350
Карантинде де қайыр бар
Карантинде де қайыр бар
Үйде отырыңыз! Дәл қазір қауіпті індеттің жаппай таралуына жол бермеудің жалғыз амалы осы. Үйде отыру – үйдей пәледен сақтану ғана емес, үйіліп қалған біраз шаруаны тындыруға зор мүмкіндік емес пе?! Осындай оймен карантин кезінде немен айналысып жатқанын сұрап, есімін ел танитын азаматтарға хабарласқан едік.
Асанәлі ӘШІМОВ, Қазақстан және КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
Естеліктер жазып жатырмын
– Қазір үйден шықпай отырғаннан басқа қолдан келер қайран жоқ. Барлық әлемді жаулаған дерттің алдын алудың және таралмауының жалғыз жолы – оқшаулану. Бұл індет ұлт таңдамайды. Қазір барлық халықтың тілеуі де, жағдайы да бірдей. Тірі адам тіршілігін жасайды ғой. Бұрын жасай алмай, жаза алмай жүрген естеліктерім бар еді. Қазір үйде соны жазумен айналысып жүрмін. Студенттеріме де телефон арқылы тапсырма беріп жүрмін, карантин кезеңі аяқталған соң олардан берген тапсырмамды сұрап, емтихан аламын деп отырмын. Қанша қиын болса да, ағайын-туыс, дос-жаранмен телефонмен ғана хал-жағдай сұрасып отырмыз. Көппен көрген – ұлы той. Әлем елдеріндегі жағдай тым ауыр, індеттен көз жұмғандар мен ауру жұқтырғандар саны күннен-күнге артып жатыр. Тезірек осы індетті жеңсек деген тілеуім бар. Талай қиыншылықты бастан кештік, бұл кезеңнен де өтетін боламыз. Халқыма жақсылық, аманшылық тілеймін. Ел аман, жұрт тыныш болсын! Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы, кинодраматург, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:«Балалық шақ» естеліктерін аяқтадым
– Бүгінде барлық саланың мамандары үйде отырып жұмыс істеп жатыр. Жазушылар – карантинге дейін де үйде отырып жұмыс істеуге үйренген қауым. Ал жұмыс істейтін жазушылардың өміріне бұл індет өзгеріс әкелді деуге болады. Өзім Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының профессорымын, кино драматургиядан дәріс беремін. Қашықтықтан оқуға көшкен студенттерге онлайн дәріс оқып жүрмін. Бірақ шығармашылық тоқтаған жоқ, кітап оқу мен жазу жүріп жатыр. Мен соңғы 20 жылдан бері тек сценарий жазумен ғана айналысып, қара сөзге жоламай, прозадан аулақ кетіп қалған болатынмын. Мұным қара сөзге деген құрметтен, махаббаттан туындаған еді. Адам соны тым қастерлегеннен кейін де қара сөзге басын ауырта беруге сескенеді. Ал бірақ осы қыста мен бір естелік жазуға отырдым. Оны жазуға себеп болған 4-сыныпта оқитын немерем. Қарап отырсам, Б.Соқпақбаев пен С.Мұратбектің прозаларынан кейін балаларға арналған тартымды жазылған, қызықты прозалық шығармалар жоқтың қасы екен. Содан бүкіл жазушыларға үндеу жариялау керек екен деген ой келді. Бірақ соңынан осы жұртқа үндеу жасап жатқанша жұмыс істеу керек қой деп ойладым. Қолымнан келсе өзім жазуым керек деп, «Балалық шақ» атты естеліктер топтамасын бастаған болатынмын. Міне, қазір сол тұтасымен балаларға арналған шығармамды аяқтап қалдым. Бүгінгі таңда Құдай Тағаладан бала-шағамыздың, жақын жуығымыздың, халқымыздың амандығын тілеумен отырмыз. Қолымыздан келері тәртіпке бағыну деп білемін. Әбділхамит РАЙЫМБЕРГЕНОВ, күйші, өнер зерттеушісі, Мәдениет қайраткері:Күйші Қазанғаптың кітабын даярлап жатырмын
– Әдетте, шығармашылықпен айналысатын адамға уақыт жетпей жатады. Менде жазылмай қалған, басы басталып аяғына жетпеген дүниелер көп. Ал қазір сол дүниелерді ешқайда асықпай, аптықпай, архивімді ақтарып, таңертеңнен кешке дейін отырып алаңсыз жасап жатырмын. Күйші Қазанғаптың шығармашылығымен көптен бері айналысып, деректер мен мәліметтер жинап жүрмін. 300-400-ге жуық әртүрлі орындаушылардың жазған күйлерін сараптап, қолда барын нотаға түсіріп, редакциялап, бір жүйеге келтіріп жатқан жайым бар. Қазанғап туралы зерттеуімді күзге таман кітап етіп дайындап шығарсам деп отырмын. Көп жылдық ізденісімнің нәтижесін қазақ және орыс тілдерінде жарыққа шығарғым келеді. Ал кітаптың үшінші томына Қазанғаптың қасына ерген, көзін көрген қарттардың, орындаушылардың 1958 жылдан бері жазылған үнтаспаларын, кейінгі кезде үлгеріп түсірілген видеотаспаларын, таза ноталық жазбаларын енгізіп, көрнекті дүние жасасам деген мақсатым бар. Елге келген індет ұлттық құндылықтарымызға, дәстүрімізге, мәдениетімізге қайта айналып соғуымызға себеп болып отыр. Салт-дәстүрін сақтаған кәріс пен жапон, темірдей тәртіпке бағынған қытай бұл індеттен құтылды. Дәстүрі мен болмысын жоғалтқан ұлттардың берекесі кетіп жатқанын көріп отырмыз. Өзімізде бар құндылықты жоғалтпай, рухани, мәдени, тарихи, әдеби байлығымызды бір жүйеге келтіретін кез келгендей. Өмірқұл АЙНИЯЗОВ, әнші, Мәдениет қайраткері, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты:Онлайн концерт беруге дайындалып жүрмін
– Карантин режимі басталғалы бері біраз үй шаруасын еңсеріп тастадық. Жер үйде тұрғаннан кейін үйге қарап, ауламызды тазалап, бау-бақша жерін де аударып қойдық. Ауа райы кішкене салқындау болып тұр, әйтпесе егінді де салып жіберуге болатын еді. Үй шаруасынан бөлек шығармашылыққа да уақыт табылып жатыр. Ең әуелі репертуарымды реттеп, жыр-термелерді қарап, кітап оқып жатырмын. Ұмыт қалған, айтылмай кеткен жыр-термелерді қайта еске түсіріп, бұрын студияда жазылған әндерді әлеуметтік желі арқылы халықпен бөлістім. Соның бірі Мұрат Мұстафаұлы жазған «Бір шәугім шәй» әні. Ауылдағы атамыздың қара шаңырағы, анамыздың қара шәугімі мен шәйі қашанда есімізде, сағынамыз, ұмытпаймыз, бірақ ауылға ат ізін көп салмаймыз. Амандық болса, осы жазда ауылға барып осы әнге бейнебаян түсірсем деген ой келді. Ауыл да бұрынғыдай емес, біздің балалық шағымыздағы үйлердің орнына бүгінде еңселі үйлер бой көтерді. Ауылда әжеміздің көзі деп бұзылмай тұрған үй бар. Сол үйді құлатып тастамай тұрғанда ауылымды, анам жаққан ошақты, өзім өскен шаңырақты бейнебаянға түсірсем деймін. Өзім осы карантин күндерінде онлайн концерт беру туралы ойымды ұйымдастырушыларға айтқан болатынмын. Өзім үйде отырып жасайын десем, сүйемелдейтін музыкалық аспаптар жоқ. Әлі де осы онлайн концерт беруге дайындалып жүрмін. Мүмкін әлеуметтік желі арқылы үй жағдайында домбырамен концерт беремін деген жоспарым бар. Жанел МАҚАЖАН, театр және кино актрисасы:Өзімді жаңа қырымнан танып жатырмын
– Біздің басымыздан өтіп жатқан жайттар жайдан-жай деп ойламаймын. Дәл қазіргі таңда менің ой түйгенім көп адамдар жұмыс, ақша деп отбасын ұмыт қалдырды, ұл-қызымен сырласуға уақыт таппай кетті. Соның бәрінің қарымтасын қайтарып жатқан сияқтымыз. Әр істің қайыры бар деген осы болар. Қазіргі уақытта мен де ел қатарлы үйдемін. Осыған дейін жұмысқа көп мән беріп келдім, бос уақыт деген мүлдем болмайтын. Қазіргі уақытта үйде киім тігумен айналысып жатырмын. Бұрын сенің қолыңнан киім тігу келеді деп біреу айтса сенбес едім, ал қазір өзімді осы жағынан жаңа қырымнан танып, таңғалып жүрмін. Ойыма келген сан түрлі идеяны жүзеге асырып, әрі қарай дамытуды көздеп отырмын. Сонымен қатар оқуым керек деген кітаптарды оқумен айналысып жатырмын. Осыған дейін әлеуметтік желіде анда-санда өзім оқыған поэзияларды бөлісіп тұратынмын, енді тұрақты түрде поэзия оқуды қолға алмақпын. Одан бөлек үй шаруасы, тазалық жұмыстарына да көңіл бөліп жатырмын. Шынымды айтсам, соңғы бір жарым жыл ішінде дәмді тағамдар дайындап, тәттілер пісірмеппін. Осы олқылықтың орнын толтырып, аспаздық шеберлігімді арттырып жатқан жайым бар. Отбасымда балаларыммен өткізген әр сәтімнен ләззат алып, уақытты пайдалы етіп өткізіп жатқаным ұнайды. Басымыздан өтіп жатқан қиын кезеңнің уақытша екеніне сенімдімін. Жағдайды қиындатпай, тәртіпке бағынып, сабырмен күтсек жақсы нәтижеге қол жеткізеріміз анық. Әлібек БАЙБОЛ, жазушы-драматург:Қайым Мұхамедханұлы туралы зерттеу мақала бастадым
– Карантин уақытында көптен жоспарлап жүрген, бастап аяқталмай қалған дүниелерді қолға алып жатырмын. Мәселен, драматургия саласында орыс тілінен қазақ тіліне екі аударманы аяқтадым. Олар жапон жазушысы Кобо Абэнің «Таяққа айналған адам» пьесасы және қырғыз драматургы Мар Байджиевтің «Дуэл» деген драмасы. Өзім жазған «Екеу» деген пьесамды аяқтап, «Мәдениет» порталында жариялап, оқырманға ұсындым. Пьесада аты айтып тұрғандай екі-ақ кейіпкер бар. «Екеу» драматургия саласында махаббат тақырыбына жазған алғашқы лирикалық драма. Бұдан бөлек «Жалғыздық», «Омарташы», «Даладағы силуэт» деген үш әңгімемді жазып аяқтадым. Саналы ғұмырын хакім Абайды зерттеуге арнаған текстолог, әдебиеттанушы Қайым Мұхамедханұлы туралы ғылыми-публицистикалық мақала жазуға кірістім. Менің мақсатым – Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында жалпы жұртшылыққа Қайым Мұхамедханұлының абайтануға сіңірген еңбегі туралы жеткізу. Өзінің идеясы үшін сотталып, түрмеде отырса да сол идеясынан бас тартпаған тұлғаны халық тануы керек деп есептеймін. Сонымен қатар мәдениеттану, дінтану, әлеуметтану, психоанализ салаларына қатысты жиып қойған кітаптарымды оқуға да уақыт табылып жатыр. Олжас ҚАСЫМ, ақын, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері:Балаларға арналған топтамамды аяқтадым
– Жұмыста карантин жарияланғаннан кейін үйде қашықтан жұмыс істеп жатырмыз. Басқа салғаннан кейін көнесің. Бұрын жұмыс деп үйдің бетін көрмейтінбіз. Осы кезде үйдегі адамдарға көңіл бөліп жатқан жайымыз бар. Одан кейін күніне бір-екі мезгіл ауылда жатқан ата-анамызға хабарласатын болдық. Халық карантин режиміне үйреніп, онлайн қызметке бейімделе бастады. Ойда жүрген жоспарларды іске асыруға уақыт пайда болды. 2018 жылдан бастап балалар тақырыбына арналған шығармаларды жазуға кіріскен болатынмын. «Достарыммен мақтанамын» деген балаларға арналған бір топтаманы аяқтадым. Бос уақытты пайдаланып Толстойдың «Крейцер сонатасы», Қажығали Мұханбетқалидың «Тар кезең» және Тұрсын Жұртбайдың «Бейнет сусыны» кітаптарын оқып жатырмын.Дайындаған Арайлым БИМЕНДИЕВА