13 Желтоқсан, 13:35 450 0 Жаңалықтар Асыл ТҰМАР

Болашақта 115 жасқа дейiн өмiр сүрiп, 70-ке дейiн жұмыс iстеймiз

Сурет ғаламтордан алынды
Сурет ғаламтордан алынды

Алматыда «Бiлiм берудегi инновация: қазақстандық контекст» тақырыбында өткен конференция аясында бiлiм беру, оқыту саласында оқ бойы озық тұрған Сингапур ұлттық университетiнiң мамандары Кристал Лим-Лэнге мен Грег Лим-Лэнге арнайы шақырту алып, екi күн бойы ұстаздар қауымына интерактивтi сессиялар ұсынды.

Жиында халықаралық сарапшылар кәсiби мәнсап, дарындылардың дағдасын дамыту, эмоционалды интеллект және тағы басқа тақырып төңiрегiнде тұщымды талқылау өткiздi. Алғашқы дәрiс бiлiм берудiң болашағы – ғаламдық трендтерге арналды, онда үнемi өзгерiп отыратын бүгiн заман жағдайында жоғалып кетпеудiң жолы талқыға түстi. Дәрiскер – Forest Wolf компаниясының бас директоры және тең құрылтайшысы Кристалл Лим-Лэнге сессияны өзiнiң зерттеуiн таныстырудан бастады, бiрқатар қызықты Һәм қорқынышты деректер ұсынды.

Бiлiм беру жүйесiнiң қазiргi (ескi) үлгiсi заман талабын қанағаттандыра алмай отырғанын айтады маман. Алдағы уақытта 12 жасқа дейiнгi оқушылардың 65 пайызына қазiргi нарық сұранысындағы мамандықтар қажет болмай қалатын көрiнедi.

Зерттеушi Дүниежүзiлiк экономикалық форумның зерттеуiнен мысал келтiрдi, оған сәйкес, 2015 жылы сұранысқа ие мамандықтардың көшiн күрделi мәселелердi шешу дағдысы бастаған, дәл осы мамандық әлi күнге дейiн (2020 жылы) қажет қызметтер тiзiмiн бастап тұр. Алайда, осыдан бес жыл бұрын алғашқы бестiкке әупiрiмдеп енген сыни ойлау қабiлетi 2020 жылы екiншi орынға табан тiреген. «Өйткенi, жаңа технология адамның сыни ойлау қабiлетiн ғана алмастыра алмайды», – дейдi Кристалл.

Бұл орайда, сарапшы оқытудың ескi үлгiсi жас ұрпақтың сыни ойлау қабiлетi түгiлi, жалпы сауатты ойлану мүмкiндiгiн шектейтiнiн айтады. «Бүгiнгi ЖОО-дарда дәрiс оқу (пассив) үрдiсi әлi де жалғасуда. Бұл – ең тиiмсiз оқыту үлгiсi. Оқушы миының мұғалiм дәрiсiн қаншалықты қабылдайтынын анықтау үшiн арнайы зерттеулер жүргiзiлген. Сонда байқалғаны, адам миының ұйқыдағы қалпы мен дәрiс тыңдап отырғандағы күйiнiң бiр-бiрiнен еш айырмасы болмаған», – деп атап өттi ұстаз. Сондықтан бiлiм беру саласында тың инновациялар қажет екенiн жеткiздi.

Теория мен тәжiрибенi тең ұштастыратын уақыт жеттi. Әйтпесе, бiлiм ордаларының оқыту тәсiлi тиiмсiз болып қала бермек. Мысалы, Кристалл Лим-Лэнге зерттеуiнен академиялық мекеме басшыларының 96 пайызы студенттерiне болашақ сұранысына ие мамандықтарды тиiмдi оқытудамыз десе де, жұмыс берушiлердiң бұл пiкiрмен тек 11 пайызы келiсетiнiн көре аламыз. Оның үстiне, әлемдік зерттеушiлер болашақта адамдар 115 жасқа дейiн өмiр сүрiп, 70 жасына дейiн жұмыс iстеуi мүмкiн деген болжам айтуда. Демек, ғаламдық трендтердiң тетiктерiн меңгерудiң уақыты жеттi. Бұл орайда, халықаралық сарапшы жаңадан ештеңе ойлап табудың қажет жоқ екенiн ерекше атап өттi, «Халықаралық тәжiрибедегi сәттi бiлiм беру үлгiлерiн ұтымды пайдаланумен-ақ көп нәрседен ұтуға болады», – дейдi маман.

Соңғы жаңалықтар