Мұраттың мәселесі назарға алынды

Мұраттың мәселесі назарға алынды

Мұраттың мәселесі назарға алынды
ашық дереккөзі
Халықаралық Túrkistan  газетінің қандастарға арналған ATAJURT жобасы аясында, газеттің өткен санында (№1/ 9 қаңтар 2020) 32 жыл бойы қолына бір де бір құжат тимей жүрген Мұрат есімді жігіт жайында «Мұрат қашан мұратына жетеді?» деген тақырыпта мақала жарияланған болатын. Мұраттың жайы егжей-тегжейлі зерттеліп, газет бе­тінде мәселе көтерілгеннен кейін бұл іске құ­зырлы орындар да мойын бұрып, қоз­ғал­ғандай бол­ды. Nur Otan партиясының Қоғамдық қабыл­дауының арқасында, Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғали Расылханұлының қабыл­дауында болып, 32 жыл бойы азаматтық ала алмай жүрген Мұраттың мәселесін жеткіздік. Арыстанғали мырза бұл істі бірден Түркістан облысы Көші-қон басқармасына тапсырды. Сонымен қатар істі өзі де назарда ұстайтынын айтты. «Қаншама жыл талай есікті қақтық, ештеңе алға жүрмеген еді.  Енді мәсе­ле­нің оңалып келе жатқанын естіген Мұрат «Елі бар, жері бар, азаматтарының құқығын қорғайтын заңы бар өркениетті елдің азаматы болатын болдым» деп қуанғаннан көзіне жас алды», – дейді Дүниежүзі қазақтарының қауым­дастығы Ақмола облыстық бөлімшесінің жетекшісі Алтын Мәденқызы. Біз осыдан кейін Ішкі істер министрлігіне ха­барла­сып, істің жүзеге асу барысын сұраған едік. Құ­зырлы орынның қызметкері Сейтжан Сабыр­жанұлы: «Мұраттың мәселесі бізге жетті. Таныстық. Бірден АХАЖ бөліміне хабарласып көрдім, қалай құ­жат алуға болады деп. Азаматтық алу үшін әуелі аза­маттың туу туралы куәлігі керек. Мұндай куәлік Мұратта жоқ. Оны алудың екі заңды жолы бар екен. Бірі – туған кезде берілетін перзент­хананың анық­тамалығы. Екіншісі сот арқылы. Яғни, Мұратты тани­тын азаматтардың куәгерлігі­мен және азамат­тың арызымен қаралады. Мұрат Өзбекстаннан келгеннен кейін тұрақтаған жері Түркістан облысы, Ордабасы ауданы болғандық­тан, бұл іс Түркістан облысына жіберілді», – деп іс­тің мән-жайын телефон арқылы түсіндірді.

Бақытбек ҚАДЫР