505
Әскердің жазылмаған заңы қаржылық қиындықтар кесірінен туындай ма?
Әскердің жазылмаған заңы қаржылық қиындықтар кесірінен туындай ма?
Әскери салада қызмет ету қазақ үшін абырой саналатын. Қазір де әскери саланың салмағы кез келген жерде басым. Бірақ соңғы уақытта баласын әскерге жіберуге қорқатын ата-аналар көбейді. Өйткені сарбаздар арасында әскердің жазылмаған заңы қалыптасқан. Әлі жеткені әлсізін сабау, міндеттелген тапсырманы дұрыс орындай алмағандардың жазасын беру әскердегі қалыпты жағдайға айналып кеткен сияқты. Баласын Отан алдындағы борышын өтеуге жіберіп, жанын шүберекке түйіп, сары уайымға бататын ата-анаға да оңай емес. Ал әскердегі әлімжеттіктің қашан тыйылары әлі де белгісіз.
Егемен ел атанған 24 жыл ішінде Қазақстанның қуаты біршама деңгейге артты. Дегенмен әлімжеттікті түбірімен жою қолдан келмей тұр. Кейбір деректерге сүйенсек, әскердегі әлімжеттіктің пайда болуының да өз тарихы бар екен. ІІ Дүниежүзілік соғыстың алғашқы жылдарында Сталин КСРО армиясының 5 миллион әскері жауға қарсы тұруға аздық ететінін айтқан. Сол кезде Орталық комитет әскердің қатарын сотты болған қылмыскерлермен толықтырыпты. Түрме ішінде орын алатын әлімжеттіктің әскерге жетуіне себеп болған осы екен. Міне, содан бері әскердегі жазылмаған әскери заң қоғамды шулатып келеді. Қазақстанның әскери прокуратурасының деректері бойынша, 2011 жылы әскерде 123 сарбаз қайтыс болыпты. Оның 21-і өз-өзіне қол жұмсаған. Қазір де «Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаз өз-өзіне қол жұмсады» деген суық сөз жиі естілгенімен, ресми деректер елімізде әскердегі әлімжеттіктің азайғанын айтуда. Бірақ 2014 жылы әскерде өз-өзіне қол жұмсағандар саны 27-ге жеткен. Ал әскери прокуратура өкілдері мұның біреуі ғана әскери әлімжеттіктің әсерінен орын алғандығын айтып отыр. Әскердегі әлімжеттіктің түп-төркіні қайда жатқанын іздеп көрдік пе? Әлімжеттік әрекеттерге баратын сарбаздар мен әскери қызметкерлер қайда тәрбиеленген? Тіпті, ондайлар жасында тәрбие көрген бе? Азаматтардың заңсыз әрекет жасауына оның отбасындағы тәрбиесінің ықпалы болуы да бек мүмкін. Отбасында жақсы тәрбие алған, үлгілі, өнегелі азаматтар әскер қатарында да алдыңғы шептен көрінуге тырысады. Ата-анасын ұятқа қалдырмауға, өз міндетін абыроймен атқаруға тырысады емес пе? Сондықтан әскерде орын алатын мұндай көріністерге әскерге дейінгі тәрбиенің жеткіліксіз болуының да өзіндік ықпалы болады.
Жуырда ғана мәлімдеме жасаған әскери прокуратура өкілдері сарбаздардың суицидке баруына қаржылық қиындықтар себеп болады деп соқты. Несиесінің қарызын төлей алмағандықтан, сарбаздардың өз-өзіне қол жұмсауы жиі орын алатын көрінеді. Әскер сарбазды шыңдайды емес пе? Ендеше, несиесін өтей алмағаны үшін сарбаздың өз-өзіне қол жұмсауы қисынсыз емес пе? Әскери прокуратура өкілдерінің алға тартып отырған себебі шындыққа онша жанаса қоймайтынын айтушылардың сөзін елемей қоюға болмайды. Дегенмен әскери саланың шенді қызметкерлері әлімжеттіктің әлі де орын алып жатқанын жасырып қала алмады. Тіпті, оған дәлел де келтіргендей болды. «Әскери бөлімде бригада командирі сарбаздарға жалақы алдым деп қол қойғызып, ал қаржыны өз қалталарына басып отырған». Бұл – Жамбыл облысы әскери бөлімдерінің бірінде орын алған оқиға. Мұны өз сөздеріне дәлел ретінде әскери саланың шенділері айтты. Әскери сала қызметкерлері әскердегі әлімжеттіктің азайғанын алға тартқанымен, оған оңайлықпен тосқауыл қойылмайтыны белгілі. Тіпті, елді шулатқан әскердегі әлімжеттіктің түрлі мысалдары ғаламтор беттерінде де қаптап жүр. Әскер қатарына жаңа қосылған сарбаздарды әжуа қылып, намысына тиетін командирлер мен «аға сарбаздар» бұрын да болған. Қазір де табылады. Олардың заң бойынша жазаға тартылып жатқандары да тым сирек.
Әскерге аман кетіп, біраз уақыттан кейін үйіне табыты келген не болмаса аурухана төсегіне таңылған сарбаздарға қатысты деректер аз емес. Сондай оқиғалардың бірі – жақында орын алған сарбаз Ақжан Қапсаметовтің жағдайы. Ұлттық ұланның 5573-әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жатқан сарбаздың әскерде әлімжеттік көргені туралы ақпарат тез таралып кетті. Ақжан Қапсаметовті әскери бөлім басшылығы «мінез-құлқында өзгеріс бар» деген желеумен қаңтар айының соңына қарай жүйке аурулары ауруханасына жатқызған. Сарбаздың ата-анасы балаларының 22 желтоқсанда үйіне келіп-кеткенін, ол кезде ешқандай ауытқушылықтың болмағанын айтып зар жылауда. Ата-анасының айтуынша, сарбаз әскердегі әлімжеттіктің кесірінен осындай күйге түскен. Әскери бөлім басшылығынан еш қайыр болмайтынын білген Ақжан Қапсаметовтің әкесі Ержан Тұмабаев әскери прокуратураға арызданыпты. Ата-ананың ендігі үміт артатыны – құқық қорғау органдары.
Әскердегі оқиғаның бұл бірі ғана, мұндай әлімжеттіктің бізге белгісізі қаншама. Астана қаласындағы 5570-әскери бөліміндегі сарбаз Ердос Қажыкенов, Қарағандыда әскери борышын өтеп жүрген Ринат Ақмолдиновтің өз-өзіне оқ атуы, Жамбыл облысы шекара қызметіндегі кіші сержанттың автомат оғынан ажал құшуы, Маңғыстау облысының шекара бекетінде жауынгердің асылып қайтыс болуы, Қостанайдағы 6697-әскери бөлімінің сарбазы Мейірбек Бәкіровтің қайтыс болуы, Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан шекара отрядында әскери борышын өтеп жүрген 18 жасар сарбаздың көз жұмуы секілді әскерилер арасында орын алған қайғылы оқиғалар қатарын тізе беруге болады. Отан алдындағы борышын өтеу жолында ажал құшқан сарбаздардың ата-аналары қайғылы оқиғалар әскердегі әлімжеттіктің кесірінен болатындығына сенімді. Әскерге алғаш барған сарбаз барлық қиындыққа шыдаймын деп ант беретіні белгілі. Алайда әскердегі қатаң талап пен жас сарбаздың намысын аяққа таптау, әлімжеттік пен қорлықтың арасында айырмашылық жер мен көктей. Әскерде жүрген сарбаздар онда болып жатқан әлімжеттік туралы ешнәрсе айтпайды. Ал әскери борышын өтеп келгеннен кейін, командирлердің ұялы телефонына бірлік салдыратынын, әскерден қайтуға әзірленіп жүрген сарбаздардың қатарға жаңа қосылғандарды мәжбүрлеп, үйінен ақша сұрататынын, бәрін-бәрін тізіп айтып береді. Сол себепті де әскердегі әлімжеттіктің нақты деректерін ешкім біле алмайды. Психологтар өз-өзіне қол жұмсағандарға көбінесе психикалық ауытқуы бар деген баға береді. Ал сарбаздар әскер қатарына алынбай тұрып, толық медициналық тексеруден өтеді. Егер әскерде жүріп өз-өзіне қол жұмсаған сарбаздың психикалық ауытқуы болса, сарбазды әскерге қалай алған? Әлде әскер қатарына сау болып қосылған сарбаз психикалық ауытқуға сонда жүріп ұшырайтын болғаны ма? Қисынсыз мысал келтіретін әскери бөлімшенің қызметкерлері осы жағын ескере қоймайтын сияқты. Әскерде орын алып жатқан осыншама заң бұзушылықты анықтауға құқық қорғау органдарының неліктен дәрмені жетпей жүр? Сансыз көп сұраққа жауап табу оңай емес-ау...
Әсел ӘНУАРБЕК