Ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері

Ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері

Ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері
ашық дереккөзі
Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары бас­талды. 27 жылдық тарихы бар қа­­зақ-қы­тай ынты­мақ­тас­ты­ғын арттыра түсуге бағыт­тал­ған бұл сапардың маңызы зор.   Қазақстанның бұл кездесуге ерекше мән беруінің себебін Қа­сым-Жо­март Тоқаев ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, ҚКП Сырт­­қы істер жөніндегі басқару­шы топ Канцеляриясының бас­ты­ғы Ян Цзечимен кездесуінде түсін­дірді. – Біз Қытайды көршілес әрі достық қарым-қатынастағы мемлекет деп есептейміз. Сондай-ақ, әлемдегі экономикасы дамыған екінші ел екенін де негізге аламыз.  Қазақстан бұл сапарға үлкен мән береді. Біз Қазақстанның Азиядағы іс-қимыл және өзара сенім шаралары жөніндегі кеңес пен халық­ара­лық аре­на­дағы басқа да бастамаларын қолдағаны үшін Қытай мемлекетіне ризашылық білдіреміз. Эконо­ми­калық ынтымақ­тас­тыққа келер бол­сақ, оның стратегиялық сипаты бар. Тұңғыш Президент Нұр­сұлтан Назарбаев пен Төраға Си Цзиньпин қол жеткізген уағдаластықтар одан әрі дами береді, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан мен Қытайды екі елге ортақ та­рихи ұқсастықтар жақындата түседі. «Осыдан 40 жыл бұрын Қытай басшылығы мен Қытай халқы дана шешімдер қа­был­дап, ауқымды жаң­ғыр­тулар кезеңіне қадам басты. Сол маңыз­ды өзгерістердің арқасында бүгінде Қытай мемлекеті әлемдік дамуда көш бастап тұр. 30 жыл ішінде Қазақстан да күрделі әрі табысты даму кезеңінен өтті. Еліміз тамыры терең дағдарысты еңсеріп, орнықты даму жолына түсті», – деді Президент Қы­тай қо­ғам­дық ғылымдар академиясында оқыған дәрісінде. Екі ел арасындағы жан-жақты стра­­­тегиялық серіктестіктің нығая түсуіне тың серпін болатын шара – Қа­зақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің 6-отыры­сының ашылуында сөйлеген сөзінде Президент мемлекеттеріміз арасын­дағы сауда айналымы былтыр 12 миллиард долларға жеткенін айтты. Тәуел­сіздік жылдары Қытайдың Қазақстанға 20 миллиард долларға жуық инвестиция салуы да мем­ле­кеттердің әріптестігі өзара сенімге негізделгенін дәлелдесе керек.  Еліміз­дің  инвестициялық ахуалын мейлінше қолайлы етуге бар күш-жігерін жұ­мылдырып отырғанын тілге тиек еткен Қасым-Жомарт Тоқаев қытай­лық бизнесмендерді «Астана» халық­ара­лық қаржы орталығы бир­жасының қаржылық іс-қимылдарын белсенді пай­да­лануға шақырды, сондай-ақ оның осы аймақтағы бірегей институт еке­нін және қазірдің өзінде Қаржы орталығына 250-ден астам компания тіркелгенін атап өтті. Қазақстан Президентінің Қытай Ха­лық республикасының төрағасы Си Цзи­ньпинмен кездесуі қазақ-қытай ынты­мақ­тастығының жаңа дейгейге кө­те­рі­ле­тінін шегелеп бергендей болды. Си Цзиньпин әріптесін Халықтар жиыны үйінде кү­тіп алды. Алып алаң­дағы алғашқы кез­десуден соң мемлекет басшылары жеке кездесті. Кездесу қорытындысы бо­йын­ша Си Цзиньпин мен Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен мәлімдеме жасады. Сондай-ақ, тараптар 10-ға тарта құжатқа қол қойды. Оның ішінде, авиа­ция­лық іздеу және азаматтық әуеке­ме­лерін құт­қару жөнінде үкіметаралық келісім, «Нұр­лы жол» мен «Жібек жолы экономикалық бел­деуін» бірлесе жүзеге асыру жөнін­дегі меморандум, Қытайға экспортталатын қа­зақ­стандық ауыл ша­руа­­­шылығы өнім­де­рі туралы хаттамалар бар. Елдің қауіп­сіз­дігі мен экономикалық тұрақ­ты­лығы үшін маңызы зор бұл құжат­тар қолдау күткен бірқатар сала­лар­дың дамуына дем берері анық. Мемлекет басшысының Қытайға сапа­ры бүгін жалғасын табады. Қасым-Жо­март Тоқаев Ханчжоу қаласына барып, негізін Джек Ма қалаған атақты «Алибаба» компаниясының жұмысы­мен танысады. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қы­тай­ға сапарында барлық баяндамасын тек қазақ тілінде жасады.

Анар ЛЕПЕСОВА