576
1 қазанға дейін салықтан кімдер босатылады – министр түсіндірді
1 қазанға дейін салықтан кімдер босатылады – министр түсіндірді
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов төтенше жағдайға байланысты кімдер салық пен әлеуметтік төлемдерден босатылатынын айтты.
Sputnik Қазақстан агенттігінің хабарлауынша, министр бұл туралы үкімет отырысында мәлімдеді.
"Шағын және орта бизнесті еңбекақы төлеу қорынан алынатын салық және әлеуметтік төлемдерден (жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті медициналық сақтандыру және әлеуметтік аударымдар) 6 айға, осы жылдың 1 қазанына дейін босату қарастырылған", - деді Дәленов.
Министр қандай мекемелердің және кімдердің салықтан босатылғанын тізіп шықты.
"Ірі сауда объектілері, сауда ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар, көрмелер, қоғамдық тамақтандыру, қонақ үй, хостел және туристік қызмет объектілері жылдың соңына дейін мүлік салығынан босатылды. Салық салудың жалпы белгіленген тәртібінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер жыл соңына дейінгі мерзімде жеке табыс салығынан босатылды", - деді ол.
Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер жер салығын жылдың соңына дейін төлемейді. Сондай-ақ, биологиялық активтерінің импорты жылдың соңына дейін қосылған құн салығынан босатылды. Бұдан бөлек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін қосылған құн салығының мөлшерлемесі осы жылдың 30 наурызынан 1 қазанына дейін 12%-тен 8%-ке дейін төмендетілді.
Дәленовтің айтуынша, бұл шаралар 700 мың салық төлеушіні қамтиды.