300
Өмірзақ Шөкеев түркістандықтарға үндеу жариялады (видео)
Өмірзақ Шөкеев түркістандықтарға үндеу жариялады (видео)
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев аймақ тұрғындарына үндеу жариялады.
Өңірде коронавирус індетін жұқтырған 5 азаматтың тіркелуін айтқан облыс басшысы «COVID-19» вирусының таралуына байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілгенін мәлімдеді.
Аймақ басшысы вирустың таралуын болдырмау мақсатында облыс аумағында барлық азаматтар медициналық бетперде киіп жүруі керектігін жеткізді. Дүкендер мен қоғамдық орындарда бетпердесіз жүруге тыйым салынатынын ескертті. Онда арнайы залалсыздандыру құралдары орнатылып, тұрғындар үйден тек қана азық-түлік пен дәрі-дәрмек алуға немесе жұмысқа бару үшін шығуы керектігі ескертілді. Отбасылық мерекелер мен той-жиындарды өткізуге қатаң тыйым салынады.
«Эпидемиолог мамандар тарапынан бүгін тіркелген ауру ошақтарында залалсыздандыру, байланыста болғандарды табу және оқшаулау бойынша эпидемияға қарсы іс-шаралар ұйымдастырылды. Инфекция табылған Әбдіхалық ауылы мен Жетісай қаласындағы мөлтекауданда карантин жарияланды. Жетісай ауданына дезинфекция, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау саласынан арнайы мамандардан құрылған мобильді топ жасақтап, жіберілді», - деді Өмірзақ Шөкеев.
Әкім сондай-ақ, қосымша көмек ретінде медициналық жабдықтар мен көліктер дайын екенін айтты. Ауданда инфекция ошағы мен қоғамдық орындарда ауқымды дезинфекция жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеді. Індеттің таралу қаупі жоғары болғандықтан, облыс әкімі тұрғындарды төтенше жағдайға байланысты қабылданған шараларға түсіністікпен қарап, тиісті тәртіптік шараларды сақтауға, дәрігерлердің нұсқаулықтарын бұлжытпай орындауға шақырды.
Аймақ басшысының айтуынша, өзге аудандардан инфекционист және реанимотологтардан құралған 6 бригада Жетісайға жолданды. Облыстың Бас инфекционист дәрігері ауданда осы шараларға басшылық етеді. Керекті төсек-орындар, госпитальдар толық дайын. Облыс әкімінің тапсырмасымен, полиция, Төтенше жағдай департаменті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, прокуратура, денсаулық сақтау саласымен бірлесе отырып, шұғыл түрде карантин жарияланған елді мекендер шекарасына блокбекеттер қойылуда. Төтенше жағдай режімін бұзған азаматтар заң аясында жауапқа тартылады.
Өмірзақ Шөкеев сондай-ақ, тұрғындарды әлеуметтік желілерді шарлаған әртүрлі ақпараттарға сенбей, тек мемлекеттік органдар таратқан ресми мәліметтермен ғана танысуға шақырды.
«Құрметті жерлестер! Дәл қазір бүкіл әлем қиын кезеңде тұр. Алайда, біз бұл қиын-қыстау уақыттан да бірлік пен ынтымақтың арқасында аман-есен өтеміз деп сенемін! Қазіргі таңда бізге тыныштық керек, жалған ақпараттарға сенбеңіздер. Ресми ақпаратқа ғана сеніңіздер. Біз күнделікті жағдайды қатаң бақылауда ұстап отырмыз»,-деді Өмірзақ Естайұлы өз үндеуінде.
https://www.youtube.com/watch?time_continue=3&v=e7TMiIG03rc&feature=emb_logo