1158
Қандастар есіміндегі қатеден қашан құтылады?
Қандастар есіміндегі қатеден қашан құтылады?
Тәуелсіздіктің ақ таңы атқалы елге 1 миллионнан астам қандас көшіп келген. Сол келген ағайынның 90 пайызының аты-жөні қазақ тілінің заңдылығына сай дұрыс жазылып жүрмегені айдан анық. Алайда нақты қанша азаматтың аты-жөні қате толтырылғаны туралы мәлімет жоқ. Қате толтырылудың басты себебі, қандастардың аты-жөні сол тұрған елдерінде қазақ алфавиті бойынша толтырылмайды. Шетелден атажұртқа көшіп келген әр он этникалық қазақтың жетеуі аты-жөнін мәжбүрлі жағдайда қазақ тілінің ерекшелігіне сай толтыра алмайды. Не себепті «мәжбүрлі»? Көші-қон заңы қалай, аудармашылардың міндеті не, бұл олқылықты қалай оңтайлы жолмен шешуге болады? Міне, біз осы мәселені зерделеп көрдік.
Кімге күлкі, кімге түрпі?
Ресейден көшіп келген бір қандасымыздың есімі көпке дейін әзіл-әжуа тұздығы болып жүрді. Құжат бойынша Тлекабл. Түсінбеген өзге ұлттар бұл есімнің «телекабельмен байланысы бар ма?» дейтін көрінеді. Кейбіреулер күлкі үшін әдейі айтатын көрінеді. Кімге күлкі, кімге түрпі? Негізінде, ол азаматтың шын есімі – Тілеуқабыл. Тәңірден тілеп алған ата-ананың жалғыз ұлы. Закрибай, Тулиган, Мульдир, Шарип, Хабул, Елалан, Жахслг деген құжат жүзінде жазылуы бірінен бірі сорақы есімдерді кездестірдік. Бұл шетелден көшіп келген қандастардың есімі. Ол кісілердің құжатын көрген адам міндетті түрде есіміне қатысты бірдеңе дейді. Ол адамға кері әсер ететіні белгілі. Психолог мамандардың айтуына қарағанда, адамдардың көбі, әсіресе есею кезінде өзінің есіміне көңілі толмай, тіптен ол комплекске айналады дейді. Ал азан шақырып қойған аты-жөні қыңыр-қисық тұруы адамға жағымды әсер бермейтіні рас. Жоғарыдағы есімдерге қарап, қай ұлттың адамы екенін түсіну қиын. Әр ата-ана жаңа туған нәрестесіне жақсы есім қоюды парыз санағанымен кейбір сыртқы факторлардың әсер етуімен сол кезеңдегі науқанға, оқиғаға қатысты қойылып жататыны да бар. Ал енді ата-анасы азан шақырып қойған аты-жөнін дұрыс толтыруға немесе түзетіп алуға еш қиындық болмауы керек еді. Мысалы, жоғарыда аталған мағынасыз есімдерді қазақ тілінің ережесімен сауатты жазсақ: Зәкірбай, Төлеген, Мөлдір, Шәріп, Қабыл, Ерлан, Жақсылық болып шығады. Көрер көзге де, айтар ауызға да жатық әрі әдемі. Азаттығымызды алғалы бері елге көшіп келген, азаматтық алған ағайындардың құжаттағы аты-жөні шым-шытырық. Бұл көбіміздің басымызда бар. Мысалы, қандастардың дені «ой сол нетер дейсің, құжатта ғана қате. Ал өмірде Бәленшемін» деп жүре береді. Құжатын көрсеңіз әрқайсысы әртүрлі. Кейбір отбасында бес баланың тегі бес түрлі. Ал оның болашақта үлкен кедергілердің біріне айналатынын ескермейміз...Кейіпкер куәлігі
Ханат Жахслг есімді қандас тарихи Отанына көшіп келіп, азаматтық алған уақытта аты-жөнін түзей алмаған екен. Себебі құжаттарын аударған кезде аудармашы құжатта қандай әріп тұр, тек сол бойынша аударып береміз деген көрінеді. Сонымен Моңғолиядан көшіп келген қандас азаматтықты жоғардағы түсініксіз аты-жөнімен алған. Басқа тиісті құжаттарды да осы бойынша толтырады. Үйленіп некеге тұрған кезде де Жахслг деген тек бойынша неке куәлік алады. Кейін балалы болған кезде балаларының фамилиясын Жақсылық Мирас Қанатұлы деп жаздырыпты. Енді Қанаттың балаларының құжаты әкесінің құжатымен сәйкес келмейді. Бұл да кейін мәселе болатыны белгілі. Кейбір әлеуметтік жәрдемақы, көпбалалы әке немесе көпбалалы ана деген мәртебе алатын кезде құжаттардың бірізділігі талап етіледі. Бұдан басқа да құжаттардың сәйкес келуі көп жерде қажет. Мұның алдын алғысы келген Қанат өзінің аты-жөніндегі әріп қателерді түзету үшін АХАЖ-ға барған. Ол жердегі қызметкер құжаттағы қатені түзету сот арқылы шешілетінін айтқан. Бірінші аты-жөнін түзететін азамат өзі көшіп келген елдің азаматтарды тіркеу архивінен анықтама әкеліп, жаңадан туу туралы куәлік алып, сосын барып сот қарайтынын ескерткен. Яғни, азаматтардың аты-жөнін түзету үшін Қазақстан шетелдегі архивке жүгінеді. Бұл ең қиын процесс. Күту қажет, одан сот тексереді. Ол сот оң шешім қабылдауы да қабылдамауы да мүмкін. Ал кейбір елдерде өздерінің азаматтығынан шығып кеткен адам туралы архив құжаттарын бермейтін елдер бар. Яғни, екі елдің заңы бір-біріне мүлде қарама-қайшы келетін тұстар кездеседі. – Біріншіден, әр қандас шет тіліндегі құжаттарын мемлекеттік тілге 4 дана етіп аудартып, нотариуспен куәландырады. Оны тиісті мекемелерге тапсырады. Аударма, нотариус қызметі үшін бір қандастар отбасы шамамен 20-25 мың теңге қаражатын жұмсайды. Нотариус құжаттың рас-тығын емес, тек аудармашының қолын ғана куәландырады. Құжатты қабылдап отырған әрбір құзырлы мекеме мамандары оларды түпнұсқасымен салыстыра тексеріп қабылдайтындықтан нотариустың куәландыруы не үшін қажет? Қандастардың шетелдік паспортына көші-қон полициясы мөр басып, әртүрлі белгілер соғады. Бұлай жасауға шет елдердің заңы бойынша тыйым салынған. Мәселен, Моңғолияның шетелдік паспортының бірінші бетінде осыған байланысты арнайы ескерту жазылған, – дейді «Асар» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі Амантай Әлхан. Сыртқы істер министрлігі немесе Консул арқылы хат жазғанмен сол елдің заңына сәйкес келмейтін жайттар көп. Азаматтардың құжаттағы аты-жөнін түзету де сондай жағдай. Бұл сондықтан да ел ішінде шешілетін мәселе. Ал елімізде мұндай мәселемен айналысатан нақты мекеме немесе жетілдірілген заң жобасы жоқ деуге де болады. Сол себепті де қаншама азаматтың аты-жөні қате жазылып жүр.Аудармашылардың ағаттығы
Бұл мәселенің түп негізі аудармашының ағаттығы және заңға салғырттығынан да болып отыр. Өйткені аудармашы шетелден көшіп келген азаматтың құжаттарын аударған кезде аты-жөнін қазақ тілінің ерекшеліктеріне сай аударуға хақылы. Аудармашылардың көбі өздерінің осы мүмкіндіктерін білмейді деуге болады. Себебі олар құжаттың түпнұсқасында қандай әріптер тұрса, соны сол күйінде теріп береді. Егер аудармада адамның аты-жөнінде бір әріптен айырмашылық шықса, нотариус бекітпейді дейді. Ал шын мәнінде, нотариус аударманың қалай аударғанында ісі болмауы керек, ол тек аудармашының таңбасы мен қолын заңдастырып беруші орын. Бұл жерде нотариус туралы заңды аудармашы мен нотариус өкілінің дұрыс білмегенінен мәселе туындап тұр. Ал аудармашы азаматтың аты-жөнін қазақ тілінің ерекшеліктеріне сай аудармауы нотариустың ғана талабы емес. Бұдан бөлек, азаматтардың салғырттығы және өзге құжаттарым бөлек болып қалады деуден шығады. Мысалы, Қанаттың шетелде алған дипломында Ханат деп жазылды, ал азаматтығы Қанат болса, ол сәйкеспейді де кейбір мекемелер жұмысқа алмай қоюы мүмкін деп ойлайды. Ал негізінде азаматтардың барлық құжатының түпнұсқасы базада онсыз да сақталады. Сонымен қатар жеке сәйкестендіру нөмірі тұр. Бұған алаңдаудың жөні жоқ. Төлқұжаттағы аты-жөніңіз бойынша басқа құжаттарды түзеп алуға болады. Диплом алған оқу орнына өтініш беру арқылы дипломдағы аты-жөнін дұрыстауға мүмкіндік бар. Бірақ мұндай мүмкіндіктерді қандастардың көбі білмейді.«Елге ел қосылса – құт», есімдері қате жазылса...
Сонымен Қанаттың құжатын аудармашы «Қанат Жақсылық» деп аударып, оны нотариус да мақұлдап берді дейік. Енді азаматтыққа тапсыру үшін Көші-қон басқармасы азаматтыққа қабылдау бөліміне әлгі аударылған құжатты алып барады. Бұл жерде тағы да кедергіге тап болады. Ол жердегі мамандар аударылған құжаттың түпнұсқасын міндетті түрде сұрайды. Мейлі ол қытай тілінде болсын. Кез келген шетел құжатының латын әрпімен толтырылған бөліміне шұқшияды. Құжатта латын әрпімен KHANAT деп тұр. Және символдарды санайды. Құжатты қабылдап отырған қызметшінің «қырағылық» танытып «түпнұсқада 6 символы бар есім қалай 5-ке түсіп қалған?» дейді. Ханат түсіндіріп шыр-пыр болады. Құжатты қабылдап отырған азамат кері қайтарады. Сонымен Қанат аудармашыға қайта жүгінеді. Бұл ықтималдығы басым өмірден алынған мысал. Қоғамда мұндай жағдай өте жиі қайталанады. Ал заңдық тұрғыда құжат түпнұсқамен бірдей болып аударылсын. Бірақ бұл қазақ тілінің ережесіне сай емес. Заңгер Талғат Мүрсәли «Қандастардың аты-жөні дұрыс болу үшін тарихи Отанына оралған кезден бастап ең бірінші құжаттары дұрыс болу керек. Ол үшін олардың есімдерінде кездесетін ә, ғ, қ, ң, ө, ұ, ү, һ, і секілді қазақ әріптері дұрыс таңбалануы қажет. Ал мұндай қазақ алфавитіне сай аударатын құқық аудармашының қолында. Қалай аударса да аудармашыға заң бойынша толық құқық берілген. Мұны бекітетін нотариус еш кедергісіз куәландыруы қажет. Өйткені нотарустың оған қарсы уәж айтуға хақысы жоқ. Себебі аударманың дұрыс, бұрыстығына аудармашы жауап береді. Нотариус – аудармашының қолы мен мөрін ғана растап беруші орын. Келесі мәселе Көші-қон полициясындағы құжат қабылдайтын бөлімдер заң жүзінде сауатты қабылдауы керек. Бірақ ол жердегі құжаттандыру қызметкерлері азаматтардың құжатты қай тілде толтыратынына шектеу қоюға құқығы жоқ. Егер шетелден көшіп келген қандас ана тілінде, яғни мемлекеттік тілде төлқұжат алғысы келсе, аты-жөнін қазақ тілінде толтыруына мүмкіндік берілуі қажет. Сонда ғана бұл бір жүйеге түседі», – дейді. Ал аудармашылардың айтуына қарағанда, кейбір азаматтардың өз салғырттығынан осындай жағдай туындайды дейді. Мәселен, аудармашы Қаз Бәкейдің бұл мәселе жайындағы пікірі мынадай: «Құжаттың ең бірінші қызметі, сипаты, заңды күші және даталары бәрі ресми іс-қағаз стилінде аударылады. Ал аты-жөнін аударар кезде азаматтың ең бірінші басқа құжаттарын да қараймыз және азаматтың өзінен біліп, арнайы қағазға жазып беруін сұраймыз. Мысалы, Қытайдан келген Ерлан деген есім көбінде Елалан болып келеді. Әуелі азаматтың өзінен сұралады, есімі қалай аталатыны. Ол – Ерлан. Қытайда 3 мың әріп бар деседі, бірақ «р» жоқ. Мұндай есімді аударғанда аудармашы қазақ тілінің ережесі бойынша Ерлан деп аударып, оны нотариусқа бірге барып бекіттіріп, азаматтыққа тапсырар кезінде де ондағы құжатты қабылдайтын қызметкерлерге түсіндіріп айтса қабылдайды. Бірақ көбінде бізге келетін азаматтар басқа құжаттармен сәйкес келмей қалады дейді де, сол алғашқы жазылған қателігімен бірге азаматтық алып кете береді». Жалпы, азаматтық алу – оңай шаруа емес. Қағазбастылық, қыруар тексерісі бар. Болсын-ақ. Тек нәтижесі елдің еншісіне, ұлттың ұпайына қарай болса дейміз ғой. «Елге ел қосылғаны – құт», ал сол елдің есімдері теріс-қағыс жазылғаны көңілге кірбің ұялатады. Шетелден көшіп келген қандас азаматтыққа тапсырғанға дейін алты ай құжаттың мәселесімен жүреді. Үш ай бойы құжаты тиісті орындарда тексеруден өтеді. Мәселен, шетелде қылмысты болды ма, ақша ұрлап қашып келді ме, наркомания және терроризмге қатысы жоқ па, әлде аты-жөнін өзгерткен басқа адам ба? Мұның бәрі мемлекеттік қауіпсіздік үшін екені түсінікті. Міне осының бәрінен өтіп болған соң, тіл саясатына жауапты мекемелерден бір парақ анықтама алу арқылы қандастардың құжатын қазақ тілінің ережелеріне сай дұрыс толтыруға әбден болар еді. P.S. Еліміз латын алфавитіне көшуге дайындықты бастап та кетті. Латын алфавитінің нұсқалары да шықты. Қазір көптеген мекеме немесе басқа да атаулар латын алфавиті бойынша жазыла бастады. Болашақта латынға көшкен кезде қазақ тілінің ұлттық ерекшеліктеріне сай толтырылмаған қандастардың аты-жөні де сол қателігімен көшетіні сөзсіз. Сондықтан бұл мәселені шешетін кез жетті. Қандастардың құжатындағы есімдерін қазақ тілінің ерекшеліктеріне сай түзеуге мүмкіндік тудыру үшін арнайы қаулы қажет. Сіз не дейсіз? Амантай ӘЛХАН, Республикалық қандастардың «Асар» қоғамдық бірлестігінің мүшесі:Азан шақырып қойған атың ана тіліңде қате жазылса – азап
– Қандастардың құжаттарын қабылдап, рәсімдеу барысында кейбір адамдардың аты-жөнін өзгертіп жіберген жағдай да болды. Оны республикалық қандастардың дерек қоры тек қана орыс тілінде қабылдайды, сондықтан адамдардың аты-жөнін ауыстырамыз деп түсіндірді. Осыдан барып Өсерхан – Усерхан, Төлеген – Тулугун, Көжек – Кужек, Өрік – Урик, Өміргүл – Умиргул, Өмірбек – Умербек болып өзгеріп, сол адамдардың дипломы, еңбек кітапшасы, әскери билеті, балаларының туу туралы куәліктері, неке куәліктері жарамсыз болып қалған жағдай да кездесті. Қазақ есімдерінің жазылу нормасының жоқтығынан емес, құжатты қабылдау, беру, тіркеу мекемелеріндегі мамандардың сауатсыздығының кесірінен келген ағайындар зардап шегуде. Осы үрдіс әлі шешімін таппай жылдар бойы оралмандарды әуре-сарсаңға түсіріп, олар мемлекеттен бөлінген жәрдемақы, балаларға берілетін көмекке қол жеткізе алмай жүрген жағдайлар да кездеседі. Оларға келген елдерінен берілген кейбір туу, неке және ажырасу, қайтыс болғаны туралы куәліктер сот және асыраушы туралы шешімдер, архив анықтамалары сияқты түрлі құжаттарына сенбей, сол елдердегі Елшіліктен қосымша кепілдеме қағаз әкелуді талап етіп, ұсынған құжаттарын қабылдамайды. Алайда Елшіліктер мұндай ке-пілдеме бермейді. Мәселен, Қытайдағы қазақтардың аты-жөні төте жазумен және қытайша жазылады. Төте жазу бойынша біршама дұрыс жазылғанмен, өзге тілде мүлде қате жазылып келеді. Батылды Батли, Гүлмайраны Гуламайала, Нұргүлді Нулгули, Мұратты Мулати, Қайратты Хайлати деп кетсе кейбір қандастардың төлқұжатында тегі, әкесінің аты көрсетілмеген, бір ғана өз есімі жазылған. Моңғолияда кириллица болғанмен, алфавит саны 35. Олар бір ғана Жақсылық деген атты Жагслаг, Жагаслаг, Жагаслага, Жахсылах, Жаксылых, Жагслых деп мың құбылтып жаза береді. Бұл түсінікті жағ-дай, сол үшін мынау қалай деп оларды кінәлау тіпті де орынсыз болар. Елге оралған әр қазақ өзге елде бұрмаланып, қате жазылған аты-жөндерін дұрыстап алғысы келеді. Ата-анасының азан шақырып қойған есімін ана тілінде дұрыстап жаздырып алғанға не жетсін?! Бірақ ол үміті су сепкендей басылады. Өйткені бұлай жасауға заңдық тұрғыда еш мүмкіндік жоқ. Қай мекемеге барса да, бұл мәселеге жауапты орындар «ештеңе өзгерте алмаймыз, заң солай» деп шарасыздық танытады. Мәселені жоғарғы құзырлы органдардың назарына ұсынудан қашқақтайды. Анар ФАЗЫЛЖАН, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғылыми хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты:Тіл мамандары көмек беруге әзір
– Қазіргі кезде Қазақстан азаматтары өздерінің аты-жөнін, тегін кез келген уақытта ХҚКО арқылы төлқұжатынан бастап, басқа құжаттарын түзете алады. Ол үшін өзінің аты-жөнін өзгерткені туралы ономастикалық анықтама алып баруы керек. Бүгінгі күнге дейін бұған құзырлы мекеме – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты болып келді. Себебі ол институтта ономастикалық бөлім бар. Ол бөлімде адам есімдерін ұлттық ерекшеліктерін зерттеп, анықтайтын арнайы мамандар отыр. Қазір бұл Тіл білімі институтының ғана сондай құзыры бар. Азаматтардың аты-жөнін түзету – қазіргі кезде ұлттық жаңғырудың бір көрінісі ретінде қарқынды түрде жүріп жатқан процесс. Бұрын ілуде бір қазақ аты-жөнін өзгертем деп құзырлы мекемелерге жүгінсе, қазір бұл қарқын алып келеді. Шетелден көшіп келген қандастарымыз да өздері көшіп келген мемлекеттің тілдік ерекшелігіне сай жазылған құжаттарын өзінің атажұртына келгенде ұлттық негізде қайта жазуды көздейді. Міне, сондықтан оларға жергілікті жердің барлығында көмек көрсетілуі қажет. Тіл білімі институтының ғалымдарымен ақылдаса отырып, өңірдегі тіл орталықтары және Нұр-Сұлтан қаласындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына да азаматтардың аты-жөнінің дұрыс жазылуы туралы анықтама беретін құзыр беру қажет. Мен оның жолы қиын емес деп ойлаймын. Еліміздегі мемлекеттік тілдің саясатына жауап беретін комитет бар. Тіл саясаты комитеті. Сол комитеттен осыған сай құжат дайындалса, еліміздегі барлық тіл орталықтары азаматтарымыздың аты-жөнін дұрыс жазуына қолдау білдіріп, анықтама берері сөзсіз. Егер бұған ғалымдардың көмегі керек болса, Тіл білімі институты онлайн да көмектесе алады.