны үшін бірдей жауапқа тартылады. Осы орайда 26 мың теңге сомасында айыппұл немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу ескерілген», – деп атап өтті. Министрдің айтуынша, сот әртүрлі жағдайды назарға алады және тәртіп бұзғандарға түрлі санкциялар қолданады.
Төтенше жағдайға сәйкес, полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып ерекше режимде күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Карантин тәртібіне құлақ аспаған мейрамхана иелері де ендігі жерде айыппұл төлейді.
Індеттің тез арада таралуы елімізде ең қарқынды дамыған той бизнесіне де өз көлеңкесін түсіріп тұр. Мейрамхана иелері карантин режимі біткенше тойға тапсырыс ала алмайды. Асабалар мен өнер иелері де күнделікті табыс көзінен қағылып отыр. Жалпы, тойда даңғазалық, мақтангершілік пен ысырапқа жол беретін жайттар аз емес. Қауіпті індет көп нәрсеге көзқарасымызды өзгертіп жатыр. Бәлкім, елімізде қалыптасқан жағдайдан соң той өткізудің де жаңаша салты қалыптасар деген сенімдеміз.
Алтынай ЖОРАБАЕВА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– Той бизнесі көптеген әншінің негізгі табыс көзіне айналғаны жасырын емес. Тойдағы тоқырау кезеңі тойдан табыс тауып жүрген әншілерге қиынға соғып жатқан болар. Өзім де тойға шығып тұрамын. Бірақ менің тұрақты табыс көзім – «Алтынай-мебель» жиһаз компаниясы және филармониядағы жұмысым.
Халықтың алдына ән айтуға шыққан соң, жағдайымен санасу керек деп ойлаймын. Ешқандай байқауға қатыспаған, кеше ғана бір әнімен жұлдыз болған кей әншілердің гонорарын көргенде таңғаламын. Мен әдетте тойға шақырғанда қай жерде болатынына, той иесінің жағдайына қараймын. Егер той иелері қарапайым жандар болса, өз ұсынысымды айтып, жеңілдігімді қарастырып, гонорарымды түсіремін. Мұндай келісімге келу тек шоу-бизнесте емес, қоғамның барлық саласында қалыптасқан жағдай.
Жалпы, халық арасында «Әншілер халықтың арқасында шалқып өмір сүріп жатыр» деген пікір бар. Рас, бәрі де халықтың арқасы, бірақ ешкім менің үйіме келіп ақша әкеліп жатқан жоқ. Біз сияқты дәрігер де, мұғалім де, саудагер де, кәсіпкер де халықтың арқасында өз жұмыстарын істеп жатыр. Бір ғана әнмен бүкіл Қазақстанның тойында ән салып жүрген жоқпын, осыған дейін еткен еңбегім мен ізденісімнің арқасында жетістікке қол жеткізгеніме шүкіршілік етемін.
Елімізге келген бұл індет қоғамның барлық саласына өз әсерін тигізіп отыр. Әр істің қайыры бар дейміз, карантин кезінде бәріміздің үйде отыруымыз, бала-шағамызбен дұрыс қарым-қатынас жасауымыз, тәубеге келуіміз маңызды. Карантин жағдайында үйде отыру талап етілсе, үйден табылуымыз қажет. Өйткені мемлекетіміз індетпен күресуге қаржы бөліп, сақтық шараларын жасап жатыр. Аздаған уақыт күтіп, сабыр сақтасақ бұл қиындықты да еңсереміз. Халықтың еңсесін тіктеп, жадырай қуанатын сәтіне куә болар күн алыс емес деп сенемін.
Сара РАХИМБАЕВА, жеке кәсіпкер:
– Күйеуім екеуіміз Алматы облысы, Ұзынағаш ауданында жеке кәсіппен айналысамыз. 7 жыл бұрын өз еңбегіміз, маңдай терімізбен аудан орталығынан 250 адамға арналған мейрамхана ашқан болатынбыз. Бүгінде 10 шақты адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған жайымыз бар.
Қазір жаппай барлық тойхана, мейрамхана, кафе жұмысын тоқтатты. Бизнес болған соң қиындықсыз болмайды. Әдетте қыс мезгілінде және Ораза кезінде той көп болмайды. Мұндай жағдайға алдын ала дайын болып жүресің, ал күтпеген жерден табыс көзінен айырылу кім-кімге болса да оңайға соғып тұрған жоқ.
Мен өз жұмысшыларымның жалақысын есептеп беріп, уақытша жұмыстан босаттым. Карантин режимі енгізілсе де той жасатып жатқан мейрамхана иелері болды. Бірақ мен жұмыс беруші және мейрамхана иесі ретінде өзгелерге кесіріміз тимесін деп 15 наурыздан бастап мейрамхананы жаптым.
Карантин кезеңінде ең алдымен денсаулық, отбасының, еліміздің амандығы маңызды. Десе де, бір күндік табысы сол күнгі ішіп-жеуінен аспай отырған халық көп. Мен мұны ауылдың, аудан орталығының жағдайын көзбен көріп жүрген адам ретінде айтып отырмын. Мысалы, менің жұмысшыларымның арасында айлыққа жұмыс істегісі келмейтіндер бар, оларға бір күндік еңбекақысын алған тиімді. Жұмысшыларыма айлықтарын бір айға жеткізу қиын, өйткені аудандық, ауылдық жерлерде жалақы жоғары емес және көбінде отбасында бір адам ғана жұмыс істейді. Осындай жағдайда отырған қарапайым халыққа және дағдарыста қалған кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қандай да бір қаржылық қолдаудың болғаны дұрыс деп санаймын. Өйткені бизнесі тоқтаған кәсіпкер жұмысшыға жалақы төлей алмасы анық.
Бизнес болғаннан кейін оның ой-шұқыры, кедір-бұдыры болатыны анық. Әлемді жаулаған осы індеттен құтылғанша банкроттық жағдайға жетпеуге тырысамыз. Өйткені мейрамхана ісін бастағаннан кейін жабылмауға күшімізді саламыз. Менің жағдайымда, несиемнің жоқтығы көңілге медеу болып тұр. Ал ай сайын несие төлеп отырған мейрамхана иелерінің жағдайы қиын.
Карантин жағдайынан кейін де елдің есін жинауына біршама уақыт қажет, мейрамхана иелеріне де енді халықтың жағдайымен санасуға тура келеді. Өйткені доллар бағамының көтерілуіне байланысты елімізде азық-түлік бағасы да қымбаттап тұр. Бұл алдағы уақытта той өткізуді жоспарлап отырған халыққа біршама қиынға соғады. Бірақ әр күніне, қолындағы барына шүкір еткен қазақ халқы бұл қиындықты да еңсеріп, алдағы уақытта адамдар бір-бірінің жағдайын түсінуге тырысады деп ойлаймын.
Руслан ЫСҚАҚОВ, продюсер, кәсіби шоумен, мерекелік шараларды ұйымдастырушы:
– Елімізде той бизнесі тоқырау кезеңін бастан өткеріп жатыр. Осы орайда табыс көзі тойдан ғана болып отырған әншілер мен асабаларға қиын соғатыны рас. Өйткені қазір әншілер бейнебаянды да, әнді де той үшін жазады, тойға шықсам деген оймен жүреді. Бізде шын мәнінде шоу-бизнес деген жоқ, бізде тек той бизнес бар. Халық әртістерінен бастап барлық әнші ақшаны тойдан табады. Өзінің шағын бизнесі бар, жоғары оқу орындарында дәріс беретін немесе жеке мектебін ашқан, қосымша табысы бар әншілер де бар. Бірақ әншілердің ең қомақты табыс көзі той екенін жасыра алмаймыз. Бірде-бір әнші концерттен пайда көрген емес. Өйткені бүгінгі таңда жеке концерт беру дегеніңіз әншілердің қалтасына үлкен шығын. Концерт өтетін орынды жалға алу, сахнаны безендіру, костюмдері, режиссурасына қыруар қаржы жұмсалады. Ал той – таза табыс. Былай айтқанда, әншінің бейнебаян түсіруге, ән жаздыруға жұмсаған ақшасының қайтарымы.
Той бизнесінің тоқырауы асабаларға да қиын болып тұр. Өйткені олардың көбісі жалдамалы пәтерде тұрады. Бір тойдан тапқан ақшасын келесі тойға дейін әрең жеткізіп өмір сүріп жатқан көпбалалы асабалар бар. Мысалы, карантин жағдайында мемлекеттік немесе жеке компания қызметкерлері жұмыстан қысқартылмасын деген тапсырма берілді. Қысқарған жағдайда арыз жазып, өз құқығын қорғай алады. Жеке кәсіпкерлерге қолдау білдіріліп, жеңілдіктер жасалып, салықтан босатылып жатыр. Ал асабаларға ешқандай жеңілдіктер жоқ. Гонорарын қолма-қол алатындықтан және еш жерде тіркеліп жұмыс істемегендіктен асабалар қауымына мына жағдай кері әсер етіп отыр.
Қазіргі таңда жиһаз жасайтындар, мейрамханалар мен жеткізу қызметтері онлайн форматта жұмыстарын жалғастырып жатыр. Ал жеткізу қызметі карантин жағдайында таптырмас мүмкіндік болып отыр. Халық үйде отырып-ақ өзіне қажет затына тапсырыс беріп жатыр. Карантинге дейін 100 пайыз пайда тауып отырған мейрамханалар карантин жағдайында табысының 20 пайызын жоғалтар, бірақ бизнестерін жалғастырып, өз шығындарын жауып отыр. Ал асабалар онлайн форматта той басқара алмайды ғой.
Мен тойды жалғыз және жұбайым Перизатпен жұп болып та жүргіземін. Екі адам жұп болып той басқару қандай әдемі болса, сондай екі есе қиын, екі есе қымбат. Екі адамға екі есе ақша төлеу керек. Жалпы, той жүргізетін әнші жұптардың әрбірінің гонорары бөлек төленеді. Мен бұған дейін ешқашан жеңілдік жасап, гонорарымды түсірген емеспін. Бірақ жұбайым Перизаттың бастамасымен карантин мерзімі біткеннен кейінгі тойларды 40 пайыз жеңілдікпен жүргізу туралы шешім қабылдадық. Өйткені індет тоқтады, карантин мерзімі аяқталды дегеннің өзінде халық есін жиғанға дейін шамамыз келгенше қол ұшымызды беріп, көмектесейік деп ойладық.
Тойдан басқа да табысым бар

Бір күндік табыспен күн көретіндер көп, оларға айлап карантинде жату өте ауыр

Той-бизнес болмаса, шоу-бизнес жоқ

Әзірлеген Арайлым Жолдасбекқызы