27 Ақпан, 13:40 467 0 Атажұрт Бақытбек Қадыр

Bek Air сотқа берген қандасымыз: Әуекомпаниясының талабын түсінген жоқпын

Túrkistan газетінің 13 ақпан күнгі (№6) санында «Bek Air ұшақ апатына қандасымызды кінәлі етпек пе?» деген тақырыпта мақала жарияланды. Мақалада оқиғаға қатысты пікірлерін білдірген белгілі заңгер мен қоғам белсенділері Bek Air компаниясының қылмыстық жауапкершіліктен жалтарып, қандасымызды сотқа бергені негізсіз деп атап өткен еді.

21 ақпанда өткен соттың алғашқы ша­қырылымында ешқандай шешім шық­қан жоқ. Алматы облысы Талғар ау­дандық соты Bek Air әуекомпания­сының талап-арызын қарауды кейінге шегерді. Өйткені қандасымыз Решет Қалибек сотқа дайын болмай шықты.

Bek Air әуекомпаниясына тиесілі ұшақ соғылған үйді заңсыз салынған деп тану жөніндегі шағымы қарсы тараптың сотқа дайындықсыз келуіне бай­ланысты және сот қазысы жауап­кер­дің орыс тілін білмегендіктен аудар­ма­шы қамтамасыз етілмегенін ескеріп, сот­тың алдын ала тыңдауын 20 наурыз­ға шегерді. Талғар ауданы Гүлдала ауылдық округіндегі ұшақ құлаған үйдің иесі Решет Қалибек қаржылық қиын­дықтарға байланысты адвокат жалдауға мүмкіндігі болмағанын айтқан. Сондай-ақ өз кезегінде үй иесі Решет Қалибек БАҚ өкілдеріне берген пікірінде: «Мен Bek Air әуекомпаниясының талабын түсінген жоқпын. Мені не үшін сотқа беріп жатыр? Бұл жерде заңсыздық жергілікті әкімдік тарапынан болып отыр» деді.

Газетіміздің (№7/20.02.20) өткен са­нында «Bek Air ұшағының құлауына қандасымыз емес, қанатқа қатқан мұз кінәлі екен» атты материал тағы жария­ланды. Онда мемлекетаралық авиация комитетінің бас директоры Виктор Сороченко Bek Air ұшағының апатқа ұшырауының басты себебін былай тү­сіндірген: «Мен ұшақ апатының екі ға­на себебін көріп отырмын. Олар: қа­нат­тардың зақымдануы, бүлінуі, көтеру қабілеті төмендеуі немесе мұз қату. Комиссия авиациялық оқиға болғаннан кейін әуе кемесін қарап шығып, қанат­тарының зақымданбағандығын анықта­ды. Менің тәжірибем мұнан өзге себебін көріп те тұрған жоқ. Сондықтан біз ұшақ қанаттарына мұз қатуы нұсқасына бірінші кезекте мән береміз», – деген.  Маман­дардың пікіріне қарағанда, ұшақ­тың апатқа ұшырауына қанатына қат­қан мұз себеп болған.

Соңғы жаңалықтар