Түркістан қаласында алаяқтық жолмен тұрғындарды қыруар ақшаға қарызға батырған әйел ұсталды. Қазіргі таңда күдіктінің бірнеше азаматқа 11 млн теңге көлемінде шығын келтіргені анықталып отыр, – деп жазды ҚазАқпарат. Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданып келген. Ол күдікті әйелге 1 миллион теңге көлемінде несие алып бергенін айтқан. Алайда ол айтқан уәдесінде тұрмай, қашып кеткен. Полиция қызметкерлері жедел іс-шараларын жүргізіп, күдіктіні қолға түсірген. Ол облыс орталығының тұрғыны екені анықталды. Тергеу барысында алаяқ әйел Түркістан қаласының тағы 8 тұрғынын алдап, жалпы көлемі 11 миллионға жуық теңгені иемденгені дәлелденген. «Аталған жайттардың барлығы тіркеуге алынып, ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасуда. Күдікті әйел бүгінде қамауда. Қалалық полиция басқармасының полицейлері күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы болуы мүмкін екендігін айтуда», – делінген хабарламада.
Жүктелуде...