292
Коронавирустан алты айлық сәби көз жұмды
Коронавирустан алты айлық сәби көз жұмды
АҚШ-та COVID-19 инфекциясынан алты айлық нәресте көз жұмды.
Қайғылы жағдай Конниктитут штатында орын алған. Ақпаратты аймақ басшысы Нед Ламонт Твиттер желісіндегі парақшасында растады.
Сәби өткен аптаның соңында штат ауруханаларының біріне жатқызылған. Бір күн бұрын нәрестеге коронавирус тесті жасалған болатын, нәтижесі оң боп шыққан. Дәрігерлер қолдан келген амалдың бәрін жасағанымен, баланың денсаулығы оңалмапты.
Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, АҚШ-та COVID-19 коронавирус инфекциясы жұқтырғандар саны 200 мыңнан асқан. Бұл – әлем бойынша ең үлкен көрсеткіш.
Еуропада да індеттің таралу қарқыны артып барады. Коронавирус жұқтырған тұрғындарының саны 100 мыңға жеткен елдер қатарына Италия, Испания, Германия және Франция сынды мемлекеттер бар.
Осындай өсу қарқыны сақталған жағдайда, 2-3 сәуірде бүкіл әлем бойынша ауру жұқтырған адамдар саны миллионға жетуі мүмкін. Соңғы дерек бойынша дүние жүзінде 937 567 адам кесірлі кеселге шалдыққан.
Айта кетейік, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 402-ге жетті.