2 Сәуір, 10:17 555 0 Экономика Анар ЛЕПЕСОВА

Коронавируспен күреске тартылған қызметкерлерге қосымша ақы төлеуге 40,5 млрд теңге бөлінеді

Карантинге тартылған медициналық және басқа да қызметкерлерге қосымша ақы төлеу үшін 40,5 млрд теңге бөлінбек. 

Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Қазіргі уақытта әлем экономикалық дамудың баяулауы және коронавирустық инфекцияның таралуы сияқты екі ғаламдық қауіп-қатермен бетпе-бет келіп отыр. Бұл бір-бірімен байланысты факторлар бизнеске, халыққа және біздің экономикамызға соққы болды. Сіздердің қарауларыңызға ұсынылған «2020 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы» ҚР Президенті Жарлығының жобасы осындай қиын жағдайда экономиканы, шағын және орта бизнесті, халықты қолдауға және бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Республикалық бюджеттің кірістері 6,4 трлн теңге көлемінде бағалануда. Сыртқы жағымсыз факторлардың әсерінен қосылған құн салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы, табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін түсетін түсімдердің төмендеуі күтілуде», - деді ол.

Осы ретте бірінші вице-премьер төтенше жағдай кезінде халықты және экономиканы қолдауға бірнеше бағыт бойынша қосымша шығыстар көзделетіндігін айтты.

«Экономикалық тұрақтылықты және төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге бірқатар шаралар қарастырылып отыр. Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыруға 1 трлн теңге бағытталатын болады. Инфрақұрылымдық жобалар іске асырылады және 250 мың жұмыс орны ашылады. «Бизнестің жол картасын» іске асыруға қосымша 84,5 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр. Бағдарламада кәсіпкерлердің кредиттері бойынша субсидиялау және кепілдендіру арқылы кәсіпкерлікті қолдау шараларын күшейту көзделіп отыр. Бұл шамамен 16 мың жұмыс орнын ашуға және 250 млрд теңгеден астам салықтың түсуіне мүмкіндік береді», - деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ, оның дерегінше, азаматтардың жекелеген санаттары үшін азық-түлік-тұрмыстық жиынтық беруге 30,8 млрд теңге көзделеді. Осы шаралар жалпы 2 млн астам адамды қамтитын болады.

«Нақтылау аясында «Еңбек» бағдарламасын іске асыруға 50 млрд теңге қосымша шығыстар көзделеді. Нәтижесінде жаппай кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік тұрғыдан осал халықты қолдау, еңбек делдалдығы мен шеберліктің тиімді моделін жасау жұмыстары жалғастырылады. Коронавирустық инфекцияның таралуы бойынша ағымдағы жағдайды ескере отырып, Мемлекет басшысы карантинге тартылған медициналық және басқа да қызметкерлерге қосымша ақы төлеуді жүзеге асыруды тапсырды. Аталған мақсаттарға 40,5 млрд теңге бөлу көзделіп отыр», - деді Қаржы министрі.

 

Соңғы жаңалықтар