Дипломатия, зиялылық, тектілік – Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ

Дипломатия, зиялылық, тектілік – Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ

Дипломатия,  зиялылық, тектілік –  Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ
ашық дереккөзі
«Тúrkistan» газеті мен ҚР Сыртқы істер министрлігінің арнайы жобасы жалғасын табуда. Бұл жолғы шығарылымда кәсіби дипломат  Қасым-Жомарт Кемелұлы жайлы материал оның Президент лауазымына кіріскеніне 100 күн толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Еңбек жолы дипломатиялық қызметтен басталып, Сыртқы істер министрі, Үкімет басшысы, Сенат спикері бүгінде Қазақстан Респуб­­ли­касының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сан қилы өмір жолы өзгелерден ерек еді. Ертеңі жарқын, елінің тұтқасын ұстар азамат 1953 жылы Алматы қаласында дүниеге кел­ген. Әкесі Ұлы Отан соғысының ардагері, танымал қазақ жазушысы Кемел Тоқаев, анасы Тұрар Шаба­р­баева Алма­тыдағы шет тіл­дер педагогикалық институтында қызмет істеген. Қасым-Жомарт Кемелұлы 1970 жылы Мәс­кеудегі халықаралық қатынастар инс­титутына оқуға түсіп, бесінші курста КСРО-ның Қытайдағы елшілігіне дипломалды практикаға жарты жылға жіберіледі. 1979 жылы КСРО СІМ аппаратына қайтып оралады. 1983 жылы Бейжің лингвистік институтына он айлық іс-тәжірибеге аттанады. 1984-1985 жылдары КСРО СІМ-де қызмет істеп, кейіннен 1991 жылға дейін КСРО-ның Бейжіңдегі елшілігінде екінші хатшы, бірінші хатшы және кеңесші лауазымын атқарады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбек жолындағы өмірінің көп бөлігі Мәскеуде өтті. Әсіресе КСРО Сыртқы істер министрлігінде және Кеңес Ода­ғының Қытай мен Сингапурдағы елшілігінде жауапты қызметтер атқарған кезеңдерінде. Сол тұстағы КСРО Сыртқы істер министрлігінің жауапты қызметкерлерінің бірі болған Вячеслав Ғизатов өз әріптесі Қ.Тоқаевтың аспаздық өнері туралы өзінің естеліктерінде былай деп баяндайды: «Мен тіпті оның үйінде қонған едім. Жалғыз болған еді. Біз қас қарайғанға дейін жұмыс істедік. Ол: «ал, Вячеслав Хаменович, үйге жү­ріңіз, қоныңыз. Сіз де, мен де аш құр­сақ­пыз. Қазір мен сіз ешуақытта жемеген, дәмі тіл үйірер ет асып жіберейін» деді. Тоңа­зыт­қышында жақсы сүрленген қазы бар екен. Рас нан илемедік, алайда қазы мен картоп, пияз­ды қосып жеген өте дәмді болды». Бұл Қ.Кемелұлының аспаздық өнерінің бір сырын ашқандай болса, дипломатиялық қызметі бойынша әріптестерінің бірі болған Қайрат Иса­ғалиев Қ.Тоқаевтың өте байқампаз адам екенін айтады. Қ.Исағалиев Қ.Кемелұлының адамның қандай екенін білгің келсе, онымен іс сапарға шық деп жиі айтатынын еске алады. «Біз бірге Францияға бардық. Бұл ЮНЕСКО-ға ену болатын. Баспасөз конференциясын жо­ға­ры деңгейде өткізіп, кешке қарай Парижді араладық. Әрі сол тұста оның бай­қам­паз­дығына таң қал­дым. Қ.Ке­мелұлы «Қай­рат Иса­ғалиұлы, білесіз бе, Парижде әтірдің иісі бар, Римде талшынның, ал Сингапурде балықтың» дейді. Қандай бай­қампаздық, мен таң қалдым. Мен Парижде бірнеше рет болған адаммын ғой, ал бұл оның қалаға жасаған алғашқы сапары еді», – деп бөліседі өз естеліктерін білікті дипломат Қ.Исағалиев. Кейіннен осы байқампаздық қасиеті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанның Сыртқы істер министрі болғанда көп көмек көрсетті. 1992 жылы Тоқаев ми­нис­трдің орынбасары, ал 1994 жылы ҚР Сыртқы істер министрі лауазымына тағайын­да­лады. Осы тұста оның Ресей тарапынан Вьет­нам­ның Хайфон қаласына Бас консул болуға ұсыныс түске­нін, алайда Қасым-Жомарт Кемелұлының жаңа­дан құрылып жатқан Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы ведомствосын нығайтуға шешім қабыл­да­ғанын біреу білсе, біреу білмес. ҚР дипло­ма­тиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері Советқали Қартбаев жоғары дипломатиялық қызметке тағайындамай тұрып, Қ.Кемелұлының әр үміткермен жеке-жеке тілдесетінін айтады. «Әрі оған адамның мәдениеті, ой-өрісі, білім деңгейін байқауға бар-жоғы бірнеше минуттар ғана жететін. Сол жылдары Қазақ­стан­да кәсіби дип­ломаттар аз болды. Сол себептен бізге лайық­ты адамдарды ЖОО-дағы оқытушылар құрамы­нан іздеуге тура келді», – деп естеліктерімен бөліседі. Қ.Кемелұлы турасында әріптестері ұстамды, же­ке өмірі туралы сыр ашқанды ұнатпайтын интеллигент саясаткер ретінде айтады. Н.Назарбаев пен Д.Буштың өткен келіссөздері туралы жазған кітаптарының бірінде Қ.Тоқаев «Белгілі бір себептерге байланысты мен болған келіс­сөздер мен пікірталастардың жай-жапсарын жаза алмаймын, оны жариялауға болмайды. Бұл тұрғыда менің Қытайдағы іс сапарымның аяқ­та­луындағы қызметтік мінездеме есіме түсіп отыр, ол менің кеңес елшілігінің қызметкері ре­тіндегі абыройымды арттырып «мемлекеттік құпияны сақтай алады» деп жазылған еді. Сол се­бепті осынау мәнге ие сөздің авторының көңі­лін қалдырғым келмейді», – деп жазған еді. 1999 жылы ҚР Премьер-министрінің орынба­сары болады, дәл сол жылы қазанда ҚР Прези­дентінің жарлығына сәйкес және Парламенттің мақұлдауымен Премьер-министр лауазымына тағайындалады. Дегенмен 2002 жылы ол қызметінен кетіп, Мемлекеттік хатшы-Сыртқы істер министрі болады. Қ.Тоқаев Сыртқы істер министрі лауазымын 2007 жылға дейін жалпы есепте он жыл атқарады, кейіннен ҚР Парламенті Сенаты­ның төрағасы болады. Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрі лауазымында болған сәтте ядролық қаруды таратпау мәселесі бойынша белсенді еңбек сіңір­ді. 1996 жылы Нью-Йоркте Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы шартқа, ал 2005 жылы Семейде Орталық Азиядағы ядролық қа­рудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қояды. Қ.Кемелұлы БҰҰ Бас ассамблеясының он сес­сиясының жұмысына белсенді қатысып, ТМД және ШЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің Төрағасы болып та сайланды. Төтенше және Өкілетті елші рангіне ие. Ана тілінен өзге орыс, ағылшын, қытай тілдерін еркін меңгерген, француз тілін біледі. Өзінің дипломатиялық қызметке құрылған өмір жолында Қасым-Жомарт Тоқаев халық­ара­лық қатынастар бойынша тоғыз кітап пен көп­те­ген мақала авторы атанды. Бүкіләлемдік гума­ни­тарлық және жаратылыс ғылымдары акаде­мия­сының мүшесі, Мюнхен қауіпсіздік «Даналар» кеңесінің мүшесі, Шэньчжэнь универси­те­тінің құрметті профессоры, саясаттану ғылым­дары­ның докторы, РФ СІМ Дип­ло­матиялық ака­де­миясының құрметті профессоры және докторы, Халықаралық қатынастар жөніндегі Қазақ­стан Кеңесінің құрметті президенті. 2019 жылғы 19 наурызда Қазақстан Респуб­ли­касының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаев өзінің Президент ретіндегі өкі­леттігін тоқтататынын хабарлап, тарихи шешімін жариялап, Президент өкілеттігі Конституция бойынша Сенат төрағасы Қ.Тоқаевқа берілді. Осындай ел үшін маңызды сәтте Елбасы Н.Назарбаев Қ.Кемелұлына сенетінін айтып, оны жауапкершілігі мол, адал тұлға ретінде баға­лай­тынын мәлімдеді. Ал осы жылдың 9 маусымында Қазақстан Республикасының кезектен тыс сайлауы өтіп, Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына сайланды. Көреген дипломат әр қызметінде үлкен жауапкершілік көрсетіп, табысты да табанды еңбек ете білген Қасым-Жомарт Тоқаевқа ең маңызды міндет ҚР Президенті лауазымы берілді. Осынау жүгі ауыр қызметті бүгінде Қ.Кемелұлы жемісті атқарып келеді. Президент болса да, белсенді өмір сүру салтын қалыптастырған. Өзінің Twitter-дегі парақ­шасын 2011 жылдан үш тілде жүргізіп келеді. Салауатты өмір салтын ұстанып, 13 жыл қа­тарынан Қазақстанның үстел теннисі бойынша Федерациясының президенті. Көркем, саяси әдебиеттерді оқығанды ұнатады. Білікті дипломат, өз саласының маманы, бү­гін­де ел басшысы атанған Қасым-Жомарт Ке­мел­ұлының жарқын өмір белестері баршаға үлгі.

 

Олжас БЕРКІНБАЕВ,

саяси ғылымдар магистрі