560
Бүгін Қытай халқы коронавирус құрбандарын аза тұтады
Бүгін Қытай халқы коронавирус құрбандарын аза тұтады
4 сәуір Қытайда коронавирус пандемиясынан қайтыс болғандарды жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
«Синьхуа» агенттігінің хабарлауынша, мұндай шешімді ҚХР Мемлекеттік кеңесі қабылдаған.
Қытайлықтар қайтыс болған отандастарын үнсіздікпен еске алады. Елде барлық тулар төмен түсіріліп, қоғамдық көңіл көтеру шаралары тоқтатылады. Сондай-ақ автокөліктер, пойыздар мен кемелердің дыбыс белгілерін береді, сиренаның даусы естіліп тұрады.
ҚХР Денсаулық сақтау істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің дерегінше, соңғы тәулікте құрлықтық Қытайда 4 адам коронавирустан көз жұмған. Індет жұқтырғандар саны 31 адамға артып, 163 адам емделіп шыққан.
Бұған дейін хабарлағандай, 1 сәуірден бастап Қытайдың медицина билігі елдегі коронавирустық жағдайдың күнделікті бюллетеніне ауру белгілері жоқ инфекциялар енгізе бастады.
«2020 жылғы 2 сәуірдегі жағдай бойынша құрлықтық Қытайда коронавирустың 60 ауру белгілері жоқ жаңа жағдайы тіркелген, оның ішінде 7-еуі сырттан әкелінген. Қазіргі уақытта медициналық бақылауда 1027 ауру симптомдары жоқ науқас бар», - делінген жұма күні жарияланған ведомство бюллетенінде.
Соңғы деректерге сүйенсек, Қытайда коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың жалпы саны 81, 6 мың адамға жетті. Науқастардың 90 пайыздан астамы, яғни 76,5 мыңы емделіп шыққан. Ал 3322 адам індеттен қайтыс болды.
Айта кетейік, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 435-ке жетті. Індеттен 27 адам емделіп шықты, 3 адам көз жұмды.