Ауылда да бақуатты өмір сүруге мүмкіндік көп

Ауылда да бақуатты өмір сүруге мүмкіндік көп

Ауылда да бақуатты өмір  сүруге мүмкіндік көп
ашық дереккөзі
Көпшілік қалай қалалық болдық дегенімен, қазақтың кіндігі ауылға байланған. Ел экономикасының күре тамырының бірі де осы ауыл, ауыл шаруашылығы екені даусыз. Өйткені, хал­қы­мыз­дың 43 пайызға жуығы ауылда тұрады. Ендеше, Үкімет ауылдарға қол­дау көрсетіп, тыныс-тіршілік тамырына қан жүгіртуі тиіс. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыс аз деуге келмейді, ауыз тол­тырып айтарлық істер баршылық. Мәселен, бұл шараның бәрі 2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Нәтижесінде жұмыссыз азаматтардың кәсіппен айналысып, тұрмысын түзеуіне мүмкіндік беретін жобалар іске қосылды.   Қазіргі ауыл халқы дегеніміз кімдер? Олар – көбінесе өздерінің қолындағы азын-аулақ малы мен егістік жерлеріне сүйеніп өмір сүріп жатқан, яғни тек үй шаруашылығымен ғана шұғылданып отырған адамдар. Қазіргі ауыл халқының кем дегенде 70-80 пайы­зын осындай адамдар тобы құрайтындығы анық. Айта кету керек, осы уақытқа дейін адамдардың бұл топтарына жергілікті билік тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбей келді. Бұл адамдардың тіршілік көздерін дамыту ісі осы уақытқа дейін қабылданған ауыл шаруашылығы сала­сын­дағы бағдар­ла­малардан тысқары қа­лып отырды. Неге? Мәселен, олардың қолдарындағы малдарды селекциядан өткізудің, асылдандырудың қиындықтары жетіп артылады. Сонымен қатар, әрбір үйден өнім жинап жүру де оңай емес. Оның үстіне әлемдік тәжірибе бойынша кәсіпкерлік субъектісі ретінде ұйым­дас­паған жеке шаруашылықтың бола­ша­ғынан үміт күту де қиын. Бұдан былай мемлекет нақ осы адамдар тобына көңіл бөлетін болады. Олар да мемлекеттік қолдауға ие бола бастады. Сонымен, еліміздегі үй шаруа­шы­лықтарын дамыту мақсатында мемлекет алғашқы кезекте қандай мәселелерге мән берді? Әлемдік тәжірибедегі мұның ең тиімді тәсілі осындай жеке шаруа­шы­лықтардың кооперациясын қалып­тас­тыру және дамыту. Бұл кооперативтерден бірінші кезекте сүт өнімдерін, содан кейін ет өнімдерін жинаудың тиісті схе­малары әзірленді. Осыны жүзеге асыру мақсатында сүт қабылдау пункті ашылып, ол тиісті технологиялық құралдармен жә­не сүтті тасымалдайтын көлік түрімен қам­тамасыз етіле бастады. Мұның сыр­тында мемлекет осындай ұйымдасып тірлік құрып, кооперативке біріккендерге сол кооператив арқылы тиісті субси­дия­лар беруді қолға алды. Қазіргі күні мал шаруашылығында субсидияның 33 түрі бар.  Ал бағдарлама аясында осы субси­дия­лардың 34,5 миллиард теңгені қам­титын 6 түрі қайта қарастырылды. Өйт­кені, бұл субсидияларды бұрын тек ірі шаруашылықтар алып келген болатын. Мәселен, ет бағытындағы субсидия­лар­дың 60 пайызын 19 ірі мал бордақылау алаңы алатын. Сүт бағытында да осындай жағ­дай орын алды. Бұл субсидияны алу­дың бір шарты оны алушының қолында кемінде 400 бас сиыр болу қажет еді. Енді осы талап 100 бас сиырға дейін төмен­де­тілді. Әрине, ауылдағы әрбір үй ша­руа­шылығында 100 бас сиыр бола қоймауы мүмкін. Бірақ 20 адам бірігіп кооператив құратын болса, қолдарындағы мал санын осынша басқа әбден толтыра алады. Міне, олар осылайша мемлекеттің субсидия­сына, яғни тегін қолдауына ие болмақшы. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қол­дау қоры» акционерлік қоғамының Бас­қарма төрағасы Жандар Омаровтың ай­туынша, Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында «Сыбаға» несиелік бағдарламаcы жаңар­ты­лып,  ірі қара немесе ұсақ мал, қажетті техника мен жабдықтарды сатып алуға мүмкіндік береді. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие 14 пайызбен 15 жылға дейінгі мерзімге беріледі, оның 10 пайызы субсидияланады. Жылдық тиімді үстемесі 4,1 пайыздан басталады. Шетелден асыл тұқымды ірі қара мал әкелуге 70 млн теңгеге дейін, ал жергілікті ұсақ малды сатып алуға 12 млн теңгеге дейін несиелер бе­ріледі. Биылғы жоспар бойынша «Сы­баға» бағдарламасы арқылы 35 мың бас ірі қара және 131 мыңнан астам ұсақ мал ба­сын сатып алуға қаржы беріліп жатыр» дегенді айтты. Сондай-ақ, «Ауыл шаруашылығын қар­жылай қолдау қоры» акционерлік қо­ға­мы­ның Басқарма төрағасы Жандар Омаров мал шаруашылығының сүтті ба­ғы­тын да­мы­тып, ауылдық жерлердегі от­басылық тауарлы сүт фермаларын құру мен кеңей­туді көздейтін «Ырыс» атты бағ­дарлама да жалғасын тауып жатқанын қаперге салды. «Бұл өнім бойынша 155 млн теңгеге дейін несие беріледі. Мерзімі 12 жылға дейін, сыйақы үстемесі жылына 16 пайызды құрайды, оның 10 пайызы субсидияланады. Жылдық тиімді сыйақы үстемесі – 6,4 пайыздан аспайды. Екі жылға дейін жеңіл­дік мерзімі тағы бар. Бұл бағыт бойынша да несие алып, жұмыс істеп жатқан шаруашылықтар жетерлік» – дейді ол. Демек, ауылда да кәсіп бастап, нәсібін табамын деген адамға мүмкіндік көп.  

Динара Мыңжасарқызы

«Тúrkistan»